Елiмiзде бiр емес бiрнеше несие алып, оны төлей алмай, қарызға белшесiнен батқан жандар аз емес. Ел азаматтарының шамадан тыс несие алу мəселесiне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзi де бiрнеше рет назар аударғанын бiлемiз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қиын жағдайға тап болған отбасылардың несиесi кешiрiлiп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың несиеге тəуелдiлiгiн төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер əзiрленуде.
Осыдан-ақ елімізде қаржылық сауаттылық мəселесі өзекті екені айқын көрініп тұр. Бірақ, тəжірибе көрсеткендей, бұл күрделі əлеуметтік мəселені шешу үшін адамдардың қаржылық сауатын арттырып, қоғамда жаңа қаржылық мəдениет қалыптастыру қажет.
Соңғы жылдары қарызға батқан қазақстандықтардың санын азайтып, қаржылық мəселелерін шешу үшін бірқатар реформа жасалып, тіпті, заң да қабылданды. Арнайы қабылданған «Банкроттық туралы» заңның аясында қарызы нормадан асып кеткендерге өзін «банкрот» деп жариялауға мүмкіндік берілді.
«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ
Елімізде «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлескен бастамасы бойынша халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының қолға алынғанын айта кеткен жөн. Партия төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, аталған жоба аясында республиканың барлық өңірінде 200 мың адам қаржылық сауатын арттыру бойынша оқу курсына қатысып, қаражатқа жауапкершілікпен қарап, табысты арттырудың əдіс-тəсілін үйренді. Олардың басым көпшілігі – несие бойынша берешегі бар жəне борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар жəне оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кəсіпкерлер. Халықтың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған оқу курсынан өткендердің 81 пайызын ауыл тұрғындары құраса, 75 пайызы – əйелдер, соның ішінде көпбалалы аналардың үлесі басым.
Курс аясында қаржылық сауаттылығы төмен тыңдаушылар жеке жəне отбасылық қаражатты қалай дұрыс басқару керек, шығындарды оңтайландыру, ысырапқа жол бермеуді үйренді. Сонымен қатар банк несиелерінің қалай қалыптасып жатқаны, оның ішінде шағын несиелердің пайыздары қалай қалыптасады, екінші деңгейлі банктердің несиелері, жалпы несиелердің қандай түрлері бар, оның төлемдерінің түрлері сияқты өзекті мəселелер де көтерілді. Бұдан басқа кірістерді көбейту жолдары, өз кəсібін ашқысы келетін азаматтарға мемлекеттен қандай қолдау берілетіні, бизнес ашуға берілетін гранттардың түрлері таныстырылып, өз қаражаттарын жинақтау, сақтау, ұлғайту бойынша пассивті кіріс пен депозит түрлері, құнды қағаздар нарығы, акциялар, облигациялар, жылжымайтын мүлік, валюта жəне басқа қандай салада өз қаражатын салып сақтап, ұлғайтуға болатыны туралы толық ақпарат берілді.
Жоба қатысушылары сарапшылардың дəрістерінен бөлек, enbek.kz порталында тіркелу мен жеке кəсіпкерді ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу жəне берешекті өтеу кестесін құру бойынша кеңестер алды.
Қаржылық мəселенің маңызды болғаны соншалық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Əділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» жолдауында жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Сөйтіп, бұл жобаға барлық облыстар мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы жəне Шымкент қалалары, 11 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мен Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы қосылды.
АҚШАНЫ ТИІМДІ ЖҰМСАУДЫ БАЛА КЕЗДЕН ҮЙРЕТУ ҚАЖЕТ
«Қарызсыз қоғам» жобасы үнемі жетілдірілу үстінде. Сала мамандары ақшаны дұрыс жұмсау мəдениетін бала кезден қалыптастыру керек деп есептейді. Бұл орайда қазақстандық қаржыгерлер оқушылар арасында қаржылық сауатты қалыптастыруда Финляндия мен Эстония елдерінің тəжірибесін басшылыққа алған дұрыс деп есептейді.
«Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева əлемдік озық тəжірибелерді ескере отырып, қаржылық сауаттылық бойынша əдістеме мен оқу-практикалық материалдарды əзірлеудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, арнайы құрылған əдіснамалық топ осы елдерге барып, олардың мектептерін, колледждері мен жоғары оқу орындарын зерттеген. Финляндия мен Эстонияда қаржылық сауат балаларға оқытылатын барлық пəндерге интеграцияланған. Финдер бір кездері ЖОО-дағы қаржылық сауат пəнін алып тастағанын, соның салдарынан халықтың несиеленуі артып кеткенін айтты. Яғни, олар қаржылық сауаттылық мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болуы керек жəне ол балабақшадан басталуы керек деген қорытындыға келген.
«Иə, оларда көптеген озық тəжірибелер бар. Мысалы, қаржылық сауатты оқыту балабақшадан басталады, онда балалар дүкенге бару, ақшаны жұмсау, қайтарым ақша, чек, тұтынушы құқығы секілді практикалық мысалдар негізінде үйренеді. Бастауыш сыныптарда балаларға əлеуметтік жауапкершілік туралы айтылады, егер кездейсоқ аялдамаға, мемлекеттік мүлікке залал келтірсе не болатыны, ол үшін ата-анасы қанша айыппұл төлейтіні түсіндіріледі. Бұл біздің қоғам үшін өзекті мəселе – вандализмнің салдарын түсінуге көмектеседі.
Жоғары сыныптарда бизнес арқылы қаржылық сауат оқытылады. 9-12 сынып оқушылары өз бизнесін ашады, өнімдер жасайды, маркетингтік стратегияларды əзірлейді жəне капиталға үлес қосатын жəне дивидендтер алатын инвесторларды тартады. Онда тегін гранттар жоқ жəне балалар бизнестің жауапкершілігін түсінеді. Бұл жүйе оларға мұның оңай келген ақша емес, қайтарылатын инвестиция екенін түсінуге көмектеседі.
Біз эстондық Junior Achievement компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Бұл жоба 100 жылдан астам уақыт бойы бүкіл əлемде, соның ішінде Əзірбайжан мен Грузияда жұмыс істеп тұр. Бұл елдерде жасөспірімдер кəсіпкерлікті дамыту арқылы қаржылық сауатты үйренеді. Осылайша балалар кім болғысы келетінін (кəсіпкер немесе жалдамалы қызметкер) түсінеді. Өзінің бизнеске арналмағанын түсінген балалар стандартты білім мен кеңсе жұмысына барады. Басқалары, керісінше, таланттарын аша түседі жəне жетістікке жетеді.
Финляндия мен Эстонияның тəжірибесін ескере отырып, бізге өз əдістемемізді жасау керек. Біздегі менталитет, заңнама мен мəдениет басқа болғандықтан, дайын əдісті сол күйінде қабылдай алмаймыз. Біздің мектептерде экономистер мен қаржыгерлер жетіспейді, сондықтан 7,5 мыңға жуық мұғалімді осы білімді балаларға бере алатындай етіп қайта оқытып шығардық», – дейді жоба жетекшісі.
Бүгінгі таңда қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша арнайы «Жол картасы» əзірленіп, Оқу-ағарту министрлігімен жəне Жоғары білім жəне ғылым министрлігімен ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді, мектеп, колледж жəне жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары əзірленді. 2024 жылдан бастап балалар мен студенттерге қаржылық сауат пəнінен білім беру бойынша оқушылар үшін мектептерде «Жаһандық құзыреттілік» курсы, ал колледждер мен ЖОО-да «Кəсіпкерлік» курсы бағдарламаға енгізіліп, оқытылуда. Сөйтіп, бұл қадам 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларының сауатын арттыруға мүмкіндік береді.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ҚАРЫЗЫ ҚАНША?
Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігінің төрағасы Мəдина Əбілқасымованың айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артып келеді. Қазіргі уақытта 8,4 млн халықтың мойнында 18 трлн теңге несие бар. Оның ішінде тұрғындар шағын микроқаржы ұйымдарынан 197 млрд теңге онлайн қарыз рəсімдеген.
Сарапшылардың бағалауынша, елдегі студенттердің 80%-ында несие бар. 2023 жылы əскерге шақырылған 18-20 жас аралығындағы сарбаздардың да банктерден алған 1,4 млрд теңге қарызы бар екен.
Көп адам қаржылық сауаттылық ақша санай білу деп ойлайды. Алайда жалақыны көтеріп, кірісін көбейтумен қаржылық мəселені оңтайлы шешу оңай емес. Сондықтан кіріс пен шығысты сауатты түрде реттеп отырған кезде ғана, қолға түскен қаржы берекелі болатынын естен шығармаған абзал.
Айгүл АХМЕТОВА