12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Назипа ШАНАЙ, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі: «БИШІМБАЕВ СОТЫ ЖАЛПЫ ҚОҒАМНЫҢ ЖАРАСЫН АШТЫ»

– Назипа Ыдырысқызы, халық тілегін ескере отырып дайындалған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны қатайтатын заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Бұл құжат қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Байқағанымыз, ондағы өлшемдерге қарсылар аз емес. Біздің құқықтық мемлекетте «Қол сынса жең ішінде…», «Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп қысқа ойлайтындар әлі де көп сияқты…

– Расында, бізде әлі де әйелдерді шыдамды болуға бағыттайтын тәрбие өз күшін жойған жоқ. Мысалы, 2023 жылы зорлық-зомбылық бойынша әйелдерден түскен арыз саны бойынша ең алда келе жатқан бес өңір анықталды. Сол өңірлердің ішінде әйелдер отбасында жиі зәбір көріп, өлім көп тіркелетін Түркістан жоқ. Бұл ондағы өзіңіз айтып отырған «қол сынса, жең ішінде» деген қазақы түсініктің, ұстанымның нәтижесі. Өйткені, қазақ отбасында қыз баланы ұстамды болуға тәрбиелейді. Тұрмысқа шыққан қыздарға арналған «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген жазылмаған ереже бар. Мұндай қағида әсіресе, оңтүстікте қатаң сақталады. Бұл өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені, отбасында әйел бақытты болмай, қоғам бақытты болмайды. Оның қиындыққа төзіп, өз құқығын қорғаудан қорғаншақтауы өзіне сенімсіз, қиянатқа жақын балалардың өсуіне алып келеді. Сондықтан қоғам түзелуі үшін алдымен әйелдерге, жалпы отбасына көзқарас өзгеру керек. Негізінде отбасы – екі ерікті адамның ортақ жобасы. Онда әйел де, ер де өз жауапкершілігін сезініп, саналы жұбай, саналы ата-ана болуға ұмтылуы керек. Отбасының ошағын жағып, берекесін келтіру – әйелдің миссиясы болса, оны қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – еркектің құзырындағы міндет. Өкінішке қарай, біздің қоғамда бәрі әйелге жүктелген, отбасында мәселе болса, әйелді кінәлау әдетке айналған. Отбасындағы кикілжіңнің негізгі себебінің бірі теңдей жауапкершіліктің болмай, барлығын әйелге артуда. Біз осы түсініктен арылып, отбасы екі саналы азаматтың ортақ жобасы, оның түтінінің түзу ұшуы екі жанның тәрбиесі, ұстанымына байланысты деген ұғымға келіп, соның негізінде әрекетке көшкен кезде ғана қоғам дамудың жаңа, сапалы деңгейіне көтеріледі. Сонда қоғамға «Салтанат заңы» деп бейресми атау алған аталмыш заң қажет болмайды.

– Бұл құжатта қамтылған мәселелер қоғамда көп көтерілді. Алайда, оның шешімін табуына «Бишімбаев оқиғасы» түрткі болды. Сотты бүгінде бүкіл халық көріп отыр. Сіздіңше бұл оқиға қоғамға қандай ой салды?

– Бишимбаев соты жалпы қоғамның жарасын ашты деп айтуға болады. Мүмкін ол секілді қоғамда белгілі адам істеген әрекет болмаса, бұл оқиға да жабулы қазан күйінде қалатын ба еді?! Бишімбаевтың сотына біздің қоғам жан-жақты қарап, қорытынды шығару керек. Салтанат пен Бишімбаев біз тәрбиелеген бүгінгі заманауи қоғамның азаматы. Бишімбаевтың образына қарап отырсақ, ол 16 жасында мектепті бітірген вундеркинд, батыстың озық білімін алған өте білікті маман. Ал, енді бүгінгі сотта оның айтқан сөзі, жасаған әрекетіне қарасақ, вундеркинд тәрбиелеп жатқан кезінде ата-анасы оның жанына жылу беру, адамгершілік қасиеттерін сіңіру деген мәселені ұмытып кеткен бе деген ой туады. Бір мәселені айтқым келеді. Бишімбаев ғашық болып үйленген болса, бүгін өзінің сүйген адамы туралы көрпенің астында қалған осыншама ақпаратты айтар ма еді? Шынымен сүйген адам, парасатты адам тіпті кінәсі жартылай болса да бар айыпты мойнына алып, жазасын өтеуге дайын болар еді ғой. Салтанат туралы ақ-қара ақпарат таратып, өз кінәсін жеңілдеткісі келген қазақ жігітінің образы біздің бүгінгі тәрбиелеп жатқан ұлдарымыздың образы болатын болса, біз қайда бара жатырмыз? Сондықтан әркім бұл соттан өзіне қорытынды шығаруы керек. Ішкен асын жерге қойып сот үрдісін қарап отырған ата-аналар өз баласы осыны істесе, не істер еді? Бұл фильм емес. Бұл – тағдыр, бұл өмір. Мүмкін осы сот үрдісі қоғамға ес жию үшін қажет болған болар.

– Иә, жалпы жаза жойылған жерде жауыздық етек алады. Осы тұрғыда қабылданып отырған заң бұл мәселені шеше ала ма? Заңдағы негізгі нормалар қандай?

– Заңның маған балаларды қорғауға бағытталған өлшемдері ұнады. Жалпы соңғы кезде балаға қарсы зорлық-зомбылық өз ата-анасы тарапынан да, ағайын-туыс, көрші-қолаң тарапынан да жиілеп кетті. Балалар біз құқымызды өзіміз қорғайықшы деп ашына айта бастады. Өйткені, оларды қорғайтын үлкендер зорлықшыл немесе абьюзер болып, бала олардың алдында шындықты айта алмайтын болды. Бұл – қасірет. Жаңа құжатта осы жағдай толыққанды ескерілген. Онда мәселен, бала өлтірген немесе жыныстық, зорлық-зомбылық жасағандар өмір бақи түрмеге кесілетін болды. Оларға бұрынғыдай жиырма, жиырма бес жыл деген жаза қаралмайды. Мұны әділ шешім деп білемін. Сонымен қатар, балалармен жұмыс істейтін, лагерь ұйымдастыратын адамдар міндетті түрде лицензия алуы керек. Олар бұрынғыдай саунаға арналған ғимараттар секілді тұрғын жайларды лагерге айналдыра алмайды. Бұл өте қажет талап. Өйткені, баласын лагерге жіберген ата-ананың көңілі орнында болу керек. Балалар құқына қолсұғушылық та өте жиі кездеседі. Қоғамдық көліктің ішінде көп болатын мұндай қылмыстар ешқашан дәлелденбейді. Себебі, оларда бейнекамера жоқ. Баланың айтқанына көп адам сенбейді. Бала осы психологиялық стреспен ары қарай өмір сүріп жататын. Заң бойынша бұл жағдай да ескеріліп, балаларды осындай әрекеттен қорғау шешімін тапты. Енді оны жасағандар міндетті түрде жазаланады. Сонымен қатар қоғамда жиі кездесіп жүрген буллингке қатысты да нақты талап айқындалды. Бүгінде буллинг әлеуметтік індетке айналған. Оған мектептегі бала да, жұмыскер де, отбасындағы мүгедек жан да, қарттар да, яғни бәрі ұшырауда. Мысалы енесі тарапынан келінге көрсетілетін қысымды қалай буллинг емес дейміз? Көзге көріне бермейтін осы әрекет қаншама адамның өмірін улап жатыр?! Бұл мәселе де заңға кіріп, оны жасаушылар жазаға тартылатын болды. Тағы бір мәселе интернет арқылы адамды өлімге итеретін үлкен жобалар жұмыс істеп жатқаны белгілі. Көп жағдайда балалар арасындағы суицидке осындай жобалар ықпал етуде. Жаңа заң аясында балаларды өлімге итермелегендер де жазаға тартылады. Құжат аясында тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет қиын жағдайға түскен отбасыларды қолдау орталығы ашылып жатыр. Бұл орталықты 2019 жылы ашылған «Бақытты отбасы» орталығымен шатастырмау керек. Себебі, ол орталықтар тек көп балалы отбасыларға көмектесуге арналған. Ал жаңа жобада баласының санына, мүгедектігіне қарамай, қиындыққа түскен отбасыларды сақтап қалу мақсат етілген. Мұндай орталықтар тек қалаларда емес, аудан орталықтарында да ашылады.

– Ал, отбасындағы абьюзерлер қалай жазаланбақ?

– Жаңа құжатта бұл мәселеге айрықша маңыз берілді. Негізгі нормаларға тоқтала кететін болсақ, материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін айыпкерге айыппұл немесе жалпы құны 1000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшеріндегі түзеу жұмысына, немесе 600 сағатқа дейін мерзімге қоғамдық жұмысқа, немесе 2 жылға дейін бостандығын шектеу мен бостандығынан айыру жазасына тартылады. Соққыға жыққаны үшін айыппұл, құны 100-ден 200 АЕК мөлшерінде түзеу жұмысы, 100-ден 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, 30-дан 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу шаралары қарастырылды. Тағы бір маңызды түзету, аталған құрамдар бір жыл ішінде қайта татуластыруды көздейді. Сондай-ақ, соттың агрессорды психологпен кеңесуге міндеттеуі де назар аударарлық мәселе. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай заңнамалық жаңашылдық болған емес. Міндет тек жазалау ғана емес, сонымен қатар агрессордың мінез-құлқын түзету және бұл жерде психологтардың көмегі өте пайдалы болатыны ескерілді. Бұдан бөлек денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру үшін жаза күшейтілді. Егер бұрын шектеу немесе 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы болса, жаңа заңда мұндай балама жоқ. Тек сол мерзімге бас бостандығынан айыру ғана көзделген. Ал егер бұл әрекеттер кінәліге дәрменсіз жағдайда немесе оған қаржылық немесе өзге де тәуелділікте екені белгілі адамға қатысты жасалса, онда жаза бұдан да ауыр болады. Онда мүлкін тәркілеу немесе тәркілеусіз 6 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді.

– Иман берік болмаса, қандай қатал заңнан да қайыр жоқ. Біз тек заңмен қоғамды ізгілендіре алмасымыз анық қой…

– Иә, иман дегеніміз мәдениеттіліктің ең жоғары деңгейі. Ислам діні – мәдениет пен білімнің діні. Сондықтан біз иманды ұрпақ тәрбиелейміз десек мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Тәрбие арқылы ғана қоғам өзгереді. Біз бәрін түрмемен түзей алмайтынымыз анық. Ендеше, заңды қатаңдатуды емес, санамызды жөндеуді мақсат етуіміз керек. Егер оқу мен тәрбие егіз болса, бұл заңның қажеттілігі болмай қалады. Сонда біз саналы қоғам болдық деп толыққанды айта аламыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Бақытжан Байжановқа тағылған айыптаудың бірі алып тасталды

Бүгін Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында екінші сотталушы Бақытжан Байжанов тағылған айыптардың бірі бойынша ресми түрде ақталды.

Тағы бір резонанс тудырған сот тікелей эфирде көрсетіледі

Қарағандыда жедел жәрдем көлігі жүргізушісінің соққыға жығылу дерегі бойынша сот процесі тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл туралы Жоғарғы сотта мәлім болды

Елімізде күнбағыс майы арзандады

Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, елімізде 194,4 мың тонна өсімдік майы өндірілген, бұл бір жыл бұрынғыдан 13,4 пайызға артық.

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан энергия жүйелерін біріктіреді

Каспий теңізінің түбімен энергетикалық кабель тарту жобасы: Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Энергетика министрлігінің басшылары меморандумға қол қойды.

Мамырда ауа райы қандай болады?

Синоптиктер мамыр айында ауа райы қандай болатынын айтты.