Процестік келісім мәселелерін реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген ҚР Қылмыстық-процестік кодексі кодексінің (бұдан әрі – ҚР ҚПК), ҚР қылмыстық кодексі және ҚР Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 4 «Соттардың қылмыстық істерді келісу өндірісінде қарау тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысы болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығында процессуалдық келісім институтын заңнамалық дамыту керек делінген.
ҚР ҚПК-нің 7-бабының 37-тармағына сәйкес, процестік келісім — бұл қылмыстық процестің кез келген сатысында прокурор мен күдікті, айыпталушы немесе сотталушы немесе сотталған адам арасында осы Кодексте көзделген тәртіппен және негіздер бойынша жасалатын келісім.
Кінәні мойындау туралы келісім, онша ауыр емес, немесе ауырлығы орташа, не ауыр қылмыстарға, немесе ауыр қылмыстардың жиынтығы бойынша ғана жасалуы мүмкін. Күдікті, айыпталушы, сотталушы жиынтыққа кіретін қылмыстың ең болмағанда біреуін жасаған деген күдікпен, айыптаумен келіспесе, онда кінәні мойындау туралы келісім жасасуға жол берілмейді.
Кінәні мойындау туралы келісімкүдіктінің, айыпталушының, сотталушының немесе оның қорғаушысының өтінішхаты бойынша не прокурордың бастамасы бойынша жасалуы мүмкін.
Өтініш – адамның күдікті мәртебесін алған сәтінен бастап, бірінші және апелляциялық сатыдағы сотта – соттың кеңесу бөлмесіне кетуіне дейін берілуі мүмкін. Жазбаша өтінішхат қылмыстық іс материалдарына тіркелуге, ауызша өтінішхат – тергеу әрекеті немесе сот отырысы хаттамасына енгізілуге тиіс.
Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша кінәні мойындау туралы келісімжасалмайды.Сол себепті қылмыстық теріс қылықтар туралы істер мен кінәні мойындау туралы келісім жасалатын қылмыс бойынша істер біріктірілмейді.Егер жоғарыда көрсетілген іс келіп түссе істі алдын ала тыңдаудан прокурорға кері қайтарады.
Аса ауыр қылмыстарға келісімдік іс жүргізу тәртібі қолданылмайды, бұл істер қарауға негіздің болмауына байланысты алдын ала тыңдаудан прокурорға қайтарады.
Егер бірнеше адамды айыптау туралы қылмыстық іс бойынша сот талқылауы барысында өтінішхат келіп түссе сот оны жасасу үшін ақылға сыйымды мерзім береді. Бұл жағдайда істі жеке іс жүргізуге бөледі және қарау үшін басқа судьяға жіберуге құқылы.
Аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы айыптаудан ішінара бас тарту жолымен айыптауды неғұрлым жеңіл қылмысқа өзгертсе әрі жәбірленуші бұрынғы айыпты талап етпесе, онда сот істің бөлігін тоқтатып, ал тараптарға жаңа айыптау бойынша олардың кінәні мойындау туралы келісім жасасу құқықтары барын түсіндіруі тиіс.
Міндетті түрде прокурор жәбірленушіге оның кінәні мойындау туралы келісім жасасуға келісуінің ҚР ҚПК-нің 614-бабында көзделген құқықтық салдары туралы қосымша түсіндіруі тиіс. Осы әрекетті жүргізу туралы прокурор ҚР ҚПК-нің 199-бабының талаптарын сақтай отырып, хаттама жасайды.
Кінәні мойындау туралы келісім қылмыстық іс бойынша жәбірленуші – жеке немесе заңды тұлға жоқ болған кезде де жасалуы мүмкін (мысалы, есірткі заттарының заңсыз айналымы және тағы басқа істер бойынша).
Кінәні мойындауы шарт емес, өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауласпағанын көрсету жеткілікті болып табылады.
Өзінің құқығын сотта пайдаланған сотталушы кінәні мойындау туралы келісім жасасудан бас тартса — тергеуді жүргізу үшін прокурорға кері қайтарады. Мәжбүрлеп жасағаны туралы өтініш — прокурорға кері қайтаруға әкеп соғады.
Судья кінәні мойындау туралы келісімі бар қылмыстық іс бойынша сот талқылауын тағайындау туралы тиісті қаулы шығарады. Сот тергеуін, сот жарыссөзін жүргізбестен және сотталушыға соңғы сөз берместен жүзеге асырылады. Сот келісімдік іс жүргізуді кінәні мойындау туралы жасалған келісім шегінде жүргізеді. Сот келісімдік іс жүргізуде, егер сотталушының жағдайын нашарлатпаса және оның қорғану құқығын бұзбаса, кінәні мойындау туралы келісімде көзделмеген шешімді қабылдауға құқылы.
Қылмыстық іс келісімдік іс жүргізу тәртібінде қаралу мерзімі — он тәулік, ерекше жағдайларда — жиырма тәулік. Басты сот талқылауы барысында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат келіп түскен жағдайда, келісім жасасуы үшін ақылға қонымды мерзім береді. Бұл ретте, қылмыстық іс прокурорға жіберілмейді, сотта қалады. Сот жаңа келісім жасасуға мүмкіндік беріп, істі прокурорға кері қайтаруға да құқылы.
Сот кінәні мойындау туралы келісімде көзделген жазадан неғұрлым қатаң жаза тағайындауға құқылы емес. Сот жазаның мөлшеріне байланысты прокурорға кері қайтара алады.
Келісімдік іс жүргізуде кінәні мойындау туралы келісімді қараудың қорытындылары бойынша ақтау үкімін шығару көзделмеген. Сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарады.Процестік шығындар болған кезде, оларды сотталғаннан өндіріп алу не оларды мемлекет есебіне жатқызу туралы көрсетілуге тиіс.
Қорыта келе, кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жасасудың негізгі мақсаты қылмыстарды жылдам және толық ашу, тергеп-тексеру және ҚР ҚПК-нің 8-бабында көзделген өзге де қылмыстық процесс міндеттерін заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау, кінәсіздік презумпциясы және қылмыстық процестің басқа да негізгі бастапқы қағидаттарын қатаң ұстана отырып, жасалған келісімге сәйкес соттың сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеруі және істің қысқартылған тәртіппен сотта талқылауын жүзеге асыруы жолымен шұғыл орындауы болып табылады.
Алматы қаласы
Медеу ауданының №2
аудандық сотының
бас маман — сот отырысының хатшысы
А.М. Нахипбекова