АНА ТІЛІ – ҰЛТТЫҢ ӨЗЕГІ: СОТТАҒЫ АНА ТІЛІМІЗДІҢ ТАҒДЫРЫ

Егеменді еліміздің басты құжаты Қазақстан Республикасының Конституциясының 9-бабы 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Бұл — жай норма емес, ұлттың өзегін сақтаудың құқықтық кепілі.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 10 қарашада Астана қаласында өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мерейтойлық Х Құрылтайына қатысып, онда мемлекеттік тілді дамытудың басым бағыттарын атап берді. Мемлекет басшысы аталған құрылтайда: «Ана тілі мәселесі – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып», — деп атап өтті. Ол өз сөзінде  қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуға шақырды. Тіліміздің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдермен халықтар бізге қалай қарайды, қалай сенеді ? Үнемі түңіле беру оң нәтиже алып келмейді. Сондықтан мұндай әңгімені доғаратын кез келгенін атап өтіп «Қазақ елі барда – қазақ тілі тұғырдан түспейді» деп нақтылап атап өтті. Иә, ана тіліміз барда – Қазақ елі бар.

Тіл бұл жай ғана екеу ара сөйлесу құралы емес. Тіл ұлттың жаны, мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихы мен дүниетанымы. Халықты ұйыстырып бір елге біріктіріп халық ететін ең басты құндылық ол ана тілі. Жерінен, байлығынан айырылған халық бұларды қайтарып ала алады. Ал, ана тілінен айырылған оны ұмытқан халық ұлт ретінде тарих сахнасын доғарады. Ана тілі — баланың бойына ананың ақ сүтімен, мейірімімен сәби кезінен бастап сіңетін ең қымбат қазына.

Сондықтан «ана тілі – ұлттың өзегі» деген сөз – жай ғана бір реттік ұран болмауы тиіс. Өйткені тілі жоғалған, ұмытылған ұлт елдігінен, өзегінен айырылады. Бүгінде шын мәнінде тәуелсіздік алған алғашқы онжылдықтармен салыстырғанда мемлекеттік тілдің өрісі кеңейген. Әсіресі мемлекеттік мекемелерде ана тіліміздің қолдану аясы кең етек жайып келеді. Расында, мемлекеттік ұйымдар мемлекет атынан әрекет ететіндіктен, мемлекеттік тілді қолдану аясы жүз пайыз болуға тиіс.

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуде республика соттары –өздерінің негізгі жұмыс жоспарына енгізді. Бүгінгі кезде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотынан бастап жергілікті жерлердегі аудандық, қалалық және оған теңестірілген соттар мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бойынша жеке жоспар құрып, оны жүзеге асырып келеді. Дегенмен соттарда мемлекеттік тілде қаралатын қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерден басқа азаматтық құқықтық қатынастан туындайтын даулардың мемлекеттік тілдегі үлесі әлі де болса кенжелеп отыр. Оған басты себеп – банктік келісімшарттардағы міндеттелерді орындамаудан туындайтын даулар бойынша сотқа жүгінетін негізгі құжат – азаматтық талап қою арыздарының ресми тілде әзірленетіні. Мұны осылай тұжырымдасақ артық айтқандық болмаc.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабының 2-тармағында сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады деп көрсетілген. Соттар бастапқы талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен азаматтық сот ісін жүргізу тілін белгілейді.

Сондықтан азаматтық даулардағы мемлекеттік тілдің төмен көрсеткішке тек соттар ғана кінәлі деген жансақ пікір қалыптаспау керек. Соттарға талап қою арыздары қай тілде жазылып беріледі, сол тілде азаматтық сот ісін жүргізуі тиіс. Бұл – процестік заңнамада қалыптасқан  қағида. Дегенмен жоғарыда аталған процестік кодекстің 14-бабының екінші абзацында істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы деп көрсетілген.

Яғни, сот талап қоюды өндіріске қабылдап, азаматтық іс қозғалғаннан кейін, істі сот талқылауына дайындау сатысында ғана сот ісін жүргізу тілін өзгерте алады. Ол үшін тараптардың жазбаша өтінішхаты қажет. Бұл орайда ерекше мән беретін мән-жай республика соттарында ресми тілде қаралып жатқан азаматтық даулардың басым көпшілігін банктік міндеттемелерді орындамаудан туындаған даулар екенін ескеретін болсақ, осы санаттағы даулардың қатарына екінші деңгейдегі банктер және шағын қаржы ұйымдарының өкілдері әзірлейтін талап қоюлар жатады.

Өз кезегінде бұл екінші деңгейдегі банктер және шағын қаржы ұйымдарының өкілдері сотқа берілетін талап қоюларды ресми тілде (орыс тілінде) әзірлейді. Сонымен қатар олар соттан азаматтық істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарауды сұрайды. Азаматтық процестік кодексінің 267-2-бабында оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер санаттары көзделген. Онда, талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қоюлар бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жататыны нақты айтылған.  

Бұл санаттағы істер оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралады және даусыз талаптарға жатады. Сондықтан сот талап қоюды өз өндірісіне ол берілген тілде, яғни орыс тілінде оңайлатылған тәртіппен қарау жөнінде ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарым шығарылған күннен бастап жауапкер жақтан яғни, жеке немесе заңды тұлғалардан сот ісін жүргізуді жалпы тәртіпке қарауға өту туралы қарсылық түспесе сот бір ай мерзімде тараптарды шақыртпастан азаматтық істі қарайды және тиісті шешімін қабылдайды.

Демек, бұл жерде назар аударатын мән-жайлар бар. Банктік міндеттемелерін өтей алмай жүрген облыс орталығынан тыс аудандарда, кенттерде және ауылдық елді-мекендерде тұратын халықтың басым көпшілігін қара көз қазақтар құрайды. Десе де олардың барлығы ресми тілді (орыс тілін) толық меңгерген деп айту қисынсыз. Қазақ тілін жетік меңгермеген кейбір зеңгерлер секілді қаймағы бұзылмаған ауылдық елді мекендерде тұратын азаматтарымыз да орыс тілін жетік меңгермеген немесе толық білмейтіні анық.

Осы міндеттемелер бойынша берешектері бар елді-мекендерде тұратын азаматтарымызға қатысты оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралып, ресми тілде (орыс тілінде) сот шешімдері шығарылғаны олардың құқығын шектеп жатқан жоқпыз ба? Осы орайда, неге қаржы ұйымдарының өкілдері немесе заңгерлер қауымдастығы сотқа талап қоюларын мемлекеттік тілде бермейді деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені оларға Азаматтық процестік заңнама тұрғысынан қойылатын нақты талап жоқ.

Мәселен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабында Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тілдер де қолданылады. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады деп көрсетілген.

Бұл Қылмыстық-процестік нормада сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген сәтінен бастап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тергеушіге тапсыру, тергеушінің қылмыстық істі өз өндірісіне қабылдау, тергеп-тексерудің нысанасын айқындау тағы басқа да процестік құжаттардың барлығы мемлекеттік тілде рәсімдеуі тиіс. Кейіннен мемлекеттік тілді білмейтін қорғалуға құқығы бар куә, күдікті, айыпталушының өтінішхаты негізінде қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілде өзгерту туралы уәжді қаулы шығарып, сот ісін жүргізу тілін мемлекеттік тілден басқа тілге өзгертеді.

Менің пікірімше Азаматтық процестік кодексінің 14-бабын Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабына сәйкестендіру арқылы өзгерістер енгізетін уақыт жеткен секілді. Себебі жоғарыда атап өткендей республика соттарында мемлекеттік тілде қаралған қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істермен салыстырғанда, азаматтық істердің көрсеткіші әлдеқайда төмен.

Жоғарыда аталғандай тілді меңгермеген азаматтарымыздың Конституциялық құқығын қорғау үшін ресми тілдегі азаматтық сот ісін жүргізуде егер екінші тарап (жауапкер) қазақ ұлтынан болса, онда міндетті түрде аудармашыны сот өз бастамасымен тарту қажет. Өйткені жауапкер жағынан қатысатын азаматтарымыз әсіресе банктік міндеттемелерден туындайтын дауларда тараптарды сотқа шақырмай қарау кезінде олар сот құжатының аудармасын соттан талап ету құқығын білмей жатады.

Негізінде сот азаматтық сот ісін жүргізуде сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарға заң бойынша оларға қажетті іс материалдарының аудармасын тегін қамтамасыз ететіні көзделген. Осыған орай, мүмкін республиканың әр сотында арнайы аудармашы штаттарын қарастыруымыз қажет. 

Қорыта келе, соттағы тіл мәселесі – түйіні шешілмей келе жатқан, бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін жасыруға болмайды. Істі қарау кезінде сот ісін жүргізу тілі бұзылса, бұл – процестік заңның елеулі бұзылуы болып табылады.

Қазір Азаматтық процестік кодексте сот ісін жүргізу тілі талап қою берілген тілге байланысты белгіленеді. Ал Қылмыстық-процестік кодексте қылмыстық сот ісін жүргізу алдымен қазақ тілінде жүргізіледі деп нақты жазылған. Азаматтық процесте де мемлекеттік тіл – негізгі тіл болуы тиіс деген қағида бекітілсе бұл –  азаматтық істердегі мемлекеттік тілдің үлесін күрт арттыратыны сөзсіз.

Сонымен қатар сот талап қоюды өндіріске қабылдағанда, жауапкерге «Іс қай тілде жүргізілуін қалайсыз? Аудармашы қажет пе?» деген сұрақты міндетті түрде жолдауы тиіс. Бұл шағын өзгеріс азаматтың өз құқығын білуіне және оны дер кезінде пайдалануына мүмкіндік береді.

Бұл ұсыныстар орындалса, соттағы мемлекеттік тілдің мәртебесі тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде көтеріледі. Ана тілді сүю – Отанды сүю. Ана тілді сақтау – ұлтты сақтау.

Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық

сотының төрағасы Талғатбек Бертанов

Білімді маманға сұраныс жоғары

Жыл сайын жоғары оқу орындарын бітіріп, еңбек нарығына араласатын...

Инициативы Съезда лидеров мировых и традиционных религий в центре международного круглого стола с участием ЮНЕСКО

От этики искусственного интеллекта до сохранения сакрального наследия: участники...

Оперативно-профилактическое мероприятие «Правопорядок»

На учете службы пробации Ауэзовского района Департамента УИС по...

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

Мемлекеттік қызмет – мемлекеттің мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға,...