Қазақстанда экология мәселесі дабыл қағатын дәрежеге жетті. Жыл сайын елімізде 5-6 миллион тонна тұрмыстық қалдық шығады. Ал, қала мен ауыл сыртында, ен далада бей-берекет шашылып жатқан қоқыс 100 миллион тоннаға жеткен. Ай сайын қала тұрғындарынан қоқыс үшін ақша жинап алғанымен, оны қала сыртына шығарып төге салуға ғана шамасы жетіп отыр. Өкінішке қарай, қатты қалдықтарды өңдеп, сұрыптап, кейбір қалдық түрлерін жойып жіберу қолдан келмей тұр. «Күн сайын 2000 тоннаға жуық қоқыс шығарылатын Алматының мегаполисіміздің өзінде қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт жоқ. Сондықтан, үстіне құзғын-қарға үймелеп, тышқаны жорғалаған қоқыс полигоны қалаға күн сайын жақындап келеді»,– деп мамандар алаңдаушылық білдіріп жатыр.
Жүздеген жыл жер қыртысында шірімей жата беретін бұл шикізат түрлеріне талай ел баяғыда тыйым салса,
біздің қоқыс полигондарында пластик құтылар шашылып жатыр, пакеттер ен даламызда пойыздармен жарысып ұшып жүр. Негізінен көптеген дамыған елдер қоқыс мәселесін әлдеқашан шешіп алған. Францияда қоқысты селекциялық жинау әдісімен қайта өңдеу арқылы 30 пайыз алюминий, 50 пайыз әйнек, 50 пайыз газет қағазы өндіріледі. Жапондар өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғылармен тығыздап, құрылыс заттарын өндіреді, ғимараттар тұрғызып, тіпті жасанды аралдар салып жатыр.
Мамандардың айтуынша, тазалығымен көз тартатын, барған туристер тәртіптің сақталуына тамсана қарайтын Түркияда қоқыс тазалаушы ең беделді, әрі жалақысы жоғары мамандыққа жатады екен. Тіпті, қоқыс тазалаушы орта буынды банк менеджеріне қарағанда жақсы табыс табатын көрінеді. Сондай-ақ, тазалыққа жауапты қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қолдау жолға қойылған. Ал, әр нәрсенің соңын ойлап тұратын Германияда кез келген сусын бағасына ыдысының құны қосылады. Ыдыс сусыннан босаған кезде оны өткізіп ақшасын кері қайтарып алуға болады. Сонымен қатар, осы елде тұрғындарды қоқысты сұрыптауға тәрбиелеу жұмыстары да жақсы жолға қойылған көрінеді.
Берлиндегі жасөспірімдер егер қоқыс жинап оны өткізсе, қаржылық марапатқа ие болады. Мұндай жұмыстар
біздің елімізде де жүргізілсе, халықтың бұл мәселеге деген көзқарасы өзгерер ме еді. Сондай ақ, көрші Қытай елінде қоқыс жинаушыларға төлемақы күніне қолма-қол төленгендіктен ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір келеді. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді.
Дамушы елдерде тұрмыс қалдықтарын өңдейтін технологияның жолға қойылмауы, қажетті ресурстардың тапшылығы, күнделікті шығатын қалдықтардың үлкен көлемі, сонымен қатар, адамдардың қоқыстан болатын
залалды, экологияға әкелетін қауіпті толық сезінбеуінен күрделеніп келеді. Яғни, дамушы елдер үшін қоқыс бас ауыртар мәселе болса, дамыған ел дер үшін қоқыс табыс көзіне айналып отыр. Әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, қоқысты тиімді табыс көзіне айналдырып, қоршаған ортаға да қамқорлық танытып отырған елдердің тәжірибесі талайға үлгі боларлықтай. Дамыған елдерде қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша қоршаған ортаға да, елдің қазынасына да пайда әкелуде. Қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір секілді тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуден өткізіп отырған елдерден біз де үлгі алып, кәдемізге жарата білсек мемлекетіміздің экономикасына да елеулі үлес қосар едік. Осы орайда айта кетер жайт, тіпті ашып кететін тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар екен.
Зияда АХМЕТЖАНОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының профессоры.
Қазіргі бүкіл әлемде қатты қалдықтарды жинауға арналған резервуарлары бар қарапайым сұрыптауды шығарды. Алайда оны жинау жергілікті халықтың мәдениеті, сана-сезіміне байланысты. Алматыда бір тұрғыннан күніне орта есеппен 2 кг қатты қалдық шығарылады. Қатты тұрмыстық қалдықтардың қазіргі жағдайы көңілге қонымсыз. Кез келген оқулықтан табуға болатын тұрмыстық қалдықтардың қоршаған ортаға келтіретін зиянын ескеруіміз керек.
Экологиялық қауіп-қатер Голливудтағы қорқынышты фильмдердің суреттеріне ұқсас қалаға айналып кетуі бек мүмкін. Сондықтан да, біз экологияға зиянын тигізбей, өңделетін қоқысты барынша өңдеп шығуға тырысуымыз керек. Бұл тек біздің еліміздегі ғана емес, әлем бойынша басты назар аударып отырған проблема.
Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ