Алматыда Нархоз университетінде халықаралық маңызды ғылыми шара өтті. Құқық және мемлекеттік басқару мектебі ұйымдастырған «Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қатынастарды жаңаша пайымдау мен дамыту алаңына айналды.
Бұл шараға Қазақстан, Германия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан заң шығарушы, атқарушы және сот билігі өкілдері, халықаралық ұйымдардың сарапшылары, журналистер мен ғалымдар қатысты. Конференцияның басты мақсаты Біріккен Ұлттар Ұйымының №16 Тұрақты даму мақсаты – «Бейбітшілік, әділет және тиімді институттарды» қолдау және қазіргі өзгермелі дәуірде мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді серіктестікті нығайту болды.
Конференция барысындағы тарихи-академиялық оқиға – Нархоз университетінің БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасы бойынша №16 Тұрақты даму мақсаты аясында жаһандық хабтың төраға орынбасары мәртебесін ресми алуы жайлы ресми хабарлануы. Бұл мәртебе Оксфорд университеті (Ұлыбритания) және Бейбітшілік университеті (Коста-Рика) секілді әлемдік үздік оқу орындарымен бір қатарда тұрғанын көрсетеді. Хабтың төрағасы – Джордж Мейсон университетінің Джимми және Розалин Картер атындағы Бейбітшілік және қақтығыстарды шешу мектебі (АҚШ).
БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі — БҰҰ ҚР Ақпарат Бюросының басшысы Властимил Самек өз құттықтау сөзінде бұл мәртебенің маңызын ерекше атап өтті. Ол Қазақстанның халықаралық беделінің артуын, әсіресе 2025 жылы 4 наурызда Алматыда БҰҰ Орталығын құру бастамасының 152 мемлекет тарапынан қолдау табуын Нархоз университетінің жетістігімен байланыстырды. «Бұл оқиға – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін саяси-тарихи мәні бар жетістік», – деді ол.
Нархоз университетінің Президенті Қанат Темірғалиұлы Қожахметов конференцияны ашылуы салтанатында, халықаралық және ұлттық деңгейдегі бастамаларға университеттің белсенді үлес қосып отырғанын атап өтті. Ол университеттің басты миссиясы – кәсіби мамандар даярлау арқылы азаматтық қоғамның дамуына серпін беру екенін баса айтты. Сонымен қатар, жастарды жоғары рухани-адамгершілік құндылықтар рухында тәрбиелеу университет үшін әрқашан басымдық болып қала беретінін жеткізді.
«Біз азаматтық қоғамның білім мен көшбасшылық орталығына айналуымыз керек. Бүгінгі конференция – осы бағыттағы нақты қадам», – деді Қанат Қожахмет.
Ғылыми жиында бірнеше маңызды мәселе көтерілді:
- мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру және ашықтықты арттыру;
- азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылдың құқықтық механизмдері;
- қоғамдық кеңестердің рөлі және құқықтық процестерге қатысу;
- жасанды интеллектті енгізудің этикалық аспектілері;
- жаһандық өзгерістер жағдайындағы қоғамдық институттардың тұрақтылығы.
Конференция қорытындысында нақты ұсыныстар әзірленді:
- азаматтық белсенділік пен ҮЕҰ қызметін реттеуді бағалауды күшейту;
- ашықтық бастамаларын мониторингілейтін жұмыс тобын құру;
- цифрлық шешімдерді әзірлеуде ғылыми қауымдастықпен ынтымақтастықты арттыру;
- ұлттық даму стратегияларына конференция материалдарын енгізу.
Сонымен қатар, конференция аясында ұлттық және мәдени кодты сақтауға, цифрлық этика мен гуманитарлық технологиялар арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған жаңа ұсыныстар да айтылды. Гуманитарлы-цифрлық тәсіл – болашақтағы азаматтық серіктестіктің негізгі бағыты ретінде ұсынылды.
Нархоз университетінде өткен бұл халықаралық конференция — тек ғылыми пікірталас алаңы емес, Қазақстанның және бүкіл Орталық Азияның тұрақты дамуына үлес қосатын жаңа кезеңнің бастауы. Бүгін Нархоз әлемдік деңгейдегі жауапкершілік пен сенім мандатына ие болып отыр. Бұл мәртебе университетті алдағы уақытта да әділеттілік, бейбітшілік және тиімді институттар құру ісінде белсенді ойыншы етеді.
Профессор Гүлмира Сұлтанбаева