«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезі онлайн режимде өтті. Ел өміріне елеулі өзгеріс енгізген қаңтар оқиғасынан кейінгі жиыннан көпшілік үлкен өзгерістер күтті. Мемлекеттің саяси жүйесіне, қоғамдық, әлеуметтік, құқықтық бағыттарына айтулы реформалар қосылатынына сенді. Қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін халық мемлекет үшін маңызды, саяси күш саналатын «Nur Otan» партиясының қайта құрылымдалып, шынайы, ашық диалог алаңына айналатынына үмітпен қараған. Бұл ретте, қарапайым қазақстандықтардың үміті ақталды ма? Кезектен тыс өткен съезде қандай мәселелер айтылды?
Әуелгі әңгімені ресми іс шаралардан бастасақ, жиынға Президент, Елбасы, Президент Әкімшілігінің басшылығы, партияның Саяси кеңесінің мүшелері қатысты. Съезде «Nur Otan» партиясының жарғысына өзгеріс енгізілді, «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің жаңа құрамы жария болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясының төрағалығына сайлау туралы съезд қаулысы қабылданғаннан кейін, Президент көпшіліктің көңілін күпті еткен елеулі жайларға тоқталды. «Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас Прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз. Бұдан былай мұндай қасіретке жол бермейміз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қоғамдық құндылықтар жайлы да сөз қозғады. Қоғамдық құндылық деген не? Қоғамдық құндылық – ұлттың тілі, ділі, діні, әл-ауқаты, тұрмыс-салты. Тұтастай ұлт статусының анықтамасына топтасқан осындай құндылықтар ақсап, ұлт деградациясы басталғанда халық тұтастығы мен бірлігіне қауіп төнеді. Қазақстан билігіне ел басқару ісіндегі осындай кемшіліктер мен келеңсіздіктерін саралайтын, халықтың алдындағы әр қылмысы үшін ашық жауап беріп, мемлекеттік қызметтегі жемқорлардың ағынан жарылатын уақыты туғандай. Мұндай мәжбүрлі ахуалды оларға кешегі жалаң оққа жалаңаш қолмен ұмтылған жастар туғызды. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтыруға ұмтылуда. Бұл ретте Мемлекет басшысы жиын барысында қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екенін, азаматтық қоғам институттарына зор міндеттер жүктелетінін, соның ішінде саяси партиялар айрықша рөл атқаруы тиіс екенін жеткізді.
– Соның ішінде біздің партиямыздың алатын орны ерекше. «Nur Otan» Қазақстанды нығайтуға бағытталған маңызды реформалардың бастауында болып, түрлі салада нақты жетістікке жетуімізге елеулі үлесін қосты. Елбасының 30 жылда ел мүддесі үшін атқарған жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Бұл – тарихқа қиянат жасау деген сөз, – деді Мемлекет басшысы тағы бір тұста. Алайда, Президенттің осы сөзінен соң азаматтық қоғам ортасында бұл тұжырымға қарсы пікірдегілер де көбейді. «Егер біз Н.Назарбаевтың елге сіңірген еңбегін саралайтын болсақ, таразының екінші жағындағы кемшіліктерін де екшеп ашығын айтайық» – десті қоғамдық аудитория. «Өткенін қаралаған халықтың болашағы бұлыңғыр», – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі де көп талқысына негіз болды.
Президент «қасіретті қаңтар» оқиғасының тәуелсіздік жылдарындағы ең ауыр сынақ болғанын айтты. Қарапайым халықтың да жүрегінде өшпес із қалдырған «қаралы қаңтар» әлем назарын өзіне аударды. Түрлі халықаралық ұйымдар мен әлемнің азаматтық белсенділері елдегі дүрбелеңге қатысты деп бүгін де қамауда отырған азаматтардың құқығына алаңдаулы.
Осы ретте Президент бұл оқиғалардың барлық себеп-салдарын терең талдап, тиісті сабақ алу қажеттігін айтты. «Еліміз дамудың өте күрделі кезеңіне аяқ басқанын түсіне отырып, «Nur Otan» партиясын басқару ұсынысын ризашылықпен қабылдаймын. Бұл шешім партияны трансформациялау және бүкіл қоғамды ұйыстыру жұмыстарына кірісуге дайындықты білдіреді. Осы ретте мен Мемлекет басшысы ретінде ашық және әділ саяси бәсекелестік болатынына кепілдік беремін. Менің конституциялық міндетім – барлық билік тармағының келісілген іс-әрекетін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету. Әрине, бұл жағдайлар Президенттің кез келген партия мен қозғалыстардың қызметінен белгілі бір дәрежеде алшақтауын талап етеді. Сондықтан біраз уақыттан кейін, бәлкім осы жылдың ішінде, «Nur Otan» партиясына одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз. Мемлекет басшысының тең қашықтықтағы мәртебесі саяси реформалардың ауқымды топтамасында біржола бекітілуі керек. «Nur Otan» өзін-өзі жаңартуы керек. Партияның бүкіл жұмысын сөз жүзінде ғана емес, түбегейлі қайта құру қажет. Партияның өміршеңдігі сайлауалды уәделердің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек. Менің ойымша, шындыққа жанаспайтын және орындалмайтын уәде бермеген абзал. «Арық айтып, семіз шыққан» жөн. Ақиқатқа тура қарау қажет. Сондықтан партия Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесе отырып, сайлау алдындағы уәделердің орындалуын түбегейлі қадағалауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
«Nur Otan» – еліміздің негізгі саяси күші. Сондықтан Қазақстанның болашағы үшін, ең алдымен, біздің партиямыз жауапты. Әрқайсысымыз осы жауапкершілікті терең сезініп, жұмыс істеуіміз қажет. Шын мәнінде, «Nur Otan» мемлекетшілдер партиясы болуы керек. Ұйым мүшелері мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс, – деп сөзін қорытындылады партия төрағасы.
Ж.Құдайберген