Қазақстанға көшуді жоспарлаған этникалық қазақ қандас мәртебесіне өтініш беруді неден бастайды? Биылғы пилоттық тәртіп бойынша алдымен қазақ тілінен тест тапсырып, сауалнама толтыру және әңгімелесуден өту қажет. Ал көшу мен баспана жалдауға берілетін көмек өңірлік квотаға байланысты. BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Бұрын қалай еді?
2025 жылғы қағида бойынша үміткер өтінішіне өмірбаянын, өзінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарын қоса беретін. Қажет болған жағдайда қазақ ұлтына жататынын растайтын құжат та ұсынылатын. Мәртебе беру туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайтын. Қызмет көрсетуге 30 жұмыс күніне дейін уақыт қарастырылған.
Не өзгерді?
Биыл 16 ақпанда іске қосылған пилотта рәсім тесттен басталады. Одан кейін үміткер migration.enbek.kz порталында сауалнама толтырады. Онда білімі, еңбек тәжірибесі, кәсіби дағдылары, тіл білуі, денсаулығы мен отбасы құрамы туралы мәлімет сұралады. Арнайы және құқық қорғау органдары деректерді тексереді. Шетелден жүгінген адаммен Қазақстанның сол елдегі өкілдігі, ал Қазақстанда жүрген үміткермен жергілікті атқарушы орган әңгімелеседі. Осы кезеңдерден сәтті өткен соң мәртебе алуға өтініш беруге болады.
Тесттен өту үшін әр бөлімнен 70 пайыз жинау керек
Комитеттің түсіндірмесіне сәйкес, ҚАЗТЕСТ-те тыңдалым мен оқылым бойынша барлығы 60 сұрақ беріледі. Өту шегі әр бөлімге бөлек қойылған. Мысалы, үміткер тыңдалымнан 80 пайыз, оқылымнан 65 пайыз жинаса, оқылым бойынша шектен өте алмайды.
Сауалнама бойынша жүргізілетін бағалаудың да өз шегі бар. Үміткердің білімі, жұмыс тәжірибесі, кәсіби дағдылары мен тіл білуі сияқты деректер ескеріліп, кемінде 600 балл жинау талап етіледі. Тест пен балдық бағалаудың шектері 10 сәуірдегі бірлескен бұйрықпен көтерілген. Сол бұйрықта пилоттың қолданылу мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін деп көрсетілген.
Мәртебе алуға қашан өтініш беруге болады?
Тесттен кейін үміткер сауалнама толтырады. Онда білімі, еңбек тәжірибесі, кәсіби дағдылары, тілдерді меңгеру деңгейі, денсаулығы мен отбасы құрамы туралы мәлімет береді. Осы деректердің негізінде балдық бағалау жүргізіледі.
Үміткердің мәліметтерін арнайы және құқық қорғау органдары тексереді. Тексеруден кейін әңгімелесу өтіп, тиісті шешім қабылданады. Балдық бағалаудан сәтті өткен үміткер қандас мәртебесін алуға өтініш бере алады.
Көшіп келгендерге қандай көмек беріледі?
Өңірлік квотаға енгізілгендерге көшу шығынына, баспана жалдауға және коммуналдық қызмет ақысын төлеуге субсидия қарастырылған. Ал бейімдеу орталықтары құжат рәсімдеуге, жұмыс табуға және балаларды білім беру ұйымдарына орналастыруға көмектеседі.
Көшуге берілетін төлемді кім алады?
Көшуге және баспана жалдауға берілетін субсидия өңірлік квотаға енгізілген отбасыларға қарастырылған. Отбасының әр мүшесіне көшу шығыны үшін бір рет 70 АЕК төленеді. Үй жалдау мен коммуналдық қызмет ақысын өтеуге бір отбасына 12 ай бойы ай сайын 15-30 АЕК бөлінеді.
Құжат рәсімдеу, жұмыс іздеу және балаларды білім беру ұйымдарына орналастыру мәселесінде бейімдеу орталықтары көмектеседі. Елде тұрақты тұруды рәсімдеу үшін алдымен рұқсат алып, содан кейін ықтиярхатқа құжат тапсырады.


