12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Нұрдәулет Әлжанов, Шымкент қаласындағы «Су ресурстары-Маркетингі» ЖШС құқық бөлімінің басшысы: «Кодекс талаптары сақталмайынша жерге қатысты заңсыздықтар жалғаса береді»

– Нұрдәулет Жеңісұлы, еліміздің үшінші мегаполисі жыл өткен сайын қанатын кеңге жа­йып, оның айналасынан жаңа ықшамаудандар бой көтеруде. Осыған орай қалада санитарлық нормаларды бұзу деректерінің жиілеп кеткендігі жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Кәсіпорын жұмысындағы кедергілер жайлы не айтасыз?
– Кәсіпорынның ақпараттық базасында 2497 санитарлық қорғау аймағы тіркелген. Оның 1569-ы су жүйесінде, 827-сі кәріз жүйесінде, 101-і су және кәріз жүйелері қатар жүрген және қиылысқан тұстарда.

Осы 2497 санитарлық қорғау аймағының 480-інде заң бұзылу фактілері орын алып, өндірісімізде жатыр. Бүгінгі таңда 9 дерек бойынша сот шешімі рәсімделген, 15 дерек бойынша санитарлық қорғау аймағы бастапқы қалпына (сотқа дейінгі және сотта қарау барысында) келтірілген. Ал 27 дерек бойынша сотпен медиативтік келісім бекітіліп, 4 дерек бойынша өзара талап қоймау туралы медиативтік келісім түзілді. 69 дерек бойынша сот шешімі шығып, санитарлық қорғау аймағын бастапқы қалпына келтіру үшін сот орындаушыларына жіберілген.
– Санитарлық қорғау аймағындағы жерлерге үй тұрғызылып, қора салынып кетеді. Бәрінің заңды құжаттары бар. Сонда бұндай заңсыздықтарды жасап отырған кімдер?
– Бұл жерде мына мәселеге назар аударғымыз келеді. Санитарлық қорғау аймағы болып табылатын аумақтардан жеке және заңды тұлғаларға жер телімдерін заңдастыру кезінде қаланың жергілікті атқарушы органдары тарапынан ҚР Жер кодексінің, ҚР Су кодексінің, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы № 209 бұйрығының талаптары толық көлемде сақтала бермейді. Яғни, жергілікті атқарушы орган жер телімдерін үлестіру кезінде, ал Сәулет және қала құрылысы органы тарапынан құрылысқа сәулет құрылыс тапсырмаларын рәсімдеу кезінде тиісті санитарлық қорғау аймағы бар немесе жоқ екендігін ескермеген. Аталған кемшіліктер жергілікті атқарушы орган мен сәулет және қала құрылысы органы тарапынан жойылса және заңнама талаптары сақталса, санитарлық қорғау аймағының бұзылу фактілері орын алмас еді.
– Санитарлық қорғау аймағын бастапқы қалпына келтіру үшін талап қоюшының арыз-шағымдары қандай жағдайда қанағаттандырылады?
– Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы №209 бұйрығымен бекітілген «Су көздеріне, шаруашылық ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын бекіту туралы Ереженің 79-тармағына сәйкес кәріз коллекторының диаметрі 400 мм кезінде қашықтық кемінде 8 метр, диаметрі 400-1000 мм кезінде қашықтық кемінде 10 метр, диаметрі 1000 мм-ден астам кезінде қашықтық кемінде 20 метр болуы керек. Бұл белдеуде кәсіпорын үнемі апатты орнына келтіру үшін күрделі және кезекті жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
– Сот шешімі күшіне енген істерден мысал келтіре аласыз ба?
– Шымкент қаласы, Абай ауданына қарасты Б.Алпысбаев көшесіндегі 18/1 жер теліміне тұрғызылған ұзындығы 17 метр, ені 10 метр болатын құрылыс қабырғасы мен дүңгіршекті сот шешімімен бұздыру арқылы санитарлық қорғау аймағын бастапқы қалпына келтірдік.
Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі орын алып отырады. Айталық, қаланың Самал-3 мөлтекауданындағы №1787-ші мекенжайында орналасқан тұрғын үй құрылысы да 2000 мм-лік кәріз жүйесінен 3 метр қашықтықта, шлакоблоктан тұрғызылған ұзындығы 20 метрлік қоршауы кәріз жүйесінен 1 метр қашықтықта орналасқан. Сот шешімі бұл үйді де мәжбүрлеп бұзуға шешім шығарды. Бір айта кетерлігі, сот отырысында үшінші тұлғаның сенімді өкілі бұл үйдің банкте кепілде тұрғанын, кепіл шартының мерзімі аяқталмағанын, кепіл мүліктің санитарлық қорғау аймағын бұза отырып салынғанынан мүлдем хабарсыз екенін жеткізді. Алайда, сот талап қоюшы тараптың уәждері нақты мән-жайлармен және ұсынылған жазбаша деректермен өз дәлелін тапқанын, заң талаптарына қайшы келмейтінін, үй мен жер телімінің банкке кепіл мүлік ретінде берілуі талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруға негіз болып табылмайтынын айтып, заңды шешім шығарды.
Дәл осындай оқиғалар қаланың Жібек жолы көшесіндегі №19-үйде, 193-орамдағы №234 мекенжайда, әл-Фараби ауданы, Жанқожа батыр көшесіндегі №50-үйде, Мәртөбе тұрғын үй алабы, Көктем көшесі №1-үй мен Жаңақұрылыс көшесіндегі №908-мекенжайда, Қайтпас-1 мөлтекауданындағы Ақбаев көшесінің №194, №236-үйлердің қоршауларына қатысты орын алған. Сот отырысында бұл мекенжайлардың барлығының санитарлық қорғау аймағында орналасқаны анықталып, ғимараттар мен қоршауларды мәжбүрлеп бұзуға шешім шығарылды.
«Зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануы» деген сөз тіркесі сіздерде жиі айтылады. Осыған кеңірек тоқталып өтіңізші.
– Зиянды заттардың жол беріле­тін шоғырлануы – бұл сарқынды суларға түрлі химиялық заттардың мөлшерден тыс қосылып кетуі деген сөз. Бұған байланысты орын алған құқықбұзушылықтарға тоқталып өтетін болсақ, өткен 2021 жылы автожуу стансалары бойынша 29 дерек, кәсіпорындар бойынша 3 дерек орын алған және олар бойынша құқық бөлімімен жұмыс­тар жүргізіліп, 29 автожуу стансасында орын алған заң бұзушылықтар әшкереленіп, кәсіпорын пайдасына өтемдер өтелді. Ал 3 кәсіпорынның құқықбұзушылық деректері бойынша қозғалған іс сот қарауында жатыр.
Зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануын асыру фактілері қазіргі таңда көптеген автожуу орындарында және өндірістік секторларда, әсіресе, «СПК «Шымкент» АҚ-на, «СЭЗ Оңтүстік» АҚ-на тиесілі «Оңтүстік» өндіріс аймағында орын алуда. Көптеген автожуу орындары мен «СПК «Шымкент» АҚ-ы, «СЭЗ Оңтүстік» АҚ-ы техникалық шарт пен нормативтік құқықтық актілердің талаптарын орындамауы, оны сақтамауы заң бұзушылықтарға әкеп соқтыратын басты себеп болып табылады.
Ал енді, сарқынды суларды автономды тазарту қондырғылары мен майтұтқыларды орнату арқылы алдын ала тазартуға байланысты орын алған құқық бұзушылықтар бойынша 77 дерек тіркеліп, қазіргі таңда біздің бөліммен жұмыстар жүргізілуде.
– Қазір жаңадан бой көтеріп жатқан мөлтекаудандарда деректерді қашықтықтан беруге қабілетті су есептегіш аспаптарын міндетті орнату талабын қойып отыр. Қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Ілгерілеушілік бар ма?
– ҚР Су кодексінің (ҚР 15.06.2015 жылғы № 322-V заңымен толықтырулар енген) 92-8-бабының 2-тармағына сәйкес пайдалануға жаңадан берілетін объектілерде деректерді қашықтықтан беретін, сезімталдық шегі төмен, жоғары метрологиялық сыныпты суды есепке алу аспаптарын орнату көзделеді. Бұл талап жұмыс істемейтін немесе белгіленген пайдалану мерзімі өткен су есептегіш аспаптары ауыстырылған жағдайда да қолданылады.
Алайда, бұл талап Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынан толық көлемде сақталмай отыр. Мемлекет есебінен салынған бірқатар елді мекендерде ҚР Су кодексінің 92-8-бабына және техникалық шарттарға қайшы іс-әрекеттерге жол берілуде. Айталық, Достық тұрғын алабында мұндай заң бұзушылықтардың саны – 728, Достык ықшамауданында – 2632, Тассай ықшамауданында – 3031, Азат ықшамауданында – 375, Бадам ықшам­ауданында – 828, Бадам-2 ықшамауданында – 301, Тұран ықшамауданында – 3243-ті құрайды.
Осы жерде сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін ұсынуға қызмет көрсетушімен жасалған шартсыз, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін реттейтін заңнамалар мен ережелерді, техникалық шарттар мен Су кодексіндегі талаптарды сақтамай суды заңсыз пайдалану деректері бойынша жасалған құқықбұзушылықтар Құрсай, Нұрсат мөлтекаудандарында орын алғанын атап өткіміз келеді. Ал кәріз желілеріне кәріз суын заңсыз төгу деректері Базарқақпа және Тоғыс мөлтекаудандарында жиі кездеседі. Бұл құқық бұзушылықтар бойынша материалдар соттың қарауында жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сейітхан Зеберханұлы,
«Заң газеті»

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...