«НЕКЕ КЕЛІСІМШАРТЫ ҚАЛЫПТЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ САҚТАЙДЫ»

Елімізде отбасылардың ажырамай тату-тәтті тұруы аса маңызды болғанымен, өкінішке орай некелерін бұзып жатқан жанұялардың қатары азаймай тұр. Жалпы, отбасылардың ажырасуы кезінде дүние-мүлік қалай бөлінетіні қандай заңдарға сүйенетіні жайлы Ақмола облысының кәмелет жасына толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айжан Байжұманова әңгімелеп берді.


– Ажырасу жөнінде ортақ шешімге келіп, жинаған дүние-мүліктеріне таласып келген отбасылардың мүлкі қалай бөлінеді? Сот қандай заң қағидаларына сүйенеді?

– ҚР Неке және отбасы кодексінің 33-бабына сәйкес некелескен мерзім ішінде ерлі-зайыпты адамдардың жиған табысы мен дүние-мүліктері олардың ортақ бірлескен мүліктері болып саналады. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап ортақ кәмелет жасына толмаған балалары бар ерлі-зайыпты адамдардың некені бұзу туралы талап арыздары сонымен қатар осыдан шығатын ортақ жиған-терген мүліктерінен үлесті анықтау, дүние-мүлікті бөлу сияқты мүліктік даулар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың қарауына жатады. Бұл орайда аталған даулар бойынша мемлекеттік баждың мөлшері Қазақстан Республикасының азаматтық процессуалдық кодексінің 104-бабының 4-тармағына сәйкес талап-арыз құнының 1 пайызын құрайды. Кейбір адамдар үлестерді анықтау мүліктік дауға жатпайды деп қате түсініп, мемлекеттік бажды айлық есептік көрсеткіштің 50 пайызы мөлшерінде төлеп жатады. Бұл талап-арызды талапкерге қайтарып беруге әкеліп соғатын заңбұзушылық болып есептеледі. Ортақ бірлескен мүліктен үлесті анықтау туралы дауларды қарастыру тәжірибесінде облыс соттары арасында айырмашылықтар болады. Мәселен, бірқатар соттарда ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірі кезінде жинаған ортақ мүліктеріндегі үлесті анықтау туралы талап-арыздар мүлікті бөлу туралы бір реттік талапсыз қарастыруға қабылдамайды. Аталған талап-арыздар әдетте кері қайтарылып жатады. Сонымен қатар, Ақмола облысының кәмелет жасына толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен аталған дау дербес талаппен де, сондай-ақ мүлікті бөлу немесе некені бұзу туралы ортақ талаппен де қарастырыла береді. Аталған тәжірибені некені бұзғаннан кейін және талап қою мерзімі аяқталғаннан кейін ерлі-зайыпты адамдар некелескен кезеңде сатып алынған мүлікке құқықтары сақталатындықтан, яғни мерзімсіз болғандықтан дұрыс деп санаймын.

– Некелерін бұзған жұбайлардың жинаған ортақ мүліктері қалай бөлінеді? Ерлі-зайыпты адамдардың алатын жалақысы басқа да артықшылықтарына басымдық беріле ме? Мүліктерді бөлген кезде бөлетін және бөлуге болмайтын заттар бола ма?

– Заңға сәйкес ерлі-зайыпты адамдардың отбасылық өмірі кезінде жинаған дүние-мүліктері олардың ортақ мүлікке қаржылық үлесіне тәуелсіз яғни тепе-тең деп танылады. Тіпті, егер ерлі-зайыпты адамдардың бірі ешқашан жұмыс істемесе де отбасы ажырасқан жағдайда жұбайлар арасындағы мүлік тепе-тең етіп бөлінеді. Ерлі-зайыпты адамдардың ортақ мүліктеріне еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен, зияткерлік қызметтің нәтижесінде олармен алынған зейнетақы, жәрдемақы және басқа да арнаулы мақсаты жоқ кірістер (нақты адамның денсаулығын қалпына келтіру немесе қолдауға арналған денсаулыққа зақым келтіру яки басқа да жарақат алу салдарынан еңбекке қабілеттілікті жоғалтумен байланысты шығынды өтеуге төленген бөлуге жатпайтын материалдық көмек сомасы) жылжымалы және жылжымайтын мүліктер, құнды қағаздар, пайлар, несиелік мекемелер мен басқа да коммерциялық ұйымдарға енгізілген салымдар, қаржылық үлестер сияқты кірістер жат-қызылады. Сонымен қатар, жұбайлардың қайсысының атынан сатып алынғанына немесе олардың қайсысы қаражатын салғанына қарамастан ерлізайыпты адамдардың некелескен кезіндегі кез келген жинаған мүліктері ортақ кірістері болып табылады. Бұл орайда ерлі-зайыпты адамдардың некеге отырғанға дейінгі сатып алынған тиесілі мүліктері олардың ортақ мүліктері болып табылмайды. Сонымен қатар, неке кезінде сатып алынған бірақ жұбайлардың бірінің жеке қаржысына сатып алынған (жеке қаражат жұбайлардың бірінің некеге отырғанға дейін банкке салынған салымдары мен басқа да жинақтары болуы мүмкін) заттар, некелескен кездегі мұрагерлік немесе басқа да тегін мәміле тәртібінде сыйлыққа алынған заттар, ортақ мүлік болып табылмайды. Құнды әшекей бұйымдар және басқа да қымбат бағалы дүниелерден басқа жеке қолданыстағы заттар бөлінбейді.

– Қандай жағдайларда неке бұзылған сәтте мүліктерді бөлуде жұбайлардың біріне басымдық берілуі мүмкін?

– Ерлі-зайыпты болған адамдардың кәмелет жасына толмаған балалардың мүдделерін олармен анықталған тұрғылықты жерлерін ескере отырып көп жағдайда жұбайлар соттан үлестердің тепе-теңдігін бұзу туралы өтінеді. Аталған дәлел талапты қанағаттандыру үшін нақты негіз бола алмайды. Әрбір даулы мәселе сотпен жекелей қаралып тек ерекше жағдайларда кәмелет жасына толмаған балалардың мүдделеріне қарай немесе егер жұбайлардың бірі негізсіз себептермен кірістерді алмай немесе отбасының мүліктерін шығындаса сот осы жұбайының пайдасына мүлікті бөлуде басымдық береді.

– Мүліктерді бөлу кезінде ерлізайыпты адамдардың некені бұзған мерзімінің қандай да бір маңызы бола ма?

– Әрине. Некені бұзған жағдайда сотпен анықталған жұбайлардың некелік қатынастарының іс жүзінде бұзылуы, болашақта мүлікті бөлу туралы талап-арызды қарау кезінде даудың нәтижесіне ықпал етуі мүмкін. Аталған жағдайда соттың осыған дейінгі шешімі жұбайлардың ортақ жинаған мүліктерін бөлу туралы арызды қарастыратын сот үшін преюдициальды мәнге ие болуы мүмкін. Яғни, егер мүлік неке кезінде алынған, бірақ жұбайлар бірге тұрмаған яғни отбасылық қарым-қатынас іс жүзінде аяқталған болса сот жұбайлардың әрқайсысы тапқан мүлікті олардың жеке мүлкі ретінде тануы мүмкін. Бұл мүліктер бөлуге жатқызылмайды.

– Неке келісімшарты бойынша мүлікті бөлу оқиғалары кездесе ме?

– Иә, елімізде біртіндеп болса да қазақстандық отбасылардың неке келісімшартына отыру өмірлеріне еніп келе жатқанын айта кету керек. Аталған келісімшарттарға отырғанмен мүліктік дауларды сонымен қатар жасалған мәмілелер бойынша даулы жағдайлар туындамай тұрмайды. Дегенмен, көп жағдайда жұбайлардың өзара мүліктік келіспеушіліктері болмайды. Отбасы ажырасқан жағдайда жағымсыз жайлардың алдын алып, бұрынғы жұбайлардың арасындағы қалыпты қарым-қатынасты сақтайды. Әрине, ерлі-зайыпты адамдардың ажыраспай некелерін сақтауына бәріміз мүдделіміз. Отбасыларын сақтауға барынша тырысамыз.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Әкімшілік жазаның мақсаты – жазалау емес, тәрбиелеу

Қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі....

Абай университетінде Ғылым декадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті

Бүгін Абай университетінде «Ғылымдағы цифрлық серпіліс: жасанды интеллект дәуірі»...

Тәуелсіздік – мемлекеттік тіл тірегі

Тәуелсіздік - құндылығы жоғары қастерлі ұғым. Тәуелсіздік - елдің...

Судьялардың әдеп стандарттары

Құқықтық мемлекетте сот билігінің беделі мен тиімділігі судьялардың кәсіби...

Апостиль: халықаралық құжат айналымының кепілі

Халықаралық құқықтық қатынастардың дамуына байланысты бір мемлекетте берілген ресми...