Ақмола облысында инвестицияларды тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар өз жалғасын табуда. Биыл шағын және орта бизнесті қоса алғанда, барлық салаларда 1,7 мың жұмыс орнын құра отырып, 218 млрд теңгеге 187 жобаны іске қосу жоспарланған.
Аталған инвестициялық жобалардың арқасында Көкшетау қаласында құрама жем мен жарма зауыты, Степногорск қаласында электролиттік марганец өндірісі мен металл бұйымдарын шығару өндірісі қайта жаңғыртудан өтіп, Аршалы ауданында құс шаруашылығы кәсіпорнының өнімділік қуаты 10 мың тоннаға және Зеренді ауданында 700 тоннаға кеңейетін болады. Сонымен қатар, облыста биылдан соң жалпы құны 850 млрд теңгені құрайтын, 4,2 жұмыс орны бар 89 жобаны құру көзделіп отыр. Бұлардың қатарында Ақкөл және Атбасар аудандарында макарон өнімдерін, жоғары сападағы таза марганец сульфатын, Степногорск қаласында полиэтилен канистрлерін, автомобиль аккумуляторын, Зеренді ауданында техникалық алмас концентратын өндіру сынды жобалар бар. «Сондай-ақ, Ерейментау және Зеренді аудандарында екі ірі агроөнеркәсіптік кешен, Бурабай ауданында органикалық тыңайтқыштар өндіру жөніндегі интеграцияланған зауыты бар, қуаты сағатына 5 МВт биогаз зауытын, Степногорск қаласында қуаты жылына 180 мың тонна күкірт қышқылын өндіру желісін, Зеренді ауданында қуаты 400 МВт жел электр станциясын салу жөніндегі ең ірі жобаларды да қосып айтуға болады. Өңірдің инвестициялық әлеуетін дамыту мақсатында Аршалы ауданының аумағында республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы құрылды. Қажетті инфрақұрылым объектілерін тарту мәселелері пысықталуда», – дейді Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының индустриялық-инновациялық дамыту бөлімінің басшысы Диана Есімова. Қуаныштысы, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласында Ақмола облысы алғаш рет рекордтық көрсеткіш – 1,7 трлн теңгеге жетті. Республикалық рейтингте өңір өнеркәсіптің даму қарқыны бойынша көшбасшы болды. Жалпы, облыста өнеркәсіптік өндіріс құрылымында тау-кен өндіру саласының үлес салмағы – 12,5%, өңдеу саласы – 78,6%, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау – 8,4%, сумен жабдықтау – 0,6%-ды құрайды. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде нақты көлем индексі – 121%, өндірілген өнім көлемі – 217,2 млрд теңге. Ал өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі 108,9%, өндірілген өнім көлемі 1 369,7 млрд теңгені құрады. Ақмола облысы бойынша азықтүлік өнімдерін өндіру, оның ішінде ет және қосалқы өнімдер өндірісі 15,4%- ға, өсімдік майы 55,5%-ға, сары май 25,9%-ға ұлғайыпты. Металлургия саласында өңделмеген алтын өндіру көлемі 20,2%-ға көбейіп, машина жасау саласының статистикасы динамикалық өсуді көрсетіп келеді. Бұл сала бойынша өңдеу өнеркәсібі көлемінің 16,6% құрап отыр. Бүгінде Ақмола облысы 100% теміржол мойынтіректерін, 77% арнайы автомобильдерді, 86% астық жинайтын комбайндарды, 26% тракторларды, 32% өңделмеген алтынды, 37% құс етін, 25% полипропилен қаптарын, 16% өңделген сүтті, 22% керамикалық кірпішті, 7% жүк автомобильдерін, 10% уран өндіреді. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы мұндай жетістіктерге «ALTYNTAU KOKSHETAU» АҚ, «Қазақалтын» ЖШС, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС, «Степногорск подшипник зауыты» ЖШС, «KazRost Engineering» ЧК, «Степногорск тау-кен химия комбинаты» ЖШС және т.б. сияқты ірі кәсіпорындардың үлесі зор. Ал биыл жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 76 млн теңге болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,6%-ға төмен. Былтыр қаңтар-қарашада шикізаттық емес экспорттың көлемі 190,4 млн АҚШ долларын құраса, 2018 жылғы деңгейге қарағанда 54,5%-ға өскен.
«Ақмола облысы үшін шет елдермен сыртқы экономикалық байланыс жақсы дамып келеді. Облыста өз өнімдерін 26 елге жеткізетін 50-ден астам экспорттаушы компания жұмыс істейді. Негізгі серіктестер – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Беларусь, Ауғанстан, Түркия және Иран елі. Ал экспортталатын өнімдер қатарында химиялық элементтер, теміржол мойынтірегі, ұн, ет-сүт өнімдері, тауық жұмыртқасы, өсімдік майы, сусындар, полиэтилен мен полипропиленнен жасалған қапшықтар, авиациялық бұйымдар және тағы басқа тауарлар бар»,– дейді Д.Есімова.
Қазір «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ арқылы Ақмола облысының экспорттаушы кәсіпорындарының шетелдік нарықтарға тасымалдауға жұмсаған шығынының орнын толтыру мәселесі пысықталуда. Компанияларды қолдау мақсатында жергілікті билік Ақмола облысының экспорттаушыларын ынталандыру және экспорттық әлеуетті дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Сондай-ақ, өңірде отандық тауар өндірушілерді қолдау және тауарларды жылжыту жөніндегі жұмыс тобы бар. Аталған топ мемлекеттік сатып алу шеңберінде отандық өнімді сатып алу бойынша тиісті ұсынымдар берумен айналысады. Жалпы Ақмола облысында отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша жұмыстар әрдайым бақылауда тұр десек болады. «Бүгінде мемлекетіміз бизнес жүргіземін дегендерге қолайлы жағдай жасауда. Түрлі қолдау бағдарламалары, жеңілдетілген несие шарттары қарастырылған. Әсіресе, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша бірыңғай кешенді бағдарлама әзірленіп, енді бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға көптеп қолдау берілмек», дейді облыстық басқармадағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Индира Айсина.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


