12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

​​​​​​​Перизат СӘДУАҚАС, ҚР Жоғарғы Соты Коммуникация бөлімінің меңгерушісі: «БИШІМБАЕВ СОТЫНЫҢ АШЫҚ ӨТУІ – ТАРИХИ ОҚИҒА»

– Перизат Құрманқызы, ауыр айып тағылған Бишімбаевтың сот процесін онлайн өткізу не үшін қажет болды? Бұл саяси тапсырыс па, әлде ҚР Жоғарғы Сотының тарапынан қабылданған шешім бе?

– Әрине, бұл ешқандай да тапсырыс емес. Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс сотқа келіп түскеннен бастап біздер бүкіл әлеуметтік желілерге, бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізе отырып, халықтың осы іске деген ерекше қызығушылығын, «Қылмыстық іс қалай қаралады, шығарылатын сот үкімі қаншалықты әділетті болады? Сот ашық әлде жабық есік артында өте ме? Оған халықтың қандай да бір пікірінің ықпалы бола ма?» деген сұрақтың қоғамды алаңдататынын байқадық. Дәл осы оқиғаға деген қоғамдағы резонансты ескере отырып, Жоғарғы Сот пен ҚР Сот әкімшілігінің басшылығы Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істі тікелей эфирде онлайн трансляция арқылы өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл – алғаш рет тікелей эфирде өтіп отырған сот отырысы.

– Сот отырысын онлайн режимде өткізу соншалықты қиындық тудырмаған болар? Өйткені, қазақстандық сот жаңа технология жетістіктерін жан-жақты қолдануда көш басында тұрған құрылым.

– Әрине, алғаш рет ұйымдастырып отырған соң қиындық болды. Өйткені, біріншіден ел аумағындағы кез келген деңгейдегі яғни, аудандық, облыстық болсын соттардың материалдық базасы тікелей эфирде онлайн трансляция өткізуге бейімделмеген. Әр соттың өзінің процессуалдық ерекшелігі бар. Кейбір сот ғимараттары ескі болса, кейбірі онлайн трансляция көзделмегендіктен, процеске қажетті белгілі бір техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Ал, аз ғана уақыт ішінде бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ешбіріне шектеу қоймай, барлығын сот залына кіргізіп, онымен қоса ел аумағына ешқандай кідіріссіз, тоқтаусыз, аптасына бірнеше рет онлайн трансляция өткізу оңай емес. Осы тұрғыдан алғанда үлкен қиындық туды. Дегенмен, Жоғарғы Сот пен Сот әкімшілігі өте қысқа мерзім ішінде әкімшілік және кадрлық ресурстарды пайдалана отырып, тәуекелге барды. Сөйтіп бұл қиындықты жеңді деп айтсам болады. 27 наурыздан 24 сәуірге дейін 30 тікелей эфир ұйымдастырылды. Бұл 80-нен астам эфирлік сағат дегенді білдіреді.

– Сот үрдісін бұлай ашық өткізуге қатысты қоғамда әртүрлі пікір айтылуда. Біреуі қажет десе, енді бірі дұрыс болмады деп жатыр. Сіздер қандай пайдасы болды деп ойлайсыздар? Өз тараптарыңыздан қоғамдық пікірді зерделеп отырған боларсыздар?

– Артықшылығы – ашық сотты Қазақстанның кез келген түкпірінде, тіпті шалғай қыстақтарда орналасқан әрбір тұрғын смартфон, телеарна арқылы көре алады. Өйткені, бүкіл әлеуметтік желі арқылы процестің трансляциясы жүріп жатыр. Негізгі трансляция әрине, Жоғарғы Соттың ютуб арнасында өтуде. Бірақ біз ешкімнен ешқандай авторлық құқық талап етпей, барлық қалаған, ниет білдірген бұқаралық ақпарат құралдарға, әртүрлі порталдарға, ақпараттық ресурстарға трансляцияны тегін тарату мүмкіндігін беріп жатырмыз. Бұл тұрғыда монетизация, қойылып жатқан артық талап жоқ. Мысалы, қазір біздің трансляцияны көрсетіп жатқан Тенгриньюстің көрермен саны артуда. Оны біз көріп отырмыз. Сондықтан артықшылығына келетін болсақ, әр адам, әр оқырман, тіпті тек қазақстандық емес, алысжақын шет ел азаматтары да осы сот отырысын бар қалпында ашық түрде көріп жатыр. Оның тікелей эфирі де, жазбасы да алдарында тұр. Осылайша сот төрелігін ашық және жария түрде көрсету арқылы қазақстандық сот бұл аса ауыр қылмыстың қаралуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз етіп отыр. Яғни, онлайн трансляциямен адам құқықтарын қорғай отырып, негізгі демократиялық прициптердің сақталуына мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, бұл эфирлер жалпы қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыруға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде. Жас ерекшелігіне қарамастан ел азаматтары осы процесті көру барысында сот процесін жүргізудің мәдениетін, қорғаушының, әрбір қатысушы тараптың өзін-өзі ұстау этикасы, сөз мәнерін көкейге түйіп, «сот қандай жағдайда үкім шығарады, қалайша қаулы етеді, неге трансляция тоқтатылады, сот жабық өтеді?» деген сұрақтарға жауап алып, құқықтық сауатын көтерді. Дәл осы онлайн трансляция Алқа билердің қатысуымен алғаш рет өтіп жатыр. Алқа билерді неге фотоға, видеоға түсіруге болмайды, оның себептері қандай? Бұл сұраққа да жауап берілді. Сондай-ақ, қылмыстың куәсі болсаң, ол жайлы құқық қорғау органдарына уақытында хабарлау қажеттігі, керісінше жағдайда сен де қылмыстың қатысушысы болатыныңды осы онлайн трансляция тәжірибе жүзінде түсіндіріп отыр. Иә, біз де әлеуметтік желідегі пікірлерді оқып жатырмыз. Олардың көпшілігі жағымды. Тағы бір артықшылығы – сот процесі жайлы кез келген адам өзінің пікірімен бөлісе алады. Бұл бізге оның артықшылығын да, кемшілігін де зерделеуге мүмкіндік беруде.

– Сот отырысын өткізуге қанша маман жұмылдырылды?

– Сот отырысының онлайн трансляциясын өткізуге Жоғарғы Соттың коммуникация бөлімі жетекшілік етуде. Астана қаласы сотының баспасөз қызметімен бірге Астана қаласы бойынша сот әкімшілігі департаментінің қызметкерлері, операторлар, инженерлер, IT мамандар тікелей эфирде сот отырысын өткізуге жұмылдырылып отыр. Бүгінгі таңда оннан аса маман күнде осы трансляция бойынша жұмыс істейді. Мысалы трансляция 9.30-да басталатын болса, біз 8.30-дан бастап оны дайындап, тікелей эфирдің сигналдарын тексеріп, эфир барысында ешқандай кедергі болмауын қадағалаймыз. Күні бойы ІT мамандар тікелей эфирдің және бейнелердің сапалы өтуін қамтамасыз етеді. Залда қазір 2 бейнекамера жұмыс істеуде. Оларда тұрған операторлар күні бойы отырмай, тікесінен тік тұрып, жеті-сегіз сағат эфирді өткізеді. Тіпті судья түскі үзіліс жариялағанның өзінде, біз демалмай келесі эфирге дайындаламыз. Түскі ас ішуге уақыт болмайды. Эфирге дайындаудан бөлек, сот процесінде айтылған мәліметтер, олар жайлы қабылдаған шешімдер жайлы БАҚ-ты, жалпы қоғамды жедел, сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін мәліметтерді өңдеп, материалдар жазумен, таратумен, түсіп жатқан жүздеген жедел сауалға жауап берумен айналысамыз. Мұның бәрі тікелей эфир барысында өтіп жатады.

– Қоғамдық пікір ретінде комментарийлердің сарапталатынын айттыңыз. Олар не дейді? Айтпақшы, Байжановтың сөзінің дұрыс аударылмағанына байланысты наразылық туды. Аудармашыға қатысты осындай базынаны бұрын да естуші едік. Жалпы соттағы аудармаға қатысты үлкен мәселе бар. Мұның шешілуіне не кедергі?

– Әрине, Жоғарғы Соттың Коммуникация бөлімі мүмкіндігінше әлеуметтік желілер яғни, инстаграмм, тик-ток, фейсбук, ютубтағы барлық осы сот ісіне қатысты пікірлерді сараптап, зерттеуге тырысады. Сол арқылы қай жерде қандай кемшілік барын анықтаймыз. Оны және дер кезінде басшылыққа жеткізіп отырамыз. Өткен отырыста күдікті Байжановтың сөзін мемлекеттік тілге дұрыс аудармай жатыр деген аудармашылардың кәсібилігіне қатысты қоғамның сыны басшылыққа тез арада жеткізіліп, ол бойынша тиісті шешім қабылданды. Дәл қазір аудармашы ауыстырылды. Осының өзі комментарийлердің талданып, ол бойынша дер кезінде шешім қабылданатынын көрсетсе керек. Расында, сот жүйесіне білікті аудармашыларды тарту, сот отырыстарына қатыстыру өте қиын. Мұндағы ең басты мәселе – аудармашы еңбекақысының төмендігімен байланысты. Бүгінде аталмыш мәселе қаралу үстінде. Жалпы халықтың білім деңгейі, құқықтық сауаты әртүрлі болғандықтан, пікірлер де сан алуан. Дегенмен, бұл сот процесінің ашық және жария түрде өтуі Қазақстан халқының ғана емес, алыс және жақын шет елдер, әртүрлі халықаралық ұйымдар, сарапшылар, медиатұлғалар, блогерлер тарапынан жақсы бағаланып отыр. Өйткені, мұндай резонансты сот процесінің тікелей онлайн трансляциясы ТМД, тіпті әлемде болмаған үрдіс. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бұл тұрғыда сот жүйесі тарихында үлкен бетбұрыс жасады деп батыл айтуға болады.

– Бұл процесті көрушілердің саны, құрамы жайлы да дерек бар болар… Кімдер көп қызығушылық танытып жатыр?

– Онлайн трансляцияны көрушілердің 77,2 пайызы әйел адамдар, 27,2 пайызы ер адамдар. Жоғарғы Соттың ютуб арнасындағы жазбасының қаралымы 27 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін 2 млн 400 мыңнан асып тұр. Ал, Жоғарғы Соттың трансляциясын өздерінде ретрансляция жасап отырған аудиториясы көп Тенгри твның дәл қазіргі қаралымы 35 млн 392 мыңнан асып отыр. Бірақ бұл статистика сәт сайын ауысуда. Одан кейін онлайн трансляцияны көрші елдер де көріп отыр. Қазіргі таңда қазақстандық көрермен саны жалпы көрерменнің 66, 8 пайызын құраса, екінші орында 15,6 пайызбен Ресей тұр. Одан кейінгі кезекті пайыздық көрсеткіш деңгейімен Қырғызстан, Германия, АҚШ, Украина, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Беларусь, Өзбекстан және тағы басқа мемлекеттер жалғастыруда. Көрермендердің 35,3 пайызы 25-34 жас аралығындағы тұрғындар. 35-44 аралығындағы көрермендер екінші орында тұр. Олар жалпы көрермендердің 24,6 пайызын қамтыған. Одан кейін 16,8 пайызбен 18-24 аралығындағы көрермендер тұр. 45-54 жас аралығындағы көрермендер – 10, 4 пайыз. Ең төменгі көрсеткіш – 13– 17 жас аралығындағылар.

– Келем деген журналистің бәріне есік ашық па? Әлде кейбіріне онлайн көруге ғана рұқсат етілген бе? Ресейлік журналист Ксения Собчактың командасымен сот залынан орын алуы отандық журналистердің ашуына тигендей. Собчак ханым бұл процеске кім ретінде қатысуда? Ол да Сіздер арқылы тіркелді ме?

– Журналистерден кім және қай кезде қатысса да ешқайсысына кедергі жоқ. Олар тек өткенде алқабилердің фото, видеолары таратылған кезде қызметтік тексерістің жүргізілуіне байланысты уақытша залдан шығарылды. Бірақ осы дүйсенбіден бастап бәрі залға қайта кіргізілді. Ксения Собчакқа қатысты айтар болсам, Жоғарғы Сот шетелдіктердің ешқайсысына осы сот процесіне шақыру жолдаған жоқ. Ксения Собчак өз ықтиярымен сот отырысына бұқаралық ақпарат өкілі ретінде емес, келуші ретінде қатысуға ниет білдірді. Тиісті тексеруден құжаттары өтіп, ашық сот процесі болғандықтан, оған қатысуға мүмкіндік алды. Жалпы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстан азаматы болсын, шет ел азаматы болсын, сотқа келіп қатысуға толық құқылы.

– Әңгімеңізге рақмет.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Осужденные женщины сыграли спектакль

В учреждении №10 Департамента УИС по г. Алматы, Алматинской...

Сотталған әйелдер әртістерге спектакль қойды

Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ Департаментінің...

Ерлер-жердің қорғаны, елдің тұтқасы

Қызылорда облысы бойынша Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне...

Семейде №19 мекеме қызметкерлері тыл ардагерлерін Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады

Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №19 мекемесінің қызметкерлері...