Қаржыны басқару дағдысын қалай жетілдіреміз?

Соңғы жылдары Қазақстанда қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында түрлі бағдарламалар мен бастамалар қолға алынуда. Дегенмен, халықтың басым бөлігі әлі күнге дейін несиелерді тиімді пайдалану, жинақтау дағдыларын меңгеруде қиындықтарға тап болуда. Осы мәселеге байланысты біз қаржыгер, экономист Айгүл ЖУМАНОВАНЫҢ пікірін білдік. Өз саласының білікті маманы біздің оқырмандарға қаржылық сауаттылыққа байланысты мынадай кеңестер берді.

Бірінші кезекте өз қаржылық жағдайыңызды талдап, тұрақты табыс пен шығындарды нақты есептеп отыру қажет. Қарапайым дәптерден бастап, заманауи қосымшаларға дейін түрлі құралдарды қолдануға болады. Мысалы, «Money Manager», «Monefy» секілді мобильді қосымшалар ай сайынғы шығындарыңызды бақылауға ыңғайлы. Одан кейін өзіңізге нақты мақсаттар қою қажет. Қысқа мерзімді мақсат – несиеден құтылу немесе белгілі бір сомада ақша жинау, орта мерзімді мақсат – көлік немесе тұрмыстық техника алу, ал ұзақ мерзімді мақсат – баспана немесе зейнетақы қорын толықтыру болуы мүмкін. Жоспарлау арқылы сіз артық шығыннан құтылып, ақшаны ақылмен жұмсауды үйренесіз. Қаржылық дағдарыс жағдайында:

– Қаржылық дағдарыс кезінде ең бастысы – сабыр сақтау. Адамдар көбіне үрейге беріліп, шұғыл түрде ақша шешіп алуға немесе оны жылжымайтын мүлікке не басқа активтерге салуға ұмтылады. Бұл дұрыс шешім болмауы мүмкін. Мұндай кезеңде ең алдымен негізгі қажеттіліктеріңізді қамтамасыз етуге көңіл бөліңіз. Ай сайынғы шығындарыңызды мұқият бақылап, қажетсіз шығындарды қысқарту қажет. Қаржылық дағдарыс жағдайында халыққа келесі әрекеттерді орындау ұсынылады:

1. Қаржылық жоспарлау: кірістер мен шығыстарды мұқият есептеп, бюджет құрыңыз. Бұл қажетсіз шығындарды анықтап, оларды қысқартуға мүмкіндік береді.

2. Жинақтау: төтенше жағдайларға арналған қор құру өте маңызды. Бұл қор кемінде 3-6 айлық өмір сүру шығындарын жабуға жететін көлемде болуы тиіс. Мұндай жинақтар сізді жұмыссыздық, ауру немесе күтпеген шығындар жағдайында қаржылық қиындықтан құтқарады.

3. Қарыздарды басқару: қарыздарыңызды қайта қарастырып, пайыздық мөлшерлемесі жоғары несиелерден құтылуға тырысыңыз. Мүмкіндігінше, несие төлемдерін қайта қаржыландыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырыңыз.

4. Инвестициялау: инвестиция жасау кезінде тәуекелдерді бағалап, қаражатыңызды әртараптандырған жөн. Дағдарыс кезеңінде тұрақты және сенімді активтерге назар аудару аса маңызды. Мысалы, алтын, жылжымайтын мүлік немесе мемлекеттік облигациялар – сенімді инвестициялық құралдар саналады.

Орта тап өкілдеріне ұсынылатын қаржылық стратегиялар:

– Орта тап өкілдері үшін қаржылық тұрақтылықты сақтаудың ең тиімді жолы – көп арналы табыс көздерін қалыптастыру. Бір ғана жалақыға сүйеніп өмір сүру үлкен тәуекел. Сондықтан қосымша табыс көзін іздеу, инвестиция жасау немесе шағын кәсіп ашу тиімді шешім болмақ. Сонымен қатар, табысты дұрыс бөлу де маңызды. Мысалы, 50/30/20 қағидасы қарапайым әрі тиімді әдіс. Мұнда:

• 50% – негізгі қажеттіліктерге (азық-түлік, баспана, коммуналдық қызметтер);

• 30% – қалауларыңызға (киім-кешек, ойын-сауық, демалыс);

• 20% – жинақ пен инвестицияға бағытталады.

Бұл әдіс арқылы сіз қаржыңызды тепе-теңдікпен басқарып, күтпеген жағдайлар кезінде қиналмайсыз. Инвестициялық портфель құру: инвестициялау кезінде қаражатыңызды бірнеше бағытта бөлген жөн. Акциялар, облигациялар және басқа да қаржы құралдарына қаражат салып, тәуекелдерді азайтуға болады.

Білім беру: өзінің және балаларының білім алуына инвестиция жасау – болашақ табысты қамтамасыз етудің ең тиімді жолдарының бірі. Заманауи білім беру бағдарламалары мен жаңа технологияларға салынған инвестиция болашақта жоғары жалақыға ие мамандық иесі болуға мүмкіндік береді

Зейнетақы жоспары: Қаржылық болашағыңызды қорғау үшін зейнетақы қорына жүйелі түрде жарна аударып отыру өте маңызды. Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) арқылы өз салымдарыңызды қадағалап, қажетті өзгерістер енгізу мүмкіндігі бар.

Сақтандыру: өмірді, денсаулықты және мүлікті сақтандыру арқылы күтпеген шығындардан қорғана аласыз. Бұл сіздің жинаған қаражатыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»

Кассациялық соттың құрылуы

Кассациялық сатыдағы сот шешімдерінің заң тәжірибесі мен сот практикасын...

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әділ қоғам кепілі

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, азаматтардың мемлекетке...

Жазбаша іс жүргізу

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 12-тарауында әкімшілік істерді оңайлатылған...

Еріктілер кеңесі мүшелері ардагерді құттықтауға қатысты

Ұлы Отан соғысының қатысушысы, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің ардагері Анатолий Назарович...

Құқық пен әділет жолына ғұмырын арнаған судья – Абжанов Ербол Тюлюгазинұлы 60 жаста

Құқық қорғау және сот жүйесінде абыройлы қызмет атқарып, кәсіби...