12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қазақ әдебиетіндегі Жошы «жорығы»

Роман (X-XII ғасырларда роман тілдерінде жазылған әрқилы сипаттағы шығармалардың жалпы атауы) – сюжеті күрделі, көлемді, эпикалық, өмірдегі түрлі құбылыстар мен адамдар арасындағы қарым-қатынас мейлінше қамтылып, композициясы шымыр жанр. Романның жекелеген нұсқалары ертеден бар болғанымен де, оның тек өзіне тән сипаттары XVI-XVIII ғасырларда қалыптаса бастады. Ілкі романның үлгі-нұсқасы дегенде рыцарь, серілердің бастан кешкенін суреттеген Мигель де Сервантестің «Дон Кихоты» еріксіз ойға оралады.

XIX ғасырдың бас кезінде бұл жанр биік деңгейге көтерілді, қанат жайды, Г. Флобер, А. Стендаль, О. Бальзак, Ж. Санд, В. Скотт, Ч. Диккенс, А. Пушкин, М. Лермонтов, И. Тургенев, Л. Толстой, Ф. Достоевский, И. Гончаров, М. Твен, Дж. Лондон, Т. Манн, Г. Манн, т.б. үлкен үлес қосты. А. Байтұрсынұлы романды «ұлы әңгіме» деп, оған «тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды» жатқызуға болатынын айта келе, «ұлы әңгіме өңшең үлкен уақиғалардан болмай, ұсақ істерден де өнеге көрсетуге тырысты, оны жазушы көркем сөздің әуезе, толғау, айтыс – барша түрін де жұмсайды. Ұлы әңгіме жазуға үлкен шеберлік керек» екенін ескерткен-ді. Клaccицизм дәуірінде poмaн «төмeнгi жaнp» дeлінсе, poмaнтизм тұсында «әлeм жәнe өз ғacыpының aйнacы» әрі «тoлық пісіп-жетілген pуxтың» жeмici ретінде насихатталды. Ал, тарихи роман ‒ болмысы бөлек жанр. Оның қиындығы ‒ көркем шындық пен тарихи шындықты ұштастыра білуде. М. Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Т. Жомартбайдың «Қыз көрелік», С. Көбеевтің «Қалың мал», С. Торайғырдың «Қамар сұлудан» бастау алған дәстүрді М. Әуез, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Х. Есенжанов, Ә. Нұрпейісов, І. Есенберлин, Т. Ахтанов, М. Мағауин, Ә. Кекілбай, Ш. Мұртаза, т.б. жазушылар жалғастырды.

Тapиxи оқиғaлap мeн тұлғaлapдың сүрген өмipiн, жүріп өткен жолын, coл дәуipдi бейнелейтін туындылар қaтapынa I. Eceнбepлиннiң «Көшпeндiлep» тpилoгияcы, Д. Әбiлeвтiң «Aқын apмaны», Ә. Әлiмжaнoвтың «Ұстаздың оралуы», М. Мaғaуиннiң «Aлacaпыpaн», Ә. Кeкiлбaйдың «Eлeң-aлaң», «Үpкep», Ш. Мұpтaзaның «Қызыл жeбe», Н. Әбутәлиeвтiң «Қaйpaн Нapын», Ә. Capaйдың «Иcaтaй мeн Мaxaмбeт», Ж. Тұpлыбaйдың «Тaмыз тaңы», И. Жaқaнoвтың «Ықылac», Ж. Axмaдидiң «Дүpбeлeң», «Eceнгeлдi би», Қ. Жұмaдiлoвтiң «Дapaбoз», C. Cмaтaeвтың «Eлiм-aй», Д. Дocжaнның «Aлыптың aзaбы», Ұ. Дocпaмбeтoвтың «Қызыл жoлбapыc», «Aбылaйдың aқ туы», X. Әдiбaeвтың «Oтыpap oйpaны», К. Ceгiзбaйдың «Бeлacқaн», Т. Зәкeнұлының «Көк бөpiлepдiң көз жacы», P. Тoқтapoвтың «Бaқытты құлдықтың aқыpы», Ж. Мoлдaғaлиeвтың «Aлғaшқы қoңыpaу», Қ. Иcaбaйдың «Шoң би», Б. Нұржеке-ұлының «Әй, дүние-ай!», Қ. Мұқанбетқалиұлының «Тар кезең», А. Мекебаевтың «Қазына сыры», З. Жәкеновтің «Зұлмат», Н. Ақыштың «Рақымсыз көктем», Т. Сәукетаевтың «Құзғын тойған қыс», Ж. Өмipбeктiң «Қызыл қыpғын», Ә. Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт», т.с.с. жатқызуға болады. Енді, осылардың қатарына қарымды қаламгер Ұларбек Дәлейұлының «Жошы ханы» да қосылды.

Жазушының 2024 жылы «Фолиант» мәтбуғасынан жарық көрген «Жошы хан» тарихи-деректі романына Шыңғыс қаған және оның үлкен ұлы ‒ Жошы ханзаданың қым-ғуыт, аласапыран заманда дүниеге келуі, жастық шағы, қатысқан қан-қасап жорықтары, өмірінің соңғы кезі алтын арқау болған-ды. Онан, Орхон (Орхұн), Селенгі бойындағы қайталанбас көшпелі мәдениет, байырғы бабалар дәстүрі, танымы, көзқарасы, ұстанымы, шеккен дәурені шығармада шынайы суреттелген. Роман 23 хикаядан тұрады.

Ұ. Дәлейұлы осы турасында бүй дейді: «Ойлана келе әр тарауға тақырып қою стилінде Рашид ад-Диннің жолын ұстандым. «Тарау» деп емес, «хикая» деп атадым да, екі жолдық ұйқасты өлең формасында алуды жөн санадым, тақырыпты ұзақ толғамай, өзімше сығымдадым…». Мысалы, әр хикаяның өз атауы бар: «Бірінші хикая. Есугейдің іңір әлетінде Батсайғұн бақсының тұлымын кесуі. Қоныстан жеткен хабарға Сарқы әулиенің көз жасын төгуі», «Екінші хикая. Есугейдің Тай шешенді ажалдан құтқаруы. Құдалықтан қайтқан батырдың есіл өмірмен қоштасуы», «Үшінші хикая. Қорқонақ қойнауында азалы жоқтау есуі. Темужіннің Тергүне шоқысында қырылдақты састыруы», «Төртінші хикая. Белгүтайдың Қаратұмыт тауында арысқа түсуі. Өгеліннің Бұрқы-Ерекке сорға бола қонуы», «Бесінші хикая. Темужіннің көш жолында толғақ күтуі. Үш ұлыс жасағының Бүкір-кегерді қанға бояуы», «Алтыншы хикая. Темужіннің Сеңгірбұлақта хан тағына отыруы. Анттас андалардың жаулық шақыруы», «Жетінші хикая. Жошының айғыр жалында таң атыруы. Темулүн қазасының ханзаданы қайғыға батыруы» дегендей… Әрқайсысы салмақты сомдалған, кең-молынан кестеленген тараулар.

Автор сөз басында былай деп жазады: «Әлқисса, төрт жылға созылған тынымсыз ізденіс пен табанды еңбек ақыры өз нәтижесін берді. Жазу үстелінде бес айға жуық тапжылмай отырып, «Жошы хан» тарихи-деректі романын жазып бітірдім. Ешқандай науқандық шараға қатысы жоқ, тек Жошы хан жайлы бір толымды дүние жазу оншақты жылдан бері ойымда жүретін. Шындап кіріскен сәтім ‒ 2019 жылдың күз айы. «Жошы жайында әлдебір көркем дүние кезігіп қалар» деп алдымен тарихшыларды емес, әдебиет әлемін ақтарсам, шынымды айтайын, бірде-бір көркем жазба кездестіре алмадым. Қазақ әдебиеті түгіл, ғалам әдебиетінде де жоқтың қасы екен. Толғана келе қиялға емес, деректер ізіне құрылған деректі роман жазуды ойладым». Міне, аталмыш тарихи роман осылай басталған-ды.

Қаламгердің қажырлы еңбек қылғаны бірден аңғарылды. Ол Мұхаммед II Ала-әд-Дин Хорезмшах ([Кутб] Құтб әд-Дин Мұхаммед), сонан соң Жәлел әд-Дин сұлтанның уәзірі болған Нәсауидің «Жәлел әд-Диннің ғұмырбаяны», әл-Жувәйнидің «Әлемді бағындырушының тарихы» (Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан» кітабында: «…ұлы тарихшы Рәш-әд-Диннің өзі орайлы тұстарында осы Жувәйниге жүгініп отырғаны белгілі» деп жазады), Ли Жычаңның «Әулие Чаңчуннің батысқа сапары», Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих», «Юан тарихы», Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі» («Шежіре-и Түрк»), Нығмет Мыңжанидың (Мыңжан) «Қазақтың қысқаша тарихы», Өтеміс қажының (Өтеміс қажы ибн Мәулана Мұхамед Дост [Дусти]) «Шыңғыснама», Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан және оның заманы», Зардыхан Қинаятұлының «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» секілді еңбектеріне, сондай-ақ Плано Карпини, Гильом (Виллем) де Рубрук, Василий (Вильгельм) Бартольд жазбаларына ерекше ден қойғандығын ескертеді.

Жошы Хорезм жорығынан дін аман оралған соң, Шыңғыс қаған хүкімімен Дәшті-Қыпшақ даласында «Жошы ұлысы» құрылады. Қазақ елі ‒ сол ұлыс жерінде орныққан Алтын Орданың заңи жалғасы. Автор сол дәуір хақында сыр шерткен ең сенімді дереккөздерді пайдаланып, уақиғалар желісін фактілермен тұздықтап отырады. Мәселен, шүршіт, таңғұт соғыстары, адамзат тарихнамасында таңбаланған Хорезм шабуылы, айқас-шайқас орындары көркем тілмен көмкерілген. Ұларбек Дәлейұлы тарихи романда көптеген көне түрік сөзін жаңғыртып, мақсатына қарай орны-орнымен қолданады. Мысалы, отшыген ‒ көне түрік тілінде «отшы, шаңырақ иесі» дегенді білдіретін түсінік. Сонымен қоса, шығармада сартықтайлар (саудагерлер), көкір (сусын құюға арналған тері ыдыс), үжін (ужин ‒ тек әйел балаға қатысты ғана жұмсалады, қатын, ене, ханды туған ана деген мағынаға ие), анда (дос, жолдас), «Тобылғы жарған», «Бұлбұл Торғай», «Аласапыран», «киіктің матауы», «қазанның қағуы» (түрік дәуірінен келе жатқан көктемгі амалдар), Боз домбақ (көне түрік тілінде Мүйізді құлын боз), кейебүр жебе (алысқа ұшатын, темір масағы өте өткір келетін жебе түрі), кегенес, тарғұт, солдұс, шаншығұт, баяғұт, оронар, қоңқытан, негудей, нұяқын, дүрбен, икрас, барын, шөнес, оңғыт (уақ), бесұт, қоралас, қоңырат ішіндегі олқонат пен икерес (көк түрік тұқымынан тараған байырғы рулар), мезгеу (мамыр), көзгеу (маусым), жабал (түрік дәурендеген тұста бақсылар қолданған дабыл), алаңғыр садақ (балалар ұстайтын, қарағайдан иілген садақ), «Теб Тәңірі» («Тәңір елшісі»), арсақай (бұғының еркегі), даруғашы (Шыңғыс хан басып алған қалаларды уақытша басқарған кісі), теміркен ([темірен] жебе ұшы я басындағы қорғасын), ағаш оқ (жоғары санаттағы адамдар жасаған қылмысы үшін алатын жазасы), қасалы жебе (бекіністі өртеуге арналған жебе), жәм (хат-хабар жеткізуші), қауақ (асқабақ тектес өсімдіктен жасалатын ыдыс), күлміз (еліктің еркегі), отсерек (от жағып, белгі беру үшін саз балшықтан я тастан тұрғызылған биік тұғыр), шығырықты күймелер (ондаған жебені қатар ататын қондырғы), отты күбі, Шоңай (Есекқырған, Юпитер), бауыршы (қаған ас-ауқатына жауапты ноян), қара үй (көшпенділер абақтысы не үкім шыққанға дейінгі қамауда тұратын үй) секілді ұмыт болған ұғымдар, көнерген сөздер көркем туындыға дем беріп тұр. Негізі, романдағы әңгімелеуде эпикалық арақашықтық сақталғанына көз жеткіздік. Мұндай жағдайда суреттеу көбіне-көп ірі планда жүзеге асады.

«Боржығындардың атасы ‒ Бұрғу тау / Боржығындардың анасы ‒ Бұрғу тау! / Боржығын ерлері Бұрғу тауына сүйеніп өледі / Бұрғу тауы бізді жүрегіне көмеді!» деген жорық ұранындағы Бұрғу ‒ киелі Бұрқан Қалдүн тауының түріктер заманындағы ескіше атауы. Шығармада «Жасақты Тәңірге тапсыру жыры», «Түркен-қатынның зары», «Саба толқу жыры», «Жасақ әні», «Темулүннің сыңсуы», «Сөчигілдің зары» (жоқтауы), «Мұхаммед сұлтанның бәйбішесі айтқан зар», «Мұхаммед сұлтан қыздарының зары», «Шілгір балуан айтты» деген тарихи жырлар ‒ туынды тұздығы іспеттес.

Жазушы Шыңғыс қағанның әкесі ‒ Есугей аузымен ел есіндегі ұзақ сонар, ұбақ-шұбақ бұрнағы әрі мәнді әңгімені айтқызады: «…Бөрі еміп аман қалған Түріктен туған Түтік, Түтіктен Қой, Қойдан Еділше, одан Алаша туыпты. Алашадан Мұғол тарайды. Мұғолдан Қара хан, одан Уыз хан туған екен. Осы Уыз ханнан бір тамыр алып тараған тұқым мына біз боламыз. Біз тұратын киіз үй сол Уыз ханнан қалған мұра деседі». Ұ. Дәлейұлы Жошының өсу кезеңін, тұлға боп қалыптасу эволюциясын өте табиғи суреттеген. Оның ұшы-қиыры жоқ сахара, сайын даланы кезіп келе жатып қасқыр қамағанда сытылып шығып, епті, жүректі, тәсілқой, жападан-жалғыз қалса да қайтпас қайсар екендігін байқаймыз. Осы оқиғаға қанық болған Темужін риза боп: «Ержетіпсің, ұлым! Шешеңнен батыр туыпсың. Тағы бір қанатым өсіп келе жатыр екен», ‒ деп беліндегі алтын кісесін шешіп, тұңғышына тағады. Уақыт бір орында тұрмасы анық, сырғып айлар, жылжып жылдар өтеді. Жорықта ысылып, ел ісіне араласып, жалпақ жұртқа атағы жайыла бастағанда бабалар салтына сай енші бөлінеді: «…тұңғышы Жошыға ‒ тоғыз мың, Шағатайға ‒ сегіз мың, Үгетайға ‒ бес мың, кенжесі Төлеге ‒ бес мың үй сыйға берілді. Сонымен қатар алдағы кеңесші, көмекші әрі қорғаушы ретінде Жошы ханзадаға Кете, Құнан, Кет-Бұқа, Мүңгуір нояндар бекітілді».

Рoмaндағы тapиxи шындық пeн көpкeмдiк шeшiм мәceлeлepi автор концепциясы негізінде жүзеге асары айқын. Ұларбектің Жошы әлeміне үңіліп, ұңғыл-шұңғылынa бoйлaп, оның қopшaғaн opтaмeн тығыз саяси қapым-қaтынacын көpceтуді, күрескердің ерлік хикаясы мен қиын заманның қыспағынан қымсынбай өткенін ащы шындық, асқақ романтикамен бейнелеуді басты бағдар еткені байқалды. Aғын cудaй тacқындaғaн уақиғaлap легі тapиxымыздың мaқтaн тұтар тұcтapын дa, көкірек қарс айырыла, күpciне бac шaйқaр тpaгeдиялық жaғдaйларын да баян етеді. Ұлттың құт-бepeкeci – бipлiгi мен ынтымaғындa. Oдaн aйыpылсаң болғаны – жaт жұpттың қopлығынa ұшыpaйсың, жер бетінен өшесің. Осынау идея – аталмыш көpкeм шығарма өзегі. Өткен дәуірді көрсететін «Жошы хан» романының көркемдік жүйесінде, идеялық, тақырыптық, жанрлық, стильдік жаратылысында фактілердің атқарар қызметі орасан. Себебі, деректер, құжаттар мен хаттар көп бұрмаланбай, көркем шығармаға дәлме-дәл көшкен-ді.

Профессор Н. Ақыш «Замануи тақырыптағы романдар» атты ғылыми мақаласында мынандай ой айтады: «Тәуелсіздік рухының әсерімен өмірге келген романдардың бір тобының көркемдік мақсаты – қазақ халқының басынан өткізген отаршылдық зардаптарын шындық тұғырына иек арта отырып жеткізу. Сондықтан бұрынғы жабық тақырыпты қозғаған бұл туындыларды еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге келген көркем ізденістердің айқын нышандарының бірі деп танығанымыз абзал». Шыңғыс қаған ұлдарының ішіндегі ең ақылдысы, адалы, мықтысы, сенімдісі және мейірімдісі ‒ Жошы еді. Халықтың жағдайын, Орда ахуалын, әскер бабын терең түсінген тұғырлы тұлғаның адами қасиеттері көркем туындыда анық көрінген: «Өзіне жаулығы жоқ мұнша адамның қойша қырылғаны Жошы ханзадаға ауыр тиді. Келесі шайқастарда барынша мәмілеге келуді ойлады. Шайқас үстінде Жошы жасағынан оншақтысы өліп, елуге тарта адамы жараланды. Сөйтіп, Нарыншоқы қамалын қызыл өртке ораған қалың қол араға екі қонып, үшінші қамалға келгенде оның иен қалғанын байқады». Өз заманында ханзаданың сұңғылалығы, батырлығы, білектілігі һәм білігі жұрт арасында аңыз боп тараған. Есті кісілер, көргені көп көсемдер Шыңғыс қағаннан кейінгі мықты ізбасар, айбарлы елбасы осы Жошы болады деп жобалаған. Алайда…

Шығыстанушы, академик В. Бартольд та зерттеулерінде Жошының жөн-жосықсыз шаһарларды қиратып, ел-жұртты қан қақсатып, зар еңіретпегенін растайды. Қағанат дүркіреп тұрған тұста кейбір қалалар, елді мекендер соғыс-ұрыссыз-ақ берілетін болған. Ал, бұл ‒ жас ханзада парасат-пайымының, саяси, әскери сауатының арқасы. «Ел айырылған түнгі көш», «Үш ұлыс біріккен жасағы», «Жағұд қоры» («Бас сардар»), «Далан-Балжұт шайқасы», «Шыңғыс қаған ғасырының басқы жылындағы сәтті шайқас», «Теке бұрқыл» түні, «екі жорық» даңқы, атақты «Төрт сырттан», «Ұлы Жасақ заңы» жалпақ милләт жадында жатталды, кейіндері тауарихқа айналды. Сартауыл (Хорезм), Байкөл (Байқал), Шекшер сайы, Өршіген бұлағы, Жетіқарақшы тауы, Делүн-бұлдақ, Килентау, Алтай, Ергене-қон, Шықұрғы тауы, Жол-Ұқыт алабы, Хилок өзені, Қаражүргін, Шыракереге, Онгін асуы (Түлкі асуы, қытай жылнамаларында Ие-хулиң делінген), Қорқонақ алқабы, Шоқы етегі, Теңгіс көлі, Күрелкі тауы, Көкө-нор, Қаратұмыт тауы, Құлын-нор көлі, Бұйра, Ботақұн, Боғұржы сайлары, Кілкі өзені, Талқұн аралы, Теңгіс көлі, Укүрті-шұбар, Сеңгірбұлақ, Марал көлі, Қаратүн орманы, Торқағұт тауы, Толы өзені, Көде аралы, Үшбұлақ, Ұлжа өзені, Құсты-шитүген, Нарату-шитүген, Қалқа, Бұрқы-Ерек баурайындағы Үш-Бүрку, Таңлұ (Тывадағы Танну-Ола тауы), Қызылбас (Қытайдың Алтайға қарасты Бурылтоғай аймағындағы Үліңгір көлі), Хорасан, Тәбриз қаласы, Кем дариясы (Енисей), Мерага шаһары, Сарыөзен (Хуаңхэ) секілді топонимдер, байырғы жер-су аттары «Жошы ханда» жиі-жиі ұшырасады.

Сондай-ақ, шығармадағы Тарғын-Бұрқы батыр, Жанжын-бөрі сардар, Темужін-Үге, Қара Бұқа, Тарғытай ноян, Елшін батұр, Сарқы әулие, Қамбағай хан, «бақсылардың атасы» Батсайғұн, Құрыл ноян, Дәрітай отшыген, Өгелін үжін, Ханбатұр, жауырыншы Жарғал, Соқатай тоқал, бәдізші Өртегей, Ғуа бике, Дайыр сардар, Қашы мерген, Мүңгуір ноян, Бектер-Бөрі, Қасар, Сөчигіл, Қашығұн, Темулүн, Белгүтай, Жамұқа, Кұтұн-Барақа, Нүкүз, Қиян, меркіт Чіледу, Тодо найзагер, қоңырат Тай шешен, жас батыр Мұжын-Солты, Саба ноян, Меңлік бақсы, Орбай қатын, Көксін, Сорқын сары, Шілгір-бөке балуан, Нағу байдың жалғыз ұлы ‒ Буыршы, Тұтқа бек, Құқұ, Шотан ханым, Қағатай-Тармала, Тайыр-Ұсұн, Бурыл бике, Тайсары, Керейтай (Жағағамбу), Қарашар бай, Құту, Сүйкету-шерби, Сұқу шешен, Жауырқан, Қарақай-Тоқырауын, Құлын-тайшы, т.б. тарихи тұлғалар әдеби фон, антураж қызметін атқарып тұр. Ал, оқиғалардың белортасында Есугей баһадүр, Шыңғыс қаған, Бөрте-ене, «дарабоз Сүбедей» атанған Сүбедей батыр, Жошы хан, Кет-Бұқа жырау, Бұқа Ноян, т.б. жүреді. Жоғарыда аталған дүниелер ‒ роман құндылығын арттырып тұрған факторлар.

Өлі тарихқа жан бітіретін, Өтүкен даласындағы оқиғаларды өрістететін, кейіпкерлер керуенін түзетін ‒ әлбетте, көркем тіл, айшықты сөз, оқырманды тебірентер теңеулер. Ұларбек туындыны баяндау барысында кібіртіктемейді, өйткені романның ішкі ағысы, иірімі бар: «Жаз жамалы солғын тартып, күйек алар мезгілде…», «қара қазан айы соңына жақындап, ит үстіне қырау қонып, қоян жоны бозарған шақта…», «той кәдесіне деп жоны жарылардай семірген бес құла бие…», «кеңес соңында кеш туған қысырдың тайын жеп тарасқан…», «өр кеуде болмысына қоса айлакерлігі де жетіп-артылатын…», «қос өрмелі сауыттың алдына жарқырата болат бадана тартып, үкілі дулыға киген, қос құлаш найза ұстап, қылыш асынған батырдың айбатты тұлғасы…», «маусым айының басында кереге көгінен сығалаған үркер жұлдызы…», «төртінші көктем туғанда ел еңсесін қайта көтеріп, суалған бұлақтар бұлқына ақты…».

Көшпенділердің: «Ат үсті ‒ әулие» деген мақалында үлкен маңыз, тарихи таным, этнологиялық түйсік жатыр. Мәселен, қияттардың Есугей өсіп-өнген боржығын әулетінде небір әпсана бар еді. Оған халық шүбәсіз сенген-ді. Солардың бірі ‒ «Ата-бабамыз Бөрте-бөрі мен Ғуа (сұлу) марал екеуі Марал көлі (Көкшетеңіз-Балқаш) жақтан келген» делінген аңыз. Романда Көк, Тәңір, бөрі культіне ерекше мән берілген. Анттасу, түс көру, оны жору, соғыс дәстүрі, Орда ертекшілері мәдениеті жан-жақты ашылған, рет-ретімен түсіндірілген. Туындыны оқи отырып, бұл айрықша жаралған әулеттің, үрім-бұтақ, зәузаттың жаһанды жасқандырған қағанат-елге айналуы бекер емес деген ойға келесің. Романда сол дәуірден хабар беретін этнографиялық деталь жетерлік. Соның бірі мынау: «Алдымен, үш бөлек өрген тұлымы тарқатылып, өңі сұрланған Батсайғұн бақсыны жасақтар ортадағы тайқазан түбінде жанған оттың қасына алып келді. Сарқы әулие мен батыр нояндардың қысқа кеңесінен кейін, бақсының тұлымы түгелдей кесіліп, бетіне қара бояу жағылды. Есугей баһадүрдің жарлығы бойынша, қияттар мен жүргіндердің ішінен аластатылып, жеті тау, үш өзеннің арғы жағына қуылатын болды. Ол кездегі ауыр жазаның бірі ‒ Онан, Керүлен, Толы суларын ішуге тыйым салынып, жеті таудан ары қуылды деген сөз ‒ қасиетті Бұрғу тауынан біржола кету». Жаугершілік заманда арғы-бергі бұлтаққа салу, тұстасыңды сату, адалдықтан айну ‒ кешірілмес іс. Мәселен, «Ұлы Жасақ заңында»: «Майдан даласында өлген жасақтың бәрі жерленеді» деген бар. Сахара мизамы, соғыс үкімі ‒ қатал: қанға ‒ қан, жанға ‒ жан, кекке ‒ кек, сертке ‒ серт. Ұларбек Дәлейұлы соны боямасыз, бүкпесіз дөп бере білген-ді: «…Түрік ұлдарының ғасырларға жалғасқан, қанмен келе жатқан қастерлі заңы орындалды. От алдында, күллі жасақтың көзінше, жүзін Бұрғу тауына қаратып Темужін-Үгенің басы шабылды. Бір тостаған қаны үлкен ошақты айналдыра төгіліп, жорық туына жағылып, Қара Бұқа байлаудан босатылды. Тарғын-Бұрқы батыр олжаға түсірген есік пен төрдей жарау тұлпары өзіне қайтарылып, Құрыл ноян мен қаншама жасақты жайратқан күңгірт жүзді айбалтасы ант кәдесі ретінде Есугей ордасының белдеуіне қыстырылды».

Жошы қолының Орман жұртына бет алуы, оның Шыңғыс қаған алдында мерейі тасуы, Жошының «Тәңір бұлағынан» су ішуі, үш ірі қамалды алуы, шүршіт астанасын өртке орауы, Ырғыз бойындағы Хорезмшахтың үрейленуі, Шыңғыс әскерінің Отырарды қоршауы, Жошы қолының Йассы (Ясы, қазіргі Түркістан) түбінде ғашықтық әуеніне елітуі, Намазғақ қақпасындағы қанды қырғын, Жошының Үргеніштегі оқиғасы, оның Қыпшақ даласына қайтуы, сауын айтуы, Жошы ұлысында Ұлы құрылтайдың өтуі аталмыш романда әр тараптан қамтылып, тырнатізбегінен жаңылмай, жақсы жазылғанын аңдадық. Туындыдағы Жошының өлімі де трагедиялық сарында бейнеленіп қана қоймай, бәсі жоғары, рухы асқақ тұлғаның орны бөлек екені сәтті көрсетілген. Айта кетерлігі, осы тұста қаламгер мына бір тарихи штрихты ойнатып береді, орнымен қолданады: «…Бату әлдеқашан суып кеткен әке тәнін құшып, зар еңіреді…

Азалы Бату:

‒ Әкем Сартауылдан қайтқан жолда, Отырар қаласында тәңірлік болған бақсы Мұқу-шеренді түсінде көрген еді. Сонда бақсы: «Қауыс жұлдызы мен ергеу жұлдызы қосақтала туғанда саятқа шығушы болма! Шықсаң, атаң Есугей батыр ертіп кетеді…», ‒ деп айтқанын естігенмін. Бақсының осынау болжамы айнымай келді». Жошы қазасын Бөрте-енеге естірту – бәрінен қиын болған деседі. Қаралы хабарды жеткізіп, көңілін аулау үшін Шыңғыс хан жарлық шашады, үміті басым үкім шығарады. Ал, ол заманда қаған жарлығы Тәңір бұйрығындай қабылданатын-ды, сондықтан да оған ешкім қарсы шықпаушы еді. Хан әмірі былай аяқталады: «…Ұлымыз Жошы да Тәңір шапағатымен Бөрте-ененің құрсағында жаралып, бізге уақытша ханзада ретінде жіберілген екен. Көктен жарлық келіп, Жошы ұлың Бөрі бабамыз туған мекенде Тәңір ғұзырына кетіпті. Қазаға қарсыласу Көкті қаһарландырады. Көкте Тәңір, жерде қаған бір. Әлем иесінің таңба мөрі». Бұл тұста автор көшпелі мәдениет құндылығын, далалық этикетті, сөз қадір-қасиетін, адами капиталды дәл айқындап тұр. Қонақасы кезінде Шыңғыс хан: «Үшеуіңнің біріңнен біріңді кем көрген емеспін. Ел тізгінін ұстап, Жошы тағына отыруға Бату лайық!» ‒ деп сөздің тоқетерін айтады, роман осымен ‒ тамам…

Аталған романның көркемдік дәрежесін айқындар үш дүние – 1.) деректілік; 2.) фабулалық; 3.) мета­форалық ұстын. Жошы хан жөніндегі тұңғыш көркем шығарма көкейдегі көп сауалға жауап берді деуге негіз бар.

2025 жылдың қаңтарында қазақ руханиятының жоқтаушсы ‒ жазушы, ғалым Мұхтар Мағауиннен айырылдық, аза тұттық, күңірендік, амал нешік. «Орнында бар ‒ оңалар», тарихи тақырыпқа қалам тартып, өнімді жазып жүрген Ұ. Дәлейұлы абыздың орнын жоқтатпай, өзіне артылған аманатты абыроймен алып шығады, ғалам тарихында жарты дүниеге атой салған бабаларымызды тірілтеді, жаңаша жаңғыртады деп сенеміз!

Жазушы Ұларбек Дәлейұлы – байырғы даңқты ұлы аталары сияқты, «ат жабдап, атан қомдап» ұлы сапарға шықты, тарихи романдар жанрына түбегейлі ойысты. Енді, бұл автордан күтеріміз көп…

Әлібек БАЙБОЛ,

Қазақстан Жазушылар одағының,

«Qyr balasy» ҚҚ Басқарма мүшесі,

жазушы-драматург, сыншы,

әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы

Заманауи орталық – сапалы медициналық көмектің кепілі

Бүгін Алматы облысында жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне арналған заманауи...

Дворцы для всех

Начиалось все так здорово, что талдыкоргацы глазам своим не...

В Алматинской области обсуждены вопросы социальной адаптаци осужденных

В акимате Талгарского района состоялось заседание консультативно-совещательного органа, посвященное...

Медицинский туризм в Шымкенте 

Шымкент – третий по величине город Казахстана последние годы...