АҚШ, Ұлыбританияда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендерді тек жазаға тартып қоймай, психологиялық түзету жұмыстарына жібереді. Мұндай қылмыстың түп-төркіні көбіне психологиялық травмалармен, бақылаусыз агрессиямен және теріс әлеуметтік тәжірибемен байланысты екенін мамандар да жиі айтады. Олай болса біздің елде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендерді түзеу жұмысы қалай жүріп жатыр және оны қалай жақсартуға болады?
Ішкі істер министрлігінің бізге берген дерегінше, 2023 жылы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 127 мыңнан астам өтініш тіркелген. Бұл оның арғы жылмен салыстырғанда 15%-ға жоғары. Соның ішінде 2 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалса, 400-ге жуық адам әйеліне, баласына, не бірге тұратын жақынына ауыр дене жарақатын салғаны үшін бостандықтан айырылған. Биыл 4 айда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 1 111 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Министрлік аса ауыр қылмыс 21%-ға, ауыр қылмыс 22%-ға, кісі өлтіру 25%-ға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері 28%-ға азайғанын алға тартып отыр. Осы статистиканың өзі отбасындағы зорлық мәселесінің ушығып тұрғанын көрсетеді.
Елде 2024 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңқабылданды. Заңға сәйкес, денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат келтірген адам екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал ұрып-соғу үшін 50 тәулікке дейін қамалуы мүмкін.
Халықаралық тәжірибе тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту үшін жауапкершілікті күшейтіп қана қоймай, қол көтерген адаммен психологиялық түзеу жұмыстарын қамау орындарында және бостандықта жүргізеді.
Қазақстанда да тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушылармен профилактикалық әңгіме, психологиялық, әлеуметтік жұмыстар қарастырылған. Сонымен қатар түзеу мекемелерінде де сотталушылармен психологтар жұмыс істейді.

Қылмыстық атқару жүйесінің бізге берген мәліметінше, қазір елдегі 78 түзеу мекемесінде 30 мыңнан аса адам жазасын өтеп жатыр. Соның ішінде ауыр 19 008, аса ауыр қылмысқа барған сотталған 13683 адам бар. Оларды түзету жұмысына 200-ден аса психолог қамтылған. Жалпы Қазақстанның түзеу мекемелерінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін сотталған азаматтармен психологиялық жұмыстар белгілі бір дәрежеде жүргізіледі. Дегенмен бұл жұмыстар көбіне кадр тапшылығы мен бағдарламалардың жетілмеуі салдарынан толық нәтиже бере бермейді. Түзеу жүйесіндегі мамандардың бізге айтуынша, мұндай қылмыс жасағандардың көпшілігі бала кезінен зорлық-зомбылық көріп өскен, агрессияны қалыпты жағдай деп санайды.
Алматыдағы ҚАЖД қарасты қауіпсіздігі аралас №12 түзеу мекемесінде әртүрлі сипаттағы қылмыс жасаған сотталғандар жазасын өтеп жатыр. Соның ішінде жеңіл, орташа, ауыр, аса ауыр қылмыс жасағандар да бар. Мұндағы сотталғандармен түзеу жұмысы қылмысына қарап жеке-дара жүргізілмейді. Барлығына тәртіп ортақ, оларды түзету жұмысы да бірдей. Мекеме ең алдымен олардың әлеуметтік жағдайын, отбасымен қарым-қатынасын басты назарға алып, қоғамға қайта бейімдеу бағытында жұмыстар жүргізеді екен.
«Ай сайын сотталғандардың отбасын, балаларын шақырып ашық есік күндерін өткіземіз. Өйткені бұл түзелуге итермелейтін маңызды мотивациялық фактор. Құқықтық түсіндіру сабақтарын тұрақты түрде жүргіземіз. Әр жасақ аптасына екі рет құқықтық сабақтарға қатысады. Оған прокуратура, Әділет министрлігі, әлеуметтік қызмет орталығының мамандары заңнамаларға енгізілген өзгерістер туралы кең көлемді ақпарат береді. Негізінен, сабақтар топтық форматта өтеді. Барлық сотталғандар тыңдап заңдармен, құқықтық өзгерістермен танысады. Жеке сұрақтары бар азаматтар мекеме бастығымен немесе тәрбие бөлімінің қызметкерлерімен қосымша жеке қабылдауға келе алады», дейді мекеме теологы Айболат Ержанұлы.
«Түзеу мекемесіндегі мәдени іс-шаралар мен психологиялық тренингтерге қатысу әр адамның өз еркінде. Кейбірі «маған керегі жоқ», «ештеңе өзгермейді» деп қатысудан бас тартады. Бірақ уақыт өте келе өзгелердің өзгергенін көріп, олар да қызығушылық танытады», дейді Айболат Ержанұлы.
Шымкент қаласы және Түркістан облыслық ҚАЖД 54 мекемесінің Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет майоры Қуаныш Қасымбековпен де тілдесіп қайтқан едік. Ол қызмет істейтін мекемеде 800-ден астам сотталған бар. Осынша адамға мекеменің тәрбие бөлімінде үш психолог маман жұмыс істейді. Оның екеуі штаттық қызметкер, біреуі келісімшартпен тартылған. Орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде де әртүрлі, негізінен ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін сотталғандар да бар. Бірақ бұл сан нақты айтылмайды. Өйткені біздің елдегі түрмелерде жақындарын жазым қылып, озбырлық көрсеткендердің есебі бөлек жүргізілмейді. Басқа қылмыстармен бірдей «адам өлтіру» бабымен үкім шығарылады. Жалпы алғанда, олардың үлесі шамамен 10 пайызға жуық. Мұнда да сотталғандарға бірдей күн тәртібі мен тәрбиелеу процесі қарастырылған, ешкімге ерекше түзеу жұмысы жүргізілмейді.
«Отбасына озбырлық қылғандарға тәрбиелеу немесе түзету жұмыстарының арнайы бағдарламасы болмайды. Егер сотталғанның жүріс-тұрысынан қандай да бір ауытқулар байқалса немесе психолог тарапынан ұсыныстар берілсе, сол жағдайда ғана оларға ерекше бақылау қойылады», дейді түрме қызметкері. Оның айтуынша, осындай қылмыспен түскендердің шамамен 40 пайызы қайта қылмыс жасайды. Кейбір сотталғандар сот шешімімен жазасының бір бөлігін шартты жазаға ауыстыру арқылы пробация қызметінің бақылауына беріледі. Егер олар белгіленген тәртіпті бұзса немесе пробациялық бақылауға уақытылы келмесе, сот қаулысымен қайтадан осы мекемеге жіберіледі. Мұндай сотталғандарды мерзімінен бұрын босату немесе жазасын жеңілдетуге ауыстыру мүмкіндігі сотпен қарастырылады. Сотталған жазасының үштен бір бөлігін өтеген соң жеңілдетілген жағдайға ауысуға, ал жазасының тең жартысын өтеген жағдайда шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға өтініш білдіруге құқылы. Сотқа ұсыныс жібермес бұрын алдымен жәбірленушіге және оның жақын туыстарына алдын ала хабарлама жіберілуге тиіс. Егер олар бұл адамнан қайта қылмыс жасайды деп қауіптеніп, босатуға қарсылық білдірсе, сотталған мерзімінің соңына дейін жазасын өтеуін жалғастырады. Алайда соңғы шешім соттың құзырында болады.
Психологиялық жұмыс пәрменді ме?
Алматы облысы және Жетісу облыстық ҚАЖД-не қарасты №10 мекемесінде қазір 700-ге жуық әйел жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында қиын өмірлік жағдайда болған, талай жыл зорлық-зомбылық көрудің салдарынан қылмысқа барған тағдыры түрлі жандар отыр. Ал осындай психологиялық көмек аса қажет мекеменің өзінде 2 психолог жұмыс істейді. Оның бірі – Аянат Минжанова. Өзінің айтуынша, олармен жұмыс істеу өте күрделі әрі көпқырлы мәселе. Өйткені әйел адамның ауыр қылмысқа баруына әртүрлі фактор себеп болуы мүмкін.
«Бізде ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар да кездеседі. Араларында өз отбасындағы ұзақ жылдар бойы қорлық пен қысымға шыдай келе, ақыр соңында ауыр қылмысқа барған әйелдер де аз емес. Әйелдердің дер кезінде отбасынан кетпей, соңына дейін шыдап қалуының ең басты себебі – ұлттық менталитет. «Барған жеріңнен қайтып келме», «Ұят болады», «Балаларың үшін шыда» деген сияқты ұғымдар қазақ әйелінің санасына бала кезден сіңірілген. Әйелдер көбіне «Бәлкім, ертең бәрі өзгереді» деп үміттенеді. Күйеуін әлі де жақсы көріп, оны кешіре береді. «Әкесі бар бала болып өссін» деген ниет те олардың шешіміне әсер етеді. Алайда осының бәрі кейін өте күрделі, қайғылы оқиғаларға әкеліп соғуы мүмкін», дейді маман.
Оның айтуынша, жазасын өтеуге жаңадан келген сотталған алдымен екі апта карантин бөлімінде болады. Осы уақытта олармен барлық сала мамандары, соның ішінде психолог та жеке жұмыс жүргізеді. Ең алдымен әңгімелесу, сұхбат арқылы сотталушының психологиялық жай-күйі анықталады. Қажет болса, арнайы психодиагностикалық әдістемелер қолданылады. Осы кезеңде оның өзін-өзі зақымдауға бейімділігі, мінез ерекшеліктері, ішкі күйзелісі сияқты түрлі белгілерге назар аударылады. Егер ауытқушылық байқалса, жеке бақылауға алынады. Содан кейін алты айға дейін топтық және жеке кеңес беру жұмыстары жүргізіледі. Осы бағытта арнайы жоспар мен бағдарлама негізінде эмоционалдық тұрақтылықты арттыру, өзін-өзі тану, ашуды басқару, қарым-қатынас орнату сынды тренингтер ұйымдастырылады. Жеке жұмыстар аптасына кемінде үш рет өткізіледі. Бұдан бөлек, психолог олармен күнделікті кездесіп, сырттай бақылау жасайды екен. Топтық жұмыстар әр аптаның жұмасында міндетті түрде өтеді. Кейде сотталғандардың өз тарапынан ұсыныс түссе, жоспардан тыс та топтық жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндағы сотталғандар қылмысына қарай бөлінбейді. Яғни жеке жұмыс жүргізуде нақты шектеу немесе айырмашылық жоқ. Дегенмен маман ұзақ жыл зорлық көрген сотталғандармен қосымша психологиялық жұмыс міндетті түрде жүргізілетінін жеткізді. Өйткені мұндай адамдар көбіне күйзеліс пен терең стресс жағдайында болады.
«Жалпы алғанда, психолог мамандары қаншалықты көп болса, соғұрлым жақсы. Бұл салада артық маман болмайды» дейді Аянат Минжанова. Өйткені әрбір сотталғанмен жеке жұмыс жүргізу керек, ал бұл үлкен жауапкершілік пен уақытты талап етеді. Оның үстіне күнделікті бір маманның бет-жүзін көре беру де сотталғандарды мезі етуі мүмкін. Сондықтан түрме психологы сырттан мамандар шақырып, сотталғандармен тренингтер ұйымдастыруды дәстүрге айналдырудың маңызын ерекше айтып өтті.
Шымкент қаласындағы №54 түзету мекемесінің аға инспектор психологы, әділет капитаны Молдир Жайсанбекова Қостанай заң академиясының психология және педагогика мамандығын бітірген. Осы салада қызмет етіп келе жатқанына 13 жыл болыпты. Ол мекемедегі 800 сотталғанның психологиясын өзгертуді міндетіне алған штаттағы екі маманның біреуі. Өйткені үшінші психолог келісімшартпен жұмыс істейді. Ал мұнда жеңілден бастап ауыр қылмысқа барған сотталғандар отыр.
Әр психолог күніне кемінде 30-40 адаммен жұмыс істейді. Бірінші кезекте есепте тұрған, жоғары қауіп санатына жататын сотталғандармен, ары қарай бейімделіп, өзін-өзі тәрбиелеу дағдысы қалыптасқандармен әрі қарай жұмыс жалғасады. Жалпы алғанда аптасына екі рет топтық жұмыс, жеке жұмыс күнделікті жүргізіледі.
«Кейбір сотталғандарға тренинг әсер етпесе, терең психологиялық жұмыс жүргізуді қайта басынан бастаймыз» дейді ол. Өкінішке қарай, осындай кезеңде үкіметтік емес ұйымдар тарапынан кәсіби психологтардың қолдауы ауадай қажет. Бірақ нақты бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылмаса да, жылына төрт рет арнайы уақыт белгіленген. Сол кезеңдерде басқа өңірлерден психолог мамандарды шақырып, дөңгелек үстелдер, топтық тренингтер өткізіледі. Сол кезде барлық сотталған үлкен акт залында жиналып, тренингке қатысады. Түзеу мекемесінде күнделікті жұмыс істейтіндіктен кейде олар мекеме психологына бәрін ашық айта бермеуі де мүмкін. Сондықтан сырттан мамандардың келуі жұмысты жеңілдете алады. Әлгінде айтқандай, мұнда да сотталғандар жеке және топтық жұмыстарға қатысудан бас тарта алады.Оларды мұндағы мамандар мәжбүрлеп психологиялық жұмысқа тартуға құқығы жоқ. Мәселен, кейбір сотталғандар топтық тренингтерге қатысудан үзілді-кесілді бас тартады. «Мұндай жағдайда біз олармен жеке жұмыс жүргіземіз. Кейбірі «бостандыққа шыққан соң әйелімнен немесе оның ата-анасынан кек аламын» деп ашық айтады. Бұл олардың әлі де түзелуге дайын емесін көрсетеді. Ондай сотталғандармен жекелей жұмыс жүргіземіз, олардың өткен өмірін, отбасындағы жағдайларын, психологиялық жарақаттарын зерделейміз» дейді ол. Қарап отырсақ, әртүрлі мінез-құлықтағы сотталғандарды түзеуге бар болғаны 3 психолог маман қызмет көрсетеді. Сонда әрбір 100 сотталғанға 1 психолог қажет. Соның ішінде топтық жұмыстан бас тартатын, мінез-құлқын өзгерту қиын, агрессивті адамдарды жеке қабылдау мамандардың жұмыс сапасына әсер етері анық.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әлемдік тәжірибеге де ұдайы назар аударып келеді. Министрлік 70 дағдарыс орталығымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Соның ішінде 50 орталық тек тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетуге маманданған. Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына ғана көмек көрсетіліп, агрессорларға қатысты тек қудалау шаралары қолданылып келген. Бұл тиімді нәтиже бермеген. Сондықтан 2023 жылғы наурыздан 2025 жылдың қаңтарына дейін осы мақсатта министрлік Фридрих Эберт қорының әдістемелік қолдауымен ODARA тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелін бағалаудың халықаралық құралын енгізуде пилоттық жоба жүргізіпті. Жоба қорытындысымен отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар мен азаматтардың қайталама өтініштерінің саны төмендеген. Пайызбен алғанда, 15%-дан 7,9%-ға азайған. Айта кету керек, агрессор психологиялық курстан өткен отбасыларда тұрмыстық жанжалдар қайталанбаған. Осы пилоттық жоба барысында алынған деректер негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелін бағалауда отандық стандарт әзірленіп, бекітілген. «Қабылданып жатқан ұйымдастырушылық және құқықтық шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда әйелдердің құқықтарына қол сұғатын қылмыстар саны екі есе азайды», дейді министрлік. Демек озбырларға арналған кешенді психологиялық жұмыстың нәтиже беретіні осыдан белгілі. Десе де шетелдегідей үйдегі жуан жұдырықты жөнге салатын нақты бағдарламалар мен міндетті терапия түзеу мекемелерінде түбегейлі енгізілмей отыр.
Шикі баптардағы мәселенің басын ашу керек
Адвокат Айман Омарова сотталғандармен жұмыс істеуде толық жүйе қалыптаспаған, түзеу жүйесі шын мәнінде дұрыс жұмыс істемейді дейді.
«Сотталған азаматтардың ешқайсысымен сапалы психологиялық жұмыс жүрмейді. Біз әлі күнге дейін психология деген ұғымның маңызын толық түсініп, қабылдай алмай келеміз. Қазір жұмыс істеп жүрген психологтардың басым бөлігі тек формалды тесттермен шектеліп отыр. Олар бір стандартты әдістемелерді жаттап алған, бірақ терең психологиялық талдау жасау, нақты жағдайды зерттеу, әлемдік тәжірибені салыстырып қарау деген секілді ғылыми тәсілдер мүлде қолданылмайды. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдің немесе зорлық-зомбылық құрбаны болған баланың психологиясын зерттеу, оны сауықтыру өте нәзік әрі кәсіби тәсілді талап етеді. Бұл бағытта шетелдік тәжірибе, әсіресе АҚШ, Германия сынды елдердің әдістемелері алдыңғы қатарда тұр», дейді ол.
Егер біз шын мәнінде реформаны жүзеге асырғымыз келсе, оны азаматтық қоғамның, құқық қорғаушылардың, халықаралық ұйымдардың қатысуымен, ашық диалог және деректерге негізделген тәсілмен жүзеге асыруымыз керек. Түрме – бұл жай ғана жазалау орны емес, бұл – адамды қайта әлеуметтендіруге, оның жеке басын түзетуге бағытталған әлеуметтік институт болуға тиіс», дейді.
Халықаралық тәжірибе: Психологиялық түзеу бағдарламасы
Бүгінде көптеген дамыған, соның ішінде АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Норвегия, Австралия сынды елдерде отбасында күш көрсеткен сотталғандармен арнайы психологиялық түзету бағдарламалары міндетті түрде жүргізіледі. Олар абақтыда отырса да, бостандықта шартты жаза алса да бұл бағдарламадан өтпей қалмайды. Бұл жұмыстармен психологиялық білімі бар кәсіби мамандар айналысады. Кейбір елдерде арнайы дайындықтан өткен түзету кеңесшілері, клиникалық психологтар, тіпті топтық терапия жүргізетін әлеуметтік қызметкерлер тартылады.
Мысалы, Ұлыбританиядағы IDAP бағдарламасы бес кезеңнен тұрады. Алғашқысы – сотталған адамның ішкі күйін, агрессия деңгейін, мінез-құлқын зерттеу. Екінші кезеңде ол өз қателігін түсініп, мойындауға үйренеді. Үшінші кезеңде қоғамға, әйелге, отбасына деген көзқарасын өзгертуге бағытталған жаттығулар басталады. Төртінші және бесінші кезеңдер алынған білім мен дағдыны нақты өмірде қолдану, талдау, психологиялық бақылауға ұласады. Ал АҚШ-та сот шешімімен міндетті түрде тағайындалатын Batterer Intervention Program түзету бағдарламасы бар. Бағдарламаға қатысудан жалтарса, қылмыстық жауапкершілік қарастырылып, жауапты адам қайтадан сот алдына шақырылады. Құрбанды қорғау шаралары күшейтіліп, электронды білезік, қозғалысты бақылау құрылғылары тағайындалуы мүмкін. Калифорнияда жүргізілген зерттеулерге сәйкес, BIP бағдарламасын аяқтамағанқатысушылардың қайта қылмыс жасау деңгейі 65% болса, бағдарламаны аяқтағандардың көрсеткіші 20%-ы құраған.
Тақырыпты зерттеу барысында біз АҚШ-тың Миннесота штатындағы дәл осындай Domestic Abuse Project жобасының атқарушы директоры Амиртини Кифиді әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, Domestic Abuse Project бағдарламасы 1975 жылы басталған. Ол кезде АҚШ-та тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қозғалыс негізінен жәбірленушілерге арналған баспаналар мен шұғыл көмек орындарын құруға бағытталған. Алайда психоэмоционалдық қолдау көрсету бағдарламалары, әсіресе толыққанды психологиялық көмек көрсету жүйесі жоқтың қасы болыпты. «Осы жағдайға байланысты штат губернаторы арнайы жұмыс тобын құрып, жәбірленушілерге психоәлеуметтік көмек көрсететін жүйені әзірлеуді тапсырды. Біздің ұйымның негізін қалаушылар осы міндетпен қатар зорлық-зомбылық жасаған адамдарға арналған бағдарламаны да әзірлеп, іске асыруға мүмкіндік берілуі керек екенін алға тартты. Сөйтіп зорлықты тоқтату жауапкершілігін тек жәбірленушіге емес, ең алдымен, соны жасаған адамға жүктеу мақсатында қолға алынған шешім болды», дейді ол.

Салада заңмен бекітілген нақты талаптар бар. Яғни, егер бір ұйым зорлық-зомбылық мінез-құлқын түзету бағдарламасын ресми түрде мойындатқысы келсе, онда белгілі бір шарттарды орындауға тиіс. Біріншіден, бағдарлама қатысушымен кемінде 36 сағат жұмыс жүргізіледі. Екіншіден, ұйым жәбірленушімен байланысып, зорлық-зомбылық көрсеткен адамның бағдарламаға қатысып жатқанын хабарлауға міндетті. Сондай-ақ бір уақытта жәбірленушіге көмек ұсынылады. Бұдан бөлек, орталық абьюзер жеке бағдарламадан толық өткенге дейін жұптық терапия жүргізбеуге міндетті. Бұл жәбірленушінің бірлескен сессиялар кезінде қорқыныш пен қысымға ұшырамауы үшін қажет. Қазір олардың бағдарламасы 22 сессиядан тұрады. Бұл жеке және топтық терапия болып бөлінеді. «Жеке сессиялар ерекше маңызды, өйткені біз психикалық денсаулық клиникасымыз. Мамандардың басым бөлігі лицензияланған психотерапевтер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, отбасы және неке мәселелері жөніндегі кеңесшілер және басқа да салалық мамандар. Адам алғаш рет бізге келген кезде диагностикалық бағалаудан бастаймыз. Адамның өзі бағдарламаға не үшін келгенін, қандай мақсат көздейтінін анықтаймыз. Екінші сессияда біз бірлесіп емдеу жоспарын жасаймыз. Қатысушы қандай өзгеріске қол жеткізгісі келетінін, қандай жеке мақсаттар қоятынын нақтылаймыз. «Өзін-өзі бақылау жоспары» дейтін жеке тапсырма бар. Бұл бағдарламаның үш негізгі жаттығуының бірі. Бұл терең ішкі жұмыс, ол саналы болуды дамытуға бағытталған», дейді жоба директоры.
Осылайша сотталғандар деэскалация жоспарын құра бастайды, тек содан кейін ғана топтық жұмыс басталады. «Көбінесе өмірлік тәжірибесі ұқсас емес адамдар өздерінің қателіктері туралы айтып, бір-біріне пайдалы әрі сындарлы кері байланыс бере алады. Біздің топтар ашық түрде өтеді. Бір мезетте бағдарламаның соңғы аптасына жақындағандар, енді ғана келгендер және бағдарлама ортасына жеткендер қатар отырады. Мұндай қатысушылар өз өзгерістері туралы ашық айтып, не істеу керектігін жақсырақ түсінеді. Олар топтағы басқа ер адамдармен осы тақырыптарды еркін талқылайды. Қатысушылардың бағдарламаның әртүрлі кезеңінде болуы өте пайдалы. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай болатыны туралы көптеген тақырыптарды қарастырамыз, оның түрлерін жіктеп, мұндай әрекеттердің неге дұрыс еместігін түсіндіреміз. Мұндай сенімдер олардың қарым-қатынасты қабылдауына айтарлықтай ықпал етеді. Одан кейін олармен өз ойларын талдау жолдарын талқылаймыз», дейді Амиртини Кифи.
Бұдан кейінгі 18-19 сессия барысында олар бірқатар тақырыптарды жан-жақты талқылайды. Сотталғандардың терапевтпен жеке орындайтын екі маңызды тапсырмасы бар. Бұдан бөлек, «жауапкершілікті қабылдау» және «өзгерісті басқару формасы» тапсырмаларын орындау керек. Алайда жоба директоры терапияларды толық бітіріп шыққандардың арасында кейбіреулеріне бағдарламаны бірнеше рет өтуге тура келетінін айтады. Тек содан кейін ғана бұл шын мәнінде нәтиже береді әрі олар ақпаратты қабылдауға дайын болады.
Амиртини Кифидің айтуынша, орталық қызмет көрсететін адамдар отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Кейде ажырасу, баланы тәрбиелеу құқығына қатысты дау-дамай кезінде отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі анықталады. Мұндай жағдайда судья баламен тең құқықты қарым-қатынас орнату алдында алдымен отбасылық зорлық-зомбылықпен жұмыс істеуге арналған бағдарламадан өтуге жібереді. «Біздің клиенттеріміздің 98%-ы осындай жолмен бізге бағытталады және бағдарламаға қатысу олар үшін міндетті. Ал қалған 2%-ы ерікті түрде келгендер. Бізді штаттың округі қаржыландырады, сондықтан біз сол округтен келіп түскен істерге басымдық беруге міндеттіміз. Болашақта жұмыс ауқымын кеңейткіміз келеді. Осылайша бізге адамдар өз еркімен, қандай да бір айып тағылмай тұрып келсе деген үмітіміз бар. Сонда біз оларға сот араласпай тұрып ертерек көмектесе аламыз», дейді спикеріміз.
Орталықтың бағдарламасы психикалық денсаулыққа көбірек бағытталған. Қатысушы бағдарламаға шын беріліп, өзіне адал жұмыс істеуге дайын болуға тиіс. Оның айтуынша, құқықбұзушы бағдарламаны бастап, бірақ оны аяқтамаса немесе сабақтарды жиі босатқаны, тәртіптік мәселелері үшін шеттетілсе, бұл пробация талаптарының бұзылуына алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайда ол түрме жазасына немесе пробациямен байланысты басқа да жаза түрлеріне тартылады.
«Қазір біз рецидивті бағалаудың негізгі әдісі ретінде ашық қолжетімді деректер базасына сүйенеміз. Бұл база арқылы белгілі бір адамның қылмыс жасағаны немесе айыпталғаны жөнінде ақпарат ала аламыз. Бағдарламаны аяқтағаннан кейін бір жыл өткен соң, осы базадан оның аты-жөнін тексеріп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаңа айыптар бар ма, соны қараймыз. Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жататын қылмыстардың нақты тізімі бар және сонымен бақылау жүргіземіз. Біздің түлектердің 98 пайызы бір жыл ішінде қайтып қылмыстық жүйеге оралмайды, тек 2 пайызы ғана қайтадан айыпталады. Біздің бағдарлама «зиянды азайту» деп аталады. Себебі физикалық зорлық-зомбылықтың азайғанын көріп отырмыз, бірақ көзге көрінбейтін, жасырын түрде жүретін басқа түрлерін өлшеу әзірге мүмкін болмай тұр. Бұл әлі де жұмыс істеп жатқан бағыттардың бірі», дейді жоба өкілі. Сонымен бірге ол бағдарлама аптасына бір рет өткізілетінін айтады. Аптасына сегіз топтық сессия бар. Оның бесеуі – зорлық-зомбылық көрсеткен ер адамдарға арналған негізгі топтар. Бір топ 18 бен 24 жас аралығындағы жас жігіттерге арналған. Бұл топтың бағдарламасы сәл өзгеше, себебі бұл жас аудиторияның ерекшеліктеріне бейімделген. Бұдан бөлек, криминализацияланған жәбірленушілерге арналған екі топ бар. Яғни күш қолданған, өзін қорғау мақсатында немесе өзіне зақым келмеу үшін алдын ала әрекет еткен, бірақ соған қарамастан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар. Олар да зорлық көрсетушілерге арналған түзету бағдарламасына жіберілген. Сонда барлығы сегіз топ жұмыс істейді. Құқықбұзушы апта сайын топқа қатысуы керек. Барлығы 18 топтық сессия және 4 жеке кездесу болады.
Бастапқыда топтарды тек психикалық денсаулық саласындағы лицензияланған мамандар, соның ішінде, отбасылық терапевттер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істеген. Олардың мамандығына қарай оқу ұзақтығы әртүрлі. Мысалы, клиникалық әлеуметтік қызметкер төрт жылдық бакалавриат және екі жылдық магистратура оқыған. Ал отбасылық терапевттер үшін магистратура әдетте екі немесе үш жылға созылады. Психологтар үшін магистратура шамамен үш жыл. Лицензия алу үшін міндетті түрде клиникалық тәжірибе сағаттарын өту керек. Мұндай талаптар лицензия түріне байланысты өзгеріп отырады екен. Ал отбасылық терапевттер мен психологтар үшін оқудың ұзақтығы әлеуметтік қызметкерлерге қарағанда шамамен екі есе көп уақыт алады. Яғни магистр дәрежесін алғаннан кейін олардың өз бетінше, яғни толық лицензияланған маманның апталық клиникалық бақылауынсыз жұмыс істеуіне дейін екі жылдан төрт жылға дейін уақыт қажет болуы мүмкін.
Орталық соңғы үш жылда топтарға қосымша жүргізуші мамандарды шақыра бастапты. Мәселен, олардың арасында бұрын түрмеде отырған, өмірінде зорлық-зомбылық көрсеткен адам бар. Немесе жүргізушілердің бірі нәсілдік азшылық өкілі болып, қатысушылар кездесетін нәсілдік жағдайлар туралы сөйлесе алады. Сондай-ақ, топ жүргізушілері арасында өздері де бұрын зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандар бар. Жалпы алғанда, әр топта бір ер және бір әйел жүргізуші болуы назарға алынады. Бұл тәсіл арқылы қатысушылар ер мен әйелдің сау қарым-қатынасы мен тең әріптестігін көре алатынын жеткізген ол «Бізде бір ер адам бағдарламадан бір рет емес, бірнеше рет өтті. Ол тек біздің бағдарламамен шектелмей, зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған басқа да бірнеше бағдарламаға қатысқан. Бірақ біздің бағдарламаның бір бөлігі зорлық-зомбылықтың балаларға әсері туралы сессия. Бұл сессияда үйдегі зорлық-зомбылыққа куә болған баланың ересек өмірінде өзі зорлық көрсетушіге айналуы немесе керісінше, құрбан болуы мүмкін екені, сондай-ақ оның психикалық, физикалық және эмоциялық салдары туралы айтамыз. Ол бұл сессияның өзіне қатты әсер еткенін айтты. Себебі бұған дейін ол өз қарым-қатынасындағы зорлық-зомбылықтың, әсіресе анасына жасалған зорлықты өзі көру арқылы балаларға қалай әсер еткенін ешқашан ойламапты. Ал ол балаларын қатты жақсы көретін. Міне, дәл осы нәрсе оның жанын ауыртып, оны терең ойға салды. Бұл оның өміріндегі бетбұрыс сәт болды. Балаларына деген жанашырлығы оны серіктесіне де жанашыр болуға итермеледі. Бұл көптеген жылдар ішінде оның алғаш рет жәбірленушіні басқаша көруі еді», дейді.
Қарап отырсақ, шетел тәжірибесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендермен жасы, жасаған қылмысына қарай түзеу жұмысы жүреді. Ал біздің елдегі түзеу мекемелерінде барлық сотталғандармер бірдей әңгіме жүргізеді. Сондай-ақ бұл сабақтар негізінен сотталғанды түзеуден гөрі әлеуметтік-педагогикалық жұмысқа қайта әлеуметтендіруге бағытталған. Бостандыққа шыққаннан кейінгі бақылауда да әлеуметтендіруге басты назар аударылады. Қажет болған жағдайда психологиялық немесе заңгерлік көмек берілуі мүмкін. Ал егер адам толық жазасын өтеп шықса бақылауда тұрмайды, тек қылмыстық есепте болады. Яғни адамға арнайы қайта әлеуметтендіру, психологиялық жұмыс жүргізілмейді. Тіпті, біздің кейіпкерлеріміз айтқандай, пробациялық бақылауда да психологиялық сабаққа қатысу ерікті түрде өтеді. Сондықтан мемлекеттік деңгейде нақты зорлық жасаушыларға бағытталған міндетті түзету бағдарламасы енгізілгені дұрыс. Бұл орайда Қазақстанда да BIP сияқты арнайы түзету бағдарламаларын міндетті түрде қолданысқа енгізу қажет. Бұл тек қауіпсіз қоғам құру үшін ғана емес, зорлықтың қайталануын азайтып, мыңдаған әйел мен баланың өмірін сақтап қалу үшін керек. Елімізде де осындай тәжірибені енгізу арқылы қылмыскерлермен жұмысты жетілдіріп, тұрмыстық зорлықтың алдын алуға болады. Бұл үшін міндетті түзету бағдарламаларын енгізіп, мамандандырылған психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерді тарту маңызды. Қылмыскермен жеке жұмыс жүргізетін кәсіби мамандар саны мен сапасын арттырып, психологиялық диагностика мен жеке түзету жоспарын жасау тәжірибесін енгізу уақыт талабына айналып отыр. Жазасын өтеп шыққаннан кейінгі бақылау мен қолдау жүйесін құрудың қажеттілігі де байқалады. Пробациялық бақылау кезінде тек тексеру емес, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетілуге тиіс. Бұдан бөлек, түзеу мекемелеріндегі осындай қылмыспен сотталғандардың статистикасы бөлек жүргізіліп, олардың қайта қылмысқа бару көрсеткіштерін жүйелі түрде жариялау керек. Сол деректерге сүйене отырып, түрме реформасын оңтайландыруға көңіл бөлінгені құба құп.
Жадыра МҮСІЛІМ
Дисклеймер
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.