12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

АЗАМАТТАРЫМЫЗ АЛАҚАН ЖАЙЫП ЖҮР

СОҢҒЫ БІР АЙДЫҢ ШАМАСЫНДА АЛМАТЫ КӨШЕЛЕРІНДЕ ҚАЙЫР СҰРАҒАНДАР ҚАПТАП КЕТТІ. ТІЛЕМСЕКТЕРДІҢ БІРДЕ КҮРТ КӨБЕЙІП, БІРДЕ ЖОҚ БОЛЫП КЕТЕТІНІНЕ КӨЗ ҮЙРЕНГЕН. ДЕГЕНМЕН БҰЛ ЖОЛЫ БӘРІ БАСҚАША БОЛЫП ТҰР. БҰРЫН ҚАЙЫР СҰРАЙТЫНДАР ТОЛЫҚ ДЕРЛІК ТӘЖІКСТАН, ҚЫРҒЫЗСТАННАН КЕЛГЕН ЛЮЛИ, ДЖУГИ СЫНДЫ ҰЛЫС ӨКІЛДЕРІ БОЛАТЫН. ҚАЗІР ШЕКАРА ЖАБЫҚ, АЛ ҚОЛ ЖАЙЫП ЖҮРГЕНДЕРДІҢ БӘРІ ДЕРЛІК ӨЗ АЗАМАТТАРЫМЫЗ. СОНДА ҚАЙЫР СҰРАП КЕТЕТІНДЕЙ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА НЕ КҮН ТУДЫ?

Түнгі сағат 23:00, Алматының нақ ортасы, Абай мен Желтоқсан көшелерінің қиылысы. Қолында – құндақтағы бір бала, соңына ерткен тағы үш баласы бар бір әйел қайыр сұрап тұр. Алғашында ауыр ойдың жетегінде өтіп кеткеніммен, кейін көлікті қайырып, қастарына қайта келдім. Жастары бес-алтылардағы екі балақан бағдаршам бұрышында тұр. Аналары құндағындағы сәбиі мен үш-төрт жастағы баласын жетелеп бағдаршамға тоқтаған көліктерді жағалап жүр. Менің балаларына жақындағанымды жақтыра қоймады. Қойған сұрақтарыма да жауап бергісі келмей теріс айналды. Онысы менен ғана емес, тұтас қоғамнан теріс айналғандай әсер етті. Күздің салқын түні, бірақ балалардың сырт киімдерінің алды ашық екен. Түймелерін қадап, қолымдағы азғантай ақшамды қолдарына ұстаттым. Аналарының менен үркіп, бағдаршамға келіп тоқтаған көліктерге бара алмай тұрғанын көріп, кедергі жасамай, кеткенше асықтым.
«Магнум» супермаркетінің алды. Сапырылысып әрі-бері ағылған жұртқа кедергі келтіре тротуар бойында 3-4 адам қайыр сұрап тұр. Ішінде самайына ақ түскен қарт ана да, қасына баласын ерткен орта жастағы әйелдер де бар. Түрлеріне қарасаң, үй-күйсіз қаңғыбас не бір жұтым ішімдік үшін ұятты жиып қойған ішкіш емес екендіктері көрініп тұр. Терең әжім басқан жүздерінен тағдырдың салғаны осы болды дегендей көнбістік байқалады. Ең өкініштісі сол, бәрі – өзіміздің қазақ.

Осыдан бір күн бұрын журналистердің ортақ чатында әріптестерім Sputnik сауда үйінің жанында бірнеше күннен бері қарт әжейдің қайыр сұрап отырғанын хабарлағаны есіме түсті. Журналистер әжейді әлеуметтік хабарларға түсіріп, көмек беру жолдарын ойласып жатқан болатын. Демек, бұл құбылысты тек мен ғана байқап жүрген жоқпын. Расында да, қоғамдық жерлерде қайыр сұрап жүргендер көбейіп кетті және ең қиыны сол, олар айдаладан қаңғып келгендер емес, барлығы өзіміздің отандастарымыз.

«Ауылға қайта көшіп баруға ұяламын»
Алтынорда базарының маңында кептелісте тұрған көліктермен араласып он-он екі жас шамасындағы өңі қатты жүдеу ер бала жүр. Бір қолы жаюлы, екінші қолында батпырауығы бар. Бір қарасаң, қайыр сұрап жүр, екінші жағынан, батпырауық саудалайтын сияқты. Біреулер қолындағысын сатып алып жатса, енді біреулер аяп, тиын-тебен ұстатуда. Біз де қолына аз-маз ақша салдық, риза болған сияқты, сөйлесуден қашпады. Аты Әділет екен. «Нешінші сыныпта оқисың?» – деген сұрағыма бірден, «Сабағымды түске дейін орындап алдым», – деді. «Қай жерде тұрасың?» деген сұрағыма «Апорт» сауда үйінің артындағы жалға берілетін жер үйлерді нұсқады. Анасы кішкентай егіз екі бауырымен үйде көрінеді, үшінші сыныпта оқитын қарындасы бар екен. «Әкем ауырып жатыр», – деді. Үйіне ертіп баруын өтіндім. Баласының қасына бөтен кісінің еріп келе жатқанын көргенде анасы алғашында абыржып қалды. Бөтен ойым жоқ екенін, кішкентай баланың өткен-кеткен көлікке ұмтылып жүрген әрекетін көріп, уайымдап қалғанымды жеткіздім. Жағдайларын сұрастырдым. Үш жыл бұрын оңтүстіктегі шалғай ауылдан жұмыс іздеп көшіп келіпті. Әкесі қала сыртындағы шағын цехтардың бірінде істейді екен, бос уақытында такси болып нәпақасын тауыпты. Соңғы кездері остеохондроз дерті қозып, тұрақты жұмыс істеуге жарамай қалған. – «Өзім бір жастан енді асқан балалармен жұмысқа шыға алмай жатырмын. Карантин басталып, цехтың жұмысы да тоқтап қалды. Күйеуім арасында қала ішінде жолаушы таситын. Блокбекеттер қойған соң, оған да мүмкіндік болмады. Кейін белінен жүре алмай қалды. Дұрыс ем алмаған соң, дерті тіпті асқынып кетті. Үйге табыс әкеліп отырған бас көтереріміздің жағдайы – осы. Пәтерақы да бір жағынан қинап тұр. Сосын амал жоқ, базардан анау-мынауды көтерме бағамен алып, жолдың бойына сату арқылы нәпақамызды айырып жүрміз. Мен балалардан босай алмаймын, жолдасыма тік отыру да мұң. Амалсыз саудаға балаларымның үлкенін шығарып отырмын. Балаларға жәрдемақы аламын, құдайға шүкір. Бірақ ол пәтерақыдан ауыспайды. Кері көшіп баруға ағайыннан ұяламыз, ауылда бәрібір жұмыс жоқ», – деді. Ештеңе дей алмадым. Өздерін «майда-шүйде сатып» деп алдарқатқанымен, жас баланың әрекеті қайыршылыққа келетінін, ол үшін арнайы заң барын айтқым келді, бірақ айта алмадым.

«Енді не істе дейсің, қалқам-ау…»
Шағын саябақ шетіндегі тротуарда бір қарт апа қол жайып тұр. Киімі жұпыны болғанымен, таза, өңі жақсы. Дегенмен адамдардың бетіне тура қарамай, бүгежектеп еңкейе береді. Сөзге тартуға тырыстым, көнбеді. Аты-жөніңізді, мекеніңізді айтпаймын, сұхбат берсеңіз 5 мың теңге беремін деп әзер көндірдім. «Күйеуге кеш, 35 жасымда шықтым. Содан ба, күйеуім жұмыс істеуіме қарсы болды, өзі асыраған соң мен де келістім», – дейді. Жалғыз баласы бар, Алматыға көшіп келгендеріне көп болған. «Алдымен 8 жыл пәтер жалдап жүрдік. Кейін балам оқу бітіріп, жұмысқа орналасты, күйеуім де тұрақты жұмыс тапты. Сосын ипотекамен 2 бөлмелі пәтер алдық. Бәрі жақсы еді, бірақ кенет күйеуім жүрек талмасынан көз жұмды, зейнетке шығуына 2-ақ жыл қалып еді. Балам қазір басқа қалада тұрады, үйлі-баранды, 3 немерем бар. Ипотеканы баламның атына рәсімдеген едік, 20 жылға алған несиенің әлі 6 жылы бар, айына 120 мың теңге төлеуіміз керек. Баламның өзі де қазір жұмыссыз отыр, сосын оған ештеме демедім. 1 бөлмеге 3 қызды жалдап, айына 90 мың тауып отырмын. Баламның қолына баруға келінмен онша емеспін. Енді несиенің қалғанын табудың басқа амалын таппадым, үйімнен айырылып қалғым келмейді, енді не істе дейсің, қалқамау… – деді көзіне жас алған кейуана.

Бәріне коронавирус кінәлі
Бірнеше жыл бұрын Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазов: «Астананың оң жағалауында көрші елден келген мигранттар мен өз азаматтарымыз қайыр тілеп жүреді. Оның үстіне кей адамдардың арбаға таңылған мүгедектерді «қайыр тілеу нүктесіне» әкеліп отырғызып, кешке қарай түскен ақшаның бәрін алып кететіні алаңдатады. Олар қайыршылықты бизнеске айналдырған топтар. Құқық қорғау органдары бірден мұндай фактілердің жолын кесуі керек», – деп қабылданған заңнаманы жұмыс істету қажеттігін айтқан болатын. Қайыршылықты бизнеске айналдырғандар да бар шығар. Ондайлар бұрын, негізінен, сол мүгедектер мен шетелдіктерді пайдаланатын. Дегенмен қазір көшеде отырғандардың дені басқалар сияқты. Коронавирус індетінен кейінгі төтенше жағдай, карантин өз отандастарымызды да тентіретіп жібергендей. Тұрмыс тауқыметін тартқандар нан табудың басқа жолын таба алмай, қол жайып көшеге шықты. Бұл нені білдіреді? Жалпы елдің әлеуеттік жағдайы ауырлады, қатты ауырлады дегенді білдіргендей. Әйтпесе кім еріккеннен қайыр сұрайды? Өндірістердің жабылуы, жаппай жұмыссыздық, экономикалық дағдарыстың салдарының бірі – осы.

Алақан жайғандарды айыппұл да тоқтата алмай тұр…
Қайыр сұрағандарға қазір заң бойынша айыппұл салынады. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде көшедегі халықтың мазасын алатын қайыр сұраушылар, жезөкшелер мен балгерлерге айыппұл салынатын болып заң жүзінде бекітілген еді. Мәселен, Ақмола полицейлері 2020 жылдың басынан бері қоғамдық орындарда қайыршылық жасап отырғаны үшін 640 адамды жауапкершілікке тартқан екен. Заңнама күшіне енген соң көшеде ашықтан-ашық қайыр сұрауға айыппұлдан қаймыққандар әлеуметтік желілерге көшіп, желіде көмек сұраушылар қаптап кетті. Тіпті «дәніккеннен құныққан жаман» деп, көмекке мұқтаж жандардың атынан әлеуметтік желілер арқылы көмек сұрап, блогерлер арқылы қайырымдылық шараларын ұйымдастырушылар да көбейді. «Көп түкірсе – көл» деп, сол қайырымдылық шараларының арқасында үйлі болып жатқандары да, жақынының еміне ақша жинап алып жатқандар да баршылық. Әлеуметтік желідегі оқырманы көп блогерлер жұма күнінің садақасын көпбалалы мұқтаж отбасыға көмір алып беру, азық-түлігін түгендеп, қажетті затын алып беретін үрдіс те қалыптасып қалды. Соны көріп әлеуметтік желіде де кез келген постың астына қиын жағдайын айтып, науқас баласының; ажырасып, баласына қарамай кеткен күйеуінің әрекетін айтып көмек сұраушылар көбейді. Яғни қоғамда шын мұқтаж бен қайыр тілеуді кәсіп қылғандардың аражігін ажырату да қиынға айналуда. Қол жаюдан, қайыр тілеуден арланатын қазақтың ұрпағы үшін, тілемсектік қалыпты жағдайға айналып бара жатқан жоқ па?!

Маман пікірі

Қанат ОТЫНШИЕВ, Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығының директоры:
– Біздің мекемемізге Өзбекстан мен Тәжікстаннан келіп көшеде қайыр сұрауды кәсіп еткендердің балалары жеткізіледі. Ал Алматыда мешіттің айналасында, базардың маңайында қайыр сұрап жүрген балалар жергілікті тұрғындардың балалары. Олармен ювеналдық полиция немесе кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор айналысады. Алдымен ескерту береді, қайталанса, жаза қолданылады. Сондықтан көбінесе ескерту берілген соң, нәтиже шығарып жатады. Карантинге орай шекара асып келетін қайыр сұраушылар азайды. Білім бөліміне қарайтындықтан, оларды дер кезінде бізге әкеліп жабу маңызды болатын. Өйткені баланың басты міндеті – білім алу. Балалардың ата-анасына болысу үшін көшеде қайыр сұрап кетуі кездесіп жатады. Тұрмыстың қиындығын үлкендер баланың иығына түсірмесе екен…

Жазира КЕНШІНБАЙҚЫЗЫ, журналист, блоггер:
– Инстаграм парақшамды белсенді жүргізгеніме екі жылдай болды ғой. Осы уақыт ішінде қайырымдылық жасауды сұрап хабарласқандар баршылық. Жекеме жазып денсаулық жағдайына байланысты көмек сұрайтындар көп. Қазір аурудың да түрі көп. Мынандай диагноз қойылды, Ресейде ем алуым керек, Түркияда ем қажет екен деп хабарласады. Әрине, 20 мыңдық оқырманмен емге қажетті 10-15 миллиондық емнің ақысын жинау мүмкін емес. Дегенмен қолдан келгенше тырысамын. Әлеуметтік желінің бір жақсы жері – танымайтын адамдар да аяушылығы оянып, қалтасында барын садақа ретінде атап, беруге тырысып жатады. Көп адамнан жиналған соң ол кәдімгідей қомақты қаржы болады. Бірақ, екінші жағынан, осы нәрсе адамдарды масылдыққа үйретіп тастамай ма деп те қорқамын. Кейде болмашы бір қаржы сұрап, өзінің де шамасы жететін мәселесін өзі шешпей, сенің мойныңа артып қойғысы келген жағдайлар кездесіп жатады. Мәселен, сегіз балам бар, пәтерақымды төлей алмай отырмын деп хабарласады. Мемлекет тарапынан ізденсе, сол сегіз балаға жәрдемақы шығады ғой. Кейде соны айтып қынжыламын. Балаларының құжатын реттеп, тиесілі жәрдемақыға қол жеткізгеннен, жұрттан көмек сұрауды оңай көреді. Басында көмек сұраған жанның бәріне көмектестім. Кейін қайыр сұраған жанды әбден зерттеп барып, көмек қолын созатын болдым. Шын мұқтаж, қамқор болатын ешкімі жоқ жетім немесе жолдасы тастап кеткен, жұмысқа шығайын десе омыраудағы баласы бар, көпбалалы аналар да кездесті. Ракпен ауыратын, қарасатын ешкімі жоқ үлкен кісіні де көрдік. Дәрі-дәрмегіне, шын қажетті бір затын алып беруге барынша көмектестік. Арасында әлі де болса садақа жинап көмектесеміз, ауру болса, дәрігерлік анықтамасын сұрап, жан-жақты зерттеп барып көмектесуге тырысамын. Кейде денсаулығы дұрыс адам болса, жұмысқа орналастырып, күтуші етіп немесе бір таныстардың үйіне үй шаруасына көмектесетін етіп жұмысқа тартуға тырысамын. Бірақ масылдық психологиясы басым жандардың тауып беріп тұрған жұмысты істемей, одан гөрі жұрттан сұрағанды оңай көретініне көзім жетті. Тағы бір айта кетер жайт – қазір инстаграмда help деп басталатын аккаунттар көп. Ата-аналар баласының бір күн болсын өмірін ұзартуға тырысып, әлеуметтік желіден қаржы жинайды. Өйткені мемлекет тарапынан оларға үнемі дәрі-дәрмек берілмейді. Ата-анасы амалсыз халықтан көмек сұрайды. Шынымен, санаулы өмірі қалған балаларға ақша жинау дұрыс емес секілді. Өйткені ол баланың тағдырына жазылған, өлшеулі өмірі – сол, ал қыруар қаржыны өмір сүруге қабілеті жоқ бала үшін жинау дұрыс емес секілді. Себебі басқа бір көмекке мұқтаж, болашағы бар, бірақ қаржының жоқтығынан дертімен күресе алмай жатқан балаға көмектескенді дұрыс санаймын. Қазір садақа берушілерден құралған уатсап топтарым бар. Бір топта садақаға ниеттенгендер күнделікті жүз теңгеден жинап отырады. Екінші топта қомақты қайырымдылық жасап отыратындар жиналған. Ол топтар шын мұқтаждар мен үнемі садақа жасап отырушылардың арасын байланыстыру мақсатында құрылған болатын. Халықтан жиналған ақша болған соң үнемі есебін де беріп отырамын. Қайырымдық жасау арқылы баспаналы болып жатқандар да бар. Сондықтан қайырымдылықтың барлығы шын мұқтаж, өз адамдарын тапса деп қана тілеймін.

P. S: Ойымды жия қойғаным сол еді, ұялы телефоным шыр ете түсті. Хабарласқан танысым жолдас жігітінің қиын жағдайға душар болғанын, суық күндер жақындап қалғандықтан, ең болмаса көмір алып беруге қаржы жинауға әлеуметтік желі арқылы қолдау білдіруімді сұрады. Жігіттің әйелі ауыр науқастан төсек тартып жатыр екен, іркес-тіркес үш баланы баққан жігіттің өзі жұмыс істей алмауда. Қарт әкесінің де дәрілеріне көп қаржы қажет дейді… 

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

КОГДА ПРИШЛА БОЛЬШАЯ ВОДА…

ВЕСНА НАСТУПИЛА СТРЕМИТЕЛЬНО. АПРЕЛЬ ПРИНЕС В АКМОЛИНСКИЙ РЕГИОН НЕ...

ИСКОРЕНИТЬ ИЖДИВЕНЧЕСТВО

Глава государства на одном из заседаний Правительства указал, что...

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...

КОРЕЙСКАЯ КУЛЬТУРА – ДЛЯ ВСЕХ

СО ДНЯ ОСНОВАНИЯ ДОМА ДРУЖБЫ В РАБОТУ АКМОЛИНСКОЙ АССАМБЛЕИ...

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына конкурс жарияланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды.