Қарғын судан зардап шеккен аймақ көп. Бүгінде кейбір ауылдары су астында қалған Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында төтенше жағдай жарияланды. Аймақтарда жағдай тұрақсыз. Көңілге дем беретіні – адам шығыны жоқ.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, апатты жағдайдан 12 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 5 мыңдайы бала. Облыстарда жан-жағы сумен жабылған, орталықпен қара жолда қатынасы жоқ елді мекендер жетерлік. Кей аймақтарда Астана мен Алматыдан арнайы келген тікұшақтар азаматтарды эвакуациялауға жұмылдырылған. Тасқыннан зақымданған 40 автожолды, көпірді және 39 жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жауаптылар назарында. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов апатты жағдайды жемқорлықтың салдарына балады: «Коррупция тыйылмаса, су басу тоқтамайды. Мысалы, қардан тазалау және тасқынға қарсы шараларға 7 млрд теңге бөлінген. Қостанай облысында 387 650 277 теңге, Батыс Қазақстан облысында 329 090 767 теңге, Ақтөбе облысында 210 795 219 теңге». Ал белгілі журналист Диас Нұрақын фейсбук парақшасында тасқынды «бәз біреулердің» табыс көзі деп атады: «Тасқын деген түсіне білген адам үшін таза бизнес қой. Бюджеттен бөлінген миллиардтарды бір аптада игеріп тастайсың. Қызыл суға деп қомақты қаржы жұмсап, қар суымен қалтаң қампайып шыға келеді. Есебі, сұрауы жоқ су ақша. Қырық мың тонна құм төседім, қапшық алдым, арық қаздым деп қағазға сүйкей саласың. «Қамданғаның қайда?» деген адамға қызыл су жүріп өткен жыраны көрсетіп, бәрі ағып кетті деп отчетты жаба саласың. Екінші кезеңде, суға батып, құлаған баспаналарды жөндеуге тағы ақша бөлесің. Бүлінген үйлерді өзіңнің немесе таныстарыңның құрылыс компаниясы салады. Қызыл судың арқасында обьем алып, тағы бір жырғап қаласың. Үшіншіден бұзылған көпір мен тасқын шайған тас жолдарды жасау керек. Оған да ақшаны аямай бөлесің. Өйткені, жұртқа жүріп-тұратын жол, өзіңе тасқын кезінде алған стрессті басу үшін шетелге шығып демалатын пұл керек. Енді бұл ақшаның бәрін еркін игеру үшін не істеу керек? Әрине, төтенше жағдай жариялайсың. Себебі ЧС кезінде кез келген сомадағы ақшаны тендерге телмірмей, гос закуп деп порталға салмай-ақ «бір көзден» қалаған компанияға ұстата бересің. Ең рахаты апталап, айлап ақша күтіп жүрмейсің. Бүгін бөліп, ертең-ақ игере бересің» деп көпшілік көкейіндегі бір күдіктің шетін қылтитты. Депутат Мақсат Толықбай тасқынға жауапты ретінде үкімет мүшелерін сынап: «Тамырынан құрттаған ағаш бұтағынан емделмейді. Зардап шеккен аймақтарды аралап келе жатырмыз. Жауаптылардың дайындығы жоқтың қасы. Әкімдік пен Үкіметтің арасында мүлде байланыс жоқ екені көрініп тұр. Ашығын айтуымыз керек, оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауапты…» деді өз пайымын ортаға салып. Осыдан кейін, үкіметте ауыс-түйістер орын алды. Депутат сынаған Роман Скляр тағынан тайып, орнына Қанат Бозымбаев отырды. Құтқарушылар бар техникамен су астында қалған өлкелердегі елді көшірумен үздіксіз айналысуда. Су ауыл іргесіне енбесін деп, өзен жағасына дамба қойып, еріктілер де күні-түні қызметте жүр. Қара халық өз ішінен жылу жинап, баспанасыз қалған жұртты күнделікті қажеттіліктерімен қамтамасыз етуде. Қайырымдылық қорлары мен әр саладағы ұйымдар да шама-шарқына қарай қолұшын беріп жатыр. Қайырымды істің басы-қасында жүрген журналист Азамат Әбілқайыр «тасқыннан зардап шеккендерге қор ашпайық, мемлекет өзі осы ситуациядан шықсын деп отыра беруге болмайды. Иә, мемлекет үйсіз қалғандарға кейін жәрдемақымен көмектесер, үй салып берер, бірақ дәл қазір оларға күнделікті тұтынатын заттар керек. Әр ауылдан жүздеген адам ауданға келіп орналасып жатыр. Олардың ішінде күніне бірнеше мәрте жөргек ауыстыратын балалар бар, баласын емізе алмайтын келіншектер бар, аяғы ауыр әйел бар, қариялар бар. Әлеуметтік ортаның әлсіз топтарына дәл қазір ақша керек. Дәл қазір оларға үш мезгіл тамақ керек. Бір-бірімізді қаралап, билікке қара таға бергеннен ештеңе шықпайды» деп үндеу жасады. Жағдайды апатты аймақ халқының өзінен білмек болып әлеуметтік желіде «Ауыл түгел кетті. Үйдің құлағанын көзіммен көрдім..» деп аудиохабарлама жазған Ойыл ауданы, Екпетал ауылының тұрғыны Тұрар Кеңесовті сөзге тартқан едік. «Қазіргі уақытта аудан орталығындағы мектеп пен колледжге адамдар орналастырылып жатыр. Панасыз қалғандар көп. Әсіресе, біздің ауыл үйлері тұруға жарамсыз болып қалды. Ауданды да су қоршап алғандықтан, Ақтөбемен қатынас үзілді. Ойылға басқа ауыл тұрғындары көшірілгендіктен, азық-түлік қымбаттап кеткен. Еріктілердің гуманитарлық көмектері жол жоқ болғандықтан халыққа жете алмай отыр. Техника оларды жеткізуге үлгермейді. Себебі, қайықтар мен тікұшақтар халықты эвакуациялаумен айналысып жатыр» деді. Бұл жылы қиындықты көптеп көмектеп өткергенмен, келер жылы да көктем келер. Осындай апат орын алған шақта тағы да бейқам отырмас үшін не істемек керек? Ең бірінші, жасанды су қоймалардың санын көбейтуді күн тәртібіне қою керек. Оған аргумент те жоқ емес, Шардара су қоймасындағы қыста жиналған жауын-шашын суы дамбасына сыймай қалып, 2000 жылдары оңтүстіктегі жұрт тілсіз жаудың астында қалатын. 2008–2011 жылдар аралығында Шардарадан 160 шақырым төмен, Көксарай ауылының оңтүстігіне сыйымдылығы 3 млрд текше метрді құрайтын жаңа су қоймасы салынды. Осы жөнінде журналист Әлия Әшім: «Кеңес үкіметін сүймесек те, сол кездегі тәртіп пен кәсібилікті мойындау қажет. Бір кездері Алматы тауларының селі жыл сайынғы проблема еді. 1921 жылғы селден Алматының 500-ден астам тұрғыны көз жұмды. 1963 жылы қала сел астында қалмау үшін Лаврентьев бастаған ғалымдар Медеу іргесіндегі плотинаны салды. Егер, ғалымдар жұмылдырылмағанда 1971 жылғы селден Алматыны түгел су шайып кетер еді. Жүйелі жұмыс деген осы. Қауіптің алдын алу үшін ұзақ мерзімді жоспар, жүйелі әрекет керек. Ел игілігіне бөлінген қаржыны жоқ қылғандарды қатаң жазалау үшін адам шығынын күтудің қажеті жоқ!..» деп жазды Оның үстіне, қазіргі тендерлік жүйе сапалы жұмыс пен сауатты әрекет жасауды тежеп отыр. Екіншіден, сырттан келетін ірі өзендердің арнасын дұрыс жоспарлау маңызды. Арнасынан асып шекараға жақын тұратын жұртты әбігерге салған көп өзендер бастауын Ресейден алады. Осы ретте, халықаралық келісімдер дұрыс әрі тиімді жасалуы тиіс. Бастауын ел ішінен алып, өзіміздің көлдерге құятын өзендер де қауіпті сейілтіп тұрған жоқ. Ойыл, Жем, Сағыз, Нұра сынды өзендердің ауылдарды шайып кеткені қыста жауатын қалың қардың қаладан да, даладан да дұрыс тазартылуы керек екенін ұқтырды.
СУ ТАСҚЫНЫ ЖӨНІНДЕГІ ШТАБ: халыққа барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб апаттан зардап шеккен өңірлердегі халыққа медициналық көмек көрсету мәселесін ерекше бақылауда ұстайды. Медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеуде, дәрігерлер мен жедел медициналық жәрдем бригадалары қосымша тартылуда. Барлық эвакуацияланғандарды дәрігерлер қарап-тексеруде, олардың жағдайы тұрақты, қандай да бір жарақат алу туралы шағымдар түскен жоқ. Жүкті әйелдер мен балалардың жағдайына бақылау жүргізілуде. Босану уақыты таяған әйелдер аудандық және облыстық орталықтарға көшірілді.Денсаулық сақтау министрлігінде жағдайдың күнделікті мониторингі жүргізілуде. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындары үшін медициналық және психологиялық көмектің қосымша бригадаларын ашу үшін қызметтердің дайындығы қамтамасыз етілді. Халықты уақытша жинау пункттерінде тәулік бойғы медициналық бекеттердің жұмысы қамтамасыз етілді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қорлары дайындалды. Барлық өңірлерде санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау және мониторинг күшейтілді. Сонымен қатар жергілікті жерлерде денсаулық сақтау мәселелері бойынша байланыс орталықтарының жұмысы бірыңғай алгоритммен тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауыстырылды. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлер тұрғындары денсаулық сақтау басқармаларының Call-орталықтары бойынша келесі нөмірлерге жүгіне алады: Ақтөбе облысы (+7 (7132) 41 02 13) Қостанай облысы (+7 (7142) 52 40 70) Батыс Қазақстан облысы (+7 (7112) 24 00 06) Қарағанды облысы (+7 (7212) 95 55 59) Абай облысы (+7 (7222) 56 64 50) Ұлытау облысы (+7(7102) 99 95 09) Ақмола облысы (109)
Шаттық СӘДУАҚАС, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы медиажурналистика мамандығының 4-курс студенті