2025 жылғы 1 маусымнан бастап Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталды. Бұл – дарынды, бастамашыл және жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған стратегиялық бастама. Жоба Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып, бүгінгі күні еліміздің кадр саясатының маңызды элементіне айналды.
Биылғы іріктеудің ерекшелігі қандай?
Төртінші іріктеудің басты жаңалығы – салалық пропорционалды тәсілдің енгізілуі. Әрбір салалық бағыт бойынша нақты квоталар белгіленіп, үміткерлер тек өз саласында ғана бәсекеге түседі. Бұл тәсіл резервтің мемлекеттік қажеттіліктерге сай теңгерімді қалыптасуын қамтамасыз етеді.
Қатысу талаптары қандай?
Үміткерлерге қойылатын талаптар өзгеріссіз қалды:
• жасы – 35-тен аспауы тиіс;
• жоғары білімі болуы керек;
• кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы қажет;
• қазақ тілін B1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгеруі тиіс.
Қатысуға жіберілмейді:
• Президент тағайындаған тұлғалар;
• саяси мемлекеттік қызметшілер;
• «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері;
• Президенттік жастар кадр резервінің қазіргі мүшелері.
Іріктеу қалай өтеді?
2019 жылғы 27 тамыздағы №141 Президент Жарлығына сәйкес, іріктеу алты кезеңнен тұрады және 2025 жылдың қазанына дейін жалғасады.
I кезең (1–30 маусым)
Құжаттарды қабылдау арнайы ақпараттық жүйе арқылы онлайн режимде жүзеге асырылады.
II кезең (2–3, 9–10 тамыз)
Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау.
Барлық талапқа сай үміткерлер мәтінмен жұмыс істеу тестінен өтеді. Жоғары ұпай жинаған үміткерлердің 50%-ы ғана сандық ақпарат бойынша тестке жіберіледі.
Нәтижесінде – әр бағыт бойынша 100-ден аспайтын, жалпы 600 үздік үміткер келесі кезеңге өтеді.
III кезең (16–17 тамыз)
Салалық бағытқа байланысты нақты жағдайларды шешуге арналған эссе жазу. Бұл кезең онлайн форматта өтеді.
Қорытынды бойынша 300 үміткер келесі кезеңге жолдама алады.
IV кезең
Екі блоктан тұрады:
• Ассессмент-орталық (22–28 тамыз) — Мемлекеттік басқару академиясы базасында оффлайн өтеді. Үміткерлердің көшбасшылық, аналитикалық ойлау, проактивтілік және басқа да басқарушылық қабілеттері бағаланады.
• Құзыреттер бойынша сұхбат (23–28 қыркүйек) — кәсіби HR-мамандармен өткізіледі. Үміткердің ішкі мотивациясы мен құндылықтық бағдарлары анықталады.
Бұл кезеңнің қорытындысы бойынша 150 қатысушы таңдалып алынады.
V кезең (8–15 қазан)
Сараптамалық комиссиямен сұхбат. Нәтижесінде 100-ден аспайтын үміткерден тұратын тізім Ұлттық комиссияның қарауына ұсынылады.
VI кезең (25 қазанға дейін)
Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, ең үздік 50 үміткер Президенттік жастар кадр резервіне қабылданады.
Жастарға үндеу
Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер мен жаңа сын-қатерлер алдында тұр. Мұндай кезеңде кәсіби, прогрессивті және нәтижеге бағытталған мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыру ерекше маңызды. Мемлекеттік аппаратқа – білімді, адал әрі еңбекқор жастар қажет. Олар елге қызмет етуді өз борышы санайды.
Президенттік жастар кадр резерві – бұл жай ғана мансап мүмкіндігі емес. Бұл – ел тағдырына әсер ету, үлкен өзгерістердің бір бөлшегі болу, халық игілігі үшін еңбек ету мүмкіндігі.
Құрметті жас азаматтар!
Егер сізде күш-жігер, елге деген жанашырлық және өзгерістерге ұмтылыс болса – осы мүмкіндікті жіберіп алмаңыз! Іріктеуге қатысыңыз, еліміздің болашағын бірге қалыптастырайық!
Қазақстан болашағы – сіздердің қолдарыңызда!
Алматы қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Департаментінің бас маманы Есмағанбетова А.Т.