Елордада өзін өлтірмек болған жасөспірімді полицейлер құтқарып қалды. Сарайшық көшесіндегі көпірден секіріп өлуге бекінген 16 жастағы қыздың әрекеті полицейлердің бейнетіркеу құралына түсіп қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Суицидке оқталған бойжеткенді құтқаруға төрт патрульдік полицей бірден кіріскен. Бірі қызды райынан қайтаруға диалог орнатады. Өйткені қыз өзіне ешкімнің жақындамауын айтып айқайлаған. Жасөспірімнің назары басқаға ауғанда, оны сол жақ тұсынан екінші полицей ұстап алды. Ал қалған екі тәртіп сақшысы әріптестеріне көмектесіп, қызды көпірдің арғы бетіне шығарды. 11-сыныптың оқушысы оқиғадан соң, ата-анасымен бірге, мән-жайды түсіндіруге полиция бөліміне жеткізілді. Қазір жасөспіріммен психолог жұмыс істеп жатыр.
«Сол жерден өтіп бара жатқан қала тұрғыны хабарлаған. Сағат 9:46-да. Бес минуттың ішінде полиция қызметкерлері оқиға орнында болды. Алдымен өзінің осы әрекетінен бас тарту туралы полиция қызметкерлерінің ескертуіне қыз құлақ асқан жоқ, сонымен жедел әрекет жасауға көшті. Еш жері жарақаттанған жоқ. Қазір қызбен психологтар жұмыс істеп жатыр», — деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.
«Полиция патрулі өзін өлтірмек болған қызымды құтқарды. Қызымның өмірін құтқарған полицейлерге, қызметкерлерге көп рахмет», — деді қыздың анасы Гүлжамиля Мақұлбекова.