Үйленіп, өз алдына отау құрған жастардың ажырасу туралы ойламайтыны рас. Үлкендердің батасымен жаңа өмір бастаған жас жұбайлар некелік одақ кезінде ортақ мақсаттарына бірігіп жету үшін бірге қаржы жинайды, ел қатарлы баспана тұрғызып, жақсы көлік мінуге ұмтылады. Отбасының игілігі үшін кәсіпті қолға алып, табыс табуға ұмтылатындар да бар. Бірақ, заңды некеде мәселе туындап, ерлі-зайыптылар екі жаққа кету туралы шешім қабылдаған кезде мүлікті бөлуге байланысты түйткілдің алдыдан шығатыны талассыз.
Шындығында соңғы уақытта Қазақстанда ажырасушылар қатары көп. Солардың басым бөлігі алимент өндіру, ортақ мүлікті бөлу мәселесімен бетпе-бет келеді. Бір өкініштісі, біздің елімізде ерлі-зайыптылар арасында неке келісім шартын жасау мәдениеті әлі қалыптаспаған. Соның кесірінен жылдар бойы бірігіп жинаған дүниені бөлуде талай талас туындайды.
Сот тәжірибесінен байқап жүргеніміздей, кейбір жұбайлар саналы түрде, ал кейбірі сол кезде орын алған жағдайға байланысты жылжитын, жылжымайтын мүліктерін туыстарының атына рәсімдеп жатады. Тіпті, ажырасатынын алдын ала жоспарлап, мүліктерін сатып, туыстарының атына аударып қоятындар да бар. Мұндай қитұрқы әрекеттерді сот алаңында дәлелдеу өте қиын. Сондықтан, ерлі-зайыптылар бірігіп алған дүниесін бөтен адамның атына рәсімдеуге жол бермеуі керек.
Жалпы, Қазақстандағы мүлікті бөлудің заңдық тәртібі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде белгіленген. Кодекстің 33-бабында көрсетілгендей ерлі-зайыптылардың некеде жинаған мүлкі ортақ болып табылады. Ортақ мүлікті бөлуге қатысты даулар сот тәртібімен қаралып, өтініш жауапкердің тұрғылықты жеріндегі сотқа жолданады. Мүлікті бөлуге қатысты арызды көп уақыт созбай сотқа жолдаған дұрыс. ортақ мүлікті бөлу бойынша талап ету мерзімі шектеулі. Осы заңға сүйене отырып некесі бұзылған тараптар 3 жыл ішінде мүлікті бөлуге талап қоюы тиіс. Үш жылдан кейін мүлікті бөлуге қатысты берілген талап қаралмайды.
Осы кодексте айқындалғандай ортақ мүліктегі ерлі-зайыптылардың әрқайсысының үлесі тең. Ал егер жылжымалы немесе жылжитын мүлік некеге дейін сатып алынса, сыйға алынса немесе мұраға қалса, ол бөлінуге жатпайды. Бұл дүние адамның жеке меншігі деп танылып, бөліске түспейді. Мұнда мына жағдайды ескеру керек. Егер ерлі-зайыптылардың бірінің некеге дейін сатып алғана, сыйға берілген мүлкі жөнделсе, өзгертілсе, оны жаңғыртуға қаржы салса, сотта осы жұмсалған қаржыны анықтап, бөлуге болады. Сондай-ақ, бөлінетін мүліктің құнына байланысты күмән туындаса, тәуелсіз бағалаушылар көмегіне жүгінуге болады.
Сот ерлі-зайыптылардың бірінің табысы болмаса немесе ерінің/ зайыбының рұқсатынсыз ортақ мүлікті шығындаса, үлесті әртүрлі етіп белгілеуі мүмкін. Бұған бірінші кезекте ерлі-зайыптылардың бірінің алкогольдік және есірткілік тәуелділігінің болуы, құмар ойынға салынуы әсер етеді. Егер бұл сотта дәлелденсе, олардың ортақ мүліктегі үлесі сәйкесінше аз болады. Ал ерлі-зайыптының бірі жұмыс іздегенін дәлелдесе, үй шаруашылығын жүргізсе және балалар тәрбиесімен айналысса, онда сот оның үлесін азайта алмайды.
Л.Т.Ахметова,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы