Қоғамда азаматтар мен ұйымдар арасында мүліктік қатынастар жиі кездеседі. Алайда кейбір жағдайларда бір тарап екінші тараптың есебінен заңды негізсіз ақша немесе мүлік алып, оны қайтармай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайлар Қазақстан Республикасының заңнамасында негізсіз баю деп танылады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, егер тұлға басқа біреудің есебінен заңды негізсіз мүлікке немесе ақша қаражатына ие болса немесе оны сақтап қалса, ол алынған мүлікті немесе оның құнын иесіне қайтаруға міндетті. Бұл ереже азаматтардың құқықтарын қорғауға және әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Негізсіз баю көбінесе қателікпен аударылған ақша, заңсыз ұсталған төлемдер, жарамсыз деп танылған келісімшарттар негізінде алынған қаражат немесе көрсетілмеген қызмет үшін алынған төлемдер түрінде кездеседі. Мұндай жағдайда зардап шеккен тарап сотқа жүгініп, негізсіз алынған соманы өндіріп алуды талап ете алады.
Сот тәжірибесінде негізсіз баю туралы істер жиі қаралады. Сот талап қоюшының пайдасына шешім шығару үшін, алынған мүліктің немесе ақшаның заңды негізі болмағанын анықтайды. Егер жауапкер өз әрекетінің заңдылығын дәлелдей алмаса, негізсіз алынған қаражат толық көлемде қайтарылуға жатады.
Айта кету керек, негізсіз баюды өндіріп алу азаматтардың өз құқықтарын қорғаудағы маңызды құқықтық тетіктердің бірі болып табылады. Сондықтан әрбір азамат қаржылық және мүліктік қатынастарда мұқият болып, қажет болған жағдайда заң шеңберінде өз құқығын қорғауға тиіс.
Қорытындылай келе, негізсіз баюға жол бермеу – құқықтық мәдениеттің белгісі. Ал егер мұндай жағдай орын алса, Қазақстан Республикасының заңдары азаматтардың әділдігін қалпына келтіруге толық мүмкіндік береді.
Ақмола облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының аудандық және оларға
теңестірілген сот әкімшісінің бас маманы ӘБУ А.С.


