12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Нұржан ҚАРАБАЕВ, Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы: «АЛМАТЫДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚАРАЙТЫН СОТТАРДЫ БІРІКТІРУ ТИІМДІ»

– Нұржан Ерубайұлы, үнемі жаңа жобаларға бастама көтеріп, игі істердің басы-қасында жүресіз. Судьялардың кәсіби мерекесінің жоқ екенін алғаш рет айтып, «Заң газеті» арқылы ұсыныс-тілегіңізді қоғамға жеткізгеніңіз әлі есімізде. Биылдан бастап судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі айқындалды. Жаңалықты естігенде қандай сезімде болдыңыз?

– Иә, елімізде кез келген сала маманының кәсіби мерекесі бар. Мұндай мерекенің белгіленуі кәсіптің беделін көтереді, осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың қызметіне қоғамның жаңаша үңілуіне, мән беруіне ықпал етеді. Содан болар, «судьялардың төл кәсіби мерекесі болуы керек» деп алғаш ой тастағанымда әріптестерімнің барлығы қолдады. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, көпшіліктің пікірін ескерген Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов ҚР Республикасы судьяларының VIII съезінде судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесін белгілеуді көпшілік талқысына салды. Осылайша ел Үкіметтің 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен еліміздегі кәсіби мерекелер тізбесі жаңа күнмен толықты. Биылдан бастап 24 маусым «Судья және сот қызметкерлері күні» ретінде атап өтілетін болды. Үкімет қаулысымен 24 маусымның мереке ретінде белгіленуінде үлкен мағына жатыр. Бұл тарихпен, сотқа қатысты заңдармен тамырлас. Еліміз егемендігін алғаннан кейін 1992 жылы 24 маусымда «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» заңға алғашқы түзетулер енгізілген заң қабылданды. Осы заң Жоғарғы Соттың, облыстық, қалалық, аудандық соттардың, сондай-ақ, жаңадан құрылған әскери соттардың сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін қамтамасыз етті. Заң қабылданғаннан бергі отыз жыл ішінде сот жүйесі талай реформаны басынан кешті. Заманауи жаңғыртудың бірнеше кезеңінен сәтті өтті. Міне, сондықтан да игілікті істердің басында тұрған аталмыш заңның сот тарихындағы орны ерекше. Сондықтан, сот тарихы бастау алған заңның кәсіби мереке ретінде белгіленуі өте орынды. Атаулы дата, кәсіби мерекенің бекітілуі мерейімізді өсірді.

– Судьялардың материалдық жағдайы мәртебесіне сай ма?

– Соншалықты керемет немесе тым төмен деуге келмейді, орташа жағдайда. Осы тұрғыдағы ұсынысым, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын жыл сайынғы айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) есептесе өте жақсы болар еді. Себебі, бізде инфляцияға байланысты АЕК көтерілгенімен, жалақы көтерілмейді. Мұны айтып отырғаным, әлем елдерінде мемлекеттік қызметкерлер арасында ең көп жалақыны судьялар алады. Бізде судьялар зейнетке қатардағы полицейлерден төмен зейнетақымен шығады. Сот – биліктің үш тармағының бірі. Алдағы уақытта бұл мәселеге де жаңаша қырынан қарау маңызды.

– Судьялар жетіспейтіні, бос орындарға үмітті жандардың сынақтан өте алмай жатқаны жиі айтылады. Мұндай жағдайда сот жүктемесін азайту мүмкін бе?

– Сот жүктемесін азайту мақсатында түрлі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі дауларды соттан тыс шешудің баламалы тәсілдері. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты тарапынан бұл тұрғыда тың жобалар қолға алынды. Алайда, бұлар жүктемені азайтуға белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін. Ал жұмыс жүктемесіне қатысты мәселе мамандар жеткілікті болғанда ғана толық шешімін табады. Бізде жаңадан қосылып жатқан судьялар саусақпен санарлық. Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, олар судьялар штатын халық санына қарай есептейді. Мысалы, мың жанға шаққанда қанша судья керек, судьяларды соған сай тағайындайды. Біздің елде істер саны жылданжылға артуда. Ал судьялар саны республика бойынша есептегенде үш мыңға да жетпейді. Бұлардың арасында бала күтімімен үйде отыратындар бар. Отандастарымыздың басым көпшілігі өз істерінің сотта біткенін қалайды. Бұл жүктеменің одан әрі көбеюіне әкеледі.

– Жаңа бастама, жобалардың барлығы халықтың сотқа деген қолжетімділігін арттырып, сенімін нығайту, әуре-сарсаңын азайту мақсатында жасалатыны белгілі. Сонымен бірге, мұндай жаңашылдықтар қаржыны үнемдеу, шығынды азайту үшін қолға алынады. Ал Алматы қаласындағы қылмыстық істерді қарайтын соттарды біріктірудің тиімділігі неде?

– Осы салада еңбек етіп жүрген соң жұмысты жақсартуға септігін тигізетін ұсыныстар айту қай-қайсысымыздың да міндетіміз. Мысалы, Алматы қаласында сегіз аудандық сот қылмыстық істерді қарайды. Осы сегіз сот тиісінше әр ауданда орналасып, арнайы ғимараттарда төрелік жасап отыр. Ал осы соттарды біріктіру соттарға да, халыққа да барлық жағынан тиімді болады. Ең алдымен бірыңғай сот тәжірибесі қалыптасады. Қаралатын қылмыстық істер бойынша айыпталушыларды бір мекемеге алып келу мен әкету мәселесі түбегейлі шешіледі. Сондай-ақ, судьялар жүктемесі біркелкі реттеліп, істердің бөліну тепе-теңдігі сақталады. Әйтпесе, қазіргі күні судьялар жүктемесі әртүрлі. Қылмыстық істерді қарайтын аудандық соттар біріктіріліп, жалпы сотқа айналса және қаладағы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, сондай-ақ, Тергеу соты барлығы бір ғимаратқа орналастырылса, мемлекет қаржысын үнемдеуге үлкен мүмкіндік туар еді. Себебі, басы артық сот ғимараттары, оларды ұстау шығындары болмайды.

– Жүктеме біркелкі реттеліп, істерді бөлудің тепе-теңдігі сақталады дегенді қалай түсінуге болады?

– Мысалы, ірі қалалардағы сот судьялары аудандық сот судьяларынан бірнеше есе көп іс қарайды. Бірақ, барлығының алатын айлығы бір мөлшерде. Алысқа бармай-ақ, Алматы қаласын алсақ, 2022 жылдың тоғыз айындағы деректерді салыстырып қарайық. Осы аралықта Алатау аудандық сотында – 227 тұлғаға қатысты 195 іс аяқталса, Алмалы ауданында – 793 тұлғаға қатысты 623 іс аяқталған. Ал, Әуезов аудандық сотында – 510 тұлғаға қатысты 422 іс аяқталса, Наурызбай аудандық сотында – 174 адамды қамтыған 145 іске нүкте қойылды. Медеу аудандық №2 сотында – 337 тұлғаға қатысты 265 іс аяқталса, Бостандық аудандық №2 сотында – 429 тұлғаға қатысты 318 іс аяқталған. Жетісу аудандық №2 сотында – 242 адамға қатысты 204 іс аяқталса, Түркісіб аудандық сотында – 343 адамға қатысты 270 қылмыстық іс қаралып аяқталған. Сегіз аудандық сотта биылғы жылы Алатауда – 3, Алмалыда – 9, оның біреуі зейнеттегі судья, Әуезовте – 6, Түркісібте – 6, Наурызбайда – 3, оның біреу зейнеттегі судья, Медеуде – 7, Бостандықта – 7, оның біреуі зейнеттегі судья, Жетісуда – 4, барлығы 45 судья болған. Жоғарыда келтіргеніміздей, орталық аудан Алмалы сотында іс (623) көп болғанымен, жүктемесі ең жоғары судьяның өзі 92 іс қараған. Ал, Әуезов аудандық сотында бір судья 136, бір судья 124 қылмыстық істі таразылаған. Біздің соттағы 195 қылмыстық істің 87-сі (107 тұлғаға қатысты) менің қарауыма түсіп, оның 71-інде 89 тұлғаға сот үкімін шығардым. Келтіріп отырған статистикалық көрсеткіштер кей судьялардың шамадан тыс жүктемемен жұмыс істейтінінің, енді бірінің жылды небәрі 20-25 іспен аяқтайтынының айқын дәлелі. Сондықтан, судьялар жалақысы олардың жауапкершілігі мен жұмыс сапасына қарай көтермеленіп отыруы тиіс.

– Қылмыстық істерді қарайтын аудандық соттар біріктірілген жағдайда істі қарау сапасына кері әсер етпей ме?

– Жоқ, керісінше, сот төрелігінің сапасын арттырады. Мысалы, өткен жылы сегіз аудандық сотта қаралған қылмыстық істерді 45 судьяға бөлсе, әрқайсысының жүктемесі шамалас болар еді. Бұл өз кезегінде судьялардың істі сапалы әрі уақытылы қарауына мүмкіндік береді. Әділ сот төрелігі халықтың сенімін нық қалыптастырудың кепілі. Халық сеніміне ие болу біздің басты мақсатымыз.

– Онлайн соттардың жағымды жағы жиі айтылады. Дегенмен, қылмыстық істерді сот ғимараттарында, бұрынғыдай өткізген дұрыс емес пе?

– Негізі соттар ең мықты интернет желілерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мәселені мен Алматы қаласының Соттар әкімшісі болып тұрған кезде талай көтергенмін. Сот ғимараттарына жалпы көпшілік қолданатын интернет желілері қосылған. Бұл өз кезегінде көптеген техникалық ақауларға алып келеді. Wi-Fi сотқа келген әрбір азаматқа қолжетімді болуы керек. Әрине, сот үкімінің сот залында шығарылғаны дұрыс. Елдегі карантиндік шаралар бірқалыпқа түссе, сот та бұрынғы жұмыс режиміне көшері анық.

– Өткен жылдың соңында соттарға қатысты заңдарға біршама түзетулер енгізілді. Солардың қайсысын ерекше атар едіңіз?

– Сот жүйесіндегі жасалып жатқан реформалар мен заңнамаларды жетілдірудегі басты мақсат біреу ғана. Ол – сот төрелігін сапалы жүзеге асыру. Бұл барлық сатыдағы соттарға тән әрі ортақ міндет. Желтоқсан айының соңында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процессуалдық заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңына қол қойды. Заңдағы атап айтарлық жаңалық, сот жүйесінің бюджетін айқындаудың жаңа қағидаты енгізілді. Яғни, енді қаржыландыру көлемін үкімет емес, Конституциялық заң анықтайды. Соттарды қаржыландырудың тәуелсіз моделі өз кезегінде судьялардың өзін-өзі басқару органдарының қаражатты бөлу жүйесінің толыққанды дербестігін қамтамасыз етеді. Бұдан былай судьялыққа құқық салаларына маманданған кәсіпқойлар көптеп тартылып, ондай үміткерлер мамандандырылған біліктілік емтиханы мен жеке конкурстан өтеді. Конкурстың тәртібін Жоғары Сот Кеңесі айқындайды. Облыс орталықтарындағы аудандық соттар судьяларының лауазымдарына кандидаттарды іріктеу кезінде құрамы аз және шалғайдағы, оларда кемінде 5 жыл жұмыс істеген соттардың судьялары басымдыққа ие болады.

– Президент жақында «Рақымшылық туралы» заңға қол қойды. Бұл құжаттың құндылығы неде?

– Рақымшылық – билік пен қарапайым азаматтарды жақындататын құрал. Рақымшылық жасау арқылы мемлекет өз азаматтарының болашағына, арман-тілегіне бейжай қарамайтынын көрсетеді. Соның ішінде, қаңтар оқиғасына қатысып, істі болған азаматтарға рақымшылықтың жасалуы көпшіліктің күпті көңілін тарқатқан орынды шара болды. Жақында Президент бұл заңға қол қойды. Қаңтар оқиғасына қатысқандардың көпшілігі өрімдей жастар. Олардың сол тұста көңіл-күйдің жетегінде кетіп, тобырдың шылауына ергені жасырын емес. Сол жастардың мемлекет тарапынан жасалған бұл игілікті шараның маңызын түсініп, қателіктен өмірлік сабақ аларына сенім мол. Заңда қылмыстық теріс қылық, жеңіл және ауырлығы орташа қылмыс жасағандардың соттылығы алынып, жазадан толық босатылатыны айқындалған. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімі қысқартылмақ. Соның ішінде ауыр қылмыс жасағандар жазасының 4/3-і қысқарса, ауыр қылмыс жасағандар өзіне белгіленген жазаның жартысын ғана өтейтін болады.

Т.ИБАШЕВА, «Заң газеті»

КӨКШЕТАУДА ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

3 мамырда Көкшетауда қазақ тілі мен әдебиеті пәні...

Сотрудники-наставники акмолинского ДУИС организовали работу по патриотическому воспитанию молодежи

Патриотическое воспитание подрастающего поколения, молодежи - актуально на всех...

Сотрудники акмолинского ДУИС посетили соседнюю область, в рамках профориентационной работы

Сельские школы Еленовки, Шалкара и Лобаново Северо-Казахстанской области посетили...

Ақын Маралтай Райымбекұлы Ыбыраев жазалы балалармен кездесті

Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі...

В кабинете НВП школы сотрудники УИС открыли кадетский уголок

В начальной школе им. Алтынбике Бертаевой села Достык Енбекшиказахского...