12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Оңай олжа оңдырмас

«Алтын көрсе періште жолдан таяды» деп дана қазақ бекер айтпаса керек. Асхаттың бауырым деп жақын тартқан інісі ту сыртынан қанжар қадағандай болды. Інісінің ашкөздігінен туған жерінде аяқ басып жүре алмайтындай халде. Туыс­тары аталас бауырының теріс әрекетіне Асхатты кінәлі деп санайды. Мұның бар жазығы – інісіне қатты сенгені. Әпкесі жалғыз ұлының жеті жылға темір торға тоғытылғанын көріп қайғыдан қан жұтты. Шарасыз ана шырылдап сот залын­да баласына ұмтылған бойда талықсып құлаған. Апайының жағдайына алаңдаған Асхат қасына барып, қолынан ұстай бергенде жездесінің жақтырмаған жанарын бірден байқады. Алай-дүлей болған жан дүниесі «Менің жазығым не?» деп айқай салып жатқандай. Бірақ, оның бұл сөздерін ұғынар ешбір адам жоқ секілді…

Қамқорлық

Өткен күндердің естелігіне зер салған Асхат қалың ойдың шырмауынан шыға алар емес. Ауылға барғанында өзінің аталас апайының үйінде қонақта болды. Әли – апайының жалғыз ұлы. Бала күнінде көрген еді. Жігіт болыпты. Ағалық көмегін бермек болып Әлиді өзімен бірге қалаға жұмысқа алып келген. Екеуінің әңгімесі де жараса кетті. Жас жігіт мұның жұмысына қатты қызығушылық танытқан. Жаңа ортаға әбден сіңіп кеткен Асхат ағынан жарылып, өзінің жекеменшік ақша айырбастау пунктінде жұмыс істейтінін, қомақты қаржыны тасымалдайтынын айтып берген. Інісіне инкассатор киімі, тағынған қаруы ұнайтын секілді. Қанша дегенмен, бала ғой әлі…

Алматыға келгеннен кейін інісіне ыңғайлы жұмыс табылғанша қасына ертіп жүрді. Әли де тым кінәмшіл. Көп жұмыс­ты жақтыра бермейді. Басқа шаруадан гөрі, мұның қызметіне көбірек қызығатындай. Алайда, Асхат қаупі зор қызметке әпкесінің баласын тартқысы келмеген. Көп ұзамай інісінің қасынан бейтаныс жігіттерді жиі байқайтын болды. Алғашында достарымен оңаша қалғанды тәуір көретін Әли келе-келе түрлі сылтаумен үйге қонбайтынды шығарды.

– Әли, кеше мен айтқан жерге барып жолықтың ба? – деді үйге қонбаған інісін сөзге тартқан Асхат.

– Ой, аға! Ондай іс маған қол емес.

– Неге?

– Құрылыстың жұмысы ауыр ғой.

– Е, бауырым жұмыстың қиынды­ғынан қашпа, керісінше қиындықты жеңуге тырыс! Сонда ғана үлкен жетістікке жетесің.

– Аға, мені өз қасыңызға жұмысқа алсаңыз жақсы болар еді.

– Менің жұмысыма еш уақытта қызықпа. Жауапкершілігі жоғары. Қауіптілігі өз алдына. Ақшаны екінші орынға жеткіземін дегенше жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Маған сенің амандығың керек.

– Аға, сіздің жұмысыңыз керемет қой, қолыңызда миллиондаған теңге, доллар мен еуро. Бір қапшық ақшаны жымқырып миллионер болып шыға келмейсіз бе?!

– Қой, қайдағыны айтпа! Бұл сөзіңді менен басқа ешкім естімесін. Біреу сені шынымен біздің инкассаторды тонағалы жүр деп қалады ғой.

– Жоға…

Ағалы-інілі екеуі осы әңгімеден кейін бұл тақырыпқа қайта оралмаған еді.

Тәтті елес

Кешкісін күндегідей Әлидің достары келді. Аулаға шығып, қолдарында темекі, бір-бір бөтелке сыра алып мемлекеттің мәселесін шешіп жатқандай әлденені қызу талқылап, қызыл кеңірдек болып жатыр. Жалғас, Иван, Ерліктің де мұрын қанатып жұмыс істеп жүргендері шамалы. Барлығы «екі қолға бір күрек» деп аздаған тиын-тебенді місе тұтып жүргендер. Сол күні төрттіктің жарыса талқылаған әңгімесін Асхат бұзды. Інісін алыстан байқап, хал-жағдайын сұраған ол көп бөгелмей үйіне кеткен. Сондағысы Әлидің кіммен араласып, кімдермен дос болып жүргенін көру ғой.

Әлидің достары Асхаттың қайда жұмыс істейтінін білмейтін. Инкассатордың киімін киген жігітке үшеуі таңдана көз тастаған. Иван бірден ағасының қызметін сұрап, тергей бастады. «Ех, достым, неге бұл жаңалығыңмен бөліспей жүрсің, а?», – деді қуланған ол.

– Ой, жігіттер, ағамның жұмысынан сендерге не пайда?

– Әли, сен әлі түсінбедің бе?, – деді Жалғас.

– Иван, мынаған мән-жайды түсіндірсейші.

– Біз сенің ағаңның жұмысы арқылы оңай олжаға кенелеміз. Сен тек қомақты қаржы тасымалдайтын күнді анықтап, қай жерден, қашан алып кететінін білсең болды. Қалғанын өзіміз қатырамыз. Қорықпа, сені де ақшасыз қалдырмаймыз.

– Қайдағыны айтпаңдаршы. Бастан-­аяқ қаруланған инкассаторлар сендерге ақшасын өлмей бермес. Босқа әуреленіп қайтесіңдер!

– Не болды, сонша қорқып! Біз бәрін «чики-чики» етіп жасаймыз. Керек десең қаржыны жымқырғанымызды ешкім білмей де қалады, – деді Ерлік. Езуіне қыстыр­ған темекісін алмастан жоспар құруға кірісіп кеткен Ерлік шабыттанып алған. Әлидің қарсылығын елейтін түрі жоқ.

– Ренжімеңдер, жігіттер, олай жасай алмаймын. Менің кесірім ағама тиіп кетеді. Бір күні біліп қойса қайтемін? – деген Әлидің сөзі ауада қалқыған қалпы қалды.

– Бір инкассатордың бір дорба қаржысын жымқырғанға «Қала» мен «Жұлдыз» компаниясы банкротқа ұшырап қалмайды, – деді Жалғас сәлден соң. Оған Иван ары қарай өзім түсіндіремін деген ыңғай танытып, Әлиді қолтықтап шетке қарай шығарды.

– Біздің жоспарымыз тек өз арамызда ғана қалады. Жоспар жайында тірі жанға тіс жарып айтпаймыз. Операциямыз сәтті аяқталғаннан кейін миллионер болып шыға келеміз. Қашанғы осылай ағаңның үйінде жүрмекшісің, а?! Жаңа пәтер, судай жаңа көлік мінгің келмей ме? Керемет емес пе?! – деді желпіндіріп.

Иванның майда тілі Әлидің ойын бірден өзгертіп жібергендей. Үйіне кірсе, ағасы қалың ұйқыда жатыр екен. Аяғының ұшымен басып, төсегіне жата қалды. Иванның айтқан жоспары ойынан кетер емес. Біраз уақытқа дейін дөңбекшіп ұйықтай алмады. Шынымен жоспар орындалып кетсе ше?! Шытырлатып ақша санаған сәті елестеген Әли армандап жатып қалың ұйқыға кетті. 

Жоспар

Әлидің тәтті түсін ағасы бөліп жіберді.

– Әлижан тұр, таң атты, – деп інісін оята жүріп асығыс киінген Асхат есікке беттеген. Қап, ең әдемі жеріне келгенде…

Ертегіге айналған түстен кейін жас жігіттің жұмыс іздеуге деген құлшынысы қайдан болсын. Амалсыз орнынан тұрып, сүйретіліп жүріп сыртқа қарай жиналды. Әли ағасы айтқан уақытша жұмысты да мандытып істеп жүрген жоқ. Екі көзі далада болып, елегізген ол ертегідегі өмірге жақындататын бір жаңалықты күтетіндей. Тілеуін тәңір берді деген осы. Ұялы телефоны шыр ете түсті. Хабарласқан Ерлік екен.

– Әли, қайдасың?

– Жұмыста.

– Кешке жиналамыз, ақылдасатын шаруа бар, – деді Ерлік. Әли достарымен тура маңызды мәселені талқылайтын адамдай кештің батқанын асыға күтті. Кешегі қарсылықтың ізі де қалмаған. Оңай олжа орға жығатынын айтып ақылға шақырған белсенділіктен бір белгі болсашы. Жұмыс аяқтала сала жиналыс орнына қарай асықты. Келсе достары күтіп тұр екен.

Сол күннен бастап Әли ағасы мен жанындағы серіктерін аңдуға кірісті. Тапсыр­ма солай. Інісі өзі айтқан жерде жұмыс істеп жүр деп ойлаған Асхатта қылаудай күмән болмаған. Ал Әлиден жақсы жаңалық күткен достары асықтырып әлек. Ақыры бәрі тағы жиналды.

– Жігіттер, біздің ойға алғанымыз оңай шаруа емес екен. Ақыры қолымызды былғаған соң кез келген күні ұрлыққа тәуекел ете алмаймыз. Сондықтан, дайындалып, кассада қомақты қаржы болатын күні ғана іске кіріскеніміз абзал.

– Міне, мынауың ақыл!

– Өй, мынадан бірдеңе шығады, – деп серіктері жамырап, қауқылдасып қалды.

– «Қала» мен «Жұлдыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Шымкентте орналасқан дүңгіршектеріндегі қаржыны инкассаторлар аптасына бір рет барып жинап келеді екен. Міне, осы сәтті біз мүлт жібермеуіміз керек!

Жемтік

Олар өздері атқаруы тиіс міндеттерді бөлуге кірісті. 2018 жылдың 11 қыркүйек күні Ерлік жалға «Daewoo Lacetti» жеңіл көлігін алды. Сөйтіп темір тұлпарды тізгіндеген сыбайластар Отар бекетінің вокзалын бетке алған. Вокзалға жеткен төртеуі алдымен бейнекамералардың қай жерлерде орналасқанын қарап шықты. Елеусіз тұстарды нысанаға алған олар жоспарды да соған қарай құра бастаған. Әр қадамдарын пысықтаған қылмысты топ артынша Алматыға кері қайтты. Сол күні Ерлік пен Әли «Кенжехан» базарында кездесіп, ол жерден 10 дана пластикалық қапсырма сатып алды. Бұдан кейін, «Car City» сауда орталығына қарама-қарсы тұста орналасқан дүңгіршектен Әли мен Иванға қара түсті экипировкалық киім жинағын және басқа киетін бетперде алған. Қажетті заттарды түгендеген төртеу кешкілік Алматы облысы Талғар ауданынан жалға алған пәтерде тағы біріккен. Өзінің арам пиғылын ағасы біліп қалмас үшін Әли Асхатқа қоңырау шалып, «Қала шетіндегі бір үйді жөндейтін болдық. Бір жұмадан кейін үйге барамын» деп қармақты алысқа салып қойды.

– Иван, сен жарадың! Әли екеуің полиция капитаны болып шыға келдіңдер. Мына құжатқа жолсерік түгілі, инкассатор да сеніп қалатын болды, – деген Ерлік орыс досының шеберлігін айтып, қошеметтеп қойды. Үйден шығып жеңіл көлікке Әли, Иван және Жалғас отырды. Олар Жалғасты Алматы вокзалына қалдырып кетті. Себебі Жалғас инкассатордың қай вагонға отырғанын хабарлауы қажет болатын. Сөйтіп өздері түнделетіп жолға шыққан екі жігіт таңға жақын Шымкент бекетіне келіп тоқтады. Әли вокзалға кірісімен өшіріп қойған ұялы телефонын қосты. Жалғастан «WhatsApp» мессенджері арқылы «шықты, 7-ші вагон» деген хабарлама келген екен. Енді пойызды күту ғана қалды. Ұзақ жолдан келген жігіттер маужырап әзер отыр. Жүйрік пойыздың келген-кеткенін хабарлап отыратын қыз да қалың ұйқыға кеткендей тым-тырыс. Күйгелек Иван болса бір орында отыра алмай тықыршып барады. Уайымын сыртқа білдірмегенмен, Әлидің де жаны байыз табар емес. Бір кезде қалың ұйқыда жатқан вокзал ішін хабарлаушы қыздың саңқылдап: «Құрметті жолаушылар, Алматы-Шымкент бағытына қатынайтын жүрдек пойызы бірінші жолға келіп тоқтайды, сақ болыңызда!р» деген дауысы селк еткізген.

Әли көлікке қарай беттеді. Ал Иван болса аузына медициналық маска киіп, жетінші вагонға қарай жақындаған. Жолаушылармен бірге Алматыдан келген инкассаторды көрді де соңынан еріп жүре берді. Бет-аузын тұмшалап алған инкассатордың жүзін анықтап көре алмай келеді. Аңдушыны аңғармаған инкассатор болса өзін күтіп тұрған көлікке отырып, қонақ- үйге қарай беттеді.

Әли мен Иван түске дейін демалған инкассаторды көз ілмей күтіп отырды. Ұйқысын қандырып шыққан инкассатор жұмыс көлігіне мініп, дүңгіршектерден ақша жинауға кіріскен. Қомақты қаржыны сөмкесіне салып жатыр, салып жатыр. Соңынан жемтігін уысынан шығарып алмауға бекінген екі қылмыскер ілесті. Әли де бет-аузын медициналық маскамен тұмшалап инкассатордың соңынан бір адым қалмай еріп келеді. Бір кезде хабарлаушы қыз: «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Құрметті жолаушылар, Шымкент-Алматы бағытына қарай қатынайтын №12 жүрдек пойызы 10 минутқа кешігіп келеді» деп дауыстады. Тасалау жерге барып бой жасыр­ған Әли инкассаторды жоғалтып алмауға тырысып отыр. Екі көзі қомақты сөмкеде. Бір кезде шойын жолды тарсылдатып, көк түтінін будақтатып, «мен келе жатырмын» дегендей ысқырып-пысқырған пойыздың да қарасы көрінді. Адамдар арлы-берлі жүгіріп жүр. Осы бір қарбаласты ұтымды пайдаланғысы келген Әли де жалма-жан тұрған жерінен жылжып инкассатордың қасына жақындай түсті. Ал ол болса өзіне ентелей түскен қылмыскерді байқамады.

Пойыз келіп тоқтады. Инкассатор №10 вагонға мінді. Әли де оның артынан ілесе кірді. Жолсеріктің «сіздің билетіңіз?» деген сұрағына тіл қатпастан ішке озды. Бар ойы – оңай олжадан көз жазбау. Вагонға мінген жігіт жан-жағына алақ-жұлақ қарап инкассаторды іздеп әлек. Екі адамдық купеде жалғыз өзі отыр­ған ақша тасымалдаушыны көріп, көңілі орнына түсті. Тек содан кейін ғана пойызға мініп жатқан адамдарды қағып-соғып сыртқа қарай шығып кетті. Түсе салып, Алматыда күтіп отырған сыбайлас достарына хабарлама жазып жіберді де, өздері жалдамалы көлікке отырып Отар бекетіне қарай жол тартты.

Әлидің сыбайлас достары қылмысқа қажетті заттарды алып таңғы 5:30-да белгіленген жерге келіп Әли мен Иванды күтіп тұрды. Ұзақ жолды артқа тастаған екеудің де келетін уақыты жақын. Жарты сағаттан кейін олар да көрінді. Жігіттер бір-бірімен амандаса салып іске кірісті. Әли, Ерлік және Иван қара түсті экипировкалық киімдерін, бастарына көзі мен аузы ғана ашық қара масканы киіп пойыздың тоқтауын тағатсыздана күтіп тұр. Ал Жалғас болса вокзалдың кіреберіс қақпасына көлікті қойды.

Әлидің жүрегі тарсылдап, кеудесінен шығып кетердей. Қол-аяғы өзіне ерік бермей дірілдеп барады. Сағаты құрғыр тоқтап қалғандай ма қалай?! Пойыздың келуіне жарты сағат бар. Сағаттың тілі алға қарай жылжудың орнына, кері кетіп бара жатқандай. Олар үшін жарты сағат жарты жылдай болып көрінді. Күткенде уақыт құрғыр өте қоймайды ғой. Ерлік сыбайлас достарының жасайтын жұмысын айтып, нақтылап тұр. Бір кезде төрт жігіт үнсіз ойға шомып кетті. Бірақ олардың алдағы өмірі бұлыңғыр еді. Төртеуі де бастарын қатерге тігіп тұрғанын жақсы білді. Қолға түскен жағдайда барар жерлері темір тордың арғы жағы екенінен де хабардар. Бірақ суда жүзген балықтай сытылып шығып кетеміз деген үміт қылмыскерлерді райынан қайтара алмады. Сол бір арам ой оларды қылмысқа қарай жетеледі.

Мүлгіген тыныштықты пойыздың келгенін хабарлаушы қыздың дауысы бұзып жіберді. «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Шымкент-Алматы бағытына қатынайтын жүрдек пойызы бірінші жолға келіп тоқтайды. Сақ болыңыздар!» дегенді естіп төртеуі  тағы алға ентелеген. Пойыз келіп тоқтағаны сол еді үш жігіт көліктен шықты да № 10 вагонға қарай жүгірді. Кіре беріс жерде тұрған екі жолсерікке полиция қызметкерінің куәлігін көрсетті де Әли мен Иван ішке қарай кірді. Ал Ерлік болса сыртты бақылап қалды. Иван жалма-жан екі адамдық купенің есігін ашып, қаннен-қаперсіз жатқан инкассаторға өзінің полиция қызметкері екенін растайтын жалған құжатын көрсетіп, «қомақты қаржы жымқырды» деген арыз түскенін айтты да, төсегінен жұлқылап қолын қайырып, ақша салынған сөмкені Әлиге ұстатып, пойыздан түсіп кетті. Екі жолсерік аң-таң болған күйі қала берді.

Мидағы миллиондар

Иван мен Ерлік бұл қылмысқа әбден төселген. Осыған дейін де олар поштаны тонап, зейнеткерлердің нәпақасын қалталарына басқан. Ол кезде де Иванның досы поштаға қомақты қаржы түсетінін алдын ала хабарлады.

Жансеріктің аудандық пошта желісінде жұмыс істеп жүргеніне көп бола қоймаған. Ойын автоматтарына үйір жігіт үшін бұл жер телефон шұқылауға таптырмас мүмкіндік. Таңертең жұмысқа келгеннен көретіні смартфондағы таусылмайтын бейнетаспалар. Бірін көріп бітсе, екінші біреуден жаңа жазба келеді де тұрады. Жалығып үлгермейсің. Бір жақсысы кішкентай экраннан бас алмай отырған жігітке басшылық көп көңіл аудара бермейді. Өйткені еңбекақысы аз. Болмашы жалақыға адам табу қиын болғандықтан, жоғарыдағылар күзетші жігіттердің кез келген еркелігін көтеруге бар. Соны пайдаланған Жансерік те телефонның «құлағына» әбден отырып алған. Бір ойыннан екіншісіне өтіп, бір сатыдан екінші сатыны бағындырған ол поштадағы жұмысынан шыға салып ойын автоматтары бар дүкен, сауда орталықтарын жағалауды әдетке айналдырды. Тапқаны сонымен кетіп жатыр. Поштаның есігінің алдындағы автотұрақтан күнделікті ақша жасайтын ол тамақ ішпесе де, ойын ойнаудан бас тарта алмай келеді. Әсіресе, сыныптасы автоматтан миллион ұтқалы бері ойнауды тіпті үдетті. Үй көрмей автоматтың  жанында түнейтін оны дүкен қожайындары неше рет сыртқа күштеп шығарды да. Одан ақылы кірген Жансерік жоқ. Соңғы уақытта жақындарынан, таныстарынан қарызға ақша алып, ойынға салған Жансерік айналасына белшесінен берешек. Оны қалай қайтармақ?! Ойланған ол бір шешімге келе алмай ұзақ жүрді. Зейнеткерлерге зейнетақысы берілетін кезде поштаның жұмысына жан бітіп, сытырлаған ақшаның әдемі әуеніне толып кететінін талай байқаған жігіт осы миллиондарды қолға түсірудің амалын іздеп талай қиялдаған. Бірақ жалғыз адам қорған емес. Не істеген жөн? Сол сәтте есіне танысы Ерлік түскен. Бір көмектессе осы жігіттің қолынан келеді.

Құнды ақпарат

– Пошта дегенің тиын-тебен санайтын жер емес. Бұл жердің ақша айналымы жақсы. Шіркін, зейнетақы берер кезде кассаны қолға түсірсе ғой. Мына қу тірлікке жан бітіп, қайыршылықтан құтылар едім, – деген Жансерік алдымен досының тамырын басып көрді. Ол да кетәрі емес екен. Өзінің сұрқай тірлігі туралы баяндаған Ерлік те:

– Ақшаны оңды-солды шашып жүргендер бізден артық дейсің бе?! Жалғыз ерекшелігі ақшаны ұралуды жақсы біледі. Бұлай бос жүре беруге болмайды, – деп елп ете түсті.

Осылайша олар жандарына Иванды қосып кассаны үптейтін күнді белгіледі. Терезенің ар жағында көзілдіріктің астынан күлімдеп ақша санап отырған қос әйелді қорқыту бұларға түк қиын болған жоқ. Күзетші деп сенім артқан Жансеріктің қай жаққа қисаятыны тағы белгілі. Қала шетіндегі поштада қалқайып тұрған бейнекамералардың бірі де жұмыс істемейтін еді. Сөйтіп шағын ауданда айлық нәпақасын күткен біраз зейнеткердің ақшасы оп-оңай ұрылардың жемі болған.

Оңай олжаға дәндеген ұрылардың екінші сапары да сәтті бітуге таяу. Бұлқынған инкассатордың екі қолын артқа қайырып кісен салды да Иван мен Ерлік жан-жағына жалтақтай қарап, бірін бірі сүйрелеген қалпы көлікке жеткенше асықты. Сыбайластарының қарасы көрінгенін байқаған Жалғас көлікті оталдырып жүруге дайын тұр. Көлікке мінгені сол еді, Ерлік инкассатордың басын сұр түсті жейдемен орады. Оның сыртынан қалың күртеше жауып, жеңіл көліктің артқы орындығына отырғыз­ды. Осы кезде ғана инкассатор бұлардың полиция қызметкері емес екенін түсініп, дауысын шығара бастады. Оны естіген Әли артқы орындықта отырған Ерлік пен Иванға жалт қарады. Олар да Әлидің не айтқысы келгенін түсінгендей. Сыбайластар қолға түсірген инкассатор Әлидің ағасы Асхат еді.

Үрей

Бұған дейін тек сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен жүрген инкассатордың кім екеніне назар да аудармаған екен. Таныс дауысты естіген соң оның бойын қорқыныш пен үрей қатар биледі. Өзін жақын тартқан ағасына мына жасап отыр­ған опасыздығы не?! Әли жол-жөнекей Ерлікке ыммен «инкассаторды өлтірмейміз» деп белгі берді. Туысын өлімге қимады. Сөйтіп жігіттер адам аяғы баспайтын Алматы облысы Жамбыл ауданы Дегерес ауылының бетпақ даласына келіп тоқтады. Асхатты көліктен түсіріп, жерге жатқыз­ды да қол-аяғын шеше алмастай етіп мықтап байлап, сол жерге қалдырып кетті. Өздері жүз метрдей жүріп қайта тоқтады да үстеріндегі экипировкалық киімдерін шешіп, жалған куәліктерімен қоса бензин құйып өртеді. Осылайша «Қала» мен «Жұлдыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 107000 АҚШ долларын, 4 000 000 рублін, 23485 еуросын жымқырып, жеке кәсіпкерге 72 461 791 теңге көлемінде шығын келтірді.

Жігіттер оңай олжаны төртке бөліп алып, ақшаның буына масайрап кете барды. Сол күні АҚШ долларын теңгеге ауыстырып, біраз қаржыны жаратып та үлгерді. Әли су жаңа көлік таңдаудың жұмысына кірісті. Бірақ, ішкі істер органы қызметкерлерінің жасаған жұмысының арқасында ұйымдасқан қылмыскерлер көп ұзамай қолға түсті. Олар қаннен-қаперсіз жалдамалы пәтерде жатқан жерінде құрықталды. Үйлерін тінту барысында ИЖ-79 маркалы пистолет, газ пистолеті, 9 миллиметрлік калибрі, 9Х18 оқ дәрі, 1979 жылы шыққан «Макаров» және «Байкал-442» пистолеттері табылған. Қылмыскерлер қолды еткен ақшаның жартысы жеке кәсіпкерге қайтарылды.

Таныс бейне

Қылмыскерлерді тануға барған Асхат бір орнында қалшиып тұрып қалды. Себебі, оның қарсы алдында өзінің інісі тұр. Өз көзіне өзі сенбей, қайта-қайта қарады. Інісінің жасаған опасыздығына қатты налыды. Әттең, өткен күндер қайта келмейді. Әлиге қатты сенгені үшін өкінді. Ал інісі болса оңай олжаға кенелемін деген ойы іске аспай, 7 жылға бас бостандығынан айрылып, темір торға тоғытылды. Асхатты да басшылар жұмыста қалдырмады. Әлбетте, Әлидің жасаған қателігі бірнеше адамның қабырғасын қайыстырды…

Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...