Ортақ меншікті бөлу тәртібіне өзгеріс енгізілді

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Соттардың некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы iстердi қарау кезінде заңнаманы қолдануы туралы» 2000 жылғы 28 сәуірдегі № 5 нормативтік қаулыға түзетулер енгізді. Мұндай өзгерісті қолға алудың мәні бар. Бұл азаматтар құқығын мінсіз қорғауға, теңдік, әділдік өлшемдерін сақтауға негізделген маңызды қадам.

Республика соттары басшылыққа алатын нормативтік қаулыдағы өзгерісте ажырасқан ерлі-зайыптылардың ортақ мүліктерін бөлуде екі тараптың да мүліктік құқығын сапалы қорғау мақсат етіліп отыр. Жылдар бойы қолданылып келген заңнамаға мұндай түзетудің енгізілуіне Конституциялық Соттың 2024 жылғы 4 желтоқсандағы № 55-НҚ нормативтік қаулысы түрткі болған еді. Осы қаулыда Конституциялық сот неке бұзылған кезден бастап ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы талаптар бойынша талап қоюдың үш жылдық ескіру мерзімін белгілеуі құқыққа қайшы екенін көрсетті. «Үш жылдық ескіру мерзімін белгілеу некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылған құқықтарды қорғау және қалпына келтіру үшін сот төрелігіне қол жеткізуін шектейді және соның салдарынан заңды түрде сатып алынған кез келген мүлікті, атап айтқанда некеде (ерлі-зайыптылықта) сатып алынған мүліктегі үлесті жеке меншікке алу құқығына қол сұғады» деп көрсетілген Конституциялық Соттың хабарламасында.

Бұрын қалай еді?

Нормативтік қаулыға өзгеріс енгізілгенге дейін Қазақстанда бірлескен мүлікті бөлу туралы талап «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 37-бабының 6-тармағына сәйкес реттелетін. Яғни, ортақ мүлікті бөлу туралы арыз некені бұзу туралы дерек ресми тіркелгеннен кейін дәл үш жыл ішінде берілуі керек еді. Егер ортақ мүлікті бөлу туралы талап үш жылдан бір күн өтіп кеткеннен кейін берілсе, сот талапты қанағаттандырмайтын. Соның салдарынан бұрынғы жұбайының жасырын активтерінен хабарсыз жандардың заңды үлесін қайтарып алуы қиын болатын. Ал жаңа өзгеріс қайшылықты заңды түрде әділ шешуге көмектесіп отыр.

 Осылайша Қазақстанның Жоғарғы және Конституциялық соттары ескіру мерзімін есептеу тәртібін өзгертті. Заңнамалық түзетулерге сай енді бірлесіп алынған мүлікті бөлудің ескіру мерзімінің бастапқы нүктесі өзгертілді. Енді үш жылдық мерзім бұрынғыдай ресми ажырасу күнінен емес, бұрынғы ерлі-зайыптылардың бірі мүліктік құқығының бұзылғанын білген немесе білуі керек болған сәттен басталады.

Айталық ерлі-зайыптылар арасындағы неке 2021 жылы бұзылды делік. Ажырасқан тараптардың бірі үш жылдан кейін ғана бұрынғы жұбайының пәтер-көлігін, басқа да активтерін жасырғанын біледі. Бұрынғы тәжірибеге сай ескіру мерзімі өткендіктен ортақ мүліктен үлесті даулау мүмкін емес еді. Ал қазіргі жаңашылдық осы заңсыздықты жойып, бұрынғы ерлі-зайыптылардың мүлікке қатысты мүддесін қорғауға жол ашып отыр.  

Ажырасу – әрбір отбасы үшін ғана емес, мемлекет үшін үлкен мәселе. Ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетуінен әсіресе балалар көп зардап шегеді. Кәмелетке толмағандар қаржылық тұрғыдан ғана қысым көріп қоймай, психологиялық жақтан да үлкен күйзелісті бастан кешіреді. Одан бөлек қазіргі балалар арасындағы құқық бұзушылық, қылмыстың көпшілігі толық емес отбасынан шыққандар арасында орын алатынын да айтпай кетуге болмайды. Сондықтан, ажырасу мәселесіне жеңіл қарауға болмайды. Ал некені сақтап қалу мүмкін болмаған жағдайда, әрине бұрынғы ерлі-зайыптылардың ғана емес, балалардың да мүддесі ескерусіз қалмауы керек. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыдағы бұл өзгерістері осы ажырасқан отбасылардың құқығын теңдей қорғауымен құнды болып отыр.

Мира Иембердиева,

Алматы қаласы

Түрксіб аудандық сотының судьясы

Медиация институтына – 15 жыл

Сот – ақ пен қараны анықтап, азаматтардың құқығы мен...

Системная модернизация

ИЗВЕСТНО, ЧТО СРЕДИ КЛЮЧЕВЫХ НАПРАВЛЕНИЙ РАЗВИТИЯ СТРАНЫ ГЛАВА ГОСУДАРСТВА...

AI-проекты: решение реальных задач

ВТОРОЙ ЭТАП ПРОГРАММЫ AI-SANA – ОДНОЙ ИЗ КЛЮЧЕВЫХ ИНИЦИАТИВ,...

Казахстан и Марокко: стратегическое партнерство 

ДВУСТОРОННИЕ ОТНОШЕНИЯ МЕЖДУ КАЗАХСТАНОМ И МАРОККО ВЫХОДЯТ НА ПРИНЦИПИАЛЬНО...