Қазіргі уақытта Қазақстан іскерлік ортаны көтермелеп, кәсіпкерлікті қолдауға, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға айрықша маңыз беріп келеді. Білім саласына инвестиция құю мәселесі – ең өзекті мәселелердің бірі. Бiлiмге инвестиция салу тұрақты экономикалық өсу мен дамуға қол жеткiзудiң стратегиялық қажеттiлiгi болып табылады. Бiлiм беру мен зерттеулер инновациялардың, еңбек өнiмдiлiгiн арттырудың және жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiктi сақтаудың қозғаушы күштерi болып табылады. Осыған байланысты еліміз оқу орындарын салу мен қайта құруды қолдау үшін келесідей қолайлы жағдайлар жасауда.
Инвестициялық преференциялар
Мемлекет білім беру қызметін жүзеге асыру кезінде инвестициялық преференциялар береді. [1] Инвестициялық преференциялар — бұл мемлекеттің инвесторларға экономиканың белгілі бір салаларына қаржылық салымдарын ынталандыру үшін жасайтын ерекше жағдайлары.
Мектепке дейінгі, бастауыш, орта және жоғары білім беруді қоса алғанда, білім беру қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекет: [2]
- мемлекеттік заттай гранттар (ғимараттар, жерлер, жабдықтар және т. б.) береді;
- кедендік баждар мен импортқа қосылған құн салығын салудан босатады. Мәселен, инвестор жаңа мектептер, колледждер немесе университеттер салу кезінде компьютерлер, зертханалық жабдықтар, технологиялар, бағдарламалық қамтамасыз ету, құрылыс материалдары және жабдықтар сияқты білім беру жабдықтарын әкелу кезінде салықтан босатылалды.
Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру
Қазақстанда мектепті салу немесе реконструкциялау үшін инвестор мемлекеттік қаржыландыруға ие бола алады (жан басына шаққандағы қаржыландыру).
Мысалы, инвестор мемлекеттен келесі төлемдерді ала алады: [3]
- мектеп салғаны үшін — жылына 354 мың теңгеден аса[4] (8 жыл ішінде 1 оқушыға);
- мектепті қайта құрғаны үшін (реконструкция) — жылына 173 тенгеден аса (8 жыл ішінде 1 оқушыға).
- сондай-ақ жан басына шаққандағы норматив — жылына 1 оқушыға орта есеппен 591 мың теңге (төлем мектеп жұмыс істеп тұрған бүкіл уақыт бойы жүргізіледі).
Бұдан басқа, инвестор балаларға мектеп қабырғасында жақсартылған жағдайлар жасаса, ата-аналардан қосымша төлем алу құқығына ие (бірақ төлем қазақстандық оқыту әдісі қолданылса жылына 4,4 млн теңгеден аспауы, ал халықаралық оқыту әдісі кезінде 8,8 млн теңгеден аспауы тиіс).
Студенттік жатақханаларға келетін болсақ, инвестор төменде көрсетілген қаржыландыруға ие бола алады: [5]
- жатақхана салғаны үшін — 6 жыл ішінде салынған әрбір төсек-орын үшін — 719 мың теңгеден астам;
- жатақхананы қайта құрғаны үшін (реконструкция) — 8 жыл ішінде әрбір төсек-орын үшін 173 мың теңгеден астам.
Сонымен қатар, инвесторлар студенттерден жатақханада тұрғаны үшін жалдау ақысын ала алады. Жатақханада дүкендер, асханалар, шаштараздар және т. б. ашуға мүмкіндік беріледі.
Сондай-ақ, инвесторлар жатақханаларды несиелерді пайдалана отырып сала алады. Бұл ретте мемлекет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бағдарламалары арқылы инвесторлардың сондай кредиттері бойынша пайыздарының бір бөлігін жабуға көмектесе алады.
Қазақстанның Ұлттық инвестициялық стратегиясына сәйкес білім беру саласы инвестицияларды тарту үшін басым сала болып табылады. Бүгінгі таңда БАӘ және Сингапур инвесторларының қатысуымен білім беру саласында екі ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу — кез келген мемлекеттің болашаққа нық қадамы. Сондықтан, білімге салынған инвестиция — ең тиімді, қайтарымы мол салым.
Уткелбаев Нурсултан
Чикаго-Кент заң колледжінің студенті (АҚШ) ҚР білікті заңгері
[1] Инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асырудың кейбiр мәселелерi туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 13 қаулысы
[2] Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚРЗ Кәсіпкерлік Кодексінің 283-бабы 2-тармағы
[3] Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, орта білім берудің, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы № 597 бұйрығы
[4] 2024 жылғы айлық есептік көрсеткіш бойынша
[5] Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін, магистранттарын және докторанттарын жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастырудың кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 4 қаңтардағы № 1 бұйрығы