12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ОПЕР

Халық ұнатпай айта ма әлде кекетіп-мұқатып айтқаны ма «Мент» деп атап кеткен ішкі істер саласының қызметкерлеріне артылар жүк пен жауапкершілік үлкен. Ондай жауапкершілік жүгін жігіттің жігіті, нардың нары ғана алып жүре алады. Жанғали да бірталай ғұмырын ішкі істер саласына беріпті. 1993 жылы 5 шілде күні алғаш рет погон таққан күні қатты толқыды. Погонды тағып алып, көшеде қалай жүремін деп ойлады. Құрдастары, «О, біздің Жанғали мент болыпты ғой, қоқырайтып, қызыл шәпкісін киіп алыпты» – деп мазақ қылып жүрді. Алғашқы күндері әлгі қылжақбастардың мазағына намыстанып, «Осы жұмысқа несіне келдім, шығып кетсем бе екен» – деп те ойлағаны бар. Бірақ уақыт өте үйренді. Үйренгеннен кейін иығындағы погонның салмағы болатынын, үстіндегі көк кителдің қасиеті жұрт ойлағаннан маңызды екенін түсінді, қандай жауапты салаға келгенін сезді. Қалай болғанда да, қандай жағдайда да Қазақстан полициясының көк кителін киіп жүргенде жаман жүріс жасап, аяқты былғауға, жаман іс істеп қолды былғауға болмайды. Таза жүр, міндетіңді бүкіл ар-ұятыңмен атқар. Бұл салада осылай жүрсең ғана қызмет ет. Ал, бұлай жүре алмасаң осы бастан жөніңді тап. Жанғалидың ішкі істер бөліміне қызметке келгеннен кейін алдына қойған өмірлік ұстанымы осы болды. Саладағы алғашқы еңбек жолы Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінде патрульдік қызметтен басталды. Сол-ақ екен, сан-салалы жұмыстарға кірді де кетті. Бұл саланың тағы бір ерекшелігі уақытпен есептесу деген мүлде болмайды екен. Түнімен ұйықтамасаң да таңертең жұмыста болуың қажет. Ұзақ жыл ішкі істер саласында жүріп ірілі-ұсақты талай оқиғаларды бастан кешірді. Тіпті, көпшілігі есінде жоқ. Ең алғаш қылмыстық оқиғамен бетпе-бет кездескені әлі есінде. Кешкісін қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген. Қалалық ішкі істер бөлімінің кезекшісінен, «Сырдария рестораны әкімшілігінен шағым түсіп жатыр. Бұзақылар кіріп алып, төбелес шығарып жатқан көрінеді, жедел барыңыздар» – деген тапсырма алды. Жедел көлікпен ресторанға жеттік. Келсе расында, екі-үш жігіт араққа сылқия тойып алған, қылжақтап әркімге тиісіп, шатақ шығарып жүр екен. Екеуі қазақ, бірі кәріс ұлты. Екі қазақ масаң күйде, кәріс сау. Бұлар үшеуі дереу әлгілерді сүйреп далаға шығарды. Олар қарсылық көрсетіп, бұлармен шатасты, заң соқты. – Бізде нелерің бар, праволарың жоқ бізді ұстауға! – Әрине, Серік дұрыс айтады, отпусти, не имеете право, біз еркін адамдармыз! – Қалай жүремін, қалай тұрамын, қалай демаламын өзім білемін. – Жігітім, дұрыс, еркің бар, бірақ басқалардың да сендер сияқты демалуға еркі бар. Ал, сендер оларға кедергі жасап жатырсыңдар, – деді Жанғали. – Кім, біз ба кедергі жасаған? Бұлармен тәжікелесіп тұрса тұра беретін түрі бар. «Жігіттер, қалған әңгімені ішке барғасын сөйлесеміз» – деді де бұлар үшеуін машинаға мінгізуге ыңғайланды. Екі қазақ аузына келгенін айтып, қарсыласып бақты, ақыры оларды сүйрегендей қылып машинаға мінгізді. Осы кезде кәріс қаша жөнелді. Жанғали дереу соңына түсіп қуа жөнелді. Екеуі де жүгіріп келеді, Жанғали негізі жаяу жүгіріске бала кезінен жақсы еді. Тәп-тәуір жүгіретін, қуса жететін, қашса құтылатын. Кәріс құтыла алмайтынын білген болу керек, тұра қалды да кәстөмінің шалғайын қайырып жіберіп, ышқырынан тапаншасын суырып алды. Бұл кезде Жанғали да екпіндеп келіп қалған. Сол екпінімен келді де, көз ілеспес шапшаңдықпен кәрістің кәстөмін шалғайынан көтеріп, басына бүркеді де, өзінің үйреншікті әдісімен бүйірінен бір түйіп өтті. Ананың ыңқ еткен дыбысы шықты да, тізерлеп құлай берді. Осы кезде артта қалып қойған екі милиция да жүгіріп жетті. – Ой, Жанғали, не болды, нокаутқа жібергенсің бе? – Қаруы бар екен, Құдай сақтады, атып үлгірмеді, – деді Жанғали, маңдайының терін алақанымен сүртіп. Қатты жүгіріп келгендікі ме, әлі ентігін баса алмай тұр. Кәріс он минуттай жатып, есін жиды. Оны да машинаға мінгізіп, қаруын алды. Тапанша кіші калибрлі винтовканың оғымен атылатын қолдан соққан тапанша болып шықты. Бұл Жанғалидың ең алғаш қылмыскерді құрықтауы еді. Осылай полиция қызметіндегі тынымсыз күндер басталып кеткен. Талай сойқанды оқиғаның бел ортасында жүрді. Жанғалидың түн ұйқысын ұрлаған жантүршігерлік қылмыстар да болды… Сол бір күн әлі есінде. 2006 жылы қараша айында ауданда қанқұйлы қылмыс болды. Қылмыскерлер бір үйлі жанды қан жоса қылып, бір адамды өлтіріп, үйді тонап, бір миллион теңгенің үстінде ақшаны алып қашып кеткен. Бұл кезде Жанғали жедел іздестіру тобында жедел уәкіл еді. Қараша айының үші күні Жанғали түнгі кезекшілікте болатын. Ішкі істер бөлімінің кезекшісіне түнгі сағат үштен өте, «Үйді ұрылар тонап, өзімізді сабап кетті» – деген хабар түсті. Дереу дабыл көтерілді де, жедел іздестіру тобы оқиға болған жерге жетті. Үйдің ойраны шыққан, жарық жоқ. Жарықты әдейі сырттан қиып, ажыратқаны белгілі болды. Үлкен үйдің алдында шағын сарайда бір қарияның басы қызыл-ала қан болып есіктің алдында жатыр. Дереу дәрігерлік көмек көрсетпек болғанда оның өліп қалғаны белгілі болды. Топ мүшелері дереу үлкен үйге кірді. Мұнда да осындай көрініс, орта жастағы бір әйел, екі бала қанға боялып домалап жатыр. Тексеріп көргенде әлгілердің кеудесінде жаны бар екен. Дереу ауруханаға, жан сақтау бөліміне жеткізілді. Бұл ойранды істеген кім, үйді тонаған кім, ешкім ештеңе білмейді. Соққы жеп, жарақаттанғандар әлі естерін жиған жоқ, олар ештеңе айта алмайды. Қайта жанекпінмен полицияға телефон шалып үлгірген.

Жедел іздестіру тобының өкілдері келгенде естерінен танып қалған. Іліп алар дерек көзі жоқ, не істеу керек!? «Үлкен кісі о дүниелік болды, бірақ әйел мен екі бала тірі ғой. Деректі сол әйелден ғана алуға болады, басқа дерек көзі жоқ. Ол үшін әйелдің өзіне-өзі келуін күтуден басқа амал жоқ. Бірақ ол есін жиям дегенше қол қусырып, қарап отырмай, бір аптаның көлемінде қыстаққа күдікті, күмәнді қандай адамдар келді, кетті соны зерттеу қажет.

Жедел түрде үй иесін алдырып, кімдерден күдіктенетінін білу қажет» Жанғалидың ойы осы болды. Ойын жедел іздестіру тобы мүшелеріне айтқанда олар да осылай жасауды құп көрді. – Онда өзің жедел түрде үй иесінің қайда екенін анықта, хабарлас, – деді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел іздестіру жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Ғалым Ахметов. Дереу іске кірісті, жедел түрде іздестіру нәтижесінде үй иесі Бектемір кәсібіне байланысты Байқоңыр қаласында жүргенін білді. Оған «Отбасыңда төтенше жағдай болды, тез қайтыңыз» – деп хабар салды. Оны бұрынғы МАИ-дың алтыншы бекетінен күтіп алды. Бір жарым, екі сағаттай шамада жеңіл көлігімен Бектемір де жетті. Жанғали көлікке мініп алды. – Айналайын-ау, не болды, не жағдай? –деп сұрады ол. – Аға, сіз үлкен адамсыз ғой, сабыр етіңіз, жағдай ауыр, – деп болған жайды жасырмай айтты. – Қап, оңбағандар-ай, өзім болмадым-ау, әттең, әттең! – деп бармағын шайнады Бектемір. – Енді өкінгенмен пайда жоқ, ағасы, іске кірісу керек, қанішер жауыздарды құрықтауымыз керек, кімнен күдіктенесіз, соны ойланыңыз, – деді Жанғали. – Ойбай-ау, айналайын-ау, кімнен күдіктенем, қайдан білейін қандай иттің баласы екенін, ешкімге жамандық жасамап едім, – деп маңдайын ұрғылады. Олар сол бетімен ауруханаға келді. Бектемір әйелі мен балаларының аман екенін көрді. Бірақ әлі өз-өзіне толық келе қоймаған сияқты, не айтып, не қойғанын өзі де біліп отырған жоқ. Бірақ әйелі бір әңгімесінде, «Сол балаға ұқсайды» – деп айтып қалды. – Ол бала деген кім? – деп сұрады Жанғали Бектемірден. – Ой, Алла-ай, солар болғаны ма сонда, осы өткен жазда Байқоңырдан екі бала келіп, үйде екі ай жұмыс істеп еді. Қап, әттеген-ай, қасқырдың бөлтірігі екен ғой. – Олардың аты-жөні кім, мекенжайы қандай? – Біреуі Қазалыдан, бірі Байқоңырдан, Бақытжан, Қалтай деген жігіттер еді. Жанғали дереу аудандық ішкі істер бөліміне хабарласып, жігіттерге аталған мекенжайда қандай адамдар тұратынын анықтауды тапсырды. Алайда ол жерде күдіктілер болмай шықты. Бірақ сол қылмыс болатын күні түнгі сағат төртте екі жас жігіт темір жолдың арғы бетіндегі сыраханада болғаны белгілі болды. Сол жерде азаматтық киіммен бір полиция қызметкері де өзінің жолдасымен отырады. Әлгі екі жас жігіт бұлардың полиция қызметкері екенін білмейді, өздерін «Самара-Шымкент» автожолына жеткізіп салуға өтініш айтады. Полиция қызметкері өзінің жолдасымен әлгі екі жігітті жеңіл көлігіне мінгізіп, №6 бекетке жеткізіп салған. Әлгілер өздерін Шымкентте тұрамыз деп таныстырған. Түннің бір уағында №6 бекетке барып жүрген осы екі жігіт Жанғалидың ойынан шықпай қойды. Неге түнгі сағат төртте оларға №6 бекетке жету керек болды? Жайбарақат жолаушы болса түнде демалып, таңертең асықпай-ақ шықпай ма? Алайда олардың кім екенін енді анықтау мүмкін емес еді. Ол екі жігіт сол кеткеннен №6 бекеттен автобусқа мініп, Шымкентке барып, Шымкенттен автобуспен Астанаға кетіп қалған болатын. Бұл кейін белгілі болды. Қызылорда қаласынан жедел іздестіру тобы өкілдері, эксперттер келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізгенде қылмыс болған үйдегі кейбір заттардан, сыраханадағы саптыаяқтардан Бектемірдің үйінде жаздай жұмыс істеген екеудің қолтаңбасы шықты. Бірақ олардың нақты қайда екенін ешкім айта алмады. Сонымен сергелдең күндер басталды. Қылмыскерлер ізін жасырып үлгірген. Жанғали бұл екі қылмыскердің соңында төрт ай жүрді. Бармаған жері жоқ, жіптің ұшын ұстай алмай жүр. Әбден басы қатты. Бастықтардың да тапсырмасы қинап барады. Қинамай қайтсін, қылмыскерлер табылмаса ол аудандық ішкі істер саласының да жұмысының әлсіздігі болады. Жанғалида түнімен ұйқы жоқ. Олар қайда болуы мүмкін. Олар туралы кімнен дерек алады, кім білуі мүмкін? Осындай сан-қилы сұрақтар басын шырмап алды. Бірақ сұрақтарға жауап жоқ. «Жоқты я езбе табады, я кезбе табады» – дегендей сергелдеңге түсіп ел кезіп жүріп, Қазалыда бір жігіттерден Ақтөбенің аржағында Бадамша деген жерде Бақытжанның жолдас баласының бар екенін анықтады Жанғали. «Астанаға бір барғанымда Бақытжан сол жігітпен тұрып жатты, ұмытпасам аты Ерғали, Бадамшадан еді» – деді әлгі қазалылық жігіт. Жанғали жедел жиналып жолға шықты. Бірақ Бадамшадан Ерғалиды таппады. Ол өзінің жеке шаруаларымен Ресейдің Орск қаласына кетіпті. Көп аялдауға, ойлануға уақыт жоқ, Орскіге тартты. Жеделдету керек, қолға ілініп тұрған жалғыз ілмешек осы бала. Қалайда осы баладан айырылмау қажет. Пойыз күтсе кешігетін түрі бар. Бадамшаның шетіндегі бір дәмханадан он минуттай жүрек жалғап алды да, жаяулап жолға шықты. Құдай сақтасын әзір ешқандай қауіп-қатерге кез болған жоқ. Егер қылмыскерлермен бетпе-бет кездесіп қалса олар ештеңеден тайынбайтын қаныпезерлер, сақтық керек. Қолтығының астындағы тапаншасын бір сипап қойды. Кішкентай қол сөмкесінде екі оқсауыт оғы бар. Куәлігі қалтасында, азаматтық киіммен келеді. Жолай бір шетелдік жеңіл көлікке қол көтерді. Көлік жол жиегіне шығып тоқтай қалды. Рөлде қаба сақал, жасы отыздарға келіп қалған мығым денелі жас жігіт бұған терезеден қарап: – Қайда барасың? – деді. – Орскіге барам бауырым, ала кет, – деді бұл. – Отыр, – деді қаба сақал. – Сіздер де Орскіге барасыздар ма? – деді Жанғали қаба сақалдың бетіне бажайлай қарап. – Әрі қарай кетеміз, Орскінің үстімен жүреміз. – Ә, дұрыс болды, онда, жолымыз бір екен. Кабинада артқы орындықта тағы екі жолаушы бар екен. Жанғали алдыңғы орындыққа отырып жатып артқы салонға көз қиығын салды. Бірі отыз-отыз бестер шамасындағы, бірі қырықты еңсерген жігіт ағасы бұның әр қимылын бағып қарап қалыпты. «Атаңның аузын ұрайындар, мыналардың пошымдары келіспеген екен, осы көлікке қайдан міне қойдым!» – деген ой келді басына. Енді не болса да сабыр мен сақтық керек. Қайтадан түсіп кете алмайсың. Төс қалтасын қараған болып, қолтығындағы тапаншаның қорабының ілгешегін ағытып қойды. Артық қимыл бола қалса рөлдегі қаба сақалды иектен қағып қалуға әзір болып, аса сақ отыр. Артқы орындықта отырған екеудің әр қимылын, көзбен көрмесе де түйсігімен сезіп келеді. Дегенмен жол бойы бұл ойлағандай ештеңе болмады. Бұлар Орск қаласына күн бата жетті. Қаланың орталығынан сұраған ақшасын төлеп, рақметін айтып түсіп қалды. Орскінің бір ауданындағы ішкі істер бөліміне келіп, ресейлік әріптестерімен сөйлесті. Олар бұның іздеген нысанасын табуға көмектесті. Ерғали қалада шетелдік көліктерді жөндейтін шеберханада жұмыс істейді екен. Ішкі істер бөлімі қызметкерлері Ерғалиды ішке алып келді. Орта бойлы, тарамыс денелі, ақ құбашалау келген, бадырақ көз жігіт Жанғалиға таңдана қарады. – Бауырым, мен сенен бір мәселелер жайлы сұраймын, келісіп алайық, тек шыныңды айтқаның дұрыс болады, – деді Жанғали өзін таныстырып, аман сәлемнен кейін. – Жарайды, не сұрайсыз? – Қазалылық Нұрболов Бақытжан кімің болады? – Кішкентайымыздан бірге өскен жолдасым. – Соңғы рет қашан көрдің ол досыңды? – Үш ай бұрын Астанада бірге болдық. – Ол қандай жігіт еді? – Мен анау-мынаусын білмеймін, жақсы жігіт болатын. Оған не болды, бірдеңе болды ма? – Сен тыңда, мен сұрақ қойып отырмын, сен менің сұрақтарыма жауап бер. Ол қазір астанада ма әлде басқа жақта ма, астанада кіммен араластыңдар, оны кім білуі мүмкін? – Аға, шынымды айтсам оның қазір қайда екенін білмеймін. Бірақ астанада онымен немере болып келетін Сырлыбай деген жігіт бар. Бір әскери мекемеде жұмыс істейді.

Қосшы деген жерде тұрады. Бір білсе сол біледі. Біз жұмысқа орналастырамын дегесін сол Сырлыбайды сағалап барғанбыз.

– Жарайды рақмет, сен енді оны неге сұрап отырғанымды байқап отырған боларсың. Ол досыңның соңында үлкен сұраныс бар. Екеуміздің кездескенімізді ешкім білмеу керек. Егер мен Астанаға барғанша оған дабыл түсетін болса сенің тарапыңнан түсті деп есептеймін. Онда саған да қиын болады. Сондықтан сен ештеңе білмейсің. Ақпаратты сенен алдым деп мен де ешкімге айтпаймын. – Жарайды, – деді Ерғали. Жанғали Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментіне келіп, операцияны тікелей бақылап отырған бастығына барлық жағдайды баяндады. – Дұрыс болған екен, яғни, оның Астанада екені анық қой? – деді департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Әлімхан Әбжанов. – Досының дерегі бойынша Астанада, бірақ досы Астанадан кеткеніне үш ай болған, сол уақыттан бері хабарласпаған. Астанадан басқа жаққа кетіп қалуы да мүмкін. Алайда, Астанадағы немере ағасымен міндетті түрде кездесуіміз керек. Нақты деректі сол арқылы ғана алуға болады. Әбжанов қолындағы қаламымен үстелдің үстін тықылдатып сәл ойланып отырды да Жанғалиға қарап: – Ерғали досына дабыл түсіріп, ол ізін жасырып үлгірсе ше? Не дегенмен бала кезінен бірге өскен досы ғой, жамандыққа қия ма? – Жоқ, ол дабыл түсіре алмайды. – Бұған сенімдісің бе? – Сенімдімін. – Олай болса Астанаға тарт, қасыңа адам аласың ба? – Жоқ, қажеті жоқ, тәуекел, өзім кете беремін. – Онда жолың болсын, іске сәт! – деп орнынан тұрып қолын ұсынды. Жанғали іссапар құжаттарын рәсімдеп алды да, сол күні Астанаға жолға шықты. Астананың шетіндегі Қосшыдан Сырлыбайдың үйін оңай тауып алды. Сырлыбайдың өзі үйінде жоқ, әйелі бар екен. – Мен Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық Ішкі істер бөліміндегі жедел іздестіру бөліміненмін, – деп куәлігін көрсетті Жанғали. – Сізге кім керек? – деді келіншек, өзін тым салмақты ұстағанымен көзіндегі үрейді жасыра алмады. – Мынау менің телефон нөмірім, күйеуің менімен хабарлассын және жедел хабарлассын. Егер хабарласпаса жағдай қиын болады,– деді Жанғали қолындағы өзінің телефон нөмірі жазылған бір тілім қағазды келіншекке ұсынып. – Жарайды, – деп аң-таң күйде қала берді келіншек. Бұл 2007 жылдың қаңтар айының соңы еді, күн суық. Қосшыдан шығып үлкен жолдың бойынан автобусқа мінгенде телефоны шырылдай жөнелді. Алып еді, Сырлыбай екен. «Ассалаумағалейкүм аға, Сырлыбай деген жігітті іздеп жүр екенсіз, сол жігіт мен боламын. Менен сізге не керек?» – деді трубкадағы дауыс. «Сырлыбай, бауырым екеуміз кездесуіміз керек» – деді бұл. «Онда темір жол вокзалының маңында «Астра» деген кафе бар, сол жерге келіңіз. Мен жарты сағатта сол жерде боламын» – деді Сырлыбай. Жарты сағатта Сырлыбай да келді. Екеуі оңашалау бір үстелге жайғасты. – Не ішесіз? – деді Сырлыбай. – Шай ішейік, бір пәрнек шай алдырсаң болады, шай ішіп отырып әңгімелесейік. Амандық-саулық, таныстық-білістіктен кейін, болған жағдайдан Сырлыбайды хабардар етіп, Жанғали мәселені төтесінен қойды. – Бауырым, біріншіден сен адам өлтірген жоқсың, сен қылмыскер емессің. Бірақ кісі қанын мойнына жүктеген қылмыскерлер саған келіпті. Сен оларды жұмысқа қойыпсың. Олар қалай болғанда да, ерте ме, кеш пе ұсталады. Сол кезде сен де қоса кетесің, қызметіңнен айырыласың. Екіншіден сенде шегінетін жер жоқ. Мыналарды бересің, я болмаса мен ертең бастығыңа кіремін. Сен, әрине, олар туралы білмейсің, оны түсінемін. Дегенмен, сен де погонтаққан жігіт екенсің, әрі қызылордалықсың, сондықтан құрметтеймін. Саған жаным ашығаннан айтып отырмын. Ертең наныңнан айырылып қаласың. Олар бір шаңырақты шулатып кеткен адамдар. Сондықтан жағдайды түсінуің керек, оларды беруің керек маған. Сенде басқа жол жоқ. Сырлыбайда расында шегінетін жер жоқ еді. Шылымын тұтатып, көк түтінді құшырлана сорды. – Аға, жарайды, мен сізге олардың қайда екенін көрсетемін, бірақ өзіңіз алып кетесіз. Мен де бір кісілердің айтуымен ол жігіттерді апарғанмын. Бір абыройлы, үлкен кісінің үйінде ит бағады, сол кісінің алабай иттеріне күтім жасайды. Екеуі де сол жерде. Сол кісіге жігіттерді алып барып тапсырдым, анда-санда хабарласып тұрады, бірақ етене араласпаймын. Олардың кісі өлтіргенін мен білмеймін, бұдан кейін полициялар менің үйімді қоршап жүрмесін, ағатай, – деді Сырлыбай. – Болды, келістік, әңгіме жоқ, тұрып жатқан жерін көрсет. Саған титтей де залал келмейтініне мен кепіл, сенің атың да аталмайды. Бұлар кафеден шыққанда түннің бір уағы болыпты.

Жанғали сағатына қарап еді, он бірден кетіп барады екен. Бұлар Сырлыбайдың машинасына мініп алып, он бес-жиырма минуттай жүріп, «Он үшінші магистраль» деген шағынауданға келді. Көлігін сол жерге тоқтатты. Оң жақта үлкен екі қабатты зәулім үй тұр. Ат шаптырым аула, сырты тас қорған. Әлгі зәулім үйдің алдында бір қабатты ұзын барақ секілді әсем қызыл кірпіштен салынған және бір үй тұр. Сырлыбай осы бірқабатты үйді көрсетіп: – Міне, осында тұрады. Осы жерде жиырма шақты алабай ит бағады. Олар мына мықтының пәленбай мың теңге ақша тігіп, төбелестіретін иттері. – Шын айтып тұрмысың, екеуі де осында ма? – Шыным, екеуі де осында жатады. – Ал, бауырым, көрсетуін көрсеттің, бірақ сенің тарапыңнан оларға ақпарат берілмей ме? – Жоқ, аға, бермеймін, оған сеніңіз. Менің басымның, отбасымның дауға қалғанын қаламаймын. Мен келісім бойынша сіздің айтқаныңызды орындадым, енді мені мазаламаңыздар. Әрі қарай қалай ұстауды өзіңіз білесіз, бірақ бұл үйде мықты адамдар тұрады, байқаңыз, өзіңіз күйіп кетпеңіз, – деді Сырлыбай. – Жақсы, бауырым, рақмет ескерткеніңе, мен бір-ақ жағдайда сені тартамын. Егер олар осы үйде болмаса. – Біліп берейін бе? – Біліп бер. Сырлыбай телефон соғып, танысымен сөйлесті. Сосын Жанғалиға қарап: – Үйде, міне сөйлесіп отырмын, – деді Сырлыбай әбіржулі кейіппен. – Болды, бауырым, рақмет, сен қолыңнан келгенін істедің. Енді уайымдамай, жұмысыңды істей бер. Еш жерде сенің атың аталмайды. Сырлыбай өз жөнімен кетті. Жанғали пәтеріне келді. «Таңғы тәтті ұйқының кезі дұрыс болар, адам аяғы саябыр. Ешкім көшеге шыға қоймас, атыс бола қалса да басқаларға зияным тимейді» – деп ойлады. Сағат алтыларда барып, үстінен баспақшы болды. Оған дейін біраз уақыт бар. Сыртқы кәстөмін шешіп, орындықтың басына ілді. Партупейін ажыратып, тапаншасын жастығының астына қойды да, көз шырымын алмаққа жастыққа қисайды. Таңғы сағат бесте сыртқа шыққанда таңғы аяз шытырлап тұр екен. Тапсырыс беріп қойған таксиге мініп алды да, нысанаға келді. – Бауырым, мен осы жерден қаламын, жұмыстарым біткесін хабарласамын, байланыста болайық, – деді жүргізушіге ақшасын беріп жатып. Биіктігі кісі бойынан асатын үлкен әшекейлі дарбазаның сыртындағы қоңырауды басты. Сәлден соң ішкі жақтан үйдің есігі ашылып, тырпылдап келе жатқан аяқ дыбысы естілді де, үлкен кісінің шарылдаған дауысы естілді. – Әй, бұл кім-әй, бұ қайсысың таң атпай, адамға тыныштық бермедіңдер ғой.

Сөзінің жартысын орысша, жартысын қазақшалап жетпіске таяп қалған бір қария ашты есікті. Жанғали куәлігін көрсетті. – Аға, ассалаумағалейкүм, қуатты барсыз ба, ішкі істер бөлімінен, жедел іздестіру бөлімінен аға лейтенент Жанғали Ботабаев. Осында бір азаматтар бар екен, жолықсам бола ма? Қария бұған ежірейе қарады. Сосын қазақ тілі мен орыс тілін қойыртпақтап: – Стоять! Мальчик, ты куда прешь, а?! Кто ты такой, ну что угрозыска?! Сен өзің қайда келіп тұрғаныңды білемісің?– деді Жанғалиға. – Аға, мазалағаныма кешіріңіз әрине, мен енді жұмыс бабымен жүр едім. Тапсырма осылай, осы жердегі азаматтармен бір-екі ауыз сөйлессем болды, – деді Жанғали қарияны сабырға шақырып. – Ты, цыпленок, слушай, бір бала верховный сотта, бір бала генпрокуратурада, бір бала МВД-да, так што аулақ жүргенің дұрыс, лейтенент, пока погоны на плечах. Бұлар өстіп тұрғанда бір қабатты жер үйдің есігі ашылды да, ішінен бір бала шықты. Шамасы дәрет сындыруға шыққан болу керек, әжетханаға беттеді. Қариямен есіктің алдында сөйлесіп тұра берсе кеш қалатын еді. Қария тағы бірдеңе айтам дегенше: – Аға, інім еді, ең болмаса түрін көріп, қолын алып қайтайыншы, – деді де, қарияның есікті керіп, көлденең ұстап тұрған қолының астынан сымп етіп кірді де, үйге беттеді. Қылмыскерлердің түрін көрмеген, тек төс қалтасында суреті ғана бар. Ол суреттер көз алдында жатталып қалған. Дарбазадан ішке енген бойда бірден әлгі есігі ашылған бөлмеге кіріп барды. Төрт-бес жасөспірім жігіт жатыр екен. – Ей, Бақытжан, тұр! – деді, егер ол бұлардың ішінде болса жауап қатады деген оймен, сезімі алдаған жоқ. – Не болды, братан, жай ма? – деді шашын оң жағына қайырған қараторы жігіт жамылғысын жартылай ашып, бұған кіржие қарап. – Ей, Шонақов, сен де тұр! – деді Жанғали Бақытжанның сөзіне жауап берместен бұйрық райлы дауыспен екпіндете. – Аға, не болды, жай ма? – деді оң жақ шетте диванның үстінде жатқан шикіл сары. «Яғни, екеуі де өз аты-жөндеріне жауап беріп тұр, фотосуреттегі түрлері де келеді. Енді іске кірісу керек, бір минут кешіксем іс насырға шабуы мүмкін. Олардың ойлануына мүмкіндік бермеу қажет» Осындай ойға бекінген Жанғали алдымен өзіне жақын диванның үстінде жатқан шикіл сарыны білегінен шап беріп ұстады да, сарт еткізіп, кісенін салып үлгірді. Осы кезде Бақытжан көрпені лақтырып тастап, үйден атып шықпақ болып, сыртқа ұмтыла берді. Бұл кезде шикіл сарының қолына кісен салып болған Жанғали оның қарсы алдынан шықты. Өзінің үйреншікті әдісімен оң қолымен Бақытжанды иектің астынан жеңіл ғана періп кеп жіберді. Анау шалқалап барып, артында тұрған ас ішетін үстел, шкаптарға соғыла құлады. Үстел үстіндегі кесе-шәйнектер, тәрелке, қасықтар салдырлап, жерге түсті. Осы кезде Бақытжанның қолына да кісен салып үлгірді. Сосын барып тіл қатты. – Таңғы сағат бесте адам жайдан-жай жүретін бе еді, бір үйдің ойранын шығарып, «Жай ма?» деп сұрайсыңдар тағы, – деді де куәлігін көрсетті. – Жалағаш аудандық Ішкі істер мекемесінен, жедел іздестіру бөлімінің уәкілі, аға лейтенант Жанғали Ботабаев. Сендерді тұтқындауға прокурордың санкциясы бар, сендер тұтқындалдыңдар. Қашам деп әуре болмаңдар, ондай жағдайда жағдайларың мүлде қиындайды. Жанғали тапаншасын алып, екеуінің желкесіне тақады. «Егер кішкентай артық қимыл болса атып тастаймын» – деді де, 102-ге телефон соғып, «Маған жедел көмек керек» – деп, мекенжайды айтты. Обалы не, бес-он минутта шамдары жарқылдап, ойбайлатып, полициялар да жетті. Жеке куәліктерін алып, тексергенде қылмыскерлердің нақ өзі болып шықты. Сол жерде рәсімдеу жүріп, тұтқындарды жергілікті полицияға тапсырып, олар этаппен Қызылордаға жөнелтетін болды. Бұлар өстіп жанталасып жатқанда қария да, «Мұнда бір банды кіріп кетті, угрозыскаданмын дей ме, мені тыңдамайды» – деп балаларына телефон соғып, дүрліктіріп жатқан. Сірә дөкей балаларының бірі болу керек, жалтыраған дәу қара машина келіп үйдің алдына тоқтады да, ішінен орта бойлы, жасы қырықтың үстіне шыққан, азаматтық формадағы жігіт ағасы түсіп, бұларға беттеді. Жергілікті полиция қызметкерлері әлгі жігітке құрақ ұша амандасып, әскери тәртіппен оң қолдарын шекесіне апарып, сәлемдесіп жатыр. «Ее, қарияның дөкей баласының бірі болды ғой» – деп ойлаған Жанғали куәлігін көрсетіп, жағдайды қысқаша баяндады. – Аға, мына қылмыскерлер осы жерден табылып, ұсталды, тұтқындауға прокурордың санкциясы бар, қариямен арамызда шамалы түсінбеушіліктер болып жатыр, айып етпеңіз, бұлар мойнына кісі қанын жүктеген адамдар, – деді. – Інім, түсінемін, оқасы жоқ, бұл сіздердің жұмыстарыңыз ғой. Мына жер шумный болып кетті-ау, жүр былайырақ шығып сөйлесейікші, – деп Жанғалиды аулаққа қарай икемдеді. Осы кезде бұлардың жанына қария да келіп қалды. – Осы бала, тәртіпсіз, мені тіпті тыңдайтын емес. Сөйлесіп, бұндай боқмұрындарды басындырмай, орнына қойып қою керек. Баласы қарияның сөзін үзіп жіберді. – Папа, бұл олардың қызметі, сіз араласпаңызшы, барыңызшы, үйге кіріңізші, өзім сөйлесемін қазір. Аулағырақ шыққасын, Жанғалидың қолтығынан алып: – Інім мен бәрін түсінемін, сіздердің жұмыстарыңыз, жарайсың, мынадай тапсырмаларды бір өзің атқарып жүр екенсің. Опер деген осындай болу керек, өзің сияқты азаматтарды өсіру керек қой.

Екеуміз әріптеспіз, саған бір өтініш, бұларды бұл жерден алдық деп айтпай-ақ қой, басқа жерден ұстадық дерсің, – деді. – Жарайды, аға. – Онда келістік, жақсы, егер көмек керек болса жергілікті полицияға хабарласа беріңіз. Қажетті көмек көрсетеді, жарайды інім, жолың болсын… Жанғали осылайша екі қылмыскердің соңында төрт-бес ай жүріп, ақыры құрықтаған. Кейін бұл екі қаныпезер сотталып, әділ жазасын алды. Сот оларға 18 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бір өкініштісі олар сотталғанымен өлген адам қайтып келмейді. Осы бір қанқұйлы қылмыс, мазасыз күндер Жанғалидың да есінен кетпейді.

Тұрақ АДИСҰЛЫ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...