Қазақстан әлемдегі цифрландыру үдерісінде алдыңғы орында тұр. Бұл жөнінде Global CIO порталы әртүрлі салалардың цифрлық трансформациясының ерекшеліктері контекстінде дайындаған қазақстандық IT нарығы туралы зерттеуінде мәлімдеді.
Баяндама авторларының айтуынша, Қазақстан әлемдегі цифрлық дамыған 30 елдің қатарына енді. Дүниежүзілік рейтингте Қазақстан АКТ-ны дамыту индексі бойынша 51-орында және желіге дайындық индексі бойынша 58-орында. 2025 жылға қарай Қазақстан үкіметі БҰҰ электрондық үкіметті дамыту индексінде алғашқы 20 елдің, B2C (бизнес-тұтынушылар) электрондық коммерция индексінде 50 үздік және ақпарат және коммуникация саласындағы үздік 40 елдің қатарына кіруді жоспарлап отыр. Қазақстанда бағдарламалау, консалтинг және басқа да ілеспе қызметтер саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 2023 жылдың аяғында 772 млрд теңгені (2022 жылға арналған доллар-теңгенің орташа бағамы бойынша шамамен $1,67 млрд) құрады, бұл 2022 жылға қарағанда 19,5%-ға артық. Ең ірі экономикалық және IT орталықтар – Астана және Алматы қалалары. Осы қалалардың компаниялары IT қызметтерінің сәйкесінше 41,5 және 49 пайызын өндіреді. 2022 жылға арналған зерттеуге сәйкес, соңғы 4 жылда бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен және АТ-консалтингтік қызметтермен айналысатын компаниялардың саны 2,7 есе өсті. Қазақсанның банк секторының цифрландырылуы жоғары деңгейде. Банктер елдегі ең жылдам дамып келе жатқан Fintech нарығында айрықша белсенділік танытуда. Сарапшылардың айтуынша, бұл ұйымдар цифрлық компаниялармен серіктес болып, экожүйелерді қалыптастыруда, кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде қаржылық және қаржылық емес мәселелерді шешуде ілкімділік танытуда. Соңғы жылғы деректерге сәйкес, Қазақстан тұрғындарының 86 пайызы мобильді банктердің белсенді пайдаланушысы болып отыр. Тау-кен, металлургия кешенін цифрландыруда да айтарлықтай жетістік бар. 2022 жылы Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі цифрландыру үрдісінің басында болды. Бұл бүгінде кейбір кәсіпорындардың елеулі нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Сарапшылардың айтуынша, тау-кен, металлургия кешенінде негізгі кедергі компания ішіндегі цифрлық құзыреттің жетіспеушілігі болып отыр. Нақтырақ айтқанда, өндіріс пен технология қызметкерлерімен қосқанда барлық ұйымның талдау құралын игеруі, деректерді иеленуі үшін ұйымдастырушылық, технологиялық, мәдени трансформация жасау қажет. Қазақстандағы тау-кен, металлургия саласын цифрландырудың бірнеше бағыты бар. Олар жасанды интеллект пен өнеркәсіптік заттардың интернетін кәсіпорындардың экономикалық тұрақтылығының құралы ретінде пайдалану, технологиялар мен ІТ жеткізушілері тұрғысынан импортты алмастыру, білікті кадрлардың тапшылығы: цифрлық трансформация бір уақытта тау-кен ісі мен ақпараттық технологияларды терең түсінетін көптеген маманды қажет етеді. Қазір ондай маман жоқ, оларды дайындау керек. Құрылыс секторын цифрландыру бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Соңғы екі жылдың көлемінде Қазақстанда құрылыс секторына бағытталған бірнеше мемлекеттік жоба жүзеге асырылды. Мәселен, инфрақұрылымдық деректердің бірыңғай геопорталы (EGID) іске қосылды. Осының арқасында елді мекеннің инженерлік желілері туралы ақпараттың 63,7%-ы цифрланды, «пайдалануға қабылдау актісі» қабатына 142 618 жазба енгізілді, жүйеде 1 908 пайдаланушы жұмыс істейді. E-PSD – «бір терезе» принципіне негізделген тұтынушылар мен сараптамалық ұйымдардың өзара әрекеттесуі үшін бірыңғай цифрлық платформа. «Қазреестр» АЖ – тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін мемлекеттік тіркеу саласындағы ақпаратты автоматтандырылған жинау, өңдеу, сақтау және талдау мен e-SHANYRAQ – тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілері қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру жүйелері іске қосылды. Соңғысы су мен жылуды есепке алу аспабын жасап, коммуналдық қызметтің тиімділігін, лифттер жұмысын есепке алу мен бақылау ісін талдайды. Сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды қадағалап, көп пәтерлі тұрғын үйлердің жай-күйіне техникалық паспорт жасайды. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісі де қарқынды жүруде. Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен жүйелерді қалыптастыру және дамыту шеңберінде ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды басқару жөніндегі іс-шараларға 58,2 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік қызметтердің дамуына тек банк секторы мен синергетика ғана емес, сонымен қатар елдің интернет және ұялы байланысының жоғары деңгейі де ықпал етеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 6406 елді мекен болса, оның 4974-і (77%) кең жолақты мобильді интернетке қосылған. 2928 елді мекен 4G желісіне қосылса, 2046 елді мекен 3G технологиясымен қамтамасыз етілген. 2027 жылға қарай әрбір республикалық маңызы бар қала мен астана үшін 5G желісімен қамтуды 75 пайызға және облыс орталықтары үшін 60 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қазақстанда 15 млрд теңгеге ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы құрылуда. 2023 жылдың наурыз айының соңында ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы (NSDI) пайда болды. Бұл жобаны жүзеге асыруға 15,5 млрд теңге бөлінді. Еліміз инновация, цифрлық өндіріс және шығармашылықты дамыту үшін тартымды кеңістік болып отыр. Президент Қ.Тоқаевтың айтуынша, цифрлық трансформация жекелеген компаниялар мен ірі аймақтардың да бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын фактордың бірі. Әртүрлі салаларды цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу Қазақстан экономикасын сапалы өзгертуге ықпал етеді. Жалпы, ІТ елдегі экономикалық прогресс пен инновацияның қозғаушы күші бола алады. Бүгінде елдің цифрлық трансформациясының бес басымдығы белгіленген. Біріншісі – цифрлық трансформацияның адамға бағдарлануы. Екіншісі – IТ саласы үшін қолайлы жағдай жасау. Бұл бағыт бойынша Қазақстан жаңа цифрлық технологиялар, криптоиндустрия, сондай-ақ реттелетін және ашық цифрлық майнинг саласындағы жетекші ойыншы болуға ниетті. IT секторын дамыту мемлекеттік қызметтің маңызды бөлігі. Қазақстандық цифрлық экожүйеге халықаралық капиталды тарту үшін жағдай жасалады. Үшіншісі – ІТ инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту. Бұл орайда Қазақстан халықаралық дәлізге және трансшекаралық дерек ағынына қосылған цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруда. Мәселен, әзірбайжандық серіктестермен бірлесіп, трафикті жаһандық шоғырландыру орталықтарына қосылу үшін транскаспийлік учаскеде жұмыс басталды. Бұлтты есептеулер индустриясының ең ірі ойыншылары жергілікті нарыққа тартылуда. Төртіншісі – цифрлық экономика мен индустрияны дамыту. Бұл бағыт технологиялық жаңарту және цифрлық шешімді қабылдау үшін инновациялық гранттар мен салық преференцияларын қарастырады. Үкімет цифрлық экономиканы одан әрі дамыту үшін жаңа қолдау шараларын дер кезінде жүзеге асыруы керек. Және соңғысы – адами капиталмен нығайту. Өйткені, цифрлық трансформация білікті IT мамандарға деген қажеттілікті арттырады. Осыған орай, 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың осындай қызметкерді оқыту міндеті тұр. Осы мақсатқа жету үшін мамандандырылған университеттердің аймақтық университеттерге қамқорлығы енгізілді, гранттық оқыту кеңейтілді, 12 жеке инновациялық IT мектеп ашылды.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


