Отбасы дегеніміз – некеге немесе қандас туысқа негізделген қоғамдық шағын топ десек болады, яғни адам өз тұрмысын ұйымдастырып және өзара моральдық жауапкершілік, көмек, түсінушілікпен байланысқан адамдардың бірлесуі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексіне (әрі қарай –Кодекс) сәйкес, неке (ерлі-зайыптылық) – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ.
Неке қию (ерлі-зайыпты болу) үшін некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) еркек пен әйелдің ерікті әрі толық келісімі және олардың неке (ерлі-зайыптылық) жасына толуы қажет. Яғни, неке қию деп кәмелетке толған ер жеткен азамат пен бойжеткен қыздың, сондай-ақ ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынастың заң жүзінде бекітілуін айтады. Сондай-ақ, неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
Жалпы, отбасының негізін еркек пен әйел арасындағы некелік одақ құрайды. Ал отбасы әр адамның өмірінде, қоғам мен мемлекетте ерекше маңызды орын алатыны мәлім. Өйткені отбасы әр адамзат үшін махаббат, жылулық, моральді тұрғыдан күш-жігер мен қолдауды білдіреді. Отбасыда адам дүниеге келіп, отбасының ұрпағы жалғасады. Жалпы, отбасының мықты, сенімді, әрі берік болуы ер мен әйелдің өздеріне байланысты, яғни олардың арасында қаншалықты өзара түсіністік болса, соншалықты сыйластық болады деген сөз, ал отбасы өз кезегінде қоғамның дамуына, оның тұрақты болуына өз үлесін қосады десек артық емес.
Өз кезегінде отбасының ең маңызды қызметінің бірі, яғни әке мен ананың балаға дұрыс тәрбие беру деп білемін, өйткені отбасыда көрген тәрбиені қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайтыны анық.
Алайда, қазіргі таңда адамдардың ажырасуға деген бейімділігін байқауға болады. Ол деген некедегі адамдардың сотқа ажырасу мақсатында неке бұзу бойынша талап арыздармен жүгіну фактілерінің көбеюі деген сөз. Өйткені, шаңырақ көтерген қазіргі жастардың арасында әр түрлі жағдайлар орын алып, түсініспеушіліктер көп туындайды. Соның салдарынан жастар арасында ажырасу фактілері орын алады. Мысалы, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2024 жылдың 8 айында неке бұзуға 1321 талап арыз түскен. Бұл көрсеткіш, әрине, өте көп.
Сонымен қатар, сотқа неке бұзу бойынша талап арызбен жүгінген тараптар арасында, яғни некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу кезінде ерлі-зайыптылар арасында даулар туындайды. Мысалы, ортақ мүлікті бөлу, баламен кездесу уақытын белгілеу, баланың тұрғылықты жерін анықтау сияқты талап арыздар мен кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға қаражат төлеуге қатысты арыздарымен жүгінетінін, сондай-ақ мұндай арыздар мен талап арыздардың да, өкінішке орай саны өсіп келе жатқанын атап өту қажет.
Сотқа неке бұзу талап арыздармен жүгінуші ерлі-зайыптылар саны көбейіп, неке бұзу фактілерінің азаймауына байланысты, қазіргі таңда екі тараптардың арасында татуластыру рәсімдерін тұрақты түрде жүргізу мақсатында және бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін елімізде Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотымен бес жыл бұрын «Отбасылық сот» пилоттық жобасы енгізілген болатын. Аталған жоба отбасы институтын жандандыру, отбасы құндылықтарын сақтау, жанұялық жарасымдылықты сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, кәмелетке толмаған балалардың толыққанды отбасымен тұру және тәрбиелену мүмкіншілігін арттыру мақсатында енгізілгенін атап өту қажет.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы Айым Байманасова