12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Оразалы СӘБДЕН, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик: «Ескі сүрлеудің соңы – тығырық»

– Жақында Мемлекет басшысының атына ашық хат жолдаған едіңіз.Оған не түрткі болғанын айтып бере аласыз ба?

– Дүниеде болып жатқан өзгерістердің көптігі соншалықты, кейде қоғам оларға ілесіп үлгере алмауда. Оларды күнделікті ғаламтордан және басқа да ақпараттық өзгерістерден байқауға болады. Олар: әлемдік климаттың жылынуы, су және азық-түліктің жетіспеуі, миграция, әлеуметтік-экономикалық және саяси шиеленістер, аймақтық соғыс, терроризмнің күшеюі, коронавирус сияқты т.б. апаттар, теріс үрдістер. Сонда мұның түп тамыры неде деген сұрақ туады. Ол қазіргі өркениет қоғамының, табиғаттың даму заңдылықтары бұзылып, рухсызданып, деградацияға түсуінде. Қоғам қазіргі жаңалықтарға, ғылым мен технологиялардың жетістіктеріне даяр болмады. Қазақстанға келетін болсақ, егеменді ел болғалы 30 жылдан асса да, байлығымызды ел ырысына пайдалана алмай, реформаны дұрыс жүргізбей біз бюрократиялық, олигархиялық, спекулятивті капитализм құрсауында қалдық. Экономикамызды әртараптандырмай, мәнді тек мұнай, газ, қазба байлыққа бергендіктен, шикізат елі боп қалдық. Елімізде сыбайлас жемқорлықтың шарықтап тұрғаны соншалық, оның ішінде бұрынғы Премьер-Министр, министрлер, депутаттар, әкімдер, банк, бизнес өкілдері т.б. жеткілікті. Тіпті, бұл жоғарыдан төменге дейін тамырын жайған бір дертке, жүйеге айналды. Зардабын қарапайым халық тартып отыр. Осының бәрі мемлекетімізді басқарудағы биліктің көп жылдар бойы жіберген күрделі қателіктерін көрсетеді. Қоғамда билікке деген сенім кетіп барады, елді дәрменсіздік билеп тұр. Мұның қайда апарары белгісіз. Егер біз ел ішін кернеген теріс күштерге даяр болмасақ, онда қоғам ыдырайды. Қазір біздің қоғамда моральды тозу дерті қатерлі ісіктей белең алып тұр. Өнегесіз жүрісімізді бір тәртіпке салатын уақыт келді. Кемел ойлы, алдағыны ақылмен болжай білетін басшы, болатын өзгерісті сезе отырып, егер «қазаннан қайнаған буды» дер кезінде шығара алмаса, оның қақпағының атылатынын білсе керек еді. Алысқа бармай-ақ оны көршілерден де көрдік емес пе?! Менің ойымша, біздің осы адасқанымыз жетеді, қазір жол айырығына келіп тірелдік. Егер қазірге дейін 30 жыл бойы шетелдік «серіктестеріміздің» кеңесімен жүріп, өзімізді-өзіміз басқара алмасақ, енді тағы да сол ескі жолмен кетсек, онда оның соңы – тығырық. Ал бізге керегі ең озық, өзімізге лайықты әлемдік тәжірибені қолдана отырып қоғамды өзгерту, өзіміздің отандық дара даму жолымызды табу.

– Сіз айтып отырған дара жолға түсу үшін не істеу керек?

– Әрине, таңдау халықтың еншісінде. Бірақ ол үшін халыққа бұл дағдарыс жағдайдан қалай шығу туралы бағдарлама ұсыну қажет. Бұны жасау қазіргі билікке қиын. Олар шындықтың толық көрінісін көрмейді, өйткені мемлекетті вертикалды түрде, жоғарыдан төмен, ескі әдістермен, орынсыз амалдармен басқарып келеді. Осылайша жаһандық желінің, жаппай коммуникацияның, жаһандану жаңалықтарының мәнін түсінбейді. Билік өкілдері біздің өзгермелі өмірімізді, яғни халықтың жағдайының қиын екенін түсінсе де, бірақ қазіргі құрылған, әсіресе жемқорлыққа үйренген билік басындағылар халықты ойлап, олардың қажеттілігін жүзеге асыру жолында жұмыс атқаруға мүмкіндік бермейді. Бұл Қазақстан үшін «Ариаднаның жұмбақ жіптері» секілді болып тұр. Соңғы уақытта қабылданып жүрген ішінара шешімдер халыққа өте маңызды болса да, 30 жыл бойы қордаланған проблемаларды шешу өте қиын болары анық. Себебі, кеше ғана «Қаңтар оқиғасы» болды. Жаңаөзендегі газ бағасын төмендетуді қолдап шыққан халықты пайдаланып, террористер, бұзақылар, діни теріс күштер тып-тыныш елімізді, Алматыны тас-талқан етті. Жоғарыда айтылғандардың бәрін жиып-теріп келгенде менің көп ойланып, толғанып маман ретінде айтарым Қазақстанға эволюциялық «мәдени революция» керек.

– Эволюциялық «мәдени революция» неден басталады?

– Мәдени революция дегенде 30 жылда қалыптасқан бүкіл билік жүйесін өзгертуіміз керек. Қазақстанның бүкіл құрылымын өзгерту үш бағыттан тұрады: экономиканы әртараптандыру арқылы инновациялық жолға түсу, әлеуметтік инновация, адам капиталының сапасын арттыру, сананы өзгерту; түбегейлі саяси реформа жасау. Кейбір лидерлер айтқандай бірінші экономика, сосын саясат емес, осылардың бәрі бір жүйе (процесс) ретінде қатар жүруі керек. Бұл ойды мен о бастан-ақ айтқам да, жазып та бергем билікке. Бірақ тыңдар құлақ жоқ. Қазақстанда көп жылдар бойы қордаланған, ластанған, қоқыр-соқыры көбейген билік жүйесін, адам жанын, арын, моралін, ой-өрісін, психология, рухани құндылықтарын тазартатын бізге үлкен «СЫПЫРҒЫШ» өте қажет. Біз тегіміздің қандай болғанын және тарихымыз бен болмысымызды терең танып «тектоникалық тереңдікте» сезіне отырып, мына қиын әлемдік өркениетте не күтіп тұрғанын білуіміз керек. Мәдени революцияны түбегейлі шешу үшін дамыған елдердің тәжірибесін алып, оған қазақтың менталитетін қосып, мемлекетімізге түбегейлі саяси модернизация, рухани-әлеуметтік модернизация, экономикалық модернизация жасау керек.

– Осы ойыңызды таратып айтсаңыз…

– Жаһандық дағдарыс рухани жаңғыру, әлеуметтік-мәдени өркениет, атап айтқанда, ғылым мен білім, мәдениет пен имандылық, адамгершілік құндылықтар саласындағы теріс салдарларды анықтады. Сұрақ қоғамның моральдық тозу қаупі туралы болып тұр. Мұның басты белгілерінің бірі – мемлекеттік басқарудағы ең төменгі деңгейден жоғары деңгейге дейінгі адами капиталдың барлық саласында белгілі кәсіби қабілетсіздік, немқұрайлық болып тұр. Бұл әсіресе, дамушы елдер жағдайында айқын көрінеді. Мысалы, дағдарыс кезінде тіпті дамыған елдердің өзі тәуекелді басқаруда кадрлардың жетіспеушілігін сезінді. Осыдан әлеуметтік инновацияның жаңа парадигмасы – білімді қоғам, жаңа заманның тұлғасын жасау керек. Жаһандық дағдарыс жағдайында білім беру және ғылым алдыңғы қатарға шығып, ұдайы өндірістік циклдің бүкіл жүйесінің негізіне айналады. Идеяның пайда болуынан бастап, адамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайда табумен аяқталатын, сондай-ақ жаңа өркениеттік даму үшін инвестицияларды жүзеге асыру қажет. Сондықтан бізге адами капитал саласында қаржыландыруды көбейтіп, тұрақты өмірге байланысты «минималды қалыптар» құру керек және бәсекеге қабілетті креативті экономикаға өту қажет: — денсаулық сақтау (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша денсаулық сақтауды қаржыландыру ЖІӨ-нің 6% -дан кем болмауы керек, ал бізде 3,2%); — ғылым (мемлекеттің қалыпты дамуы үшін ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің 1,5-4,5% болуы керек, ал бізде — 0,13%); — білім (ЖІӨнің кем дегенде 6% болуы керек, ал бізде 3,2%); мәдениет (ЖІӨ-нің кем дегенде 5%, ал бізде 3%); Зерттеу көрсеткендей, біз экономиканың өте маңызды осы әлеуметтік бағыттарын «қалдықтық негізде» көптеген жыл бойы ұстағанымыз көрсеткіштерден көрініп тұр. Мысалы, ғылымды қаржыландыру 20-30 есе артта қалған кезде, кедей ғалымдардан әлем жаңалықтарын қалай талап етуге болады? Ғалымның миы толық, бірақ қалтасы тесік, ал әкімдердің миында не бар екені белгісіз, бірақ қалтасы толық. Адами және әлеуметтік қажеттіліктер саласында әр адамның жеке тапсырысына дейін тауарларға, қызметтерге және басқа да әлеуметтік қажеттіліктерге әртүрлі әлеуметтік сұраныстарды қалыптастыру қажет. Осыған байланысты үшінші сектордың, яғни азаматтық қоғамның рөлі күрт артады. Әлеуметтік капиталды қалыптастыру бірінші кезекте тұрады және ол жақсылап инвестициялануы керек. Осыған сүйене отырып, адами капитал саласындағы осындай минималды әлеуметтік-экономикалық стандарттарды орнату арқылы біз шынымен де жақсы өмірді қамтамасыз ете аламыз. Минималды стандарттарды экономикалық өсу қарқынымен байланыстыра отырып, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын анықтауға болады. Бұл Үкіметтің айналысатын мәселесі.

– Бізге қандай саяси реформалар жасау керек деп ойлайсыз?

– Біз енді әлемдік қауымдастықта өзіміздің қоғамдық-тарихи, саяси-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық бетпердемізді толық анықтап алуымыз қажет. Шындығына келсек, біз бұл мақсатқа жеткен жоқпыз, осы жолды меңгерудеміз. Ал ішкі саясатымызда да түбегейлі реформалар жасауымыз керек, Конституциялық өзгерістерден бастап, бүкілхалықтық референдум қабылдауға дейін проблемалар бар. Қазақстан 30 жыл бойы Президенттік басқару жүйесімен жүрді. Бұл жүйедегі жақсысы да, жаманы да өзіміздікі, оны талдап жатпайық. Енді саяси-демократиялық кезең басталуы керек! Парламенттің рөлін күшейту қажет. Мемлекетімізді басқаруды «Парламенттік басқару жүйесіне» көшіру, яғни, Президенттің құзырын күрт шектеу маңызды. Үш биліктің: заң, сот және атқарушы биліктің тепе-теңдігін іс жүзінде сақтау. Осы жүйеге көшкенде, заң, сот жүйесінде әділеттілік орнар еді, жемқорлық тыйылып, халықтың жағдайы жақсарар еді. Нақтырақ айтсам, біз унитарлы мемлекет болғандықтан да, бірпалаталық Парламентке өтуіміз қажет. Онда депутаттардың саны – 150, ал оның 50%-ы партиялардан, 50%-ы бір мандатты мажоритарлық округтардан елге белгілі маман, қайраткерлер сайлануы тиіс. Себебі, қазір «партия» деп халық қай депутатты жергілікті жерден сайлағанын, өзінің мұң-мұқтажын кімге айтарын, ал олар шешілмесе, қай депутатты қайтарып, басқасын сайлауды білмей қалды. Партиялардың Парламентке өту межесі 3-5%-дан аспауы керек. Бұл ұсыныстарды мен Парламентте талай рет депутат болып, оның ащы-тұщысын татқаннан кейін, ең тиімді жол деп таныған соң айтып отырмын. Мұның ең өзектілігі – көп партиялы Парламент жасақтау және оның статусын көтеру болып отыр. Өйткені, парламентаризм – «қалталы депутат емес», көппартиялы орта, пікірталас арқылы шындыққа шығу алаңы. Біз, ең бастысы, сайлауды таза демократиялық жолмен өткізуге тиіспіз. Халық өз дауысын қандай партияларға қанша пайызбен бергендігін өзгертпей, әкімшілік ресурсты алып тастап, әдеттегідей дауыс ұрламай, Парламент сайлауын өткізу керек. Бұл жағдай өз басымнан өтті, келеңсіздіктің құрбаны да болдым. Сайлаудың әділ өткеніне билік емес, халық сенуі қажет. Егер сен мәселенің құрылымын білсең, онда жөндеп басқара аласың демекші, осының ішінде күйіп-пісіп жүргеннен соң ұсынудамын. Қандай Конституциялық өзгерістер жасасақ та, реформалар қабылдасақ та ең абзалы халықтың жағдайы, әлеуметтік күнкөрісі төмендемеу керек. Әр адамға бет бұратын уақыт келді. Адам мен табиғаттың қадірін білсек, қадірлі адам, қадірлі қоғам, қадірлі мемлекет боламыз. Осы жолда барлық күш-жігерімізді алдағы уақытта ізгілікті дамыған қоғам орнатуға салуымыз өте қажет. ХХ ғасырды өнеркәсіптегі жоғары технологияның ғасыры десек, ал енді ХХІ ғасыр – ол жоғары гуманитарлық ноосфералық өркениет ғасыры болмақ деген пікірді білдіремін. Бұл жерде әр адамның, азаматтық қоғамның мүмкіндіктері пайдаланылады деген сөз. Себебі, адам өзінің ақыл, ой-санасы және тілі арқылы ең жоғарғы биологиялық феномен болып есептеледі. Реформа билік басындағылардың мүддесі үшін емес, қоғамның, елдің мүддесі үшін жүргізіледі. Азаматтық қоғам институттарының жұмысын жетілдіру қажет. Атқарушы мемлекеттік биліктің жұмысына қоғамдық бақылау орнатылуы тиіс. Осыған орай, азаматтық қоғамның негізгі белгісі, жергілікті өзін-өзі басқарудың көзі – биліктің халықпен санасуында және халықтың, азаматтық қоғамның шешім шығаруға формалды емес, белсенді түрде араласуында.

–Экономикалық реформа ше?

– Негізгі мақсат экономиканың шикізат моделінен кетіп, экономикамызды, өндірісімізді әртараптандырып инновациялық жолға түсіп, ары қарай қазақ қоғамын ізгілендіру болып табылады. Барлық байлықты (ресурсты) жаңа технология мен әлеуметтік инновацияға салсақ тез алға басамыз. Бұл жаңа қоғамдық және өндірістік қатынасқа, экономиканың дамуының жаңа моделіне өту деген сөз. Жаңа заман, жаңа талапқа байланысты барлық шығынды күрт азайтып, Мемлекетті басқарудың жаңа жүйесіне (моделіне) көшу керек. Сол кезде жаңа кадр саясаты, жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа адамның тыныс-тіршілігіне тікелей әсер етері анық, сонда ғана халық билікті қолдайтын болады. Мен «Мемлекетті бестік спиральмен (мемлекет, бизнес, ғылым, адам қажеттілігі, информатизациялау) жаңаша басқару туралы жобамды» ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа жібергенмін. Ең дұрысы, билік осы өзгерістерді өзі бастағаны жөн,өзі мұрындық болуы тиіс. Сонда ғана, осындай өркениетті ісі арқылы билік, шынында да, қоғамның саналы әрі салауатты күшіне арқа сүйей алады. Түйінді ой ретінде айтарым, алдымыздағы екі онжылдықтағы ең басты қиындық – Мемлекетті тиімді басқаруда және жаңа технологияларға сай кәсіби біліктілікте болмақ.

– Сіз өзіңіз ұсынған мәдени революцияны тез арада іске асыру үшін нақты қаражатпен қамтамасыз етілуі тиіс 4 ұлттық жоба тетігі бар дедіңіз. Олар қандай тетіктер?

– Бірінші, Қазақстанда ашық нарықтық экономика болуы керек, әсіресе ашық саясат және қоғамды демократияландыру, соңғысы жоқтың қасы. Ол үшін Конституциядан бастап бірқатар заңдардың қабылдануымен осы бағыттарды түбегейлі реформалау қажет, сот жүйесін халық сайлауымен қоса. Екінші, қоғамның рухани-тарихи жаңаруы – жаңа өркениетке жол. Негізгі назар – мәдени, тарихи, денсаулық, моральдық-адамгершілік құндылықтарға, әсіресе жаңа білімге аударылуы керек. Нағыз демократияны тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады. Осындайда ұлы Абайдың толық адам ілімінің жол картасын жасап, біздің рухани конституциямыз ретінде халықты оқыту керек. Қазақстанға рухани-мәдени ренессанс қажет. Үшінші, ауылды жаңарту мен ауыл шаруашылығын дамытуға аса басымдық беру керек. Мұнай мен газдың орнына бренд астық пен ет өндірісі болуы керек. Қазақстан өзінің азықтүлік мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Жасанды интеллект, робототехника, адам геномы және басқалардың пайда болуымен байланысты №1 проблема адамдарды экологиялық таза өнімдермен және сумен қалай тамақтандыру біздің генофондымызды сақтайды. Сондықтан дәл қазір мүмкіндікті жіберіп алмауымыз қажет және жақын арада азық-түлік державасына айналуымыз керек. Ол үшін үлкен инвестиция салу қажет. Егер азық-түлік державасы болғымыз келсе ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі қазіргі 4,5 пайыздан кем дегенде 20-25 пайызға дейін өсуі керек. Төртінші, жаңа өндірістік құрылым саясатына, индустриалды-инновацияға көшу, технологиялық құрылымдарды жедел дамытудың тиісті Мемлекеттік бағдарламасы мен сыни технологияларды тез дамыту қажет. Біз алда инновациялық дамыған экономикасы, гуманизациялық қоғамы бар ел болуымыз керек.

– Сұхбатыңызға рақмет

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Қазақстандағы ірі сауда орталықтары үшін жаңа міндеттеме енгізілуі мүмкін

Ірі сауда орталықтары келушілерді сапалы Wi-Fi-мен қамтамасыз етуге міндеттелуі мүмкін. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек хабарлады.

Бақытжан Байжановқа тағылған айыптаудың бірі алып тасталды

Бүгін Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында екінші сотталушы Бақытжан Байжанов тағылған айыптардың бірі бойынша ресми түрде ақталды.

Тағы бір резонанс тудырған сот тікелей эфирде көрсетіледі

Қарағандыда жедел жәрдем көлігі жүргізушісінің соққыға жығылу дерегі бойынша сот процесі тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл туралы Жоғарғы сотта мәлім болды.

Елімізде күнбағыс майы арзандады

Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, елімізде 194,4 мың тонна өсімдік майы өндірілген, бұл бір жыл бұрынғыдан 13,4 пайызға артық.

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан энергия жүйелерін біріктіреді

Каспий теңізінің түбімен энергетикалық кабель тарту жобасы: Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Энергетика министрлігінің басшылары меморандумға қол қойды.