12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Нұрлан Кенжеахметұлы: Қазақ – Ұлы даланың иесі мен киесі

Өскеменнің ежелгі атауы – Кеңгір Тұраны көне картадан тапқан ғалым Нұрлан Кенжеахмет бір ай бойы Өскемендегі С. Аманжолов атындағы университетте студенттерге дәріс оқыды. Сонау Америкадағы Гарвард университетінде қызмет етіп жүрген ғалымның Өскемендегі әр минуты санаулы еді. Соған қарамастан, алтындай уақытын бөліп, мектеп оқушыларымен, қоғам белсенділерімен, қала тұрғындарымен кездесулер өткізіп тұрды. Сәтін салып, біз де әңгімелестік.

35 метрлік Жібек жолы картасы

– Армысыз, Нұрлан Кенже­ахмет­ұлы! Өскеменге, ежелгі Кеңгір Тұра қонысына қош келдіңіз! Сонау Амери­кадан басқа емес, дәл осы Өскеменге келуіңізге не себеп?

– Министрліктің мұрындық болуымен арнайы грант бөлініп, Өскеменге, С.Аманжолов университетіне шақыр­тыл­дым. Алдымен оқырман қауымға өзімді таныстырып өтейін. Қытай­дың Бортала облысы Арасан ауданында туып-өстім. Атам Жетісудың жеті байы­ның бірі болған. 1929 жылы сталиндік репрессия кезінде балаларын сақтап қалу мақсатында Қытай асуға мәжбүр болыпты. Әкем сол жақта туып-өсті, еңбек етті. Мұғалім болған кісі. Өзім мек­тепте қазақша оқыдым. Айналам көп­­ұлтты болғандықтан болар, көп тіл білуге септігі тиді. Кейін универси­тетте, док­торантурада оқыдым. Шынын айту керек, соңында оқуым қытай­ша болып кетті. Phd докторлығымды 2007 жылы «Жібек жолы» археологиясы бойынша Бейжіңде қорғадым. Қытайда археология тарих ғылымына жатады. Ал Өскеменді не үшін таңдадыңыз де­ген сұрағыңызға жауап берер болсам, мұнда тарих бар. Шежірелі өңір. Қаланың іргесіндегі Ақбауырда болдым. Петроглифтерден бөлек руна жазуы да тұр. Оқыдым. Жүз пайыз руника. Әрі қарай зерттеу керек. Байқағаным, Ақбауыр қола дәуірінен бастап тасаттық беретін қасиетті жер болған. Өйткені қола дәуірінің бұғылары, жылқылары бейнеленген. Ол түркі дәуіріне дейін жалғасқан.

Г

– Ал картографияны, ежелгі карталарды зерттеу қажырлы еңбекті қа­­­жет етеді. Осы салаға қалай бет бұ­рып жүрсіз?

– Phd докторантурасында оқып жүр­ген едім. Қытайдың бір бай-көпесі Жапо­ния­дан картина деп карта сатып алып менің ұстазыма келген ғой. Оның не еке­нін өзі жіті түсінбесе керек. Сатқан тарап та не екенін білмегенге ұқсайды. Сөйтсек, 35 метрлік Жібек жолының картасы. Әлгі құнды дүниені қызыға зерт­теуге кірі­сіп кеттім. Осы жұмысты қол­ға алған соң көптеген картамен та­ныстым. Кеңгір Тұраның табылуы да осы картамен байланысты деп айтуы­ма болады. Бірақ ол картада Кеңгір Тұ­ра жоқ. Тек оңтүстік Жібек жолы ғана көр­сетіледі. Қытай­дың батысынан басталып, Қаш­қарды ба­сып өтеді. Содан Бадахшан арқылы Самар­қан, Бұқараны басып, Ыстанбұлға дейін ба­рады. Картаның ғылымилығы өте жоғары. Ішіндегі көпте­ген атауды табу үшін басқа карталар­ды зерттеуіме тура келді. Құбылай тұ­сын­да сызыл­ған «Кандидо» деген картаға ден қойдым. Оны он жыл зерттеп, былтыр Германияда ғылыми монография болып шықты.

– Көне карталарды зерттеп жүріп, қазақтың басқа да тарихына тап бол­мадыңыз ба?

– Төрт ай Тайваньда болдым. Карта зерттеп жүріп, қазақ тарихына қатысты, дәлірек айтсам, Қасым хан тұсындағы деректерді таптым. Қасым ханның өзі, оның ұлы Мамаш туралы деректерге ие болдым. Мамашты негізі Мұхаммед Қасым деп атаған екен. Ол кім деп көп іздендім. Сөйтсем, Мамаш хан болып шықты. Ал Қасым хан тұсындағы қазақ хандығы қытайларға Қасым мемлекеті деп жеткен екен. Елшілер «Біз Қасым елінен келдік» деп қазақ хандығын Қасым атымен жеткізіп отырған. Осы туралы ағылшынша мақалам жарияланды, монографиям шықты. Жыл соңына дейін Германиядан Қазақ хандығы тұсында­ғы «Қазақ жерінің тарихи-географиясы» атты монографиям шығады. Сонда Қасым хан туралы да айтылады.

Нанымға бола ғылымды тоқтатуға болмайды

– Әуелде, Берелде қазба жұмыс­тары басталғанда ішінара қарсылық біл­дірген тұрғындар болған. Өлгендерді қозғаудың қажеті қанша дегендей пікір айтып, археологтерді ұнатпағаны рас еді. Сіз шетелдерді көріп жүрсіз. Дамыған мемлекеттерде осы археология саласы қалай дамиды?

– Дамыған мемлекеттерде археология да дамыған. Қарсылық білдіргендерді түсінемін. Наным ғой. Дегенмен наным­ға бола ғылымды тоқтатуға болмайды. Қазу керек. Қазу арқылы қазақ тарихын дәлелдейміз. Мәселен, Германияда археологияға қатты мән береді. «Жібек жолы» деп, Қытайға, Моңғолияға жылда мамандар жіберіп тұрады. Көптеген олжа немістердің қатысуымен табыл­ған. Ол жақтағы университетте арнайы археология кафедрасы бар. Олардың Моңғолиямен қарым-қатынасы тығыз.

– Қытайға қайта барып, архивін зерттеу жоспарда жоқ па? Менің ойымша, ол жақтың архивінде тарихымыз том-том болып жатқан сияқты…

– Дәл қазіргі уақытта ол жаққа бару өте қиын. Барғанымызбен, архивіне кіру – күрделі мәселе. Әйтпесе, Қытайда көп дүние жатыр. Абылайханның шағатайша, мәнжүрше жазылған хаттары өте көп. Жоғарыда айтып өттім, Қасым хан ту­ралы деректер бар. Қысқаша айтсам, ғы­лыми айналымға түспеген дерек көп. 2005 жылдары ғой деймін, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қазақстандық шығыстанушы ғалымдар Бейжіңге барып, біраз дүние әкелді.

– Өскеменнің ежелгі атауы Кеңгір Тұра деп жүрміз. Көне картадан осындай дерек табылғанда, бізді қайдам, ортақ қазаннан ас ішіп жүрген өзге ұлт өкілдері Өскемен ертеңгі күні Кеңгір Тұра болып кете ме деп алаңдап қалғаны бар. Кеңгір Тұра туралы кеңінен айтып беріңізші.

– Мынаны түсініңіздер, бекіністер ешуақытта иен далаға салынбайды. XVIII ғасырдың ортасында Ресейдің қазақ даласын отарлауының ең алыс оңтүстік шегі – Ертіс өзенінің бойындағы «Ертіс желісі» деп аталатын бекіністер желісімен белгіленді. Ертіс желісіндегі ең оңтүстік Ресей қаласы «Цяньлун» картасында Кеңгір Тұра немесе Цзяньгэ-эр тула болып табылады. Кеңгір Тұра – қазіргі Өскеменнің жергілікті аты. XVIII ғасырдағы мәнжу деректерінде Кеңгір деген атпен белгілі болды. «Ренат» картасына негізделсек, қазіргі Өскеменнің түбінде Кеңгір өзені болған. Аягөздік ғалым Құрбанғали Халидің «Тауарих хамса» кітабында Домқала деп көрсеткен. Ол да картада бар.

Ойлап қараңыз, әскери бекініс не үшін қажет? Егер қазақ өз құрамында болса, бекініс салып несі бар?! Қытай архивтерін ақтарып отырып, «Ертіс бойындағы орыс бекіністері 1718, 1720 жылдары салынғанын көзім шалды. Көшпелілерге жақын жерге құрғаны және айтылады. Бұл жерді орыстар «Усть-Каменогорск» деп атаған. Ал қа­зақ Кеңгір Тұра деп атаған. Бейжіңге екі түрлі адам хабар жеткізген, бірі – мәнжүрлерге қолға түскен торғауыттар. Олардың айтуын­ша, «орыстар Домқала деген жерде әскерлерін жиып, шабуыл жасағалы отыр» делінген. «Домқала қай­да дегенде, Ер­тістің арғы жағында» делінген. Бұл картаны сызушылар – фран­цуздар. Ал қытайлар Кеңгір Тұра мен Домқаланы екі басқа қала екен деп екі жерге сызып қойған. Картография тарихында бұл – қалыпты құбылыс. Се­бебі ол заманда техника жоқ. Домқала дегенімізді бір ғалым орыстың «дом» де­ген сөзінен шыққан дейді. Олай емес, қазақ том деп кең өзенді айтқан. Әне қарашы, Ертістің кеңдігін (терезеге көз тастадық. Ертіс баяу жылжып жатты). Тұра – көне түркі тілінде «бекініс» деген мағынаны білдіреді.

XVIII ғасырдағы қытай деректеріне талдау жасасақ, Кеңгір Тұраның қазіргі Өскемен қаласы екенін білеміз. Айтар болсақ, 1757 жылы Әмірсананың ізіне түскен Цинь генералы Шуньдэна өзінің мәлімдемесінде «Цянлун жылнамасының 22 жылы 6-айдың 16-күні Эсюньчоцюетэ тауынан асып, Та-эргунь өзеніне жет­тік. Осы арадан қарақшылардың ізін біл­дік. Келесі күні орыс территориясындағы Кеңгір Тұра қаласына барып, адам жі­беріп жайымызды хабарладық. 18-күні орыс капитаны Ертіс бойына келіп бізбен кездесті» деген.

– Көне карталарда Өскеменнен басқа Қазақстанның тағы қай қала­лары кездеседі?

– Иә, көне карталардың бірінде Семейдің солтүстігіндегі Железинская деген бекіністі қазақ Темір қала деп атағаны анық көрсетілген. Ямышева көлін қазақ Тұзкөл деп атаған. Сонымен қатар Оралды казактар Яицкий деп өзгертіп алған. Бірақ тұрғылықты ел Теке қаласы деп атаған. Ескі карталарда Гурьев Нижний Яицкий делінген. Бірақ қазақтар Үйшік дескен. Яғни түркінің «учық» деген сөзі. Ол дегеніміз – өзеннің ұшы, балық аулайтын жер.

1824 жылға дейін қазақ даласы Ресей­дің отары болған жоқ

– Байқауымша, сіз зерттеп жүрген карталарда көптеген жердің, өзен-көлдің, елді мекеннің тарихи атау­лары кездеседі. Оның астарына үңіл­сек, жеріміздің бұдан да кең бол­ғанын аңғаруға болады…

– Батыста болдым. Өзіңіз айтқандай, көне карталардың ішінен 1842 жылғы Бөкей ордасының картасын зерттедім. Мен айтайын, Бөкей ордасының құрылуы – Еділ мен Жайықтағы жердің Қазақстан­ға қосылуына өшпес із қалдырды. Орда­ға орысша білім әкелді ме, ол маңызды емес. Ең бастысы, сол жатқан жерді алып беріп отыр.

– Оны қалай алып берді?

– Еділ қалмақтары жоңғарлар жеңіл­ген соң үдере шығысқа көшті. Жер бос қалды. Ресей «қазақтар жаулап алмасын, заңды үкімет қояйық» деп Бөкей ордасын батысқа құрды.

1864 жылғы Қытай картасын қараңыз (Экранға көне карталарды шығарды). Қазіргі шекарамен ұқсас. Тарихшылар Қазақстанның оңтүстігіндегі тауды Тянь-Шань дейді ғой. Ал қытайдың бұл кар­та­сында Тәңір тау деп белгіленген. Үрім­шінің шығысы ғана Тянь-Шань. Өзіміз жағы – Тәңір тау. Білместіктен шығар, орыс ғалымы Семенов Тянь-Шанский есімімен атай салған. Бұл картада Хан Тәңірі деп белгіленген. Цинь империясы мен Қазақ хандығы арасындағы шекара сызығы да осы картада бар. Ең маңызды, құпия карта – осы.

Біз көбінесе батырларымыз отыз күн шайқасқан, сөйткен де бүйткен деп мақ­танамыз. Алайда сол батырла­рымыздың шекараны шегелеп кеткенін айтпаймыз. Одан қалса, Ақтабан шұбырындыны, Алакөл сұламаны айтып, аһ ұрамыз. Халықтың еңсесін түсірмеу керек. Иә болған, білеміз. Одан да Абылайдың тұсында қазақ даласындағы жоңғардың жоғалып кеткенін айтайық. Көпшілік Цинь империясы қырып салды деп ойлайды. Ол – біржақты пікір. Шынтуайтына келгенде, жоңғарларды жер бетінен жойып жіберген Қожаберген, Қабанбай батырлар. Абылай Қабанбайды сауда-саттық саласында келісім жасауға Үрім­шіге дейін жіберген. Жалпы, Абылай тұсындағы қазақ хандығын зерттеу керек. Оңтүстікте Райымбек батыр қал­мақтарды қуып, шекараны бекіткен. Міне, қазақ батырларының осы ерліктері де ескерілмейді. Ашылмаған тарих көп.

Орыс ғалымдары қазақты әлсіз көр­сету үшін тарихты бұрмалағаны бел­гілі. Алайда қазақ тағдыры Абылай тұ­сында белгіленіп қойған. Қытайдағы қазақтар – қашып барғандар емес, шекара сызығы жүргізілгенде, шешіммен келіспей, кіріп алғандар. Қытай олардан малының бір пайызын алып отырған. Былайша айтқанда, баж салығын салған. Шекара сыртына қатаң қарауыл қойып, қазақтарды кіргізбеген. Ал аштықтан қа­шып, шекара асқандар – олардың бір пайызы ғана. Сол қазақтарды сағалап барған ғой.

Бұл – 1766-1770 жылдар аралығында сызылған Қытайдың құпия картасы. 1925 жылы Бейжіңнен табылған (сарғыш тарт­қан тағы бір картаны экранға шы­ғарды). Бір нұсқасы Тайваньда, енді бірі Лондонда жатыр. Бейжіңде бір нұсқасы бар. Қытай тілін, мәнжүр тілін, қазақ тілін білмесең, бұл көне карталарды түсінбейсің. 1824 жылға дейін қазақ даласы Ресейдің отары болған жоқ. Ресей ол кездері енді-енді ғана Ертіс бойын­да бекіністерін салып келе жатқан. Бұл картада Абылайхан мен Цинь импе­риясы арасындағы шекара анық көрсе­тілген. Мұны сызған – мен емес, қытай. Әрбір қарауыл атауына дейін бар. Әр қарауылда кімдер тұрды, анық жа­зылған. Қазақтың қыстауына дейін көрсе­тілген. Жыл со­ңында ағылшын тілін­де Германиядан кітабым шығады. Көне картаға, шекараға қатысты тарихи деректер әлі де болсын зерттелмей жатыр. Зерттелмеген дүние көп. Одан да Қазақстанның қазіргі шекарасын кім белгілеп еді, соны айтыңызшы?

– Алаш Орда (тосыннан қойылған сұраққа ойланбастан жауап бердім).

– Иә, Алаш Орда зиялылары. 1918 жылы Зәки Уәлиди Тоған шекараны бел­гілеуге қатысқан. Лениннің келісімімен Қазақ­станның солтүстік шекарасында Башқұртстанды қосып алып белгілеген. Алаштың қазақ тарихына қосқан үлкен үлесі осы еді.

– Десе де, Қазақстан жеріне, тер­ри­ториямызға қатысты алыпқашпа әртүрлі пікірлер айтылып жүргенін өзіңіз білесіз…

– Қазаққа мынау байтақ жерді ешкім сыйға тартқан жоқ. Ол – ежелден Ұлы даланың иесі мен киесі. Шекара сызығы көне карталарда тайға таңба басқандай көрініп тұр. Жеріміз тарылмаса, кеңейіп кетпеген. Қытайлар үш жүздің картасына дейін сызған. Оны Абылай тұсындағы қазақ мемлекетінің картасы деп атаған. Бұдан артық қандай тарихи дәлел керек?! Ал XVI-XVIII ғасыр арасындағы Еуропа, Қытайдың тарихи карталарында Қазақ хандығы «Қазақи орда», «Қазақия» немесе «қазақи» деп аталған.

1562 жылғы картада қазіргі Ташкентке дейін Ұлы жүзге қарағаны анық белгі­ленген. Төле би билік құрғанын білесіздер. 1593 жылғы картадағы Ресейді қараңыз; Алтайындағы мына бір көл – Алтын көл деп аталған. Телескөл деген де аты бар. Қазақтардың шығыс шекарасы осыған дейін жеткен.

– Салиқалы сұхбатыңызға мың да бір алғыс айтамыз! Осынау кең-байтақ жеріміздің сырты жаудан, іші даудан аман болсын!

Әңгімелескен

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Традиции и обычаи нашей земли

Шымкент – это один из крупнейших и наиболее развитых...

Все для комфортной жизни

Открытие четырех новых домов культуры в жилых массивах Кайнарбулак,...

Сохранить общенациональное согласие

Наша страна является приверженцем мирной многовекторной стратегии, которая осуществляется...

Ориентир на интересы граждан

В нашей стране созданы и продолжают создаваться все необходимые...

Задача – вершить правосудие

Судья – юрист высшей квалификации, наделенный правом вершить правосудие....