12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Олжас ОТАР, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары:«МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ АДАМ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАРЫЗ»

– Олжас Асангелдіұлы, ел бюджетінің салықтан құралатыны белгілі. Өкінішке орай, осыны біле тұра азаматтар осы міндетті төлемді дер кезінде өтемей жатады. Естуімізше мүлік, жер, көлік салығынан қарыздар саны көп екен. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Бұл бізде салықтық мәдениеттің қалыптаспауының салдары. Өкінішке орай азаматтар өзінің құқын талап етуге дайын тұрады да, ал өзінің міндетін орындауға келгенде ештеңе білмеген, естімеген болып шыға келеді. Елімізде мүлік пен жер салығын төлеу әр жылдың бірінші қазанына дейін жүзеге асуы керек. Ал, көлік құралдары салығын әр азамат өзі есептеп 31 желтоқсанды қоса алғанда төлеу керек. Біз бейғамдық танытамыз. Маған хабарлама келген жоқ дейміз. Шын мәнінде барлық азаматтарға салық органдары тарапынан мүлік пен жер салығы туралы барлық хабарлама уақытында жіберіледі. Олар Каспий голд, пошта арқылы да таратылады. Тұрғындарға өздерінің салық міндеттемелері жайлы үнемі еске салып, хабардар етудің барлық шаралары қолданылып жатыр. Өткен жылғы төленбеген қарыз жайлы да хабарламалар жіберіп жатырмыз. Бірақ халық өз міндеттемелерін орындауға құлықсыз. Көбісі – «менің төлейтін бес мың теңгеме қарап қалып па?» деген ұшқары ойда болады.
– Салық көлемінің көптігі, көпшілігіміздің жұмыссыздық пен қаржының жетіспеушілігінен емес пе?
– Жоқ, салықтың төленбеуі тек қана ниеттің жоқтығы, бейғамдықтың салдары. Салық – көлемі жағынан бізде ең аз міндеттемелердің бірі. Әлем бойынша Қазақстан ең аз салық төлейтін ел. Мысалы, екі бөлмелі үйдің орташа есеппен алғанда жылдық салығы 5-6 мың теңгенің шамасында ғана. Көліктің салығы да әрі кетсе жиырма мың теңге. Бірақ соны уақытында төлемейміз.
– Былтыр, тіпті көлігі жоқ азаматтардың ондаған мың теңге көлемінде салық қарызы тіркелген жағдайлар орын алды. Бұл цифрлық технологияның енгізілуіне байланысты орын алған қателіктер болды ғой деймін…
– Біз тек уәкілетті органдардың жіберген мәліметтері негізінде жұмыс істейміз. Мысалы, МАИ бізге белгілі бір азаматтың осынша көлігі бар деп хабарлама жіберсе, сол бойынша салық міндеттемелерін есептейміз. Егер салық көлемі артық есептеліп жатса ол біздің кінәміз емес,бұл салық органдарына осындай мәліметтер жіберген құзырлы органдардың кінәсі. Өкінішке орай, «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады»,– дегендей, көбіне сол берілген ақпарат бойынша салық көлемін шығарған біз кінәлі болып, сөз естіп жатамыз. Жалпы, салық төлеумен салыстырғанда банктен несие алудың азаматтар үшін туғызатын түйткілді мәселелері өте көп. Алайда, банк туралы көп шағым айтпаймыз, неге? Себебі, біз үшін оған барып, ақша алсақ болды. Не айтса да, қандай талап қойса да көнеміз. Ал, төлейтін кезде не болса соны мәселеге айналдырамыз. Мысалы кезек көп болса, айқай шығарады, сәл қателік кетсе наразылық тудырады. Себебі, оны міндетім деп қарамайды, оны үкіметтің атқаратын ісі деп түсінеміз. Амалдың жоқтығынан төлеп тұрғандай боламыз. Ал шын мәнінде салық төлеу өз өміріміздің игілігі үшін жасалып жатқан төлем ғой.
– Сонда бізде төленбеген салық көлемі көп пе?
– Иә, өте көп. Елімізде орта есеппен алғанда бес миллионға жуық мүлік және көлік салығын төлеушілер бар. Соның бүгінгі таңда миллионға жуығы қарыз. Осыны ескерген үкімет әдейі жылдың аяғына дейін қордаланып қалған қарызды төлегендерді өсімпұлдан босатып жатыр. Иә әркім әр түрлі жағдайда салықты төлей алмай қалуы мүмкін. Біреу мысалы ұмытып кетеді, енді бірінің мүмкіндігі келмей қалады. Жалпы, салық бойынша борышкерлердің көбі бұл төлемді уақытында жүзеге асыруды міндетім деп қабылдамау салдарынан қарызға батып отыр. Осыны ескерген үкімет әдейі жылдың аяғына дейін қордаланып қалған қарызды төлегендерді айыппұлдан босатып жатыр.
– Төленбей отырған салық көлемі шамамен қанша?
– Біздің салық міндеттемелері бойынша 13 млрд теңге қарызымыз бар екен. Бұл ақшаға ондаған мектеп, аурухана, балабақша салынып, жолдар жөнделер еді. Өкінішке орай, осы қаржының дер кезінде қазынаға түспеуі салдарынан халыққа қажет осы құрылыстар кейінге ысырылып, жүрмей жатыр. Неге біз біреуден, үкіметтен талап етеміз? Неге алдымен өзімізге талап қоймаймыз? Біздің халықтың да, үкіметтің де кінәсі осы жерде Мобильдік қосымшаға кірсек, қанша қарыз бар, артық төлегеніңіз қанша, кем төлегеніңіз қанша түгел тұр ғой. Тон алуға, той жасауға ақша табамыз да, салық төлеуге келгенде ауызды құр шөппен сүртеміз.
Салықты төлемеушілердің жас ерекшелігі, ұлттық құрамы қандай? Бізде кімдер көп қарыз?
– Салық номерінің басында азаматтардың туған жылы тұрады ғой. Сол бойынша зерделеп қарағанда алпысқа таяп қалғандар мен одан үлкендер бұл міндеттемелеріне өте мұқият қарайды. Борышкерлердің дені отыз бен елу жас аралығындағылар. Былтыр рақымшылық болғанда 1 млн 400 мың адамның алпыс пайыз қарызы төленді. Отыз тоғыз пайызы төленбеді. Неге, беріліп тұрған мүмкіндікті пайдаланбаймыз? Тағы да қайталап айтамын бұл сананың төмендігі.
– Көлік салығы бойынша борышкерлер көп екен, мұның себебі неде?
– Иә, бізде көлік салығы бойынша борышкерлер көп. Мұның себебі көліктің негізінен сенімхатпен сатылатындығынан. Сенімхат жалпы, жақын адамдарға ғана берілетін құжат. Шетелде туысқандардан өзге адамдарға сенім хат рәсімделмейді. Ал, бізде осы құжатпен көлік сатылады. Оны алған адамның ұяты жоқ болса, көлікті заңдастырмай, сіздің атыңызға қойып қояды да, салық та, оны төлемегені үшін салынатын айыппұл да сізге есептеледі. Бұған тағы да өзіміздің бейқамдығымыз кінәлі.
– Бәлкім мұны табыс салығы секілді міндеттеу керек шығар?
– Оны міндеттей алмаймыз, себебі өз иелігінде қандай мүлкі барын әрбір азаматтың өзі ғана біледі емес пе? Мысалы адамдардың сенімхат арқылы көлік сатқанын біз қайдан білеміз? Полиция көлік жүргізіп жүрген жанға неге сенімхатпен жүрсіз деп айта алмайды. Өйткені, ол оның құқығы, оған қалай қол сұғады? Сондықтан мүлік, жер, көлік салығын міндеттеу мүмкін емес.
– Жарайды, қарпайым халық өз міндетін білмейді, оны ажыратуға сауаты жетпей жатады дерміз. Бірақ бізде кейбір шенеуніктердің қарызы басынан асып жатады ғой.
– Олар ұмытып кеткен, бірақ соңғы күндері төлеген. Бірақ төлем үш күннен кейін есепке алынатын болғандықтан, қарыз сияқты көрінген. Бұл салық төлеуден жалтару емес. Олар да адам баласы ғой, үлгере алмай қалған болуы керек. Бірақ бірінші қазанға дейін төлеп міндеттемесін орындады. Біздің журналистер бірі күнгі мәліметті қарады да сенсацияға айналдырып жіберді. Өкінішке орай сіздің әріптестеріңіз елді шулататын хайпқа құмар. Одан да шын борышкерлерді анықтап, солар жөнінде жар салса, оның тиімділігі әлдеқайда оң болар еді. Өкінішке орай, бұл да өз міндетімізді дұрыс түсінбеу салдары. Жалпы, қандай келеңсіздік болмасын өз міндетімізге салғырт қараудан басталады.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ
«Заң газеті»

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...