Цифрландыру – барлық реформаның күретамырына айналды. Осы жаңашылдықтардың арқасында сот жүйесі барынша ашық, азаматтарға айтарлықтай ыңғайлы бола түсті. Жаңа технология жетістіктерін қолдану істерді дереу және қысқа мерзімде қарауға жол ашты.
Электронды форматта іс жүргізу дамыған мемлекеттердің стында бұрыннан бар тәжірибе. Ал қазақстандық сотта цифрлық технологияны енгізу бойынша мақсатты жұмыстар 2014 жылдан бастау алады. Содан бергі он жылдан аса уақыт ішінде Жоғарғы Сот өзінің ресми интернет ресурстарын қалыптастырып, азаматтарға сот саласына қатыты барлық ақпаратты күнделікті ұсынып келеді. Осы жылдары сот жүйесінің қолжетімділігін, тиімділігін арттыру, соттағы онлайн-қызметті дамыту үшін «Сот кабинеті» электронды жобасы іске қосылды. Бастапқыда бұл сервистің тиімділігі күмән тудырғанымен, «Сот кабинеті» алғашқы тоқсанда-ақ қоғамға қажеттілігін дәлелдеп үлгерді. Бірыңғай сервис арқылы құжат жолдаудың, сұраныс жасаудың, анықтама алудың тетіктерін тез меңгерген халық әуре-сарсаңнан құтқарған бұл жүйеге ризашылықтарын білдірді.
2015 жылдан сот жүйесінде «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілді. Бұл жаңашыдықтың да салаға бергені мол. Себебі «Төрелік» сотқа келіп түскен барлық істердің тіркелуінен бастап, істің аяқталғанына дейінгі есебін электронды түрде жүргізілуге негіз қалады. Осы жаңашылдықтың енгізілуі республика соттарындағы барлық сот отырысы залдарын аудио, бейне жазба құрылғыларымен жабдықтауға жол ашты. Осылайша үздіксіз жалғасқан заманауи сервистер істерді қашықтан қаруға, куәларды сот отырысына шақырмай-ақ сотқа тұрғылықты жерінен қатыстыруға мүмкіндік ұсынды.
«Смарт сот» жобасының негізінде қолданысқа енгізілген «True conf» мобильді қосымшасының да орны бөлек. Бүгінде бейнебайланыс арқылы өткен республика көлеміндегі істерді толықтай бақылауға болады. Соның ішінде «WhatsApp», skype, zoom, тағы басқа мессенджерлерімен көмегімен сот отырыстарына қатысу ешкімді таңқалдырмайды.
Цифрландырудың арқасында еліміздегі резонансты істерді тікелей эфирде жүргізуге мүмкіндік туды. Отандық соттың бұл жетістігін Бишімбаевтың ісін, Шерзаттың сотын онлайн бақылаған шетелдіктер де оң бағалауда. Өзге елдерде үлгі боларлық осындай ілкімді істеріміз алдағы уақытта да жалағаса берері сөзсіз.
А.Кусаинова,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы