12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Нұрділда Ораз, Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі:
«Полиция арандатты деу – ауыр айып»

– «Қаңтар қақтығысы» деп тарихымызда таңбаланған дүрбелеңнің шындығы жайлы сұрақ бүгінде қоғамның көкейінде тұр. Анығы айтылмаған соң, түрлі ойға жетелейтін, әділдікке сенімді азайтатын алыпқашпа әңгімелер де көбейгені рас. Елдегі қоғамдық тәртіпке жауапты бірден бір құзырлы орын сіздерге көп жай мәлім екені ақиқат. Білгеніңізбен бөліссеңіз…
– «Қаңтар қақтығысы» – ел тари­хында қанмен таңбаланатын қайғылы оқиға. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, дүрбелеңде қаза тапқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бейбіт тұрғындардың отбасына, туған-туыстарына Ішкі істер министрлігі атынан көңіл айтамыз. Жал­пы, қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ішкі істер орандары қызметінің басты бағыты екенін білесіздер. Жаппай наразы­лық­тар басталар алдында ішкі істер органдары әдеттегідей адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келмес үшін қоғамдық қауіпсіздікті сақтау шараларын жүзеге асырды. Яғни, азаматтардың бейбіт шеруге шыққанда ешқандай тәртіпсіздікке бармауы қажеттігін айтып, сол жерде қару қолданбастан, жай ғана қоғамдық тәртіпті сақтау функцияларын орындады. Бұл – үлкен жауапкершілік. Осындай шараларда ішкі ережеге сәйкес полиция қызметкерлерінің қандай іс-әрекет жасайтыны айқындалған. Ең бастысы, мүліктерді бүлдіру, өртеу, тонау, ұрыс, төбелес секілді басбұзарлықтардың жолын кесу қажет. Осы мақсатта біріншіден, барлық жеке құрам күшейтілген режимге ауыстырылды. Жаппай наразылықтар тәртіпсіздікке ұласқан кезде барлық полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқаруға көшті. Статистикаға келетін болсақ, тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қалалар мен елді мекендерге полицияның 13 мыңнан астам қызметкері тартылды. Оның 60 мыңнан астамы патрульдік полиция қызметкері, 4 мыңнан астамы Ұлттық ұланның әскери қызметкері. Мұндай шара кезінде пандемияға байланысты төтенше жағдай енгізілгенде қабылданған болатын. Сол уақытта да полиция қызметкерлері бекеттерді қорғап, барынша халықтың індетті жұқтырмауы үшін күшейтілген режимде жұмыс істеген еді.
– Осы оқиғадан соң бірқатар полиция қызметкері арыз жазып, өз еркімен қызметтен кетті дегенді естідік. Бұл қаншалықты шындық?
– Бұл жаңсақ сөз. Ақиқатында бұл қақтығыс полицейлердің қажыр-қайратына, міндетіне адалдығы үшін өте ауыр сынақ болды. Шеруге шыққандар билік өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, полицияның қоғамдық тәртіпті бұзбау туралы талабына бағынбады. Төртінші қаңтарда бірнеше аймақта 500-ден 4000 адамға дейін жиналды. Олар еш ескертуге қарамастан әкімдіктерге қарулы шабуыл жасай бастады. Мысалы, Атырау, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында, Алматы, Семей қаласының әкімшіліктеріне және бірқатар құқық қорғау орындарының ғимараттарына басып кірді. Олардағы барлық заттарды сындырып, өртей бастады. Билік өкілдері мен полиция қызметкерлерін ұрып-соғып, мүліктерді ұрлады.
Әсіресе, Алматыда ахуал қиын болды. Бұл жерде нақты талаптар қойылған жоқ. Шерушілер келісімге келмеді. Бүлікті тоқтату үшін полициялар бірнеше ескерту жасады. Бірақ наразы топтар полиция нарядтарына шабуыл жасай бастады. 7 қару сататын дүкенді басып алып, ондағы қару-жарақтарды алып кетті. Оқ атты. Жедел жәрдем көліктеріне шабуыл жасап, оқиға орнына жібермеді. Мұндағы ойлары қақтығыс кезінде полиция, басқа да құқық қорғау органдары, күштік құрылымдардың қызметкерлері арасында жарақат алғандарға жедел жәрдем көліктерін жібермеу болды. Өрт қойылған ғимараттарға өрт сөндіру көліктерін жібермеуге тырысты. Бұл әбден мұқият дайындықпен ұйымдастырылған бүлік екені сөзсіз.
Бірақ полиция мен өзге де күштік құрылымдардың сауатты жасаған операцияларының арқасында бүлікшілерге тосқауыл қойылды. 5 қаңтар күні жағдай тіпті ушықты. Қаруланған қызметкерлер әкімдіктерге қайта шабуылдап, бейбіт тұрғындарға оқ ата бастады, сауда үйлерін тонап, банкоматтарды сындырды. Ломбардтардан бағалы бұйымдарды ұрлай бастады. 800 қылмыс­кер халықаралық әуежайды басып алды. Соның салдарынан 56 рейстің қонуы, алпыс рейстің ұшуы бір мезетте тоқтатылды. Мақсатты түрде бейне бақылау камералары қиратылды. Жол қозғалысын тоқтатып, периметр бо­йын­ша өзінің бақылаушыларын қойып отырды. Іс-қимылдарын үйлестіру үшін радиостанцияны да пайдаланған деген дерек бар. Қазір оның бәрі тексеріліп жатыр.
6-7 қаңтарда бүлікшілер Тараз және Талдықорған қалаларында қауіпті қылмыскерлер отырған тергеу изоляторына бірнеше рет қарулы шабуыл жасады. Мұндағы мақсаты сотты болып отырған қылмыскерлерді бостандыққа шығару арқылы өз қатарын көбейту болған сияқты. Мұны да тергеу анықтайтын болады. Олардың да бетін полиция қайтарды. Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласында полиция департаменттеріне қару-жараққа қол жеткізу мақсатында шабуыл жасалды. Ал, Алматы қаласында полиция департаменті мен үш аудандық полиция бөлімшесіне басып кірді. Сондай-ақ, қару-жарақтар мен әскери техникаға қол жеткізу үшін қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне, блок-бекеттерге шабуыл жасалды. Жалпы, бұзақылық салдарынан 400 автокөлік жойылды. Оның 346-сы ішкі іскер органдарының қызметтік көліктері.
Қылмыскерлер 100-ден аса сауда орталықтары мен банктерді тонады. Тіпті, полиция мен әскерилердің киімін киіп, басбұзарлық жасаған фактілер де бар. Осындай жағдайда полиция мен күштік құрылымдар әскері өз өмірін бәйгеге тігіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуден аянып қалмады. Соның айғағы өз міндеттерін орындау барысында 18 полиция қызметкері қаза тапты. 1300-ден астамы жараланды. Бұл әрине, өте ауыр жағдай. Мұның бәрі моральдық-психологиялық тұрғыдан ауыр болғаны анық. Алайда, осы оқиғадан соң полициялар қызметтен кетіп жатыр деу еш қисынсыз.
– Десе де, осы бейбіт шерудің бүлікке ұласуына полицияның да кінәсі бар деген әңгімелер айтылып жатыр. Олар көтеріліске шыққандарды қуалап, сөз тыңдамай, көпшілікпен келісімге келуге тырыспады деген наразылықтар бар. Бұған не айтасыз?
– Жаппай тәртіпсіздік орын алып, барлығы өртеліп, қылмыскерлер тарапынан ауыр қылмыстар жасала бастауына полицияның өзі себепші болды деу ауыр айып, тіпті әділетсіздік. Соңғы екі жылдың шамасында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық үніне құлақ асатын мемлекет құру қағидасына орай ішкі істер органдарына полицияны сервистік үлгіге өткізу міндеттелгенін білесіздер. Сервистік үлгі дегеніміз – халыққа қызмет ету үлгісі. Шынын айту керек, бұрын халық санасында, түсінігінде полиция қорқытушы, үркітуші, қанаушы орган ретінде орнықты. Әлемдік тәжірибеде полиция – адамның ең жақын досы, яғни, өрттен құтқаратын, судан аман алып қалатын, бұзақылықтан қорғайтын бірден-бір қызмет саласы. Біз де қазір полицияның осындай бейнесін қалыптастыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл демократиялық қоғам құрудың алғышарттарының бірі.
Полиция мен халық бір болады. Сондықтан қаңтар оқиғасына полиция қарумен барған жоқ. Егер полиция шынымен де халыққа қарсы ұйым болса, шеруге мақсатты түрде мұздай қаруланып барар еді. Бұл қызмет өкілдері басқа да құқық қорғау органдары өкілдерімен бірге халықтың бейбіт шеруге шығып жатқанын біліп, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету, бассыздықтың алдын алу үшін ескертпе жасауды ғана ойлады. Солай етті де. Бірақ бейбіт шерудің арты жаппай тәртіпсіздікке ұласып, әкімшіліктер мен полиция ғимараттарын бүлікшілер басып ала бастаған соң шулы граната, газды баллон, дубинканы, су шашып қуатын техниканы қолдануға мәжбүр болды. Бұл да ескерту шаралары болатын.
– Жалпы, 5 қаңтардан бастап лаңкестермен күрес басталғаны хабарланып, адамдардың сырт­қа шықпауына кеңес берілді. Ел тыныштығын ойлаған жұрт тәртіпке бағынды. Осы уақыт ішінде қанша лаңкес ұсталды?
– Бұл ретте мына мәселеге назар аударғандарыңыз дұрыс болады. Мемлекет басшысы лаңкестік актілер себептерін және ұйымдастырушыларды анықтау шараларын жүзеге асыруды Бас прокуратураға тапсырды. Сондықтан бұл мәселемен осы құзырлы орын айналысады. Осыған байланысты аталған санаттағы және олармен байланысты барлық қылмыстық істер прокурорлар басшылық ететін ведомствалардың, жедел құрылған тергеу соттарының өндірісіне берілді. Ал, қалған қылмыстық істер бойынша атап айтқанда ұрлық, ұру секілді әрекеттер ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік және экономикалық тергеу мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдар арқылы өтіп жатыр. Осы қылмыстардың 70 пайызы, яғни 1356-сы тәртіпсіздік пен ұрлық. Мысалы 27 қылмыстық іс атыс қаруы мен оқ-дәріні заңсыз сақтау фактілері бойынша, тағы 30-ы оларды ұрлау фактілері бойынша тергелуде. Сонымен қатар 63 қылмыс­тық іс мүлікті қасақана бүлдіру және жою бойынша қозғалды. 12 іс автокөлікті айдап кету, 24-і қарақшылық және тонау, 23 іс құқық қорғау қызметкерлеріне күш қолдану және олардың өмірлеріне қол сұғу фактілері бойынша тіркелді. Ұрлық пен қарақшылық жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысында қамалып отыр. Олардың кінәсі ұрланған қару түрлері мен заттай дәлелдемелерімен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желілердегі роликтермен, күдіктілердің өздерінің ұялы телефондарынан табылған деректермен дәлелденген.
Мәселен, 19 қаңтарда Алматы қаласында 18 жастағы тұрғынның ұялы телефонынан азық-түлік дүкендерінің бірінде ұрлық жасаған бейнежазба түсірілген. Ең сорақысы – көшеде бір полиция қызметкерін топ болып ұрып-соғып жатқан бейнесін жазған. Оның бәрін күдіктінің өзі жасаған. Міне, осындай жандар уақытша қамауға алынды. Қазіргі уақытта өндірістегі қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың көлемі 87 миллиард теңгеден асты. Бұл сома зардап шеккендердің арыздану барысында өсуі де мүмкін. Осы ретте айтарым, ішкі істер органдары тергеушілерінің қылмыстық істер бойынша барлық шешімдері заңнама талаптарымен қатаң сәйкестікте қабылданады. Яғни, қылмыстық процестің үш буынды үлгісі шеңберінде қабылданады. Соған сәйкес, ең бірінші әрбір шешім тек прокурормен келісіледі. Одан өзге тінту, алу, сараптама, бұлтартпау шарасын қабылдау секілді әрекеттер соттардың қаулысының негізінде жүзеге асырылады. Бұл жерде ішкі істер органдарының қызметкерлері әпербақандыққа салынып, өз дегенін істей алмайды. Қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған барлық адамдардың дене жарақаттары болса, оған медициналық куәландыру жүргізіліп, мән-жайы анықталғаннан кейін ғана уақытша ұстау абақтысына қабылданады. Ұсталғандар үшін адвокаттарға қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Керек болған жағдайда мемлекет есебінен тегін қорғаушылар қызметі ұсынылады.
Шындығында ішкі істер органдары тарапынан қандай да бір қысым көру, қудалау, заңсыз ұстады деген фактілер де жоқ емес. Ол бойынша Президент те мәлімдеме жасап, ішкі істер органдарына нақты тапсырма берді. Қазір аймақтарда өзіндік қауіпсіздік басқармалары бар. Солар әрбір факт бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Оған кез келген тұрғын хабарласып, өзіне мәлім жағдай бойынша немесе көрген қысымы, тап болған заңсыздығы бо­йынша шағымданып, жүгіне алады. Бұл үшін біз құзырлы орындардың ұялы телефон номерлерін әлеуметтік желілерге жарияладық. Одан бөлек 1402 немесе 744109 номерлі телефондар іске қосылды. Сонымен қатар, арнайы мекемелердің медициналық ұсынымдары бо­йынша бірқатар бұлтартпау шараларын өзгерту мәселелері қарастырылды. Осы негіздер бойынша кейбір күдіктілер босатылды.
Бұл жерде олардан не тәркіленгені туралы да айтып кеткен дұрыс шығар. Лаңкестікке қатысты операцияны жүргізу барысында ұрланған қарудың 515 бірлігі тәркіленді. Оның ішінде 75 автомат, 133 пистолет, 2 пулемет, аңшылық 47 ойық және 103 ұңғылы мылтық, 100-ден астам граната, 9 мыңнан астам оқ-дәрі алынды. Қаруды ұрлағаны үшін 98 адам уақытша ұстау абақтысына қамалды. Оларды заңсыз сақтағаны үшін 61 адам ұсталды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ұрланған қарудың азаматтар өміріне қауіп тудыратынын айтқым келеді. Сондықтан қаруды тауып алса, ерікті түрде тапсыруға шақырамыз. Бүгінде 31 қару ерікті түрде тапсырылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді.
– Қырғыз сазгерінің өзін бүлікші ретінде көрсетіп, жалған мәлімет беруі қазақстандық полициялардың жұмысына күмән келтіргені анық. Бұл полицияың кез келген адамнан лаңкес жасай алатынын көрсетпей ме?
– Бұл жерде мәселені ұсталған азаматтың өзінен естіген дұрыс деп есептеймін. Ол азамат Қазақстан тарапынан қандай да бір қысым көретін болса, Қырғызстанға барып алып, бұдан кейін мәлімдеме жасауына да болатын еді. Ол жалған мәлімет берсе, Қырғызстанға баруға мүмкіндік болатынын естіп, осындай қадамға барғанын айтты. Яғни, мені ақша береміз деп шақырды, сол үшін осындай шараға қатыстым деді. Оған ішкі істер органдары тарапынан осылай айт деп, болмаса сені босатпаймыз деген әңгіме айтылған жоқ. Егер де дәл осылай болса, онда Қырғызстанға барғаннан кейін бәрін бүге-шігесіне дейін айтып берсе болатын еді ғой. Бұл жерде азамат өзі жалған мәлімет бере отырып, тергеу органдарын жаңылыстырды десек те болады. Бірақ бұл біздің лаңкестікке қарсы жасап жатқан шараларға ықпалын тигізбейді. Сондықтан біз әлі де сұраулар жасап, жаппай тәртіпсіздік жасағандарды анықтау мәселесімен айналысып жатырмыз. Бұл орайда полицияның қолдағы ақпаратты бөлісуі маңызды. Министр Ерлан Тұрғымбаев бұл жұмысты әлі де ширатуды әлсін-әлсін шегелеп, қатты талап етіп отыр. Барлық ақпаратты заң шеңберінде дер кезінде таратуды, жариялауды тапсыруда. Сондықтан полицияның жұмысы болашақта да ашық және қолжетімді болады.
– Уақытша ұстау изоляторындағылардың жағдайы қалай?
– Еліміз бойынша 182 уақытша ұстау изоляторы бар. Оларда ұстау тәртібі мен шарттары нормативтік актілермен регламенттелген. Мұнда қамалатындардың санаты қылмыс жасағандар. Қазіргі таңда бұл мекемелердің бәрі халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Ондағылар талапқа сай медициналық көмек ала алады. Сонымен қатар, ол жердегі азаматтардың жағдайы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында құрылған қоғамдық ұйымдардың үнемі назарында. Олар кез келген уақытта шағым бойынша да, өз еріктерімен де бұл орындарды тексере алады. Сондықтан тергеу орындарында азаматтарға қатысты заңсыздыққа жол берілмейді. Ал егер ұсталғандарға қысым жасалып, азаптау шаралары қолданылса, олардың бәрі тексеріліп, анықталып жатса айыптылар жазасын алады.
– Қаңтар оқиғасында қайтыс болғандардың мүрдесін қазып алуға не түрткі болды?
– Мен басында айттым, бұл мәселенің анық-қанығын тергеп-тексеру Бас прокуратураның құзырына берілген.
– Қаңтар қақтығысы ішкі істер саласы бойынша саясаттың әлсіздігін, ондағы кадрлар корпусының біліксіздігін көрсетті деген пікірлер туындап жатыр. Бұған не айтасыздар?
– Ішкі істер министрлігінің 2019 – 2021 жылдар аралығындағы 3 жылға бекітілген жол картасы бар. Осыған байланысты қазір полицияның сервистік үлгісіне өту кезеңіндеміз. Биыл бұл жобаның тұжырымдамасы қабылданады. Онда бірнеше өлшемдер бар. Оның бірі кадрлар сапасына қатысты. Осыған орай мамандар дайындауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл мақсатта ішкі істер саласы бойынша 12 академия оңтайландырылып, мамандандырылған бес оқу орнына біріктірілді. Мысалы, Алматыда тек жедел уәкілдер, Қарағандыда тергеушілер даярланады. Осы мақсатта оқу орындарының профессорлық-оқытушы құрамы қайта жасақталды. Олардың 50 пайызға жуығының ғылыми дәрежесі бар. Бұл өте маңызды мәселе. Өйткені, полицияға жарамай қалғандар осы академияға барып жұмыс істейді дейтін алып-қашпа сөз болатын. Бұл шындықтан алыс емес. Сондықтан алдымен оқытушылық құрамның ғылыми дәрежесіне, тәжірибесіне, біліктілігіне назар аударып отырмыз. Мұның сыртында тәжірибеге бағытталған курстар мен пәндер енгізілді. Бүгінде академияларда полицияның арнайы тактикасы, ішкі істер органдары қызметкерлерінің психологиялық дайындығы, инфокоммуникациялық технология, коммуникативтік дағдылар, шешендік өнер курстары жүргізілуде.
Қаңтар айындағы жаппай тәртіп­сіздік полиция қызметкерінің Отанына адал, антына берік, батыл болуы қажеттігін көрсетіп отыр. Енді осы бағытта көбірек жұмыс істеуіміз қажет. Бізде полицияның жалақысы артты. Енді оларды әскерилер секілді баспанамен қатамасыз етуге мән беріліп отыр. Отбасы банкі арқылы ақшаларын жинап, ең төменгі пайызбен баспана алу мүмкіндіктері жасалуда. Осының бәрі ішкі істер қызметінде қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптас­тырып, бұл өз кезегінде полиция қызметінің сапасына оң ықпалын тигізеді деп есептейміз.
– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!

Айша Құрманғали,
«Заң газеті»

Прокурор Бишімбаевтың адвокатына Абайды тереңірек оқуға кеңес берді

Қуандық Бишімбаевтың сотында жарыссөз жалғасып жатыр.

Қазақстанда жеке куәлік өзгереді

Қазақстанда жеке куәлік дизайны мен мәліметтері өзгереді. Ішкі істер министрінің бұйрығына тиісті өзгерістерді ІІМ әзірлеген.

«Сарыға» өткен көліктерге айыппұл. Қанша астаналық «ұсталды»?

Наурыздың басында Астанадағы камералар бағдаршамның сары түсіне өткен көліктерді түсіре бастады.

Бүгін ауа райы қандай болады?

"Қазгидромет" РМК синоптиктері ертең, 4 мамырда еліміздің 15 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасады.

Қазақстандағы су тасқыны: Атырау мен ШҚО-дағы жағдай қандай?

Шығыс Қазақстан облысында жаңбырдың көп жаууына байланысты елді мекендерге су тасқыны қаупі төнді.