spot_img
spot_img

ҚОРҚАУЛАР

…Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте, заты төмен етекті болғанымен, батыр майдангерлеріміз Мәншүк пен Әлия, жауға аспаннан ажал оғын сеуіп, қызыл қанат «қыранымен» (истребителімен) қырғидай тиген ұшқыш Хиуаз Доспаева сияқты әпкелерінің ерлік үлгілері жұғысты болған қыз – келіншектеріміз ерледі! Ер-азаматтарын үйдегі бала-шағаларымен қалдырып, белді бекем буып, тіршілік етуге кірісті. Одан – бұдан аз да болса қаржы құрастырып, қытайдың ала сөмкесін арқалап Ресей мен Қытайды жағалап кетті. Қазақпен «бір телпекте өскен» айыр қалпақ қырғыз елі мен «өз ағам – өзбектердің» Тәшкенінен тауар әкеліп, саудалап жүр.

…Міне осындай сауда — саттыққа едәуір төселіп, өзінің пысықтығы арқасында, әрине, аса епті күйеуінің де көмегімен, бірін екі етіп, шаруасын дөңгелетіп кеткендердің бірі, патшалық ресей кезінде «бейбіт жолмен жаулап алу» қитұрқы, сайқал саясатымен ата-әжесі қазақ жеріне қоныстандырылған, аталмыш аудан орталығының тұрғыны – кәсіпкер Наташа Банкина. Жас шамасы әрі кеткенде 35 – 40 – тарды алқымдаған, өзі көпшіл де көңілді, жарқылдап жүретін әдемі келіншек. Наташаның кіммен болса да, тез тіл табысып, әмпей-жәмпей бола кететін сөзшеңдік қасиеті де мол.

Әттең,бәрі жақсы-ау, тек сол сөзшеңдік өнерінің  «менің бірінші жауым- өзімнің тілім» демекші, кейде өзіне таяқ боп тиіп кететін кеселі болмаса…

…Таңертең ертелетіп базарға келген Наташа қарызға берген тауарларының ақшасын саудагерлерден жинауға кірісті.  Саудасы жүргендері ақшасын қолма-қол қайтарса, енді біреулері мойындарындағы қарыздарынан, жарым-жартылай болса да, беріп құтылуда. Бұл аңқаулықты қойсаңшы, өзіне қарыз саудагерлердің бәріне «бүгін тауар алуға Алматыға жүремін» деп, үйінде болмайтындығын, әйда, әбден жарнамалап бітті. Істес кейбір базаршы әйелдер Наташаға: «ананы әкел, мынаны әкел. Сол жақсы өтуде» деп, ақшасын беріп, тауарға  тапсырыс беріп жатыр. «Үй артында кісі бар» деген қазақтың дана тәмсілін заты аңқау саудагер әйел қайдан білсін, әйтеуір, қуанышы қойнына симай мәз боп жүр…

…Темекі, бір-жар құмыра арақ пен сыра сияқты оны-мұны алу сылтауымен, күнделікті базар аралап, барлау жасап жүретін  «Колька косой» саудасы жүріп, кәдімгідей-ақ қоңданып алған Наташаның кәсіпкерлік тіршілігінен хабардар еді. «Іздегенге сұраған» деп, оның бүгін товарға жүретіндігін, әдейілеп тыңдағанын білдірмей, сатушы әйелдердің жандарына елеусіз ғана, товардың бағасын сұраған кейіппен, теріс қарап тұрып-ақ жадына түйіп қойды.Енді Наташа Банкинаның үйіне қайтар кезін анадайдан байқатпай аңдып тұр.  Бірер сәттен соң, үйіне қайтқан саудагер әйелдің соңынан  едәуір қашықтықта еріп отырып, оның тұрып жатқан мекен — жәйін көріп алды.

 …Қасиет қонған құтты Қаратал ауданы даласының түні қандай әдемі. Лүп етіп соққан жел лебі жоқ. Жарқырай жанып, күлкісі келген адамша жымың-жымың еткен сансыз көп жұлдыздардың «көз қысуынан» ертеңгі күннің жаңбырсыз, ашық болатындығы айдан анық. Мұндай әдемі түн — бірі-біріне ғашық жастардың күндіз күміс, түнде алтын болып ағып жататын қасиетті Қаратал өзенінің жайдақ жағасында қыдырыстап, жан сырларын ақтарысып, бақыт құшағына бөленуге сұранып – ақ тұрған тамаша түн.

  Алайда, бұл көріністі тамашалап емес, түн қараңғысын жымысқы, арам ойларын асырудың таптырмас қолайлы уақыты санап, сол сәтті қалт жібермей, пайдаланып қалуды ойлайтын жырындыларға не дерсің! Ондай қорқау жандар, «итке темір не керек» демекші, мұндай жанға жағымды, жан жадыратар жайдары түннің тамаша көрінісін қайтсін…

  «Косойдың» қылмыстық тобы жорыққа, әдеттегіше, түн жарымынан аса шықты. Тіркемелі МТЗ-80 тракторын көлденең көзге түспес үшін, орталық көшенің бірінде тұратын Наташаның үйінен аулағырақ жердегі, елеусіз бір қалтарыстағы ағаш арасына қаңтара жасырып қойды.

— Қырандар, сендер осы жерде тапжылмай күтіп отырыңдар. Сақтықта қорлық жоқ. Мен жәйлап барып, әлігі сайтандардың кеткен — кетпегенін байқап келейін. Жоспар былай: « Дима, Сергей үшеуіміз операцияға кірісеміз. Валера шухерде (сақшылықта) тұрады. Жұмысты шапшаң,  шусыз жасаймыз!

 Жауапты кезеңде ешкімге сенбей, тек өзі ғана қимылдайтын әдеті бойынша «Косой» — Сафин саудагер әйелдің үй ауласына таяп келіп, бұтақтары қалың боп тарбия өскен кәрі үйеңкі ағашының тасасынан бақылауға кірісті. Бір қабатты болғанымен, едәуір биік, еңселі үйдің көше жақтағы терезелерінің бәрінде шам самаладай жарқырап тұр. Яғни, саудагерлер сапарға әлі кетпеген.

 «Жаздың ерте ататын таңының сәулесі білінбей тұрғанда кетіп жоғалсаңдаршы, құрығырлар» деп, соны іштей құдайдан тілеп тұрғанда, үйдің сыртқы есігі сықырлай ашылды. Ағаштың тасасынан сығалап тұрған Николай «дай бог» деп күбірлеп, үш қайтара шоқынып алды. Әне, үйден орта бойлы ер адам шығып, көк шиферлі үйдің қабарғасына ілінген электр шамның, аумақты күндізгідей жарқыратып тұрған сәулесімен ауладағы бояуы оңа бастаған «газель» машинасына беттеді. Көлігі біразға шейін от алмай, копотын ашып, әлде бір жерлерін шұқылаған соң, құдай  оңдап дүр ете түсіп, машинасына жан бітті. Темір қақпа екі жаққа айқара ашылып, ерлі-зайыптылар даң-дұң сөйлескен бойы қақпаны кілттеп жауып, көліктеріне отырып жатыр. Енді бір сәтте машина жәйімен қозғалып, ауладан ұзай берді. Арада бірер минөт өткен соң көзден де таса болды.

«Косой» кешікті-ау, не болып қалды екен» — деген ойдан алаңдап тұрған жемтіктестерінің жанына мысықтабандап жетіп келген ол асыға тіл қатты:

      —  Қане, парк ішінде қыдырыста жүрген адамша балпаңдамай, тездете қимылдаңдар. Таңның ағаруына да көп уақыт қалған жоқ…

Арада шамамен жарты сағатқа жетер — жетпестей уақыт өткенде, жүк тиелген тіркелмелі трактор Банкиндер ауласынан жәйлап шығып, аудан орталығының батыс жағын бетке алып жүріп кетті. Бұл жолы да үйден үлкен жолға жеткенше трактор дөңгелектерінің іздері сыпыртқы арқылы тып-типыл болып жойылды.

…Күннің шыжыған ыстығында Алматының ат шаптырым базарын асықпай аралаған, күні бойы тауар таңдап, оны сықита толтырып тиеу дегенің қайдан, кімге оңай ғана шаруа болсын. Шөлдеп, әбден діңкелей шаршаған ерлі — зайыпты Банкиндер аудан орталығына кіргенде уақыт түн жарымынан асып, сағат тілі үшке таяп қалған еді. Бірақ, қанша шаршаса да көңілдері тоқ. Алған тауарларының бағалары да ойдағыдай, сапасы да жақсы. Тапсырыс берген саудагерлердің де дүниелерін көздеген, арзандау бағаға сатып алды.

— Ертеңгі жексенбілік жәрмеңкеде, құдай қаласа, жақсы табыс түсіреміз,- деп наздана күліп, қуаныштан жүгіре басқан Наташа қақпаны ашып, жүк толы машина орнынан ауыр қозғалып аулаға жәйлап енді.

 … Үйдің сыртқы есігін ашу үшін замоктың тесігіне кілт сұққан Наташаның жүрегі зу ете түсті. «Түнде асығып жүріп сыртқы есікті кілттеп жабуды ұмытып кеттім бе екен әлде?» Осы оймен есікті ашып, дәлізге асығыс енген Наташаның: «Ой, горе!» деп, ышқына айқайлаған қорқынышты дауысын естіген күйеуі не жағдай екенін  білмегенімен, бір сұмдықтың болғанын сезіп, үйге жүгіре кірді.

  Масқара! Үйдің іші жау шапқандай – ойран топыр. Бейберекет шашылып жатқан дүниелер. Қаңқиған мебельдердің суырмалары әр жерде шашылып жатыр. Қойма ретінде пайдаланып жүрген балалар бөлмесіндегі ертеңгісін саудаға шығаруға тиісті тауарлар жым-жылас жоқ. Бейне, жылан жалап кеткендей. Дауыс шығара аңырай жылаған күйі жатын бөлмеге жүгіре басып кіріп кеткен Наташаның дауысы бағанағыдан да зарлы, ащы шықты:

— Ой, Сашка, алтын-күміс, бриллианттарымды алып кетіпті. Қымбатты хрусталь ыдыстарымды да жоқ қылыпты. Құдай-ау, екеуіміздің әлі үстімізге іліп үлгермеген импорт асыл киімдерімізден де дым қалдырмапты… Хайуандар! — деп, өкіре жылаған әйел жүрегін ұстаған күйі талықсып, жап-жаңа кілемнен ада болып жалаңаштанған еденге жантая құлап бара жатты…

      …Кербұлақ ауданы халқының «әлеуметтік жағдайын тексермекке» сапар шеккен «Коля-косойдың» қылмыстық тобы Николайдың «екінші ходкасында» Ақтөбедегі зонада танысып, «кент» болған атақты барымташы Сапар досының үйіне келіп жайғасқан болатын. Келген күннің ертеңінде Косой аудан орталығында орналасқан жаңа базарды, дүкендер мен үлкен кәсіпорындарды сырттай бақылап, біраз мәліметтер жинады. Төртінші күні, ел аяғы тынышталып, түн қараңғысы қоюлана салысымен:

— Қой, үш күн бойы үйде шөп басын сындырмай, жұмыссыз жатқаннан іштерің пысып кеткен шығар. Көшеге шығып, олжа іздеп көрейік — деген басшысының сөзін естіген жемтіктестері қутыңдаса қуанып қалды. Қуанбай қайтсін, бір-екі күн жорыққа шығып, пайда түсірмесе, ішкен астары бойларына тарамайтын қуларың осынша уақыт жұмыссыз жатса. Бірақ, үйден шыға, ауа райының жайсыздығынан көңілдері пәсейіп қалды.

— Пахан, қай бағытты бетке аламыз. Мынандай ауа райындағы еңбектің ақталуы қалай болады? Навар жақсы түсетін жер ме? — деп, қарсы сұрақ қойған Женяның сөзін «Косой» жақтырмай, бетіне шытынай қарады.

— Сен-ақ осы тықықтап тұрады екенсің. Көп қақсамай ауызыңды жап.
Менің соңымнан ерсеңдер өлмейтіндеріңді білесіңдер-ғой…

 Күні бойы толассыз сіркіреп жауып, ара — арасында демалғандай сап тиылып, қайтадан төпелей құйған жаңбыр әлі басылар түрі жоқ. «Құрымағыр, мына қара қазандай төңкерілген аспан асты тесіліп кеткеннен сау ма өзі» деп өзара күбірлескен төртеу Сарыөзек кентінің «күн көсем» — Ленин көшесі бойымен, орталықты бетке ала жылжып келеді. Бұл кез ел әлі жата қоймаған, сағат тілі түнгі он бірден енді ғана асып бара жатқан. Топ мүшелерінің бәрі жағаларын көтеріп алған. Иықтарын құныстырып, «мынандай ауа райында жемтік қолға түсе қояр дейсің бе?» — деп, көңілсіз, баяу жылжып келе жатыр. Николай басшыдан басқасына салсаң, тап бүгін жорыққа шықпай, үй төрінде жүз грамдатып, ауызды күйдірер қою чефир ішіп, бұйығып жатуға бар.

  …Түн қараңғысынан әлденені абың-күбің қызу талқылап, бірі біріне кезек бермей дабырласқан адамдардың дауыстары естілді. Ендігі сәтте түнгі жорықтарда қараңғылыққа әбден үйренген олардың қырағы көздері алдыңғы жақтағы Шевченко көшесі бойымен, батыс жаққа бет алған екі қараны көздері шалды. Дауыстарына қарағанда әйелдер. Бірін — бірі тыңдамай, даурығыса сөйлескендерінен білініп тұр – ішіп алған.

   -«Іздегенге сұраған» деген осы шығар. Өздері біздің келуімізді күткендей жолды кесті, енді осыларды торға түсіреміз. Юра, Леха, сендер екі қатынның оң жағындағысын жәркөмдейсіңдер. Жека екеуміз сол жақтағыны тазалаймыз. – Бұл «Косойдың» бұлжымай орындалуы тиіс бұйрығы.

            Өз қызықтары өздерінде болып, әңгіме тиегін ағытып келе жатқан Лена мен Оксана шынында да қызу еді. Ленаның қайын сіңлісінің туған күнін атап, ақаңнан  біраз сілтеген қос құрбы мас болмағанымен, біраз жерге барып қызып қалған-ды. Әндетіп, билеп, көгаршындай көкке қалықтаған көңілдерін баса алмай, сол шарықтаған әуендерінен арыла алмай келе жатыр. Сондықтан — ғой, біріне-бірі сөз бермей, даурығысып келе жатқандары.

       -Қане, үндеріңді шығармаңдар! — Әмірлі дауыспен бірге, екеуінің де кеңірдектеріне сұп-суық болып тақалған пышақтан естері шыға қорыққан әйелдерді түн жамылған қарақшылар жол шетіндегі қалың ағаш арасына «свиданияға» апара жатқандай қолтықтаған күйі жетектей жөнелді.

         -Бәрін алыңдар. Бірақ, өлтіре көрмеңдерші. Өтіне жалынамын сіздерге…-деп жыламсыраған Лена құлақтарындағы, анасының оған қырық жасқа толған тойында сыйлаған, кішігірім  торғайдың басындай қомақты алтын сырғаларын өзі ағыта бастады.

          -Ия, балаларымыз бар, аяушылық жасаңдаршы. Құдай үшін, бізді ұрып, соқпаңдаршы. — Сыңсып жылай бастаған Оксана мойынындағы бриллиант алқасы мен анадайдан түсіп тұрған электр жарығына жалт-жұлт етіп шағылысқан күміс сырғаларын қоса шешіп берді. – Бізді өлтірмеңіздерші…

      — Үніңді өшір!  Саусақтағы  темірлерді де шеш!

       — Бәрін шешеміз. Қазір, қазір. — Үрейленіп, дір-дір еткен келіншек алтын сақина, білезіктеріне шейін сыпырып, тонаушыларға ұсына берді.

 Бұл байқұстарың бағанағы бүкіл көшені бастарына дуылдата көтерткен арақтың қызуынан ештеңе қалмай, сауығып кетіпті. Тамақтарына суық пышақ тақалса, сауықпай қайтсын енді. Жан шіркін тәтті ғой, қорыққандарынан тістері тістеріне тимей дір-дір етіп қалшылдап тұр.

Енді бір сәтте, үйлерінен боянып-сыланып тойға емес, «қыз сыны» байқауына қатысуға бара жатқандай, бар алтын, күмістерін тағынып, асыл киімдерін сықита киіп шыққан қос құрбы бойларындағының бәрінен айрылып, қауырсынын жұлған тауықтай болып, сымпиып шыға келді. Ол аз болса, қол сөмкелеріндегі азды – көпті ақшаларын жылан жалағандай етіп тазалап, соқыр тиын қалдырмай қағып әкетті. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, тіпті, неге қажет болғанын, сөмкелерінен  «итке темір не керек?»  демей, әтір, сүрме, ерін бояуы, тарақ, айна сияқты әйелдерге керекті заттарды да сыпырып алып:

  • С богом! Идите отдыхайте. Будете кричать, мигом догоним и зарежем… — деп, (не деген мәдениетті тонаушылар десеңші) қара жолға салып жіберді.

…Бүгінгі, ойламаған жерден түскен олжаға риза болғанымен, оны азырқанған топ, «Құдіреті күшті Құдайымның берері таусылмасын» деген сыңаймен үйге қайтуға асықпады. Бағанағы ауа райының жайсыздығы жайына қалып, тіпті, білінбей де  кетті. Түн қараңғысындағы жорықтарын әрі қарай жалғастыра берді. Бағыттары қала орталығындағы кафе, мейрамхана жақ.

…Ата — анасының азан шақырып қойған есімі Дайрабай болғанымен, бала кезден қысқартып, Дайыр аталып кеткен азаматтың бүгін шала байыған күні. Таңертең, бозала таңнан тұрып базарға бұзаулы сиырын саудалауға шығарған болатын. Жаз бойы жайылымда өз аяқтарымен жайылып, кәдімгідей-ақ семірген зеңгі баба ұрпақтары домаланып, ойнақтап тұр. Күні ертең бастарына бас қосылып, көбеюге тиісті екі бірдей ұрғашы  малды сатпаса да болар еді. Бірақ, қыста жем-шөп жетпей, қиналатынын ойлаған ол, малдарының қоңдылығынан айырылмай тұрғанында сатып құтылуды жөн көрген. Оның үстіне биыл, биыл ғана емес-ау, нарық қатынасы орнағалы ұры-қары да көп болып тұр. Былтыр-ғой, көрші Бәкірдің соғымға деп күз бойы байлап, семіздіктен іркілдеп тұрған ту биесінің қолды болғаны. Обал-ай, қаладағы балалардың жұмыстан босап келуін күтіп, ертең – жексенбі күні соямыз деп отырғанда, түн қараңғысын жамылған екі аяқты қорқаулар қуып кетіпті. Қораның құлыбын бұзып, айдап әкеткендерінде, әншейінде ауыз жаппайтын, «қабаған» деп мақтап жүрген овчарка итінің, ұрылардың қалай сиқырлап тастағанын кім білген, ауыз ашып «әу» деп үрмегенін қайтерсің! Қолдан не келсін, таңертеңінде   «ойбайлады» да қалды. Өтініш жазып апарған полициядағылар: «іздеп жатырмыз, ұры табылғанда хабарлаймыз» деуден жазбады. Неше барып, аяқтарын тоздырғанымен, еш нәтиже шықпайтындығына көзі жеткен Бәкір, ақыры күдерін үзіп тынған.

Міне, бір жағынан адал малының сол ұры – қарыларға қолды болуынан да қорыққан Дайыр бұзаулы сиырын бүгін базарға шығарып, саудаға салды.

Базар заңы қызық қой, көп адамдар, алсын, алмасын, келеді, көреді, қанша сұрап тұрғаныңды естіген соң, әрі қарай селқос жөнеле береді. Енді бірі малдың сауырын сипалап, оны айнала жүріп қарап шығады, малдың қанша жаста екенін біледі де, құнын да сұрамастан, әрі қарай саудаға шығарылған басқа малдарға қарай аяңдайды. «Ала ма» деп, дәмексіп қалған бұл сиырының сүтті мол беретіндігін, ешқашан қысыр қалмағандығын, кейінгі үш жылда тек ұрғашы бұзау туғандығын айтып, мақтай бастайды.

Ендігі кезекте шикіл сары өңді, жүрісі сияқты көздері де тиянақ таппай ойнақшып тұрған тағы біреусі жағалай жүріп келіп Дайырдың жанына тоқтады.Үстіне киген қымбатты киімдеріне, пысықай түріне қарап, «дәуде болса, осы алып қалар» деген ойға келді:

-Ал, ағайын, өкінбейсің. Жем-шөп мәселесі қиын болғандықтан ғана амалсыздан сатуға шығарып отырмын. Әйтпесе, тұқымы жақсы, сүті қою және мол. Мына соңындағы бұзауы да ұрғашы. Құдай бұйырса, егер дұрыстап күте білсең, осы малдар күні ертең -ақ, қораңды малға толтырып береді – деген Дайыр тоқтаусыз бастырмалатып кетті. Алмай кете ме деп қорыққаны болар, берекеңді асырып, ырысыңды тасытады –деп, жік — жапар болды.

-Сиырың арықтау сияқты ма, қалай өзі? Бұзауы екеуіне «оптом» қанша сұрап тұрсың?

-Арық емес, неге олай дейсің. Әне, сауыры домаланып тұр, өзің ұстап көрсеңші, көзіңді жеткізіп. Алты мың сом сұраймын. Ой, ескі әдетпен сом деп кетіппін ғой…Екеуіне алты мың теңге.

 -Бауырым, тым қымбатқа бағалап тұрсың. Бес мың теңгені қолма – қол санап берем. Сол жақсы, әділ баға. Қанеки, осыған тоқталайық, әкел қолды…

-Өй, бауырым, мұның көрнеу қиянат қой. Бақандай екі бас ұрғашы малды бес мыңға бағалағаның ұят емес пе?! – деп, қараторы өңі бұзылып, күреңіте түскен Дайыр теріс айналып кетті.

-Жарайды, туысқан. Саған да емес, маған да емес, бес жарым мыңға келісейік. Қолма-қол санап берем — деген жылпос шикіл сары сатушының қолына жалпақ алақанын ылдым-жылдым ұстата қойды.

Сауданың қитұрқылықтары мен жылпостық әдістерінен хабарсыз ауыл қазағы емес пе, қолы шикіл сарының алақанына түскен Дайыр қолын қайта тартып алуды ар санады ма, жоқ әлде, мына қудың мысы басып кетті ме, әйтеуір «сылқ» етіп көніп қалғанын өзі байқамай да қалды. Өз қолынан жем – су беріп мәпелеп өсірген адал малын қимастықтан, оның үстіне тым арзанға кетіп бара жатқанына іші қоңқылап тұрса да:

-Жақсы, малың берекелі болып, көгеніңді кеңейтіп, өрісіңді көбейтсін – деп, шикіл сарымен қайтадан сарт — сұрт қол алысты…

  «Сарт санасымен байиды» демекші, «Құдай сәтін салып ойдағыдай бағаға өткізсем, бала — шағам бір қарық болар еді» деген ішкі ойы толық орындалмаса да, бұйырған бағаға сатты. Көңілі қанат байлағандай көкке өрлеп, ән салғысы келеме-ау, біреумен әңгімелескісі келе ме – ау, әйтеуір көңілін белгісіз бір желік қысты.          

        Екі бөлікке бөліп, костюмінің ішкі қалталарына  сықырлата салып алған едәуір қомақы ақша бойын, кәдімгідей, қыздырып бара ма, қалай өзі…

       «Қой, мынандай қомақы ақша сәтімен күнде қолға  түсе бермес. Өмірі балаларыма базарлық апарып көрмеген басым сол айналайындарыма қант-шәй, кәмпит-сәмпит апарып, бала-шағаны бір қуантайын», — деген ойдың жетегіне ерген ол бірден орталықтағы дүкенге тартты. Көздеген керек нәрселерін алған соң, дүкеншімен есептесіп болғаны сол еді: 

          — Ой, бәрекелді! Біздің Дәкең қашаннан бері сауда жасап, қант-шәй алатын дәрежеге жеткен? – деген таныс дауыс құлақ түбінен естілді. Артына жалт бұрылып қарағаны сол еді, баяғы Кеңес заманында көп жылдар өзімен бірге сүт фермасында бақташы болып істеген Зайыр досы тұр ыржия күліп. Бұлар бірге істескен әріптес қана емес, аралас-құралас дос болып, ол достықтары туыстыққа айналып кеткен өте жақын жандар еді.

         — Өй, сен қайдан жүрсің? Хал қалай? – деп бастырмалатқан Дайырдың сұрағына жауап берместен:

          — Өзіңнің бала-шағаң аман ба? Қара қатының тың ба? Қазір қай жерде жүріп  жатырсыңдар? – деп, сұраққа алған тергеушідей шапшаңдатқан Зайырға ескі досы да: «шүкір-шүкір, бәрі жақсы» дегеннен басқа  жарытымды жауап та беріп үлгермеді.

         — Қой, достым. Екеуміздің мына тар жерде жөн сұрасқанымыз жараспас. Менің бүгін өзі шала байып, қуаныш құшағында шалқып тұрған жәйім бар. Бір жарты алып, мына вокзалдағы асханаға барып, тамақтанайық. Талай қызық-шыжықты бірге бастан өткерген кездерді еске алып, бір жасап қалайықшы…

       -Мақұл — мақұл. Шынында да біз бірі-бірімізді көрмегелі, әңгіме дүкен құрмағалы не заман. Нарық құрығыры әркайсымызды «балапан басына, тұрымтай тұсына» етіп, санамызды сансыратып, сарсытып жіберді емес пе?!

       …Бір жартылық «ақаңды» тақа тауысып, екінші шөлмекке ауыз салған құрдастар әңгіме қызығына беріліп, жан-жағындағыларға назар аударар емес. Әй, қорқақты батыр, үндеместі шешен ететін ақаңның құдіреті-ай! Кім келіп, кім кетіп жатқанында шаруа жоқ. Өздері мен өздері естелік әлеміне қанат байлай ұшып, таусылып бітпес әңгіменің қызығына беріліп кеткен. 

        -Есіңде ме,Зайыр, екеуміздің достығымызды көре алмайтындар, біз туралы неше түрлі  қауесет айтып, өсектеуші еді-ғой. Әлдебір тығыз шаруамыз бола қалған жағдайда, біріміздің орнымызға екіншіміз екі, тіпті үш ауысым бойы ренжімей істеп, есептесіп, санаспай-ақ жұмысымызды адал атқарып жүре беруші едік.

         — Ия, қазір-ғой, әлдебір болымсыз дүние, немесе тиын-тебен үшін анасы баласымен, қайын атасы келінімен соттасып, оттасып жатқандары. Ондай дүниеқоңыздық пен жаны ашымастық  бұрындар орекеңдер мен басқа ұлт өкілдері арасында болушы еді ғой. Енді, мінеки, ол мейірімсіздік зауалы жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған қазағымыздың басына да төніпті. Қайран, бұрынғы кеңқолтық, мейірім мөлтектеген заман-ай десеңші…!

         -Жарайды, оны қойшы. Есіңде ме, фермадағылар біз туралы өлең шығарып, суреттерімізбен лабораториядағы тақтаға іліп қойғандары…

        — Иә, сол күндердің бәрі кеше ғана болғандай, түп-түгел көз алдымда көлбеңдеп тұр.  Тіпті өлеңіне шейін әлі жадымда:

                                Мынау тұрған Дайыр мен Зайыр,

                                Қолдарында қамшы, күрек, айыр.

                                Малдарыңның асты көлшік су,

                                Сендерден қандай қайыр?- деп жазылған және суретіміз де өзімізден айнымай салынған еді.

           -Әй, сен өзіңнің есте сақтау қабілетің әлі жастардікіндей-ғой.  Дегенмен, сол заман жақсы еді-ау. Ерінбей еңбек етсең, тиесіліңді шотқа салып, бір тиынын қалдырмай қолыңа санап беретін.

           — Ойыңда ма, әр ай сайын, тоқсан сайын ақшалай сыйлық алушы едік қой. Әсіресе, екеуіміз жылдың қорытындысы бойынша премия ақшаны күреп алғанымызда, талайлардың іштеріне қызғаныштың қызыл иті кіріп, «пыш-пыштап» сөз қылушы еді, ұялмай, қызармай…

           — Рас айтасың. Ол бір жақсы заман еді. Дос, енді қашан бас қосып, әңгіме тиегін ағытатынымызды бір құдайым біледі. Бұл кездесуіміз «жетім қыздың тойындай» есте қалсын. Мен тағы бір жарты «ақаңнан» әкеле қояйын. Жолымыз күнде түйісе бермейді. Баяғыда: «Күнде жиын, күнде той, жүрген жерім-ай…» — деп әндеткеніміздей, бүгін бір дұрыстап демалайықшы.

           — Дәке, екеумізге ауыр боп кетпей ме? Менің артым қазірдің өзінде әдәуір қызыңқырап қалды.

           — Ештеңе етпейді. Шошқа екеш шошқаға да бір күн мейрам емес пе…? – Дайыр қозғалақтап отырған орнынан екі ұмтылып әрең тұрды да, тәнтіректей басып сыртқа қарай беттеді.

           …Екеуара ыстық тамақпен болса да, ішкен үш жарты «жынды су» оңай болсын ба?! Атың өшкір арақ пәлекетің өз дегенін істеп тынды. Асханадан қашан, кіммен шыққаны есінде жоқ. Дайыр бір есін жиғанда, қай жер, қай көше екені белгісіз, әйтеуір, жел айдаған қаңбақтай қаңғалақтап, көзіне бұлыңғырланып, сағымдана көрініп тұрған көшенің екі жағына кезек шыға теңселіп келе жатыр…

           … Құдайға шүкір, Кербұлақ жеріндегі алғашқы жорық — операциямыз ойдағыдай, жақсы өтті. Жұп қылып, бүгін осындай сәтті істің тағы біреуін қайталап жіберсек — деп, сөйлемесе тұра алмайтын Женя аузын жиып та үлгермеді, түннің қою қараңғысында анадайда аяғы жаңа шыққан балаша теңселіп, қаңғалақ қағып бара жатқан адамның сұлабасын көздері шалды.

           — Сенің тілеуіңді құдай берді,  Жека. Қазір осыны жәркөмдейміз. Дайын болыңдар – деген «Колька косой» ұзын сирақтарымен асыға адымдай басты.

           …Екі кісі екі жағынан қолтықтап, тал арасына дедектете жөнелгенде, Дайыр олардың кім екенін, қайда апара жатқанын білерлік шамада емес – тін. Әлденелерді айтпақ болып, түсініксіз былдырлай бергені сол еді, тап төбеден тиген ауыр соққыдан балшық жерге сылқ ете түсті.

           «Шығасыға иесі басшы» деген осы  да. Барлық ақшадан да, қолындағы сағат, үстіндегі бір киер костюм – шалбары көзді ашып жұмғанша шешілді. Таңертең базарға шығарында әйелі, осы күзге қарсы сатып алған түрік бауырлардың таза былғары күртесін күйеуіне кигізгісі келмей:

      -Қыдырыстап бара жатқан жоқсың, мал айдап баруға ескі күртеңді кие салмайсың ба? – деп быж-тыж болған.

       -Е, былғанып қалатындай, малды арқалап апармаймын ғой. «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!» демекші, өзімнің адал еңбегіммен тапқан ақшама алған жаңа киімдерімді осындайда кимегенде қашан кимекпін? Жарық дүниеге зәуінде бір шыққан екенмін, адам құсап  дұрыстап киініп барайын да… – деп көнбеген еді.

 Байғұстың сорына, міне, үстіне бір рет те ілмеген сол судай жаңа жылы күртесінен де тып-типыл болып тоналған Дайыр ағаш арасындағы жаңбырдан кейінгі іркінді су үстінде екі бүктетілген қалпы қала берді… 

      … Әлемдегі адамның жаны, тұрмыс-тіршілігі үшін қажетті бар жақсы істер де, қорқауға тән қатыгездік пен қаныпезерліктер де сол адамның қолымен жасалатындығын қайтерсің! Жақсы мен жаманның, асқан жауыздық пен мейірімнің, ізгілік пен жаныашымастық қасиеттер адам адам болып жаратылғалы алма кезек ауысып, мәңгілік күрес сипатында өтіп келе жатқандығы дау тудырмас шындық. Өткен өмір жолы бітіп болмас қылмыспен өріліп, түрмеге даңғыл жол салып алған Сафин Николай бүгін жемтіктестерінің бірін қалдырмай жинап алды.

       -Все! С сегодняшнего дня ложимся на дно…!

      -Пахан, что-то не врубаюсь. Что значить «ложимся на дно?» деп, қашан болмасын бәрінен бұрын сұрақ қойып, пысықтық танытып жүретін жиені Валера нағашысының бетіне сұраулы жүзбен қарап тұр. Басқалар да ләм-лим деп бір ауыз сөз айтпастан таңырқасып, тілдерін тістегендей үнсіз қалған.

         -Былай… Қазақтарда: «көп жортқан түлкі терісінен айырылады» деген мақал бар. Осы ауданда жасаған үш жорықтан құдайдың бұйырғанын алдық. Жергілікті менттер жоғары басшыларынан жақсы тоқпақ алған сияқты. Өйткені, олар ұйқыларынан оянып, қылмыс жасаушыларды іздестіруді шұғыл, опыр-топыр бастап кеткен қарбалас байқалады. Сондықтан, енді біраз тым-тырыс болып, қимыл атаулыны тоқтатуымыз керек. Вот в чем заключается «дно». Пока я не скажу, ни одного движения. Базар окончен! Вы свободны…

                                          ххххххххххххххх

      …Қаратал ауданындағы бар-жоғы сегіз күннің ішінде орын алған үш бірдей қылмыс елді дүрліктіріп жіберді. Аудандық Ішкі Істер Бөлімінің жедел (оперативтік) топтың жігіттері, участок инспекторлары мен криминалистерін жинап, кеңес өткізген  бөлім бастығы лауазымын уақытша (басшының еңбек демалысына шығуына байланысты) атқарып жүрген  полиция майоры Келімбетов әр бөлім басшыларын орнынан тұрғызды. Олардың барлығы да «мүмкін-ау» деген өз жорамалдарынайтқандарымен қолға іліккен айғақ жоқ. Криминалист Кәкімов  орнынан көтеріліп:        

      -Адам тонаудан басқа, қылмыстық ұрлық екі фактісі бойынша да із кесу кезінде байқалған жәйт — қандай транспорт түрі қолданылғаны түсінікісіз. Ешқандай із жоқ. Алайда, қылмыскерлер жүрген жолдарын, қалай екені белгісіз, әйтеуір қолма — қол өшіріп отырғаны анық – деп, орнына отырды.

       Қылмысты іздеу бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Панин:   

Қылмыс болған көшелердің тұрғындарынан сұрастырдық. Қолға ілік боларлық ешнәрсе жоқ. Бәрінің айтатындары: «көргеміз жоқ», «ештеңе естігеміз жоқ» сияқты жауаптар. Сүйтіп тұйыққа тіреліп тұрмыз…

      Үш сағат бойы дабырласа долбар айтып, шуласқан жігіттер түн ортасы ауған шақта еш нәтижесіз тарасты.

         …«Колька-косой» кличкалы Николай Сафинның өзіне таңғы асы саналатын, әлігінде, ұйқыдан ояна салысымен, қаңылтыр құтыға бықтырып қойған ащылығы ауыз қуырар қою чефирін кеңірдегін күйдіре — мүйдіре жеделдете ішті. Көкшіл түсті джинси шалбарын бұтына, алдында тістері ақсиған арыстан суреті бар ақсұр өңді футболкасын үстіне іліп, табан қалыңдығы бір еліге жуық шетелдік көк кроссовкиін сықита киіп алды. Бойы ортадан сәл жоғары, денесінде қырып алар артық еті жоқ, арықша келген, тарамысша қатқан жігіттің бултық-буылтық бұлшық еттері сырт киімінен білініп тұр. Бұл қалпында сырт көз оның бойындағы бұла күші тау суындай сарқырай ағып жатқан  кәнігі спортшы дерліктей. Жіптіктей әдемі мүсініне өте талғаммен киген киімдері ерекше рең беріп, аса жарастық тапқан.

Барар бағыты — қаланың батыс аймағындағы, ақаңа тәуір қарайтын жандар алдын ала ақылдасып, бір аумақта тұруға келісіп алғандай, өңкей ішкіштер жайлап жатқан көшедегі Митяның үйі. Жергілікті тұрғындар арасында «пьяный поворот» аталып кеткен осы «Западная» көшесіндегі Дмитрий Гусковтың үйіне, ара қашықтық біраз болғанымен, бала кезден қарыштап, шапшаң жүретін әдетімен тез жетті. Ол Митямен осыдан екі-үш ай бұрын базарда танысып, артынша үлкен бір отырыс — ішіс жасаған болатын. «Косой» арақ ішсе де, өмірі мас болғанша ішпейтін пәле. Өзі сондай сауысқандай сақ. Айналасындағы адамдардың сөзінен, іс-әрекетінен оның кім екенін,  қандай адам және оған сенуге болатын, болмайтындығын бағамдайтын әдеті баяғыдан, түрме ботқасын алғаш татқан кезден қалыптасқан. Алғашқы кездесу кезінде өзінше қорытынды жасай отыратын сол үйреншікті қасиетімен Дмитрийді көбірек сөйлетіп қойып, өзі көп тыңдай отырып бағалаған. Сөйтіп оны «өзіміздің адам» деген пікірге тоқталған-ды.

…Қазан айы болғанымен, ауа райы әлі жаз уақытындағыдай май тоңғысыз жылы. Орыстың «бабье лето» аталатын жанға жәйлі маусымы жан жадыратып тұр. Ел аузында «қарындаш» аталатын дарбазаның сыртында тұрып, құлақ жаңғырта ысқырып қалды. Көкшіл бояуы ескіріп, сұрғылт тартқан қақпа жәйімен ашылды да, ұйқыдан жаңа оянған ба, көздері кіртиіп, шашының ұйпа-тұйпасы шыққан үй иесі көрінді.

— О, какие люди. Добро пожаловать! – Дмитрий келушімен құшақтасып, қос қолдап  амандасты.

— «Кімді ойласаң сол келеді» деген сөз рас екен. Әлгінде ғана сені есіме алып едім, Колька…

        -Өзгенің өзіңді сағынып, жақсылықпен есіне алғаны дұрыс нәрсе — ғой.  Үйде біреу бар ма?

—   Ешкім жоқ. Қатын қияр, қызанақ сатуға базарға кеткен. Біраз уақыттан соң  келіп қалар.

— Әзірге соның келмей тұрғаны дұрыс, Дима — деген ол үй иесінің бетіне барлай қарады. — Ақылдасатын маңызды, екеуіміз үшін де пайдалы шаруа бар.

— Қане, үйге кіріп сөйлесейік. Бағанадан қонақжайлық танытуды да ұмытып кетіппін-ғой. Кешір, достым.

—  Өзіміз-ғой, оқасы жоқ – деген Коля Сафин ашық тұрған қақпадан үйге «зып» етіп жылдам еніп кетті.

— Мынау менің көптен көрмеген досыма әкелген базарлығым. — Көйлек етегімен жасырылған шалбарының ышқырындағы бір жартылық «столичный» арағын шығарып, стөл үстіне «тық» еткізіп қойды. Жайғаса отырған «Косойдың» бетіне үй иесі аса бір риза, қуанышты жүзбен қарай қалған.

— Бәрекелді. Осылай жиірек келіп тұрсаңшы, Никола — деп қуана да, қулана күлген Дмитрий екі жүз грамдық қырлы қос стақандарымен бірге, столға тіске басар екі-үш тал қияр мен қызанақ әкеліп қойды.

 — Дима, алдымен сен мынаны айтшы. Төрт дөңгелекті баға жетпес байлығың — тракторыңның жағдайы қалай, жүре ме?

 — Жүргенде қандай. Тек газды қаттырақ басып, рөлді керек жаққа қарай бұрап үлгесең болды, ұятқа қалдырмайды.

— Онда бүгін кешке, жұмыстан соң көлігіңді үйіңе әкеліп қой. – Николай  қырлы стақанға құйылған арақты қағып салып, келген шаруасына көшті…

«Қуды қу, шұқанақты су табады» деген тәмсілді қазекем қандай дәл, көрегенділікпен айтқан десеңші. Осы Дмитрий мен Коля базар маңында танысып, екінші ретінде ақаңды судай ағызып, «жетім қыздың тойындай» отырыс жасаған. Араққа сылқия бөгіп алып, масайыңқырап қалған Дмитрий:

— «Балықшы балықшыны алыстан таныйды» емес пе, достым? Мен сенің өз адамымыз екендігіңді бір көріп, әңгімелескеннен-ақ білгенмін. Бауырластар арасында сенің беделіңнің жоғары және кімге болса да сөзіңді өткізе алатын іскерлігіңді көп естігем. «Құлақ естігенді көз көреді» деген рас екен. Міне, енді өзіңмен танысып, дәмдес қана емес, дос болып отырмыз.  Мен өзім Сарқан ауданының Покотиловка ауылында туып өстім. Дұп-дұрыс тұрып жатқан жерімнен орнымнан су шыққандай, осында шұғыл қоныс аударуға тура келді.

— Не, онда менттер күн бермеді ме?

— Дәл үстінен түстің.  Бар кінәм — бар-жоғы екі рет сотталғаным.  Біреудің тышқақ лағы жоғалса да, менен күдіктеніп, үйге қақшиып жетіп келеді де тұрады, қарғыс атқыр сасық теке — менттер. Оның үстіне қатыным да ұяттан безіп, менттердің апанына жол салып алды. Қит етсе арызды домалатады да отырады, домалатады да отырады жәләп. Міне, сонымен тоғыз жолдың торабы, яғни, бір қиын жағдай туа қалса, қай қалтарысқа болсын, зып етіп тайып тұруға қолайлы Үштөбе станциясының тұрғыны болып шыға келдім» — деп, жыларман болып мұңын шаққан. Содан кейін-ақ екеуі бірін-бірі ежелден білетіндей, дос болып кеткен.

     …Төсегінде шәниіп жатқан күйінде темекісін будақтата тартқан Николай орнынан жеңіл ырғып тұрып, тарамыстай қатты, әлді саусақтарымен үйге келген үшеудің қолдарын кезекпен, құшырлана қысты. Шапшаң, ылдым-жылдым қимылмен, жап-жасыл алабажақ татуировкамен шимайланған кең   кеудесіне жұқа ақ футболкасын, бұтына көк джинс шалбарын кептей киді.

— Өздеріңді жәйдан-жәй шақырмайтынымды білесіңдер-ғой. Қысқаша қайырғанда, бүгін сендерді  бір жақсы іс күтіп тұр…

— Мы готовы как штык! – деп, іле — шала күле тіл қатқан Валераны «Косой» оқты көзімен атып, бетіне жақтырмай қарады.

       — Үлкендер сөйлегенде сөзді бөлмеуді қашан үйренесің? – деген ол «соңымнан еріңдер» дегендей, ым қақты да, үйден жылыстап шыға берді.

Үшеудің алдына түсіп, тіл қатпастан жүріп отырған «Косой» қаланың сыртындағы, өз сағасымен жәйімен, ирелеңдей, көсіле ағып жатқан Қаратал өзенінің жағасына барып бірақ тоқтады.

   Ия, талай сазгер мен ақынның өлең-жырлары мен әндеріне арқау болып, тарау-тарау тарихтың куәсіне айналған, бақ қонып, құт дарыған, қойыны бал татыған балыққа, айналасы құстар мен қоян, түлкі сияқты табиғат байлығына толы қасиетті өзен — Қаратал ғой бұл.

 — «Пахан», алдағы істің не екенін біле алмай, қыстығып өліп барам. — Бағанағыдай «арп» етіп, бетін қайтарып тастай ма, — деп ағасының жүзіне барлай қараған Валераға «Косой» сұқсырдай суық өңін сәл жылытып, ыңырана тіл қатты.

— Ал енді сендер жұмыссыздықтан іштерің пысып қалған болар. Бүгін «қант» операциясына шығамыз. Операция жүргізетін нысанды ешкімге күдік тудырмастан, алдын ала зерттеп қойғанмын…

   Николай бүгінгі жорықтың жоспарын тәптіштей түсіндіріп, әрқайсының атқаратын міндеттеріне шейін анықтап берді. Күтпеген жағдай туа қалғанда кімнің қайда тұрып, не істейтіндігін су жағасындағы майда сары құмға  сыза отырып түсіндірді.

— Күзет аса мықты болып, жазымға ұшырамаймыз ба? – Мұны айтып тұрған — «Косойды» қоспағандағы үшеудің ішіндегі жасы үлкені Сергей.

— Тәуекелге бармаған шампан ішпейді. – Валера Николайдың жауабын тоспастан, «тақ» еткізе жауап беріп, ағасының бетіне жағымпаздана көз тастады. Валераны қостағандай ыңғай танытып, сәл езу тартқан «Косой» лезде түсін суытып ала қойды:

— Сергей, сен қоянша қорқып тұрсаң — бірден айт. Және біздің маңайымыздан ешқашан жүрмейтін бол. — Оның ашуланғандағы түрі өте сұсты да қорқынышты еді.

           — Мұндай босбелбеу, сен сияқты қорқақ қояндарға зонада не істейтінін білесің бе өзің?

— Қорқып тұрғаным жоқ. Сақтық ойлағаным… – деген Сергей қипақтап, сөзінің артын жұтып қойды.

…Уақыт түн жарымынан асып, сағат тілі бірден кете бере Николайдың қылмыс тобы орнынан қозғалды. Бұлар кеш түскеннен бері ел аяғының әбден басылуын күтіп, бейуақ келетін ұятсыз ұйқыны қуып, сергу үшін қоюлығы сондай, ұрттағанда ауызды қуырып жіберетін ащы чефир ішіп отырған.

— Ну, пора! С богом, — деген топ басшысы әлігінде ғана, түнделетіп келген Дмитрийдің тіркемемелі тракторының кабинасына қарғып мініп, қалған адамдар тіркеме қорабына жайғасты.

  Тамыз айының күндізгі аптабының қызуы қайтқанымен, түн бәрібір ыстық, әрі қапырық. Ай жарығы сүттей. Бірақ, «түн жарық екен, біреулер байқап қалар» деп, айылын жиған ешкім жоқ, тіркемеде баяу тербеліп келеді.

Трактор қаланың онтүстік батыс жағындағы, шлак дарбазамен қоршалған «Мұнай өнімдері» кәсіпорнының сырт жағына келіп тоқтады. Николай Сафин арбадан жеңіл ырғи түсе сала тың тыңдап сәл тұрды да, адымдай басып, күзетшінің үйшігіне таяды. Жүрісі еркін, бұқпантайлап, жасқану ойына да келмейтін сияқты. Ұрлық жасауға келген адам емес, бейнебір, түнделетіп нағашылап жүрген жиендер дерсің!

   «Косой» келіп тоқтаған бетте қолындағы ұзындығы жарты құлаштан сәл ғана ұзынырақ шегесуырғышты көз ілеспес шапшаңдықпен сілтеп-сілтеп жіберіп, күзетші үйшігінің терезесін сыңғырлатып сындырып түсірді. Артынша жеңіл ырғып, терезеден ішке секіріп түсті. Тәтті ұйқы құшағында бұйығып жатқан күзетші не болғанын түсініп те үлгерген жоқ. Басын көтеріп, орнынан тұруға оқталғаны сол еді, әлдебіреудің дәл төбесінен сарт еткізіп ұрған темірдей жуан жұдырығының ауыр соққысынан есі ауып, көздері алая шалқалақтап құлай берді. Артынша қақпа ашылып, трактор аулаға енді.

 Сергей мен Валера арнайы дайындап әкелген екі-үш құлаш сымтемірмен оның аяқ — қолдарын матап, темір төсегіне таңып тастағанын, есеңгіреп жатқан байқұс күзетші сезерлік халде емес. Олар енді басшы бұйрығын тосып, үнсіз состиып тұрып қалған. Бұл кезде Женя Палкин сақтық үшін дарбаза сыртындағы қалың ағаштың арасында «атаста», яғни сақшылықта тұрған еді.

Николай   бөлтіріктерін   ауыздандырған қорқау   қасқырша,  екі  бауырын соңынан ертіп, ауладағы ұзыннан ұзын етіп салынған  қойма есігінің алдына барып тоқтады. Сақтық үшін бір сәт тыңдап тұрды да, қолындағы шегесуырғышын Сергейдің қолына берді.

        — Қане, құлыпты бұз!

 Жиені қолындағы сайманмен құлыпты әрі-бері нұқығанымен ештеңе шығара алар емес.

— Ой, келепайсыз. – Шегесуырғышты оның қолынан жұлқи тартып алып Валераға ұстатты.

— Қане, сенің қалай жұмыс жасағаныңды көрейік. Тез қимылда, балабақшада ойнап жүрген жоқсың.

  Қанша әуреленгенімен құлып оның да ыңғайына көнер емес.

— Бүйтіп ұры болғандарыңды ұрайын сендердің. – Сайманды жұлып алған ол, көз ілеспес жылдамдықпен құлыпты бір — ақ рет ырғап,  жерге топ еткізді.

— Міне, ұры деген осылай жұмыс жасауы керек. Жырғалмай, тезірек қаптарды арбаға тиеңдер!

   Мекеме қоймасының табанынан төбесіне шейін сықита үйілген қапталған қантты көрген Николайдың ауыздандырып жүрген жас ұрыларының  көздері шырақша жанып,  іске дереу, қызу кірісіп кетті…
        -Ну, хорош. Садитесь, поканали. Поганые менты пускай ищут в поле ветра — деген нағашыларының қатқыл дауысынан соң ағайынды қоңырқаз ұрылар тіркемедегі  қаптардың үстіне ырғи-ырғи шығып, атқа қонғандай мініп алды. Ауыр салмақтан трактор күшене қозғалып, жылдамығын арттыра түсті. 

  Мұндай түнгі жорықтардың талайын көріп, әбден әккіленіп алған тіс қаққан ұры «Коля косойдың» барлық әрекеттерді алдын ала мұқият жоспарлаған бұл «қант операциясына» бар — жоғы сүт пісірім ғана уақыт кетті.

                                               хххххххххххххх

         …Алматы облысының Қаратал, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Сарқан аудандары мен Текелі қаласындағы кезек-кезек, екі күннің бірінде жасалып жатқан ірілі-ұсақты қылмыстардың ашылар түрі жоқ. Қылмыскерлер ұсталып, құрықталмайынша ел ішіндегі болмағанды болғандай етіп асыра айтылатын қаңқу сөздер Жетісу өңірінде желдей есіп тұр. Аталған аудандардың Ішкі істер бөлімінің бастықтарын Алматы облыстық Ішкі Істер Департаментінің бастығы генерал Дәрменов Омар Серікұлы облыстық кеңесте неше рет орнынан тұрғызып ит сілікпесін шығарған. Бірақ, оларың: «Ашамыз, жолдас генерал. Қауырт жұмыс жасап жатырмыз. Көп кешікпей қылмыстық топтар құрықталады…» деген уәдемен кілкіген май ішкізгендей әбден тойдырып бітті.

      … Кешкі апақ-сапақ кезінде генерал Дәрменов хатшысы арқылы Талдықорған қалалық ІІБ департаменті Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Қайсенов Абылай Әзімханұлын  кабинетіне шақыртып алды. «Не мәселемен шақырды екен? Бір шұғыл тапсырма бар — ау, сірә…» — деп ойлаған полковник басшы кабинетіне айтылған уақыттан он бес минут ерте келді. Басшы болсын, қосшы болсын, кім, не үшін шақырса да, кешікпей, уақытынан ертерек келетін әдет – Абылай Әзімханұлының сонау оқушы кезінен бойына айнымастай берік сіңіп қалған жақсы қасиет.

        -Генерал мырза, полковник Қайсенов Сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұр! – деп, емен есіктен енген бетте Устав бойынша шекесіне қолын қойып сәлемдесу рәсімімен сіресе қалды.

       -Кел, полковник, кел… – Генерал төрде отырған орнынан тұрып Абылай Әзімханұлымен қол қысып амандасты. Бағынышты әріптесінің қызметтік міндетін өте тиянақты, тез және бұлжытпай орындайтын әдеті өз алдына, оның ар тазалығы мен биік адамгершілік қасиеттерін жақсы білетіндіктен, генерал Дәрменов полковник Абылай Қайсеновты қатты құрметтейді. Сондықтан, басқалармен қатынас жасағандай емес, көп жағдайда ресмилікті қойып, атымен атап сен деп сөйлесе береді.

      – Отыр, Абылай. «Уақытсыз уақыт неғып шақырды» деп таңданып отырған шығарсың. Облыс аудандарындағы өрттей өршіп тұрған криминалдық жағдайды біліп отырсың. Онсыз да тығыз уақытты өлтірмей, тоқ етерін айтайын. Қылмыстардың алдын кесіп, тез арада құрықтау мақсатында облыс бойынша бірнеше оперативтік топ құрғалы отырмыз. Сол топтың бірі – Қаратал ауданында жұмыс жасайтын болады. Сен сол өңірдегі қылмыстарды ашу үшін құрылған топты басқар, яғни өкілетті өкіл болып бар. Егер қажет деп тапсаң, қасыңа бір тәжірибелі көмекші қосып берейін…

        -Маған білдірген сеніміңізге үлкен рахмет, генерал мырза. Көмекші қажет болмас, ондағы жігіттер де жеткілікті ғой. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

       -Жақсы, Абылай,  саған сенемін. Тек бір ерекше ескертерім, жеке құрам мен өзіңнің аман болуыңды естен шығарма. Қылмыстарының артына тырнақтай да із, айғақ қалдырмай, соншалықты  таза істеуіне қарағанда, қылмыстық топты өте тәжірибелі, сауысқандай сақ және аса салқынқанды қылмыскер басқарып отыр. Және із суытып, адастыру мақсатында, бір орында тұрақтамай, әр ауданға  «күтпеген қонақ» — гастролер болып жүр. Әйтеуір,  Жаратушының: «сақтансаң-сақтаймын» деп айтқанындай, тағы да қайталаймын, жеке құрамның арандап қалуына жол бермеңдер – деп, генерал орнынан тұрып, полковниктің қолын қатты қысты. – Ісіңе сәттілік тілеймін…

      -Өзіңіз де аман-сау болыңыз. Кетуге рұқсат етіңіз, генерал мырза.

           …Полковник Абылай Қайсенов Қаратал аудандық Ішкі Істер бөліміне келгенде, түскі ас ішу мезгілі аяқталып, жұмыс уақыты басталған еді. Телефон арқылы алдын — ала хабарланғандықтан, акт залына кеңеске қатысуға тиісті адамдардың барлығы жиналып отыр екен.

         -Сәлеметсіздер ме, қырандар! Көңіл-күйлерің қалай? Қылмыскерлерді, бірін қалдырмай бәрін құрықтаймыз ғой. — Қаз-қатар қаздай тізіліп отырған сайдың тасындай жігіттерге жағалай көз салып шықты. Араларындағы бірді — жарды жаңадан келген жас мамандарды қоспағанда, басқаларының бәрі таныс жігіттер. Анау майор Батан Сәлімов қысқы болсын, жазғы болсын, талай спорт жарыстарында өзіне қарсылас болып, бірде ол, бірде өзі озып жүрген мықты спортшы – аудандық Ішкі Істер бөлімі бастығының орынбасары. Мына отырған палуан мүсіндес Асхат Аханов дегенің бойының аласа, адымы қысқа болғанымен ұзақ қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмайтын стайер және дене бітімі айтып тұрғандай — мықты палуан,. Лауазымы — Аудандық ІІБ бастығының саяси және тәрбие істері бойынша орынбасары. Анау аға лейтенант Зубков Сергей, Эм Алексей, Нам Эрик пен Ержан Нұрахметов сияқты білікті, қайтпас, қайсар және ержүрек жігіттермен тау қопарып тастауға болады. Тек, ақылмен басқарып, жағдайдың өрістеуіне қарай дұрыс бағыт сілтей біл. Бұлардан басқа, қылмысты іздестіру бөлімінің инспекторлары, криминалист, аудандағы участок инспекторлары мен тергеушілердің бәрі жиналыпты. Садақ адырнасындай ширығып отырған жігіттерді сәл болса да, жеңілдендіріп, ресмиліктен арылту үшін бірер әзіл, қалжың айтып, күлісіп алған соң, полковник оперативтік кеңесті бастады.

           Ауданда орын алған криминалдық жағдайларды әр офицер өзіне жүктелген тапсырма бойынша толық баяндап, бәрін мұқият тыңдады. Туындаған қосымша сұрақтарға орай, тиесілі жауаптарын толығымен алған полковник Абылай Әзімханұлы:

— Бұл қалай, жігіттер? Қызметтік ақпарат Журналынан аудандағы барлық криминалдық жағдаймен келе сала жете танысып шықтым. Кісі тонау, үй үптеп кету мен мал ұрлығы – қатар өршіп тұр.  Сол қылмыстардың бір де біреуі ашылмаған, — деген полковник бөлім бастықтарын, тергеу бөлімі мен учаскелік инспекторларды орнынан тұрғызып берген жауаптарын мұқият  тыңдады.
      …Бүкіл саналы өмірін еліміздің тыныштық сақтау қызметіне арнап келе жатқан полковник Қайсенов қылмыстық топтардың тап осылайша еркінсіп, есіргенін, тіпті шектен шығып: «ал ендеше, не істейсіңдер?!» деген  басынғандық әрекетін көрмепті. Сұмдық-қой!  Ел іші гу — гу әңгіме. Мұндай жағдайда, болмаған нәрсенің өзін болғандай етіп әсірелеп, көптіріп жіберетін елдің әдеті емес пе: «Ойбай, біздің Қаратал ауданына Ресейден атақты банда келіпті. Мына сұмдықтардың бәрін жасап жүрген солар екен. Қарсы келгендердің басын кесіп, бағанаға іліп қоятындықтарын қағазға жазып кетіпті» деген қауесет өршіп тұр. Елдің әсірелейтін де  жөні бар. Қылмыс дер кезінде ашылмаса, ондай ертегіге бергісіз көптірме әңгімелердің тарап кететіндігі белгілі ғой. Кеңестегі сөздеріне қарағанда, жігіттер іздемей жатқан жоқ. Шапқылап, аяқтарынан сарсылуда. Алайда, қолда ілік болмағандықтан, еңбектері еш кетіп, қылмыскерлер білгенін істеп, бостандықта сайрандап жүр. Кеңеске қатысушылар ауданда қалыптасып отырған күрделі жағдай бойынша ойларын ортаға салып, ақылдасып, түн ортасында үйді-үйлеріне тарасты.

                                             ххххххххххххххх       

… «Қант ісі» бойынша осымен екінші рет із кесіп көруге бел байлаған полковник  қылмыс орын алған маңды шұқшия зерттеп жүр. Еш нәтиже жоқ!

 Ендігі бір сәтте… Пәлі, мына сұмдықты қара! Тәжірибелі із кесушінің қырағы көздері жағдайды байқағаннан-ақ істің мән-жайын дереу пайымдап үлгерді.

Пәлекеттер, ұрлық орнынан шыққаннан — ақ трактор тіркемесінің артына — екі жағына бірдей ағаштың үлкен бұтақтарын байлап алғаны анық байқалды. Көлік қанша жүрсе де тарбиған қалың бұтақтар трактор мен тіркеменің ізін қолма-қол сыпыртқыша сыпырып, жойып отырған. Даңғыл жолға шығысымен бұтақтарды ағытып тастап, әрі қарай жол тартыпты. «Кәззаптар! Бастарындағы осы ақылдары мен дәл осы қабілеттерін қылмысқа емес, ел-жұртқа пайда келтіретін ізгі іске жұмсаса-ғой. Енді іздеп, тауып көр, бір мая шөптің ішінде жоғалған инені. Күндіз, түні толассыз ағылған, машинасы бар, тракторы бар, даңғыл жолда қайшы алысқан жүздеген көліктердің арасынан керек ізіңді айырып ал… Шерлок Холмстей ізшіл болсаң, тауып көр енді…

«Тышқан ізіндей болса да із қалдырмауы мүмкін емес. Бұрылыс, қиылыстарды қайта мұқият қарап шығу керек»,- деп ойлаған полковник әлігінде тексеріп өткен жолдармен кейін қарай жүрді. Бұрылыс, қалтарыстардан бір ілік тапсашы, бәрі таза. Қуантарлық ештеңе байқалатын емес, «Опа. Стоп!» Тар көшеден үлкен жолға түсер бұрылыста тіркеменің оң жақ дөңгелегінің ізін «сыпырғыш» «байқамай» сыпырмай кетіпті. Бар-жоғы он бес-жиырма сантиметр көлеміндегі көзге көрінер – көрінбес  іздің бедері сары топыраққа көмескі болса да түсіп қалыпты. «Мынау құдды, қазақ детектив жанрының атасы Кемел Тоқаев ағамыздың түнеу жылдары өзім оқыған  шығармашылық еңбегі — «Көмескі із» кітабындағы сияқты болар болмас із ғой» деп күбірлеген ол папкасынан жалма — жан қағаз, қарындашын суырып алды. Қуанғаны соншалықты, былғанып қалуды да ойламастан, сары топырақ жолға кілемге отырғандай жәйлана жайғасты. Бала кезіндегі сурет салуға икемдік қасиеті кейін іске асар деп кім ойлаған? Көмескі із бедерін асықпастан, жәйлап, қағаз бетіне (ол уақыт  қазіргідей ойнап жүрген кішкентай сәбидің де ойыншығына айналып, суретке түсіре қоятын ұялы телефон біздің елге келе қоймаған заман ғой)қарындашпен  түсіре бастады…

…Қаланың оңтүстік жағында жапсарлас жатқан Фрунзе учаскесіндегі ескі танысы Николайдың ауласына кіргенде, үй иесі Абылай Әзімханұлын қуанышты жүзбен, күлімсірей қарсы алды.

— О, наш любимый участковый, добро пожаловать! Какими судьбами? – деген ол, келген қонаққа мазут сіңген алақаны күректей қолын шалбарына сүрте сала ұсынып жатыр.

Бұл Николайдың, осыдан оншақты жыл бұрынғы,  аудандық ІІБ қылмысты іздеу бөлімінің бастығы аға лейтенант Абылай Қайсеновты «наш любимый участковый» деп,сыйластық сезіммен атайтын өзіндік себебі бар еді.

…Алғаш милицияда істеп жүрген жылдары аудан орталығы – Үштөбе қаласы мен осы Фрунзе бөлімшесінде учаске инспекторы лауазымында табан аудармай төрт жыл істеген болатын. Ұрлық-қарлығы көп, екі күннің бірінде араққа тойып алып төбелесу, тағы да басқа қылмыстық ахуалы өршіп тұрған бұл учаскеде тәртіп орнату үшін ол табанын тоздырып, талай тер төккен. Сол келеңсіздіктердің қызу ортасында арақ ішсе өрекпіп, қызбалыққа салынатын, оның соңын қоян-қолтық айқасқа айналдыруды жақсы көретін осы Николай жүретін-ді. Сондай бір масаң күйде көршісін соққыға жығып тастаған мұны учаске инспекторы ішкі істер бөліміне апарып қамаған. Ертеңіне сауығып, жынынан айырылған бақсыдай, сүмірейіп тұрған Николаймен Абылай сүт пісірім уақыт әңгімелескен. Қылмыстық Кодексті айқара ашып көрсетіп:

— Міне, көпшілік орнында арақ ішкеніңнің өзі бір қылмыс. Мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзып, шу шығарғаның – екінші қылмыс. Ол аздай, жазықсыз біреуді соққыға жығып, денесіне жарақат салдың. Қылмыс Заңының мына тармақтары бойынша сот сені ең аз дегенде үш жыл бас бостандығыңнан айырып, түрме ботқасының дәмін татуға үкім шығарары анық – деп, толтырылған ресми қағаздарын оның көз алдына тосқан  болатын.

— Жолдас аға лейтенант, мен сотталсам, шиеттей үш бірдей балаларым не болады? Тек менің табысыма қарап отырған кәрі анам мен аурушаң әйелім бар. Бір жолға кешіріңіз. Мені болмаса да, үш балапанымды аяй көріңіз…

— Осыны арақ ішпей тұрып неге ойламадың? Үш бірдей сәбиің бар екенін, оларды асыраушы тек өзің екенін жаңа біліп отырсың ба?

— Қарғыс атқыр арақты енді аузыма алсам, құдай ұрып кетсін. Тап осы жолғы қылмысымды кешіріп, сотталудан, түрмеден аман алып қалыңызшы. Соңғы рет ішуім осы болсын. Ер-азамат ретінде енді қайталамауға уәдемді беремін – деп, көз жасын көлдей етіп, балаша еңкілдеп тұрып жылаған-ды.

Милицияа аға лейиенанты Қайсенов оны жәбірленушімен беттестіріп, татуластырған болатын. Айыппұлмен құтылған Николайың азамат екен, сөзінде тұрды. Арақтың өзіне жақпайтындығына көзі жетті ме, жоқ әлде,  балаларын жанындай жақсы көріп, солардың келешегін ойлағандықтан ба, не себепші болса да, содан қайтып ішімдік атаулыны аузына татып алған емес. Әрине, ішпеген соң қоғамдық тәртіп пен заң талаптарын бұзған емес.

…Оның сол кезден қандай маркалы трактордың болмасын, қай жерінде қандай ақау барын, ол ақау неден болуы мүмкін екенін даусынан-ақ айырып, қолма-қол диагнозын қойып бере алатын шеберлігін Абылай білетін. Қандай ақауды болмасын, демде жөндеп беретін таптырмас маман – Николайдың аты-сойы бүкіл ауданға тарап, даңқы дүрілдеп тұрған.  

  • Ал, достым, сенің көмегің маған ауадай қажет.

— Менен көмек керек болса, сен үшін әрқашан дайынмын — ғой, Абылай Әзімханұлы. Қандай қиындық бар? – деген ол арқалықсыз ағаш орындықты қонағының астына қойды.

—  Сен қаладағы, тіпті бүкіл аудандағы трактор атаулыны бес саусағыңдай білесің…

—   Тым асыра мақтап жібердің-ау, Абылай. Жарайды, айта бер. Қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз.

           —   Мына сызбадағы дөңгелек ізі ненікі екенін табу үлкен мәселе тудырып тұр, — деген полковник Қайсенов папкасындағы қаптаған қағаздарының арасынан бір парақ  қағазды шығарып, Николайдың қолына ұстатты.

       -Мынау трактордың емес, тіркеме дөңгелегінің ізі ғой, — деген механизатор — маман қағаз бетіне тесіле қарап қалған.            -Да, сложную задачку ты мне задал.  

         Сызбаға, кемінде он бес минут үнсіз, үңіле қарап ойланып отырған ол:

           -Егер мені Құдай қателестірмесе, мынау «Правда» шаруашылығында жұмыс жасайтын Дима Гусковтың трактор тіркемесіндегі дөңгелектің бедері. Түнеу жылдары ол екеуміз «Ауылтехника» мекемесінен бірге тыңайтқыш тасыған болатынбыз. Сондағы оның трактор тіркемесінен көрген бедер, құдай мені есімнен жаңылыстырмаса, тап осындай бедер болатын.

           — Таудай рахмет, Дмитрий! Сен маған үлкен көмек көрсеттің. Бұл жақсылығыңды ешқашанда ұмытпаспын.

           — Абылай Әзімханұлы, түрмеге жол тартқалы тұрғанымда мені құтқарып алған жақсылығыңның жанында, менің бұл көрсеткен болмашы қызметім түкке де тұрмайды, — деген Николай оның қолын құшырлана қысып қоштасты.   

      – Көмек керек болған жағдайда, қысылмай келе бер. Рахымды адамдар үшін менің үйімнің есігі әрқашан ашық.

       …Ел ішінде «пьяный поворот» аталатын, Үштөбе қаласының батысындағы «Западная» көшесінде тұратын Гусковтың үйіне полковник Қайсенов түс қайта келді. Науқанның қызып тұрған кезі болғанымен, трактор үйдің ауласында шідерленген атша қаңтарылып тұр.

«Ой, оңбағандар-ай! Бұл араққа тәуір қарайтын ақымақтарға дауа жоқ — қой. Құдай біледіау, шаруашылық басшылары қазір техника, жұмыс күші жетіспегендіктен, бір қолын екі ете алмай, аласұра шапқылап жүр. Екі күннің бірінде ішіп, арақтан ауызы құрғамайтын Дмитрий тағы мас болып жатқан шығар»,- деген ойдың жетегіндегі полковник Қайсенов аулада тұрған МТЗ-80 тракторы мен  артындағы тіркемесіне зер салып, мұқият қарауға кірісті.   

           «Бәрекелді! Николай тура тауып айтқан екен». Тіркеме дөңгелегінің бедері мен әлігінде өзі қағазға көшіріп алған көмескі іздің сызбасы бірдей. «Қателесіп, ұятқа қалып жүрмейін» деп, екінші, үшінші рет қайтара салыстырды. Тура сол! Дәл өзі!

      … Трактордың да, тіркеме қорабының іші жуық арада сыпырылған ба, жоқ әлде, мұқияттап тұрып жуылған ба, әйтеуір мұнтаздай тап-таза.

«Қандай жүк тасыса да қорапта шаң-тозаң, тиелген жүктің қоқым-соқымы сияқты бір белгілері қалушы еді. Мынаның тракторының қорабы (тележкасы) жылан жалап кеткендей таза екен. Соған қарағанда, жасалған қылмыстың ізін жасырудың далбасасы болар. Әйтпесе, бұл ішкіштерің қай бір тазалығы асып, көліктеріне көңіл бөліп жүретін адамдар». Осы оймен кілтсіз ғана жаба салған трактордың есігін айқара ашты. Тап-таза! «Мұндай кіршіксіз тазалық мүмкін емес. Бір шикілік бар». Қызғылт-қоңыр түсті төсеніш (линелиум) төселген қораптың үстіне шығып, бір шетін көтеріп қалды. Мәссағаан! Линелиумның асты шашылған аппақ қант. Кәдімгі ақ қант! Әйелі Дүрия ұл тапқандай қуанып, дауыс шығара күліп жіберді.  «Уай бәле! Бәсе, тілеуің бергір түйсігім алдамаса керек еді…!»

           — Азамат Гусков, тұрыңыз! Ұйқыңыздың уақыты аяқталды! – деген зілді дауыстан, кешегі түн жарымына шейін әкесі арақтан өлгендей сілтеген ішістен ес — түсін білместен қорылдап жатқан Дмитрий ұйқысынан шошып оянды.

       «Қорыққанға қос көрінер» демекші, үстіне төне түсіп тұрған әлдебір көмескі сұлаба өзінің жанын алуға келген әзірейілдей көрініп кетті. Көздерін уқалап жіберіп анықтап қарағанда, қарсы алдындағы полковник погонындағы полиция қызметкерін көрді. Бір сұмдықтың тақалғанын сезіп, сасқалақтап қалған Гусков ауызына еріксіз түскен сөзді ойланбастан айта салды:

  • Не болды? Сіз мұнда не істеп жүрсіз?
  • Тез жиналыңыз. Бөлімге барып сөйлесеміз.

Ал дегенде абдырап қалғанымен, сол арада өзіне өзі келіп үлгерген Гусков «қорғаныстың ең тиімді түрі — шабуыл» қағидасы бойынша қырыл аралас дауысымен айқайға басты:

           -Тұтқындау үшін қолыңызда прокурордың санкциясы бар ма? Жоқ екеніне сенімдімін. Мен прокуратураға шағымданамын!

           -Заңды көп оқыған білгіш болсаңыз, міне: Қазақстан Республикасы Қылмыстық Процессуалдық Кодексіндегі: «Полиция қызметкері 132-баптың 1 — тармағы негізінде, күдікті адамның қылмысқа қатыстылығын анықтау мақсатында, оны ішкі істер бөлімінде үш тәулікке дейін ұстауға құқылы» деген бап бар екенін де білуіңіз керек. Азамат Гусков, көп қиқақты қойыңыз да, дереу киініңіз. Бос байбалам сөзбен уақыт алмай, менімен бірге аудандық Ішкі Істер Бөліміне жауап беруге жүріңіз…

           Сырт көзге сыр бермеуге тырысқанымен, жүрегі зу ете түсті. «Біткен жерім осы, ендігі барар жерім түрме болды. Бостандық ауылы алыстап, қол жетпейтін арманға айналады енді» деген сұмдық ойдан тамағына өксік тығылып, жанарына үйірілген жасты полковникке көрсетпеу  үшін жүзін теріс бұра берді. Сол қорқынышты ойдың жетегіне еріксізден бойлай еніп,  жасы келген кәрі шалдың қос иініндей қушиып, ұнжырғысы түскен Гусковтың қолдары қалтырап, шарасыздық күйде сылбыр, жәйлап киіне бастады…

                                              ххххххххххххххх
           
        Қаратал аудандық ішкі істер бөліміне, осы қасиетті өңірдегі толастамай, өршіп тұрған қылмыстық ахуалды тоқтатып, құрықтау бойынша облыстық Ішкі Істер департаментінен өкілетті өкіл болып келген полковник Қайсенов Абылай  бүгін   қылмысты анықтау, іздестіру, тергеу бөліміндегі офицерлер мен криминалистерді, оперативтік топтың құрамын толық жинады.  Бұлардан басқа, ұжымда көптен бері қызмет жасайтын тәжірибелі жігіттердің басын қосқан оперативтік кеңес жүргізіп отырғанына үш сағаттан асып, уақыт жарықтық түнгі он екіні көрсетіп тұр.

— Құрметті әріптестер, бұрынғы қылмыстар аз болғандай, кеше аудан орталығындағы жалғыз тир түн ішінде тоналып, төрт бірдей ауа қысымымен атылатын мылтық қарақшыларға қолды болды. Спорт бәсекесі үшін пайдаланылатын сол  мылтықтар  күні ертең қайта жасалып, кісі өлтіретін  суық  қаруға айналып шыға келмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Күнде, екі күннің бірінде қылмыс жасалады. Рас, қолымызда бір – жар айғақ пен анық — қанығы әлі белгісіз фактілер бар. Фактылардың бар болуы — қылмыстың ашылуына кепілдік емес. Бірнеше аудандық Ішкі Істер Бөлімінің бастықтарын қылмыс атаулының құрықталмай, көбейіп кетуіне байланысты, облыстық ІІД — ның бастығы генерал — лейтенант Дәрменовтың бұйрығымен кеше қызметінен алып тастады. Сол үлкен кеңесте мені орнымнан тұрғызып: «Егер аудандағы қылмыстық топты құрықтауға арнайы өкіл ретінде жіберілген сіздің қабілетіңіз жетпесе, облыстан арнайы оперативтік топ жасақтауға тура келеді» дегенде ұяттан жерге кіріп кете жаздадым… Қане, ауданымыздағы қазіргі криминалдық жағдайға байланысты кімнің қандай ой, пікірі мен ұсыныстары бар?

Әр сала басшылары өз ойлары мен пайымдарын жеткізіп, ұсыныстарын айтып болған соң Абылай Әзімханұлы: 

-Қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы майор Нұрахметов, аудандағы мына өрттей өршіп тұрған криминалдық жағдайға сіз не айтасыз? Қандай ой, нендей жоспарыңыз бар?

—  Көзбояу ретінде жалғыз-жарым адамды түн құшағына  ендіріп, қашықтықтан аңду салып та көрдік. Айламызды түсініп қойғандай, қылмыскерлер  ол адамдарымыздың маңына жоламай, тағы да ауа қармап қалдық. Жапа шегушілер мен қылмыс орын алған маңдағы тұрғындардан көрген-білгендерін сұрастырып, бұрын сотты болғандар мен өзіміз күдік келтірген адамдарды жауапқа алдық. Біраз заттық айғақтарды сраптамаға жіберіп қойдық. Алайда, жіптің бір ұшығын ұстағандай болып отырмыз. Сол варианттарды бүгін – ертеңдер іске асырсақ, бұйырса, қылмыскерлер қолға түседі деген ойым бар.

—  Бұл жорамал ой ғана ма? Жоқ  әлде, шын мәнісінде жіптің бір ұшы қолға ілікті ме?

— Жорамал емес, нақтылы жоспар бар. «Асамай жатып, құлдық» айтпай — ақ қояйын. Бірақ,  ойдағы осы операцияларды іске асырсақ, «асырсақ» емес, оны, құдай бұйырса, екі-үш күнде іске асырамыз. Сөйтіп, сәтін салса, ісіміздің оң нәтижесін  көреміз, полковник мырза.

Осы кезде оперативтік кеңес өтіп жатқан залдың есігі әдеттегіден қатты, тарсылдата қағылды.

-Кешіріңіз, полковник мырза. Тағы да қылмыстық оқиға. Абылай хан көшесіндегі тир маңында екі әйелді  белгісіз біреулер суық қару көрсетіп тонап кетіпті — деп, ішкі істер бөлімі кезекшісінің есіктен асыға кіре баяндауы  шұғыл  кеңесті  үзіп  жіберді.

         … Қаратал аудандық Ішкі Істер Бөлімі    қылмыс іздеу бөлімінің бастығы майор Ержан Нұрахметов, полиция аға лейтенанттары Сергей Зубков пен  Эрик Нам, аудандық Ішкі Істер Бөлімі бастығының орынбасары майор Батан Сәлімов қару сақтау бөлмесінен «Макаров» табелді қаруларын жедел алысымен, оталып, жүруге әзір тұрған кезекші машинаға жүгіре келіп отырды. Өкілетті өкіл полковник Абылай Қайсенов қауырт шақта шешімді шапшаң қабылдай қоятын қабілетімен көлік жүргізушіге:

— Сержант Қаратаев, Абылайхан көшесі бойымен теміржол бекетіне қарай тарт!-деп, бұйырысымен, оталып тұрған көлік орнынан жұлқи қозғалды.

…Қаладағы Морозов атындағы № 51-інші мектептің стадионы тұсына таяла  бергенде, машинаның жарқыраған фарынан байқалды: футбол алаңын бетке алған бір топ адам жарық сәуледен қорғалақтап, шығыс жақты бетке алып жапатармағай қашып барады.

Кезекші машина тоқтар — тоқтамастан, жігіттер көліктен көз ілеспес шапшаңдықпен секіріп — секіріп түсті. Мұндай қым-қуыт, қысылтаяң сәтте, миы компьютерше жұмыс жасап,  жағдайды тез бағамдайтын полковник:

—  Бұлар тегіннен тегін бой тасалап бара жатқан жоқ. Қылмыскерлер екені анық. Біз Эрик екеуіміз арттарынан қуамыз. Батан, сен осы көшенің бойымен олардың алдын кес! — деп, бар пәрменмен жүгіріп келе жатқан  Абылай Әзімханұлы бұйрық беріп үлгерді. Қашқан топтың соңдарынан  бастырмалата  қуған тәртіп сақшыларының:

—  Стой! Полиция! Стоять! – деген дауыстарына  құлақ аспай, жанұшыра жүгірген топ екіге жарыла қашты.

Мектеп стадионын қақ жарып өтіп, Пушкин көшесіне бет түзегендер Николай «пахан» мен оның баулып, бөлтірікше ауыздандыруының арқасында қылмыс әлемінің қыр – сырына бойлап, талай түнгі жорықтарға қатысып үлгерген он алты жасар Женя. Ал, мектептің баскетбол алаңына қарай  қашып бара жатқандар — Юрий  Палкин мен Валера Сметанин болатын.

Аға лейтенант Зубков қашқындарға жетуге таянған кезде, оның жақындап қалғанын  сезген  «Колька косой»  стадион шетіндегі жуандығы екі адамның қол ұстасқандағы құшағы жетпейтін жуан теректің тасасына жасырынып тұра қалды.  Енді бір сәтте, қашан, қай жерден алып үлгергенін кім білген, «Косойдың»  қарулы  қолдарымен сығымдай ұстаған жуан сойылы  Сергейдің қос тізесіне бірдей сарт ете қалды. Қашқынның жасырынып қалғанын аңғармай,  қатты  ағынмен зулап келе жатқан қуғыншы, орақпен орғандай, етпетінен  сұлап түсті. Палкиннің соңына түсіп, қуып  келе жатқан  Эрик әріптесі Сергейдің құлап түскенін көз қиығымен көріп қалған болатын.  «Қанішер иттер жазым қылмаса игі еді!» деп ойлап үлгерген ол:       

—  Стоять! Буду стрелять на поражение! – деп, қолындағы қаруымен аспанға екі рет қатарынан жөпелемдете атып — атып жіберді. Алдындағы қашқындарды жайына қалдырып, Зубковқа көмекке ұмтылған Эриктің артынан да екі рет «гүрс» етіп атылған дауыс естілді. Бұл – ПСНД-254 ракетницасымен Эрик Намды көздеп атқан Юрий Палкиннің ісі болатын. Әбүйір болғанда, ракетница Эрикке тимей, сол жағынан зу етіп жанай өтіп кетті. Жақын қашықтықтан атылған ракетница полиция қызметкеріне тигенде, жаралап, тіпті, жанды жеріне тисе, жазым қылып жіберуі кәдік еді. Тап осындай ракетницамен дәл көздеп атып өлтірген жағдайлар полиция қызметкерлерінің тәжірибесінде бұрындар бірнеше рет кездескен.

…Аудандық ІІБ-нің бастығының орынбасары полиция майоры Батан Сәлімов әріптестері арасында өз кәсібіне құлай берілген қабылетті, жауапкершілікті терең сезінетін тәжірибелі қызметкер ғана  емес, облыстық, Республикалық жарыстарда аудан мен облыс намысын абыроймен қорғап жүрген жақсы спортшы ретінде танымал. Қарындары  шерниіп, бұғанақтары салбырап, «ырс-ырс» еткен полиция қызметкерлерін көргенде, әріптестері үшін намыс буып: «мына түрлерімен қылмыскерлерді қалай құрықтамақшы» деп, кәдімгідей – ақ, жыны келетін. Басшының орынбасары тұрғысынан ғана емес, өзімен бірге қызмет істейтін біріне аға, біріне іні болып келетін әріптестеріне: «Құдай-ау, мына борсықтай болып семірген пішінің не, екіқабат әйелдердікіндей салбыраған қарның не? Сен полиция қызметкері емессің бе, болбыраған осы түріңе намыстанбайсың ба? Аптасына ең болмаса екі рет, алысқа да бармайтын, ақы төлеуді де қажет етпейтін өзіміздің су тегін спорт залымызға барып, өз денсаулықтарың мен өз өмірлерің үшін денешынықтырумен айналыссаңдаршы бір мезгіл. Мұндай бойкүйездік, жалқаулық, еріншектік қасиеттеріңмен қойындарыңдағы қатындарыңның да қажетіне жарамай, ол маржаларың басқаға қашып кетіп масқара жасайды ғой» деп ұрсып та, жолдастық ақыл ретінде де айтып жүруден жалықпайды. Сол әріптестер елу жастан асқан Батан Берікұлының жас жігіттердікі іспетті жіптіктей дене бітіміне, екі иығына екі кісі мінгендей келісті мүсіні мен толқынша ойнаған буылтық — буылтық бұлшық еттеріне сүйсіне қарап қалады. Кәсіби спортшыға тән шалт, шапшаң да, жеңіл қозғалатын ерекшелігіне қызыға да, қызғана да қарайды. Бірақ, ол сияқты спортпен айналысып өздерін жетілдіріп, денсаулықтарын күтуге кежегелері кері тартып, ұйқы басып тұратынын қайтерсің.

…Пушкин көшесі жақтан жүгіре шыққан екі адамның сұлабасын Батан Берікұлының қырағы көздері анадайдан шалды.

— Тоқтаңдар! Полиция! – деп, талай жарыстарда жүлде әперген өзінің сүйікті қаруы «макаркасымен» ескерту ретінде аспанға атып жіберді. Жанұшыра бой тасалаушылар – сойыл соққысынан жарақаттанған Сергейге көмекке келіп үлгерген  Эриктен  бой тасалап  қашып бара жатқан «пахан» Сафин мен Женя қужақ болатын. Қос қашқын полиция қызметкерінен құтылмасын сезіп, Абылайхан көшесі бойындағы аудандық баспахананың бетон дуалынан әрі қарай қарғып-қарғып, аула ішіне түсіп кетті. Батан Берікұлы сақтық үшін қашқындар секірген жерден емес, оншақты  қадам  әріректен ішке ырғып түсті. Сонысы абырой болған екен. «Косой»  секіріп түсісімен,  екі жүзді  жалаңдаған «финка» пышағын қынынан суырып, дуал түбінде: «сейчас твой час настанет, мент  поганый» деп күтіп тұрған болатын. Ойы: қуғыншыны секіріп түскен бойда, өзінің сенімді  әдісі — қос жауырын ортасынан қанды қаруын бойлата сұғып, жауының жанын жаханамға жібере салу. Ойлаған қулық — жоспары іске аспағанына  намыстанған  қылмыскер ашудан булығып кетті. Пышағын кезеген күйінде майор Сәлімовке тұра  ұмтылып, ауызына әдеттегі үйреншікті сөзі де үйіріле кетті:

—  Твой час настал, мент поганый!

— Шабуылшының тұтқиылдан, көз ілеспес шапшаңдықпен тап бергендігі  соншалықты, полиция майоры әлігінде, дуалдан секірер кезде кабурасына салған тапаншасын қайтадан суырып та үлгермеді.  Ай жарығымен  суық қару «жарқ» ете қалды. Жолбарыстың ептілік, әбжілдік қимылымен Батан Берікұлы артқа қарай ыршып түсті. Сілтенген пышақ оның денесіне дарымай, кеңірдек тұсынан зу етіп өте шықты. Ойпырмай,  ажал қаруының, кәдімгідей, «ыс-с» еткен  даусы  қандай суық еді! Бейне, улы жыланның шағар алдындағы жан түршіктірер ысылы дерсің! Талай жаттығуларда ерінбестен, таптауырынды етіп, көз ілеспес жылдамдықпен орындап жүрген тап осы тәсілі  болмаса, көп жылдардан бері ел тыныштығын қорғау жолына аянбай тер төгіп жүрген полиция майоры Батан Сәлімовтың  кеңірдегі қиылып, қызыл қанға бояла, қырылдып  жатуы әбден мүмкін еді.

— Ах ты, мент. Еще умеешь сопротивляться! – Ешкімге есе жіберіп көрмегендіктен, онысын өзі мақтан  тұтып жүретін «Косой» намыстанып кетті. Мысықша ырғып, пышағын екінші қайтара сілтеді.  Қарсыласы  қаруын  сілтеген сәтте  өзіне жеткізбей қағып  үлгерген Батан  оның  пышақ ұстаған оң қолын  самбо әдісіне салып қайырып жіберді. Қару үшін ғана емес, енді өмір үшін айқас басталды. Қылмыскер төбелестің сан түрін меңгерген әккі және дене күші мықты болғанымен, майор Сәлімовтың да қайрат — күші одан бір де кем емес. Ол сонымен қатар, қаруды дарытпау, қарсы шабуылдау, қорғану сияқты  жауынгерлік тәсілдерге  жетік. Бірін бірі еңсере алмай, итжығыс түсіп жатқан  тұста, Батан не болғанын түсініп те үлгермеді. Басына тиген ауыр соққыдан  аспан шыркөбелек айналып, бүкіл  дүние  төңкеріліп  жүре берді. Бұл – баспахана ауласында үйіліп жатқан отынның арасынан жуандығы білектей сойылды апыл — ғұпыл жұлып алып, арт жақтан мысықтабандай келе, майордың басынан құлаштай соққан  Евгений — Женя қудың ісі болатын.

 —  Молодой, а сильный и ловкий гад…- деп, ентіге, қырылдай сөйлеген Сафин Николай ес-түссіз жатқан полиция қызметкерінің  белдігіндегі  кабурасынан «макаров» тапаншасын  суырып, өз қойнына тыға салып, жемтіктесіне «кеттік» дегендей, қазандай басын оң жағына қисайта, иегін көтеріп ым қақты… 

                              хххххххххххххх
                                

– Құтылуларына мұрша бермеңдер! Қолдарында қарулары болуы мүмкін, сақ қимылдаңдар! — Жан ұшыра жүгіріп келе жатқан полковник Қайсенов әріптестеріне ескерту жасап үлгерді. Өзі жан – жаққа бытырай қашқан қашқындардың ішіндегі ұзын бойлысын бозамық тартқан болымсыз ай жарығымен байқап қалып, соның соңынан салды. Бұл қашқын қылмыстық топтың нән басшысы, «Колька косой» кличкалы атақты бандит Николай Сафинның өзі болатын.

Ол өзінің соңынан қуып келе жатқан қуғыншыны байқап қалып, жүгірісін үдете түсті. Қолға түссе құритынын сезіп, қақпанға түскен қорқау қасқырдай аласұра жүгіріп келеді…  «Мент поганый! Хрен ты меня догонишь. Если не отстанешь, скорее всего пулю в лоб получишь. Этого я железно обещаю. Не таких я перевидал в своей зековской жизни… » — деп, тістерін тістене  шықырлатқан күйі бағытын өзгертіп, алдағы көлденең жатқан көшеге түсті. Сасқалақтап келе жатып, әлсіз болса да, электр шамдары бар көшеге  түсіпті. Жарықтан қорқып, тек қараңғы түсе ұшатын жарқанат құсап, электр жарығынан шошып кетті. Елу шақты метр өткен соң, алдағы қараңғы бұрылысқа кірген ол жүгірісін бұрынғыдан да қатайтты. Ал дегенде үдеткенімен, күнделікті жеңіл-желпі денешынықтыру жаттығулары мен ұрыс тәсілдерін тұрақты түрде қайталап жүргені болмаса, тер шығарып жүгірмеген соң тез алқынып қалды. Қиналып, екі өкпесі сырылдай ентіккен ол сасқалақтайын деді. «Оп-оңай ғана алдыратын қояның мен емес, ментуха…» деп ойлады. Ырс-ырс ете тынысы тарылып, жүгірісі ауырлай түсті. Амалсыздан шапшаңдығын бұрынғыға қарағанда ақырындатуға тура келді.

       …Полковниктің өз ойы, өз жоспары бар. Осындай, қашқынның соңынан түсіп қуған жағдайы бірінші рет емес. Қашқан адам қуғыншыға қарағанда тез шаршайды. Өйткені, қолға түссе, саудасының бітетінін жақсы білгендіктен, сасқалақтап жүгіреді. Сасқалақтау мен қорқудың  нәтижесі біреу — болдыру.

       Қырағы көздері алдағы ұзын бұт, сорайған бойлы қашқында  болғанымен, оның ойы мен есі-дерті сасқалақтамай, бірқалыпты жылдамдықты сақтап, салқынқандылықпен  еріп отыру. Сол арқылы қарсыласын шаршатып, болдырту. Болдырған адамның күші кететіндіктен әлсіреп, көпке шыдамайтындығына бұрындар, тап осындай қуғын кезінде көзі анық жеткен…

        Сөз артылмаған қазекемнің: «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген тәмсілі қалай дөп басып айтылған десеңші! Қылмыскерді қуып келе жатқан қысылтаяң кезеңнің өзінде полиция полковнигі Қайсеновтың көк дөнендей жүйрік ойы сонау Қарағанды жоғары милиция мектебінің курсанты болып жүрген кезіндегі екі күннің бірінде он, он бес шақырымға кросс жүгірген кездерді шарлап кетті. Мектептегі оқушылық шақтан ұзақ қашықтыққа жүгіруді жаны сүйіп, шыдамдылыққа, шаршаса да, соңына дейін жігерлік танытатын дағдысы курсант кезінде көп көмегін тигізген. Бірнеше рет өзі оқып жүрген жоғары милиция мектебінің намысын қорғап, қырық екі шақырымдық марафонға қатысқан. Қара көбейткен көптің бірі болып емес, бір рет жарыс додасында спорт мастері атақтары бар танымал марафоншыларды артқа тастап, жеңіс тұғырына көтеріліп, алтыннан алқа тақты. Спорттың аты спорт емес пе, бірде озсаң, енді бірде бабың келіспесе, қалып қоятын кездер болады. Бірақ, Абылай жарыс көшіндегі желаяқтардың соңында салпақтап көрген емес. Рас, ылғи болмаса да, күзгі марафонның бірінде жеңіске жеткеннен бөлек, күміс, қола медальдарды жеңіп алып, милиция мектебінің аты мен абыройын аспанға асқақтатты. Күнделікті таң бозынан жүгіру, дене шынықтыру жаттығуларын жасап, мұздай сумен жуыну әдеті сол кезден қалыптасып, қанына сіңіп кеткен. Самбо, еркін күрес, спорттың жауынгерлік жекпе-жек түрлерінен «спорт шеберлігіне үміткер» (КМС) нормасын орындап, талай рет шет елдерде өткен үлкен сайыстарда жүлдемен оралған. Әрине, сол талмай жүгіру, спорт залында ақ тер, көк тер болып жалаңаш қолмен бокс грушасын соғып, құм толтырған мешокты тепкілеген жаттығулары бойындағы осы шыдамдылыққа, салқынқандылыққа тәрбиеледі. Күшіне күш қосып, батылдық пен жігерлік қасиеттерін шыңдай түсті. Ең бастысы, спорт жарықтық қандай қиын — қыстау кезең туған сәттерде де қаймықпай, саспай, сабырлық танытып, бірден бір дұрыс шешім қабылдай алатын рухы биік, жүйкесін темірдей етіп қалыптасу деңгейіне көтерген еді. Әрине, сол асыл қасиеттердің бәрі қызығынан қиындығы, зейнетінен бейнеті, рахатынан машақаты мол саналатын ел тыныштығын, халықтың алаңсыз ұйқысын күзету саласының қайтпас, қажымас жауынгерлері үшін ең қажетті асыл қасиет екендігі дау тудырмас. 

     …Түнеу жылдары ғой, ол кезде шені капитан, көрші ауданда қылмысты іздеу бөлімінің бастығы лауазымында қызмет істеп жүрген кезінде, неше рет сотталған әккі қылмыскердің соңына түсіп, тап осындай ұзақ сонар қуғын жасағаны. Сол қуғын кезінде өзіне деген сенімі мол жас капитанның салқынқандылықпен, бір қалыпты жылдамдықпен қылмыскердің соңынан еріп отырған кездегі эпизод полковниктің көз алдынан көлбеңдей өте берді.

       …Қашқынның әбден діңкесі құрып шаршағандығы сонша, екі иінінен ентіге дем алып, құрғаққа шығып қалған балық құсап ауызын ашып, әлі құрып,  қара жерге жантайып жата кетті. Капитан Қайсеновқа қарсыласу қайда, өз басымен қайғы боп, келесі сәтте сол сұлық түсіп жатқан жерінде  лақылдата қызыл қан құсып  жіберді. Артынша: «твоя взяла» деген өлімсіреген дауысы тамақ түбінен қырылдай шығып. Әбден болдырып, титықтап жатқан қылмыскердің қолдарына кісен салу оған еш қиындық тудырмаған болатын. Міне, үздіксіз денешынықтыру, спорт атты сиқырлы өнермен өзіңді аямастан, талмай айналысу мен ерінбей еңбектенудің адам баласына тигізер пайдасы.

       …Қашқынды онша алысқа ұзатпай да, өкшелеп, аса жақындамай да, бірқалыпты жылдамдықпен  қуып келе жатқан полковниктің еш шаршап, қиналмағандығы, өзіне сенгендігі сол емес пе, «толқынды толқын қуалап…» деп ақындар жиі айтатындай, ойды ой қуалап, өзінің тыныштық сақтау қызметіне келу жолы кино экранындай көз алдынан көлбей өте берді.

     …Отан алдындағы қасиетті борышын атқарып келісімен есепке тұру үшін Қаратал аудандық әскери комиссариатқа бас сұққан болатын. Құжаттарымен танысқан подполковник оған күтпеген ұсыныс жасасын.

— Аға сержант Қайсенов, тыныштық сақтау қызметіне, яғни милицияда істеуге өзің сияқты сенімді, білімді де жауапкершілігі жоғары азаматтар қажет. Оған адам таппай отырғанымыз жоқ. Алайда, адамның да адамы бар. Өзіңді сол қызметке лайық көріп, қолқа салайын деп отырмын, — деген подполковник шеніндегі әскери комиссар Абылайдың бетіне «не деп жауап берер екен?» деп, сынағандай ұзағырақ қарап қалды. 

 — Жолдас подполковник, менің бітірген оқуым педагогтық колледж.  Тыныштық сақтау қызметінде істейтін арнайы білімім жоқ-қой.

           — Қай оқу орнын тәмамдағаныңды да, неге бейім екендігіңді де, сен айтпай-ақ, құжаттарың мен өзің қызмет еткен әскери бөлім басшылығы берген мінездемеден көріп отырмын. Сен бойыңда күш-қуатың тасып тұрған жассың. Өзің комсомолсың. Жалынды жастық шағыңда елің үшін ерінбей, қай жерге көбірек пайдаң тисе сол жерде еңбек етуің керек. Отан жөнінде батыр Бауыржан атаңның не дегенін білесің бе?

—  Отан үшін отқа түс – күймейсің…

—  Міне-міне. Оны өзің де біліп тұрсың. Жарайды, мен тап қазір жауабыңды бере-ғой деп отырғаным жоқ.  Дұрыстап ойлан. Қабырғаңмен кеңесіп, ата-анаңмен ақылдас – деген ол жас жігітке ой салып, үлкен сенім білдіре шығарып салған.

Арада жарты ай өткенде, әскери комиссариаттың ұсынысы мен аудандық комсомол комитетінің жолдамасы бойынша, аға сержант Қайсенов  аудандық ішкі істер бөліміне қызметке алынған еді.

       Қызметін Қаратал аудандық Ішкі Істер Бөлімінде кезекшінің көмекшілігінен бастаған ол, жауапты кезекші лауазымында бір жылдан артық істеген тұста, ІІБ-нің бастығы майор Ершов Абылайды кабинетіне шақырып:
       -Қайсенов, біз облыстық ІІД басшыларымен келісіп, сізді жолдама бойынша Қарағанды Жоғары Милиция Мектебіне оқуға жібергелі отырмыз. Аз уақыт ішінде өзіңізді жақсы жағынан көрсете білдіңіз. Бұл сізге деген басшылықтың зор сенімі деп түсініңіз…

        -Қазақстан Республикасына қызмет етемін! Рахмет, майор мырза!-деп Абылай өзіне көрсетілген сенімге толқып, жанары жасаурап кетті. Арада бір ай шамасы өткенде, аға сержант Қайсенов Қарағандыға аттанып, оқуға түсіп келді. Тумасынан зерек, тәртіпті қатаң сақтай білетін, жауапкершілік жүгін терең сезіне білетін үлгілі курсант бес жылдан соң қызыл диплом иесі — милиция лейтенанты Абылай Қайсенов туған жері — сүйікті Қаратал өңіріне оралып, қызметке кірісіп кетті.

       Учаске инспекторы, тергеу, қылмысты іздеу бөлімі сияқты қызмет сатыларының бәрінен өтіп, үлкен тәжрибе  жинақтады. Өзінің ізденімпаздығы мен «істің ұсақ-ірісі болмайды» деген ұстанымымен, қызметтік міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарауы нәтижесінде, ашылмай жатқан күрделі істердің көбісін басшылық Абылайға тапсыратын. Ол осы сындардан мүдірмей өтіп, терең білімін, кәсіби біліктілігі мен іскерлік, жігерлік қасиеттерін шыңдай түсті.

Уақыт дегенің сынапша сырғитын жүйрік қой! Есейіп, тәжрибелі маманға айналды, иықтағы погондарының жұлдыздары көбеюімен қатар, ел алдындағы беделі мен мәртебесі өсе түсті. Аға лейтенант кезінде облыстағы аты шулы бір істі ашып, қылмыскерді қолға түсіргені үшін, капитандық шенді аттап, майордың үлкен жұлдызы погонына қонды. Табиғат заңымен балалы-шағалы болып, шаңырақ көтеруді арман етті.

«Бала — шаға» демекші, әлі жиырма жасқа тола қоймаған өзі сұлу, жаны одан да сұлу қызға ғашық болып, махабат жарықтықтың ыстық отына шарпылған хикаясы бір романға жүк боларлық. Бір жерлес қыздың үйлену тойында, жүзінен мейірім оты күн шуағындай шашырап тұрған сұңғақ бойлы, әдемі, сыпайы, гүлдей майысқан арумен танысқан. Медициналық жоғары оқу орынын қызыл дипломмен тәмамдаған дәрігер қыз сыпайылық үшін танысқанымен, әлі тұрмысқа шығу ойында жоқ болатын. Жігіт жүрек сырын ақтарып, өлеңмен өрілген махаббат хаттарын қанша жолдаса да, Дүрия сұлу «маған алмадай сымбатты жігіт сөз айтты» деп, бірден құлап түсетін жеңілтек қыздардай емес, «уақыт көрсетеді» уәжімен біршама уақыт жүрді. Тағы бір кезекті кездесу сәтінде Абылай жанға жайлы майда қоңыр дауысымен:

                                Бізде дәрігер бір қыз бар,

                                Десе болар жұлдыз бар.

                                Ол жоқ жерде жүрегім,

                                Бірде жалын, бірде ызғар — деп, әндетіп қоя беріп, осы бір шумақтан кейін іркіліп тұрып қалған.  Жанға жайлы болғанымен, мұң аралас, жүректің нәзік қылын тербейтін ән әуеніне сүйсіне әсерленіп кеткен қыз: «Аға әнді әрі қарай, соңына шейін жалғастырыңызшы» деп, өтініш білдірді. Жігіт әннің екінші шумағын айтып, соңғы шумағына көшкенде, жүрегі лүпіл қағып, шынайы сезімінен толқыған дауысы дірілдей шықты:

                                   Ақтарып жан сырымды,

                                   Айтпақ едім шынымды.

                                    Батылым бармай, қыз өзі,

                                    Қашан ұғар мұңымды… – деп аяқтап, өзі терең ой құшағына еніп, мұңая, жанарлары жасаурап үнсіз отырып қалды.

       …Сонымен, арада үш ай шамасы өткенде, «ел сенімін ақтаған жігітті — қыз жақтаған…» демекші, бірін — бірі құлай сүйген екі жас 1984 — жылдың жасыл жапырақтары жайқалған көгілдір көктемінде үйленіп, шаңырақ көтерген. Кейіннен Абылай: «Мен Дүрия сұлуымның нәзік жүрегін «Дәрігер қыз» әнінің әуенімен жаулап алғанмын» деп, достары арасында әзілдей күліп жүретін…

«Ат аунаған жерде түк қалады» деп қазақ аталарымыз айтқандай, қос ғашықтың адал да, пәк махаббаттарының белгісіндей болып тұла бойы тұңғыштары Медхат, Қасым, Еркеназ атты ұрпақтары дүниеге келді. Медхат Жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдап, жеке кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Қасым болса, болашағынан зор үміт күттіретін ЖЖО — ның студенті. Еркетотай кенже қыз Еркеназ мектептің 9-сынып оқушысы. Үшеуі де, жан – жақты, спорт, өнер мен ағылшын, француз және жапон тілдерінің ақылы курстарына бару арқылы полиглот атанып жүрген үлгілі ұрпақтар.
       Осы ұрпақтарым мен сүйікті Дүриямның, елімнің бас қаласы – Астанада ғұмыр кешіп жатқан, адал еңбектерімен елге әйгілі зейнеттегі ата-анамның шынайы, пәк пейілдері мен Құдайдан жалына тілеген  тілектері ғой мені талай рет көрнеу ажалдан алып қалып, мерейімнің әсте үстем болып жүруім…

«Пайғамбар ұрпағымен мың жасаған» демекші, осы  ұлағатты ұрпақтары тұрғанда, қасиетті Қайсен атаның есімі ешқашан көмескіленбек емес. Ұрпақ сабақтастығы тұйықталмай, ғасырдан ғасырға жалғаса бермек… Амин!»

…Бірқалыпты бүлкіл жүгірісінен танбаған күйі, ойындағы осы көріністерді көңіл терезесінен өткізіп, қашқынның әр қимылын жіті бағып келе жатқан полковниктің қырағы көзі қашқынның оң қолын көтеріп, сол жағына қарай әлдедеңені лақтырып жібергенін шалып қалды. Артынша, сонау репрессия жылдары Қаратал өңірін суландырып, ауылшаруашлығы өнімдерін, әсіресе, ақ маржан — күріш өсіру мақсатында Қаратал өзенінің саласы етіп қазылған канал суының «шолп» ете түскен дыбысы естілді. «Құлаштай лақтырып жібергені пышақ па, кастет пе, жоқ әлде басқа қару ма? Ә бәлем, жан керек екен өзіңе! Қазір қолға түскен кезіңде қойыныңда қарудың болмағанын, сол арқылы жеңіл баппен сотталуды қалаған түрің ғой. Бұл оңбаған  сұмырай суық қару ұстағаны үшін де қосымша бап пен соған орай сот билігі тиесілі мерзім қосатынын, әрине, өзінің бес саусағындай біледі….»
       …Алдындағы ұзынтұра қылмыскердің діңкелеп шаршай бастағанын алқына демалғанынан сезген полковник: «қаш-қаш, қаншаға шыдап, қашанға шейін күш-қуатың жетер екен?!» деп ойлады. Келесі сәтте қашқын бағытын шығыс жаққа бұрып, Қаратал каналы бойымен жоғары, оңтүстікті бетке алды.

       Бұлай ойлағанымен, полковник Қайсенов әлігіндегі қым қуыт қуғын кезіндегі арпалыста, басынан соққы алып, дуал түбінде ес-түссіз жатқан майор Сәлімовтың «Макаров» тапаншасын, өзінің алдында жанталаса қашып бара жатқан қашқынның қолға түсіргенінен бейхабар болатын. Әккі, қасқыр сынды қорқау қылмыскердің айғақ қалдырмас үшін өзенге «шолп» еткізіп лақтырып жіберген жаңағы заты әріптесінің сол тапаншасы еді.

        … «Мына бәлекетіңнің мықтысын. Қанша уақыт жүгірдік, демалысында ентігудің белгісі де жоқ. Бұдан әрі қаша берсем, әлсіреп, әбден болдырған кезімде погон таққан пәлекет мені қалпақпен ұрып алатындығы анық. Жолын тосып, дұшпанымды қасқырша қасқая тұрып қарсы алғаным дұрыс болар…»

       Осы ойға бекінген Сафин жүгірісін тежеп, қалт тоқтады.

       -Давай, мент поганый. Торопишься на свою неизбежную смерть. Давай! Посмотрим кто кого возьмет…!» — Екі қолын кеуде тұсына ұстап, боксерлар стойкасына тұра қалды.

       -Сопротивляьтся безполезно. Лучше по хорошему сдавайся! –Абылай да дәл сондай стойкаға тұрып, қорғануға әзірленді. Екеуі де қарсыласына тесіле қарап, арбасқан жолбарыстарша қимылсыз қалған. «Қас дұшпандарыңның бет — жүзін анықтап байқап алыңдар» дегендей, бұлт астынан толықси шығып, алтындай шуағын аямай шашқан айдың сәулесінен екеуі бірі-бірінің түрін анық көрді. Аралары бар-жоғы бес — алты қадамдай ғана қашықтық болса, анық көрінбей қайтсін. Ұзын бойлы, тарамыстай қатқан қашқынның қан -сөлсіз, сұп-сұр болған бетінен ештеңеден тайынбайтын қатыгездік пен қаныпезерлік көрер көзге анық байқалады. Қорқау қасқырдың ызғарлы көздеріндей өткір жанарынан от — жалын шашырап тұр.

     – Давай, мент, начинай первым. Если я начну ты зашищаться не сможешь… Давай, действуй!

      -Посмотрим, кто кого возьмет… – Полковник бокстағы өзінің үйреншікті тәсілімен жеңіл ырғып қарсыласына жақындады да, ұзынтұраның иегінің астынан періп жіберді. Ұра салысымен, қарсыласы қарсы соққы жасайтынын сезіп, жаңағы шапшаңдықпен арт жаққа қарай қайта ыршып түсті. Ойлағанындай тура болып шықты.  «Косой» іле – шала оң қолымен Қайсеновтың бетін көздеп салып жіберді. Артқа шегініп үлгермегенде, кім біледі жағдай қалай боларын, қарсыластың жойқын соққысы бет тұсынан «ыс–с – с» еткен жылан ысқырығындай дыбыс шығара зу ете түсті.

      –Ах ты, мент поганый! Оказывается умеешь бить. – Ешкімнен  беті қайтып көрмеген қылмыскер емес пе, иек астынан тиген ауыр соққыдан кейін қашықтықтан соғысуға болмайтынын ұға қойды. Полковник Қайсеновтың екінші қайтара соққысын өзіне дарытпай бұғып үлгерді де, екеуі қоян қолтық алыса кетті. Арасында сарт-сұрт соғысып, ырс-ырс етіп жұлқыса арпалысқан екеу жан алысып, жан берісе шайқасып жүр. Бірі бейбіт халқының алаңсыз тыныш ұйқысы мен қауіпсіздігін қорғау жолында қатыгез қылмыскермен арпалысса, екіншісі қарақан басының пайдасы мен қу құлқынының қамы үшін қапы қалмай жанталасуда. Сол құлқынның құлы болып, қарапайым халыққа қорқау қасқырша тиіп жүрген, тонау, ұрлау, қорлау мен зорлау қылмыстары үшін әділ заңның алдында жауапқа тартқызып, тиесілі жазасын бергізу үшін тәртіп сақшысы басын бәйгеге тігіп, қорқау қарақшымен жанталаса айқасуда…

         Погонды азамат үстемдік ала бастаса, қасиетіңнен айналайын, алтын ай  аста — төк қуанышын білдіргендей жадырап, алтын шуағын жарқырата молынан шашуға тырысады. Жұлдыз жарықтық та күміс сәулесін күлімсірей төгіп, қуана жымыңдайды. Табиғат – ана  Жаратушының құдіретімен жақсыны да, жаманды да айыра білетін тамыршы емес пе?! Әрине, ондай құдіретті бірді — жарлы бәзбіреулер білгенімен, бәріміз біле бермейміз ғой…

      …Қоян қолтық арпалыста бірі екіншісін илектей бастаса, жан беру оңай болсын ба, қарсыласы ышқына жанталасып қарсыласын аударып тастап, өзі үстемдікке ие болып, үстіне шығады. Қанішер «Колька косой» түрмеден түрме адақтап жүріп, жекпе-жек шайқастың сан түрлі әдісін әбден меңгеріп алған әккі қу емес пе, полковник сондай бір айқас үстінде қорқаудың астына түсіп қалды. Тарамыстай салалы саусақтар Абылай Әзімханұлының кеңірдегін сығып, тұншықтырып барады. Әлсіреп, бойынан күш кетіп бара жатқанын сезген полковник жандәрмен қимылмен арпалысып жатыр. Алаштың «елім, жерім, қазағым» деп, сол жолда жанын қиған аяулы да, ардақты тұлға, қаламгер Сәкен Сейфуллиннің «Банды қуған Хамит» повесіндегі Хамитше, қайратты аяқтарын бауырына таман жиыра тартып, дұшпанының кеуде тұсынан ышқына тепті. Қос аяқтап, аса қатты тартылған садақ адырнасындай серпе сілтенген тепкіден хас дұшпаны полковниктің үстінен домалап түсті.  Полковник үстінен ауып қалған қарсыласына арыстанша атылып, кеудесіне атша мініп алды. Қатыгез жауының  босаңсыған сол сәтін пайдаланып, бар күшін жинап, оң қолының қырымен қорқаудың көк желкесінен осып жіберді. Дәл, аса жойқын күшпен ұрылған соққыдан «Косой» жаны шыққан жылан құсап сылқ ете түсті. Қарсыласы есін жиып, қайта күш алып кетпес үшін жаңағы сұмдық соққымен екінші қайтара қақырата ұрып үлгерді. Кителінің ішкі қалтасынан тастамай, үнемі салып жүретін шағын ғана темір кісенді алып, «жыланды үш кессең де, кесірткідей қауқары бар» демекші, әлсіз болса да қимылдай бастаған қорқаудың қолдарына шырт еткізіп сала қойды. Сөйткен соң ғана денесі босап, бойындағы күші сарқыла әлсіреген Абылайдың көздері қарауытып, жер — ананы құшақтаған күйі жантайып жата кетті…

                                             хххххххххххххх

 …Полковник Қайсенов бүгінгі алапат айқастан қанша діңкесі құрып шаршап тұрса да, «темірді қызған кезде»  уақыт өткізбей өзі сұраққа алуға бекінді. Өйткені, әккі қылмыскер өз «шкурасын» сақтау үшін, неше түрлі қитұрқылықтарды ойлап тауып, бұлтаққа салатынын жақсы біледі.

 Бір емес, екі бірдей айдауыл – конвой қолы кісендеулі қылмыскерді сұрақ алу бөлмесіне алып келгенде, сағат үштен асып, таң бозамықтана атып келе жатқан еді.

Абылай Әзімханұлы қандай жағдайда, қаншалықты қауіпті қылмыскер болмасын, сұрақ алу кезінде шынайы адамгершілік пен заң талабын қатаң сақтау ұстанымынан ауытқып көрген емес. Өйткені, қылмыс жасап, тұтқынға түскен жандардың да өзіміз сияқты адам екендігін естен шығармай, тең дәрежеде, қарапайымдылықпен сөйлесуді дұрыс деп біледі және солай жасайды да. Кей адамдар әлдебір себеппен, кездейсоқ шалыс басып, тергеуге түскенімен, адамшылығын жоғалтпаған, түсінігі мол жан болуы әбден мүмкін. Келеңсіз жағдайға ұрынып, онсыз да өкініп, қиналып отырған жанға зіркілдеп, өзіңнің қызметтік артықшылығыңды көрсетіп, кемсіте сөйлеу арқылы оның намысына тие беру – адамшылық қасиетке жатпайтындығын сонау курсант кезінен жадына берік түйіп алған. Екіншіден, «жылы — жылы сөйлесең — жылан інінен шығады» деп қазақ аталарымыз айтпақшы, шынайылықпен, адамша жылы сөйлесу арқылы тергеуге түскен жанның қылмысқа қалай, неліктен барғанын және оның сыбайластары кім екендігін жасырмай айтқызуға болатындығына өз тәжірибесінде көзі әбден жеткен. Сол үйреншікті әдеті бойынша, айдауылға:

 -Күдіктінің қолдарындағы кісенін шеш — деп, нұсқау берді де, тұтқынға сыпайылықпен «отырыңыз» деп, еденге шегеленген темір орындықты көзімен нұсқады. Бұдан біраз уақыт бұрын, камераға әкелген бетте күдіктінің аты-сойын анкеталық параққа толтырған кезде біліп алған полковник:

-Ал, Николай Петрович, шаршаған жоқсыз ба? Сіз бағана мені қатты састырдыңыз және әбден шаршаттыңыз – деп, жылы шыраймен оның бетіне күлімсірей қарады. – Сонымен, сіз екеуіміз  әңгімемізді неден бастасақ екен…?

-Мен адвокатсыз бір ауыз сөз айтпаймын және атып жіберсеңіз де ешқандай сұраққа жауап бермеймін…

-Дұрыс, ол сіздің заңдылы құқыңыз – деген полковник үстөлдің астыңғы жағында орнатылған тетікшені басты. – Әли Айдарбекұлы қазір адвокатты маған кіргізіңіз.

 Артынша айдауылмен бірге ұйқысы шала болғаннан ба, жоқ әлде «ақаңнан» көбірек жұтып қойған ба, көздері кілмиіп, бет-ауызы шалбар-шалбар болып тырысқан адвокат Сабырханов бөлмеге кірді.

-Жоқ, маған бұл адвокат қажет емес. Басқа адвокат табыңыз.

-Ия, заң боынша адвокат таңдау да сіздің құқыңыз. Бірақ, ол қазір мүмкін емес. Жұрт терең ұйқы құшағында. Таңертең өзіңіздің көңіліңіз қалаған адвокатты шақыртып бере аламыз.

-Жақсы, бастық мырза. Менің құқығымды бұзбағаныңыз үшін рахмет. Ертең басқа адвокаттың қатысуымен жауап беремін.

…Бүгін, міне, қай жерде қызмет істеп жүрсе де, «мен бастықпын» деп шіреніп, шаруаны қол астындағыларға тапсырып, қадағалап қана отыруды білмейтін полковник Қайсенов күдікті Николай Сафиннен жауап алып отыр. Тағы да сол кез келген операцияға ойланбай кірісіп кетіп, «темірді қызған кезде» соғатын әдетімен, бұрын сотталған бірнеше күдіктілерді сұраққа алды.

  Сұрақ алған кезде өзінің көп жылғы тәжірибесіндегі: көмескі іздердің фото түсірілімі, кешегі каналға лақтырылған  «Макаров» тапаншасы, темекі тұқылдары, заттай айғақтар, куәләр мен күдіктілерді беттестіру, тағы басқа тергеу құпияларын көпшілікке жария етуге болмайтын ескі әдістердің, қолға жиналған фактілердің бәрі іске қосылды. Ойқастай, жаңылыстыра сұрау барысында, пәтшағарлар қалай бұлтақтаса да, екі бірдей күдіктінің сөздерінен ши шығып, шикілігін аңғарып қалған. Енді олардың, бөлек камераларда отырғанымен, әртүрлі қитұрқылықтар арқылы хат алмасып, өзара келісіп, ақылдасып алмауы үшін сақтық әрекеттерін күшейту керек. Әрине, олай етпесе, тіс қаққан қулар сол мүмкіндікті пайдаланып, фактілерді басқа жаққа бұрмалап, бұлтарып кететіндігі әбден мүмкін…

Осыдан үш тәулік бұрын қылмысты іздеу бөліміндегі аға лейтенант Зубков өзінің жеке бақылауындағы Сергей Палкинның соңынан түсіп, күндіз-түні аңдып, назарында ұстауының нәтижесінде, біраз айғақ фактілерге қол жеткізген. Мұндай қауырт, әр сағат қана емес, әр минут қымбат сәтте «мен мына бөлімнің қызметкерімін», «менің қызмет ауқымым басқа» дейтіндей ме, Аудандық Ішкі Істер бөлімінің саяси басшысы, палуан Асхат та жылпылдаған сужұқпас Женя – Евгений қужақтың ізіне түсіп, біраз дәлелді фактілерге қол жеткізген. Бірақ, полковник Абылай Әзімханұлының ақылымен: «Ол қызылкөз пәлелерді үркітіп алмас үшін және қылмыстық топтың басқа мүшелері анықталғанша, ешқайсына тиіспеу керек. Қамауға да алмай, тек сырттай жіті бақылаған дұрыс. Ешқайда қашып кетуге де мұрша бермей қадағалап, істеген қылмыстарын өз ауыздарымен мойындауына барымызды салған жөн» деп,  қамау мәселесін кейінге қалдырған. Оперативтік топтың басқа мүшелерінің жинаған айғақтарын да талқылап, ақылдаса келе, бұдан басқа да жоспарлы шараларға шұғыл кірісіп кеткен еді…

              «Тәуба, жоғары басшылықтың өзіме үлкен сенім артып, жүктеген тапсырмасы тез арада, ойдағыдай орындалды. «Отаның үшін отқа түс-күймейсің» деп батыр Бауыржан Момышұлы атамыз бекерден бекер айтқан жоқ. Сол Отанның бір бөлшегі – аудан халқының қауіпсіздігі үшін болған шайқаста тыныштық сақтау қызметіндегі барлық жігіттеріміз жансебілдік, тіпті ерлік десек те артық емес, үлкен шаруа тындырды. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, аса қауіпті қылмыстық топпен шайқаста, жараланғанымен, бір де бір адам шығын болмай, зор жеңіске жеткенімізді айтсаңшы!» – Осы ойлардың жетегіне жегілген полковник Абылай Әзімханұлының әбден тақа таусыла шаршағаны соншалықты, кабинетіндегі стөл басында, басқы кезде қалғып отыр еді, артынша, қас қағым сәтте қалың ұйқы құшағына орана берді.  Өз шаңырағындағы ақ мамық төсегінде жатқандай рахаттанып, қорылға басқанын өзі сезер емес…

       Полковник Қайсеновтың ақыл-пайымы, құқық қорғау саласындағы орасан зор тәжірибесі және асқан біліктілікпен басқаруы мен қараталдық қаһарман, жансебіл жігіттердің кәсіби шеберліктерінің арқасында, Көксу, Ақсу, Сарқан, Ескелді, Кербұлақ аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларында болған қылмыстардың барлығы осылайша ашылып, соңғы нүктесі қойылды.

      
                  Ғабдул
Сәбит Юсупов,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Республикалық

детектив жанры конкурстарының жүлдегері,

                            Қаратал ауданының Құрметті азаматы.

                                                  Алматы қаласы

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...