Әлемнің кейбір ғалымдары тарихын 5 мың жыл деп санайтын Наурыз мейрамына қатысты алыпқашты әңгіме біздің елімізде әлі саябырсымай отыр. Біреулер оны Иранмен, екіншілері Нұх пайғамбармен, үшіншілері күн мен түннің теңесуімен, төртіншілері дінмен байланыстырады. Әрқайсысының өзіндік уәжі де бар. Қайсысының айтқаны дұрыс, қайсысының айтқаны бұрыс екені ғылыми түрде негізделіп, ресми тұрғыда бекітілмеген соң бұл дауға қашан нүкте қойылатынын әзірге ешкім тап басып айтып бере алмай отыр.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 1991 жылы наурыздың 22-сі Наурыз мейрамы деп бекітілген еді. 2001 жылы оған мемлекеттік мереке мәртебесі берілді. Ал 2009 жылы наурыздың 21-23 күндерін «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Осыған зиялы қауым арасында өзгелерден жөн-жосығы бөлек, тарихы да терең бұл мерекенің атап өтілуіне қатысты ұсыныс-тілектер мен сын-ескертпелер жыл өткен сайын азаюдың орнына көбейіп бара жатыр. Біреулері мемлекеттік мәртебесі болса да, оны түрлі мекемелер мен ұйымдардың әр өңірде әрқилы уақытта атап өтілуіне көңілі толмайтынын білдіруде. Келесілері онда жасалатын келін түсіру, баланы бесікке салу мен тұсауын кесу сияқты кейбір рәсімдердің Наурыз мейрамының ерекшелігіне сәйкес келмейтінін сынға алуда. Сондай-ақ, жыл қорытындысын жариялап, түрлі саладағы үздіктерді марапаттауды Наурыз мейрамында жүзеге асыруды ұсынушылар да жеткілікті. «Мата даңқымен бөз өтеді…» дегендей Наурыз мейрамын бірнеше киіз үй тігіп, әр жерден үзіп-жұлып жинап алған әдет-ғұрып пен Қазақстан халқы ассамблеясының концерт, көрме-жәрмеңкелерімен жамап-жасқаушылардың бағдарламаны жасаудағы жүйесіз әрекеттері жыл сайын БАҚ-тарда айтудай-ақ айтылып, жазылып, көрсетіліп жүргенімен, одан қорытынды шығарып жатқан ешкім жоқ. 2021 жылғы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керектігін ескерткен болатын. Алайда бұл жұмыс та аяқсыз қалып қойды.
Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов: «Біз әлі жалған білім, жалған дін, жалған философия, жалған психология, жалған ғылым жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Нақты құндылықтардың бәрін соған тіреп қойдық. Былтыр естеріңізде шығар Шымкентте Наурыз мерекесін атап өтуде 500 млн теңгеден астам қаржы ұрланып үлкен шу шықты. Оны әр өңірдің өзінше әрқалай атап өтуі дұрыс емес. Біз бір елміз. Бәрі бір форматта өтуі керек. Басқа жаққа Наурыз келмейтіндей Шымкент Наурыз бізден басталады деп шықты. Ол дұрыс емес қой. Әрбірден соң Наурыз батыста Амал мерекесімен басталады. Наурыздың киесі от қой. Былай айтқанда зорастризмнің нышандарын Амал кезінде көруге болады. Өйткені, өзге аймақтарға қарағанда Иранға біртабан жақын болғандықтан олар мұнда біршама сақталып қалған.
«Ашық НҚА» порталында «Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасы да жарияланды. Жобада Наурыз мейрамын тойлауға байланысты іс-шараларды 10-24 наурыз аралығында 10 күн бойына өткізу тетіктері қарастырылды. Атап айтқанда: 14 наурыз – «Көрісу күні», 15 наурыз – «Жайлау күні», 16 наурыз – «Шежіре күні», 17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні», 18 наурыз – «Игі істер күні», 19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні», 20 наурыз – «Зияткерлік күні», 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні», 22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні», 23 наурыз – «Жоралғы күні» деп. Бірақ ол да сол күйі қалып қойды» дегенді айтты. Яғни, еліміз Наурыз мейрамын атап өтуде жалпыадамдық құндылықтарды орнықтыру, республика халықтарының достығы мен бауырластығын нығайту, ежелгі халық дәстүрлерін жандандыру, сондай-ақ, адам мен табиғаттың үйлесіміне қол жеткізу, оның шынайы имандылық рухында ізгіліктің тазаруы мақсатында сонау 1991 жылдың 15 наурызындағы Қазақ ССР Президенті Н.Назарбаевтың №285 Жарлығында айтылған дүниелердің өзін толық орындай алмай жүрміз. Онда бірінші, күн мен түннің теңесу күні – наурыздың 22-сі халықтық мереке – Наурыз мейрамы болып жариялансын. Екінші, халық депутаттарының жергілікті Советтеріне климаттық жағдайларды ескере отырып халықтық мереке – Наурыз мейрамын өткізу күнін өз бетімен белгілеу ұсынылсын.Үшінші, Қазақ ССР Министрлер кабинеті мен халық депутаттары жергілікті Советтерінің атқару комитеттері көктемгі халықтық мереке – Наурыз мейрамын әзірлеу мен өткізу жөніндегі қажетті шараларды жүзеге асырсын. Төртінші, республика жұртшылығының 1991 жылғы наурыздың 16-сы мен сәуірдің 16-сы аралығында «Табиғат жарасымы» айлығын өткізу жөніндегі инициативасы қолдау тапсын. Бесінші, бұқаралық хабарлама құралдары көктемгі халықтық мереке – Наурыз мейрамы мен «Табиғат жарасымы» айлығына дайындықтың барысы мен өткізілуін кеңінен жазып көрсетсін делінген еді. Арада 30 жылдан астам уақыт өтіп, БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (UNESKO) 2009 жылдың 29 қыркүйегінде оны Адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізіп, 2010 жылдың 10 мамырынан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз – Халықаралық Наурыз күні болып бекітілгеніне қарамастан, біз әлі бұл мерекені өз деңгейінде атап өтуде айтарлықтай жетістікке жете алмадық. Басқаны былай қойғанда, Наурыз мейрамын көршілес өзбек пен қырғыз секілді шетелдік туристер асыға күтетін және елді ғана танытып қоймай, туризмді дамытудың да үлкен нысанына айналдыруға ешбір қадам жасалмады. Бұл жайында Қазақстан туристік индустриясының ұлттық қауымдастығы басшысы Раушан Шәмілқызы: «Өзбекстан Наурыз мерекесіне кемінде жарты жыл қалғанда шетелдегі туроператорларға оның бағдарламасын жіберіп қояды. Осы арқылы саяхатшылардың өз демалысын өзге халықтардың мәдениетімен танысу үшін алдын ала жоспарлап, турфирмалармен келісімшарт жасауына жағдай жасап береді. Ал бізде онымен ешкім айналыспайды. Өзіміз жер-жердегі әкімдік қызметкерлеріне жалынып-жалпайып жүріп бағдарлама жобасын бір апта қалғанда әзер сұрап аламыз. Мұндай жағдайдан кейін туризмді дамыту туралы бірнәрсе айтудың өзі қиын. Мысалы, пандемия жағдайына байланысты Өзбекстан шетелдік туристер үшін шекарасын әлі ашпай отыр. Біз тек Наурыз мейрамы кезінде ғана жүз мыңдаған шетелдікті өз елімізге тарту мүмкіндігін қолдан шығарып алдық», – деп отыр. Мұның өзі Мемлекет басшысы жыл басында жариялаған «Жаңа Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда бізде әлі де көп шаруаны ойластыру керектігін айқын аңғартады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»