Кеше NARXOZ University оқу орнында Құқықтық және мемлекеттік басқару мектебінің ұйымдастыруымен ҚР Парламентінің Сенат депутаты Жанна Асановамен кездесу өтті. Студенттермен кездесу барысында сенатор «Билікті бөлу жүйесіндегі заң шығарушы және атқарушы билік» тұрғысында кең көлемді ақпараттар берді.
Жанна Асанова кездесу барысында заң шығарушы билік заңды әзірлейтінін және қарастыратынын, қабылдайтынын түсіндірді. Қазақстанда бұл биліктің қос палаталы парламентке тиесілі екенін, алдағы уақытта бұл салада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамалары орын алатынын, оны қолдау керектігін сөз етті.
Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті бір палаталы жүйеге көшіру реформасын айтқан болатын. Сенатор Жанна Асанованың ойынша, ел қазір мұндай реформаларға дайын.
Өз сөзінде сенатор студенттерге Парламенттің қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп берді. Нәтижесінде студенттер парламенттің сессия бойынша жұмыс істейтінін, оны Мәжіліс төрағасы шақыратынын, қажет болған жағдайда кезектен тыс сессиялар өткізілетінін білді.
Бұған қоса спикердің ойынша, биліктің бөлінісі тиімді болуы үшін оның барлық тармағы тең болуы керек. Бұл үшін тежемелер мен теңестірмелер жүйесі бар. Жүйе тармақтардың бірін-бірі басқаруға және толықтыруға мүмкіндік береді.
«Парламент биліктің заң шығарушы тармағы болғанымен президент пен үкімет ұсыныс айтып, заң жобаларын ұсына алады. Парламент өз тарапынан бұл ұсыныстарды қабылдамауға құқылы. Барлық заң жобасының нүктесін үкімет қояды. Бұл кейінгі жылдары Қазақстанда тежеу мен теңестіру жүйесінің тиімді жұмыс істеуі үшін жасалғанымен заңнамалық бастамаларды көбіне үкімет көтереді» дейді сенатор.
Сондай-ақ, Жанна Асанова тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатуды көздейтін заң жобасын әзірлегендерін айтты. Ол заң жобасын құру кезінде сарапшылар, әйелдер құқығы бойынша комиссия, балалар құқығы бойынша уәкілдер, мемлекеттік органдар мен адвокаттардан құралған жұмыс тобы қатысқанын атап өтті. Сонымен қатар, қамқорлық органдар (опека) қызметкерлерінің санын арттыру мәселесіне назар аударылып жатқанын сөз етті. Сенатордың пікірінше, жастар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір себебі – олардың өз бетінше тұрмыстық өмірге дайын болмауы. Ол оқушыларды мектеп жасынан бастап «өмірге қажетті дағдыларға» үйретуді енгізуді ұсынғанын да мысал етті.
Айта кету керек, Жанна Асанова алимент мөлшерін қайта қарауды да ұсынған. Ол алиментті есептеу кезінде бір балаға ата-ана табысының төрттен бірінен алынатын механизмнің әділетсіз екенін атап көрсеткен.
Сенатормен кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оған тұщымды жауаптар алды. Мысалы, студенттер заңдардың неліктен бірінші ресми тілде жазылып, одан кейін барып қазақшаға аударылатынын сұрады. Жанна Асанова бұл мәселенің келешекте шешімін табатынына сенімді.
Сондай-ақ келесі бір студент сенатордың кезінде «Атамекен» палатасында жұмыс істегенін есіне салып, Қазақстандағы кәсіп бастаудың қандай қиыншылықтары барын, болашақта «Атамекен» палатасына қалай мүше болып, осы палатада қалай жұмыс істеуге болатын мүмкіндіктерді сұрады. Кездесу барысында бұдан да басқа біраз жайттар талқыға салынды.
Кездесу соңында Құқықтық және мемлекеттік басқару мектебінің директоры заң ғылымдарының докторы, профессор Талғат Сәрсенбаев сенаторға уақыт тауып студенттермен кезедесуге келгені үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ ұжым басшысы Талғат Сәрсенбаев студенттерге бүгінгі көтеріп отырған мәселелердің өзекті екенін, жалпы қоғамдағы әрбір мәселеге бей-жай қарамай белсенді болу қажеттігін үндеді. Бұған қоса шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Жалпы, Құқықтық және мемлекеттік басқару мектебінің ұйымдастыруымен Narxoz University оқу орнында көптеген шаралар өткізілуде. Мұндай шараларға аталмыш мектептің басшылығы да, оқытушылары да, студенттері де белсене араласады.


