12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ОРАЗ ДЕГЕН ЕР ӨТКЕН…

Ораз ЖАНДОС ‒ 125

XX ғасыр ‒ ауыртпалыққа, аза мен жазаға толы ғасыр еді: репрессия, соғыс, дүркін-дүркін ашаршылық, қуғын-сүргін, эмиграция, колонизация, геноцид, т.б. Соған қарамастан қанқұйлы һәм аумалы-төкпелі заманда қазаққа, Алаш жұртына аянбай еңбек етіп, артына мұра қалдырған ұлтшыл азамат көп. Жас талап өткеннен сабақ, бүгіннен өнеге, тарихтан тағылым алу үшін әуелі қазаққа қалтқысыз берілген бекем ерлерді ұмытпағаны абзал. Солардың бірі ‒ Ораз Жандос.

Ол жиырма жылға тарта елдің оқу-ағарту, ғылыми, қоғамдық-саяси бағытындағы құзіретті орындарда қызмет атқарды. Бұл ретте, академик, алаштанушы-ғалым, тарихшы Кеңес Нұрпейіс 2007 жылы жарық көрген «Тарихи тұлғалар» кітабында былай деп жазады: «Ораз Жандосов ірі мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Түркістанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің тарихын зерттеуші, шешен, әрі публицист, ұлт мәселесі мен аграрлық шаруашылық мәселесінің де білгірі болды». Расында, Ораз сан-салалы арнада қызмет қылды: жер-су реформасын әзірлеу, шаруа, диқан, батрактар ұйымдарын құру, ұлттық және мемлекеттік құрылыс жұмыстарын басқару ісіне белсене араласты. Сондай-ақ, ол Түркістан КП Мұсылман комиссиясының Облыстық бюро Төрағасы, Жетісу облысы Ревком Төрағасы, «Қосшы» одағының Облыстық комитет Төрағасы, Қазақ КСР Халық ағарту комиссары, Түркістан КП ОК Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және т.б. қызметтерді абыроймен атқарған-ды. Мәселен, 1920 жылы Ташкентте өткен Түркістан коммунистік партиясының V съезі кезіндегі қаулы-қарар негізінде құрылған «Қосшы» одағы кейіндері атауын өзгертіп, «Кедей» одағы боп өзгереді. Оған А. Асылбеков, С. Сейфуллин, С. Меңдешев, А. Розыбакиев, Г. Коростелев, Ә. Жангелдин, Ж. Бәрібаев, т.б. жетекшілік еткені айқын. 1921 жылы аталмыш ұйым қатарын Жетісу облысының өзінде он сегіз мыңға жуық адам толықтырған, өңір-өңірде бөлімше-ұяшықтар (ячейкалар) ашылған. «Қосшы» алдында еңбек артельдерін құру, кедейлерге жер үлестіру, шаруаларды біріктіру, оларды құрал-сайманмен қамтамасыз ету, салық жинау, еңбекшілердің саяси ой-санасы және мәдени деңгейін көтеру секілді міндеттер тұрды. Сол тұста декрет, национализация, тап тартысы, азық-түлік салығы, Жаңа экономикалық саясат (НЭП), пролетариат, кооперация (серіктестік), экспроприация сияқты түсініктер кеңінен қолданыла бастағаны рас.

Өкініштісі сонда, жаппай ұжымдастыру (коллективизация) кезінде «Қосшы» отызыншы жылғы ойранға тап болады, ақыры таратылады. Десек те, Ораз Қиқымұлы жатақтардың жағдайын оңалту жолында қыруар жұмыс атқарды. Осы тұрғыдан келгенде, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент Г.Ж. Өскембай «Ораз Қиқымұлы Жандосовтың қоғамдық-саяси қызметі» мақаласында бүйдейді: «Ораз Жандосов «Қосшы» одағын басқару барысында әртүрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Әсіресе, Түркістан Республикасы сияқты оңтүстікте қалыптасқан өзіндік ерекшелігі бар өңірде әйелдер мәселесі қайшылықтарға толы болды. О. Жандос қазақ әйелдерінің тағдырына байланысты олардың құқықтарын қорғауда, білім алуына, сауатты болуына байланысты көптеген іс-шараларды жүзеге асырды. Жергілікті жерлердегі қоғамдық ұйымдарға әйелдерді тарту, конференциялар мен съез материалдарымен таныстыру, сайлауға қатысуға мүмкіншілік туғызу, кеңестік құрылысқа әйелдерді қатыстыру сияқты мәселелерді алға қойды». Сондай-ақ, Ораз Жандос халықты сауаттандыру, мектептегі білім беру жұмысын қадағалау, қазақ балаларын оқыту, қараңғылық, надандықты жою, жақсы, білікті ұстаз-мұғалімдерді тарту жағына ерекше мән берді. Алайда, Ақтөбе, Орынбор, Бөкей, Орал, Қостанай (Торғай) топырағын қамтыған 1921-1922 жылғы ашаршылық «мәдени құрылыстың» ары қарай қанат жаюына кесірін тигізді. Атап айтқанда, мұғалімдерге жалақы, халыққа азық-түлік, жатын орын, киім-кешек жетіспеушілігі істі одан сайын қиындатып жіберді.

О. Қиқымұлы «Жетісу облысындағы кеңестік кұрылыстың дамуы туралы ойлар» атты мақаласында былай дейді: «Қосшы» одағы жолдастық кооперативтер ауыл мен селолардағы еңбекші бұқара мен кедейлер қоғамы болып қайта құрылуы керек. Бұлай болмаса, ол өзінің қызметіне шынайы негіз таба алмайды, оның ыдырауы сөзсіз. Алайда, бұл қайта құрылу барысында кеңестік қоғамның дәстүрлерін насиғаттауды сақтап қалуы тиіс. Керісінше, «Қосшы» одағы кеңестік және мәдени құрылыстың базасы болып қалуы керек». Шынында да, «Қосшының» әлеуметтік, экономикалық, саяси рөлі зор болды десек артық айтқандық емес. Мысалы, 1918 жылы қазақ тілінің жай-жапсарына, шетке ысырылып бара жатқанына наразы болған жас Ораз: «Іс қағаздар қазақ тілінде жүргізілсін!..» ‒ деп бастама көтереді. Мұнымен қатар, тарихи тұлға Верный атауын Алматы деп өзгерту турасындағы бұйрыққа қол қойған, ауылдағы қазақ балаларын оқыту үшін мектеп ашу ісіне мұрындық болған, өтірік көсемдер мен арамза молдалармен күресіп, олардың қазақ қоғамына теріс әсер етпеуін бақылаған, қызғыштай қорыған, бүгінгі «Жетісу» (бұрынғы «Көмек») гәзетінің шығуына ықпал етіп, редакторы қызметін атқарған. Мәдениет, оқу-ағарту саласының білгірі, қоғам және мемлекет қайраткері Ораз Жандос 1910 жылы Лев Толстой атындағы Верный қалалық кітапхана, ал кейін 1920 жылы Жетісу облыстық көпшілік кітапхана атауын Мемлекеттік көпшілік кітапхана боп өзгеруіне ықпал етіп, алғашқы директоры болады. Бұл ‒ қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы. Міне, Ораз Қиқымұлының қысқа ғұмырында Алашқа тигізген пайдасы орасан. Ол кісіге «Кеңес өкіметінің жауы», «контра», «жапон тыңшысы», «халық жауы» секілді негізсіз жала жабылып, 1938 жылы Алматыдағы НКВД абақтысында атылған. Атақты Кенен Әзірбай өзінің «Оразжанында»: «Оразжан, серкесі едің Жетісудың / Жасыңнан талаптанып оқу қудың» деп лайықты бағасын берсе, қайраткердің шөберелері ‒ Жан-Әли мен Дос-Әли Абдуллаевтар атасын былай деп еске алады: «Жыртық үйді жел табар, өтірік сөзді шын табар» дегендей, Ораз Жандос 1957 жылдың 1 тамызында КСРО-ның Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясымен ақталды». Өз халқының жарқын адамдарының бірі ‒ О. Қиқымұлындай ердің өнегеге толы өмірі ‒ кейінгі жасқа үлгі. Оның тұлғасын, болмыс-бітімін, еңбегін насихаттау, дәріптеу – ұлық іс, ұрпаққа аманат, бүгінге тағылым! Биыл тұғыры биік тұлғаның 125 жылдығы. Қайраткердің қылған қызметі ұлт жадында, халық жүрегінде мәңгілікке сақталады. 

Әлібек БАЙБОЛ,

«Qyr balasy» ҚҚ Басқарма мүшесі,

әдебиеттанушы-ғалым,

алаштанушы, жазушы-драматург

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ

Мемлекеттік қызметші болу - бұл үлкен абырой мен міндет....

КАССАЦИЯЛЫҚ СОТ

Бүгінде сот жұмысының сапасын арттыру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі...

В Алматы прошли семинары для студентов по вопросам безопасности

В рамках программы повышения осведомленности и подготовки к противодействию...

Әйелдер түзеу мекемесінде жұмыс кеңесі өтті

Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты 79 мекемесінде сотталғандардың...

«Встреча у ворот»

Социальный проект «Встреча у ворот» проведен в колонии №21...