Оқу бағдарламасына жасанды интеллект енгізілді: Қандай өзгеріс болады? 

Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект бағытындағы білім беру мазмұны жаңартылып жатыр. Енді бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, білім беру мазмұнын жаңарту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы республикалық педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес қолға алынған. Жұмыс 2025 жылдың қыркүйегінен бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Кейін бұл бағыттағы реформаның құқықтық негізі де күшейтілді. 2025 жылғы қарашада «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданса, 2026 жылғы мамырда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Президент Жарлығы күшіне енді.

Осы құжаттарды іске асыру аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары жаңартылды.

Министрлік бұл өзгеріс тек пән атауының ауысуымен шектелмейтінін атап өтті. Жасанды интеллект цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бөлігіне айналғандықтан, оқу бағдарламасына осы бағыттағы жаңа бөлімдер енгізіліп, жалпы 43 жаңа оқу мақсаты қосылды.

Бастауыш сыныптарда не оқытылады?

1-4 сынып оқушылары «Медиасауаттылық және жасанды интеллект» бөлімі бойынша 17 оқу мақсатын меңгереді. Олар жасанды интеллектімен қарапайым мысалдар арқылы танысып, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерін үйренеді.

Орта буын оқушылары нені меңгереді?

5-9 сыныптарда «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және жасанды интеллект» бөлімдері бойынша 14 оқу мақсаты енгізілді.

Оқушылар жасанды интеллект құралдарын оқу барысында тиімді пайдалануды, дұрыс сұраныс (prompt) құрастыруды, алынған жауаптарды сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаларын сақтауды үйренеді.

Жоғары сыныптарға қандай тақырыптар енгізілді?

10-11 сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі оқытылады. Бұл бағыттағы 12 оқу мақсаты аясында оқушылар жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттарын меңгеріп, оны тәжірибеде қолдануды үйренеді.

Бағдарламаға машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген.

Министрлік жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алғанын мәлімдеді. Қазір олар белгіленген тәртіппен бекітілу сатысында.

Сонымен қатар педагогтер үшін білім беру процесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз қолдануға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.

Президент кәсіби спортшы Шавкат Рахмоновқа көңіл айту жеделхатын жолдады 

Мемлекет басшысы кәсіби спортшы, аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновқа көңіл айту жеделхатын жолдады.

Дрондар жол ережесін бұзғандарды анықтайды: Қазақстан жолдарында бақылау күшейтілді 

Полиция жолдағы тәртіпті дрондар, мобильді кешендер және орташа жылдамдықты анықтау жүйелері арқылы бақылайды.

Қазақстан экономикасы жеті айда 4,1%-ға өсті 

Қазақстан экономикасының жеті айдағы өсімі сыртқы сын-қатерлерге қарамастан тұрақтылығын сақтап отыр.

Бүгін үш қалада ауа сапасы нашарлауы мүмкін 

Синоптиктердің айтуынша, ауадағы ластану деңгейіне жел, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температура сияқты факторлар әсер етеді.

Мектеп оқушылары қашан және қанша күн демалады? – Оқу жылының жаңа кестесі жарияланды 

Қазақстанда 2026-2027 оқу жылының, мектеп демалыстарының және қорытынды аттестаттаудың...