Облыс орталығында мемлекеттік тілді меңгеріп жүрген ақмолалықтардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл бағытта Қазақстан Халқы Ассамблеясының қосатын үлесі зор, мекеме мүшелері қазақ тілін игеріп қана қоймай, өзгелерге де тіл үйретіп жүр.
Оның біреуі Ақмола облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясына қарасты «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің бастамасымен ашылған «Мәміле» сөйлеу клубының оқытушысы Милана Тарасова. Ұлты орыс болғанымен жаны қазақ, нағыз отансүйгіш азаматшаның көкшетаулықтарға мемлекеттік тілді үйретіп жүргеніне бір жылдан астам уақыт болды. Қазіргі таңда ол Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде филология факультетінің 4 курс студенті. – Мен 2023 жылдың 13 қаңтарынан мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту мақсатында «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен ашылған «Мәміле» сөйлеу клубының жетекшісімін. Клубтың мақсаты – тіл үйренушілердің мемлекеттік тілді үйренуде коммуникативтік дағдылары мен тыңдап-түсіну, сөйлеу дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Клубта барлық сабақтар тілдік кедергіні, акцентті жоюды, сөздік қорды кеңейтуді көздейді. Тілімізді дамытуға ықпал ететін әртүрлі жаттығулар мен тапсырмалар орындалады, әртүрлі жастағы тыңдаушылармен кездесіп, әртүрлі форматта диолог құрастырамыз. Қазіргі уақытта тыңдаушылардың саны 70-тен асады. Бүгінде қазақ тілін білгісі келетіндердің саны артып жатыр. Кейбір тыңдаушылар мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатын дәрежеге жетті, – деп хабарлады Милана Анатольевна. Спикердің айтуынша, оның тыңдаушылары достық үйінде ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене қатыса отырып, көптеген жетістіктерге жетуде. Мысал үшін, Мауль Глеб республикалық «Мыңбұлақ» сайысында 1-орынды иеленді, Сидорович Надежда «Қазақша сөйле» акциясының жеңімпазы атанды, ал Суравицкая Юлия облыстық деңгейде өткізілген іс-шарада қазақша баяндама оқыды. Милана Тарасова болашақта клуб мүшелерімен театрларға қазақ тілінде өтетін қойылымдарға, концерттерге барып, КВН-дарға белсене қатысуды жоспарлап отыр. Оған қоса, Мәміле сөйлеу клубында ғана емес, «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанындағы «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінде де мемлекеттік тілді меңгерген 80-ге жуық жастар белсенділік танытуда. – Мақсатым тыңдаушыларыма мемлекеттік тілді жетік меңгертіп, дамытуға өз үлесімді қосып, мемлекетіме адал қызмет ету, – деп әңгімесін тарқатты Милана.
Екінші кейіпкеріміз Ақмола облысының Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының мүшесі, қоғам белсендісі Алена Малькова-Солопова. Ол «Аманат» партиясының Ақмола облысы филиалы жанындағы «Сөйле» клубында мемлекеттік тілден сабақ береді. Бүгінге дейін Көкшетаудың 100-ден астам тұрғыны менің сабақтарымда мемлекеттік тілді үйренді. Аленаның айтуынша, қазақ тілін үйренуге мектеп оқушыларынан бастап зейнет жасындағы адамдарға дейін қызығушылық танытады, сөйлесу клубының тыңдаушылары арасында мемлекеттік қызметшілер де бар. – Көкшетауда жыл сайын мемлекеттік тілді үйренетін адамдардың саны артып келеді, олардың арасында өзге этнос өкілдері бар. Қазақ тілі трендте, мемлекеттік тіл – еліміздің тәуелсіздігініңбасты символы болып табылады, өз елін сүйетін әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Бүгінгі таңда біздің топта 97 адам бар, сабақтарымыз қатып қалған теорияны қайталау мен ережелерді жаттаумен өтпейді. Біз сабаққа белсенді қатысамыз, диалог жүргіземіз, кино, театрлар мен концерттерге барамыз, қазақ тіліндегі фильмдерді көреміз, телехикаялардағы әңгімелерді талдаймыз. Оқушылар тіл үйренудегі жаңа методикаларды пайдаланады. Мүмкіндігінше көп адамдардың санасында оқуға қызығушылық таныту үшін осы бағытта жұмыс істейміз, – деп айтты Алена Малькова-Солопова. Сөйлесу клубының тыңдаушылары жаңа тақырыптарды бірігіп зерттейді, тапсырмаларды белсенді орындайды және жаңа білімге қызығушылық танытады. Тегін сабақтарға әртүрлі жастағы көкшетаулықтар қатысады. Олардың барлығы мемлекеттік тілді меңгеруге жетелеп жүрген ұстаздарына шексіз алғысын білдіреді. Оқушылардың пікірінше, тіл үйренуде көп дүние тәлімгерге байланысты. Айта кету керек, Алена бала кезінен мемлекеттік тілге қызығушылық танытып, мектеп пен университетте орыс тілінде оқығанымен, мемлекеттік тіл бойынша байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Алена қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 30-дан астам өлеңін жатқа біледі. Көкшетауда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстар жалғасын табуда.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ