Полиция органына қылмыс немесе оқиға болғандығы туралы арызбен шағымданған кезде, арызды тіркеумен қатар жедел кезекші бөлімі өтініш берушіге хабарлама-талонын береді. Хабарлама-талон екі бөліктен тұрады: қылмыстық қудалау органында қалатын хабарлама және талонның артқы жағында өтініш берушіге берілетін ескерту талоны.
Ескерту-талонының артында келесі мәліметтер көрсетілген: http://service.pravstat.kz интернет-ресурсының мекенжайы, 1012 (SMS қызметі), 8-800-080-7777 (қалалық телефоннан), 1414 (ұялы телефоннан) және өтінішті қабылдаған қылмыстық қудалау органының телефон нөмірлері, өтініш беруші сол арқылы өзіне керекті ақпаратты ала алады.
Егер сіз полиция бөліміне келген болсаңыз және қандай да бір себептермен олар өтінішті қабылдаудан бас тартса немесе сізді мекенжайыңыз бойынша басқа полиция бөліміне жіберген болса, басқа орган немесе басқа бөлім осындай қылмыстарды тергеп жатыр немесе ертең шағымдануыңыз керек, жұмыс күні аяқталды және өтінімдер бүгін қабылданбайды деген желеумен арызыңызды қабылдамаса, келесі қадамды жасау қажет. Яғни, полиция қызметкерлерінің әрекеттері «Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы мәлімдемелерді, хабарламаларды немесе баянаттарды қабылдау және тіркеу, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімін жүргізу ережесін бекіту туралы» ҚР Бас Прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі №89 бұйрығымен реттеледі. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздар мен хабарламаларды, кез келген жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы басқа ақпаратты, олардың жасалу орны мен уақытына, аумақтылығына, сондай-ақ, хабарланған мәліметтердің толықтығына қарамастан қабылдауды полиция органының кезекші бөлімі тәулік бойы жүзеге асырады.
Кезекші бөлім қызметкерлеріне тіркеуге тиісті шараларды қабылдау үшін, өтініштерді «Qamqor.gov.kz» интернет-ресурсы арқылы жіберуге мүмкіндік қарастырылған. Егер сіздің өтінішіңіз қараусыз қалдырылса, сізге жазбаша түрде себеп түсіндірілген хабарлама келу қажет.
Сондай-ақ, сіз өз өтінішіңізді пошта арқылы жібере аласыз, бұл жағдайда ол кіріс хат-хабардың жалпы ережелеріне сәйкес полиция бөлімінде тіркеледі, содан кейін ол 24 сағат ішінде Ақпаратты есепке алу кітабында қайта тіркелуі керек. Орындаушы қабылданған шешім туралы өтініш берушіге жазбаша түрде хабарлауға, сонымен бірге оған қабылданған процессуалдық шешімге шағымдану құқығын түсіндіруге міндетті. Осылайша сіз осы құқық бұзушылықты кім қарастыруы қажеттігіне қарамастан, өтінішіңізді кез келген полиция басқармасына немесе бөліміне беруіңізге болады.
Егер өтініш қабылданбаса, сізге полиция бөлімі орналасқан аумақтық прокуратураға немесе ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің жергілікті басқармасына жүгінуіңіз керек (Алматы қаласы бойынша телефон номері +7 727 2614688, 87001117080). Бұл жағдайда, егер мүмкін болса, жауапты тұлғалардың бас тарту жағдайын растайтын куәгерлердің болуы немесе осы фактінің бейне немесе дыбыс жазбасы болғаны жөн. Прокуратура органдары өтінішті қабылдаудан бас тарту фактісін анықтаған кезде, прокурормен тиісті шаралар қолданылады. Өтінішті қабылдаудан бас тартқаны үшін полиция қызметкері тәртіптік жазаға тартылады және қайталанған жағдайда қызметкерді ішкі істер органдарынан босатуға дейін шешім қабылданады.
Г.Тулеубаев,
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің
Алматы қаласы бойынша басқармасының аға прокуроры