12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Мұхтар ПӘРМЕНОВ, Атырау облыстық сотының төрағасы: «СОТ АКТІЛЕРІНІҢ 99% ПАЙЫЗҒА ЖУЫҒЫ ЗАҢДЫ ШЫҒАРЫЛҒАН»

– Мұхтар Абайұлы, сот қызметі – туралық пен төреліктің ордасы. Бүгінде төрелік алаңында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сот төрелігі әділ болуы үшін судьялар корпусын жаңарту, судьялар қатарына білікті мамандарды іріктеу қажеттілігі туралы бірқатар тапсырма бергені мәлім. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Жоғарғы Сот тарапынан көптеген іс-шаралар атқарылды. Судья боламын деген үміткерлерге қойылатын талаптар өзгертілді. Аудандық соттың судьясы болып отыз жасқа толған; жоғары заң бiлiмi бар, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар; біліктілік емтиханын тапсырған; медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсіптік мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған; негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін тағылымдамадан ойдағыдай өткен және тағылымдама қорытындысы бойынша соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған; «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» заңында көзделген жағдайларда полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады. Ал судьяларды іріктеуді дербес мемлекеттік орган – Жоғарғы Сот Кеңесі жүзеге асырады. Бұл органның төрағасы мен мүшелерін Президент тағайындайды. Кеңес мүшелері қатарында судьялар, адвокаттар, заңгерлер қауымының өкілдері бар. Сондай-ақ Жоғарғы Соттың төрағасы, Бас Прокурор, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тиісінше тұрақты комитеттерінің төрағалары лауазымы бойынша Кеңес мүшесі бола алады. Біліктілік емтиханын тапсыру кезінде үміткерлер психологиялық тестілеуден өтіп; Қазақстан Республикасының заңнамаларын білетінін компьютерлік тестілеу барысында көрсетуі керек. Сондай-ақ эссе жазып; сот практикасынан жағдайларды модельдейтін есептерді шешу (кейстегі есептерді шешу) негізінде үміткердің меңгерген білімін практикада қолдану қабілеті тексеріледі. Біліктілік емтиханы кезеңдерінде комиссия мүшелерімен әңгімелесу жүргізіледі. Айта кету керек, мұндай іріктеуден өткен үміткерлердің саны азаяды, себебі оларға қойылатын талап өте жоғары. Бірақ сынақтан өтіп, судьялық лауазымына тағайындалған азаматтардың лайықты екенін атап өтуге болады. Мұндай шаралар судьялар корпусына жоғары білікті, жоғары моральдықадамгершілік қасиеттері мен мiнсiз беделі бар азаматтардың келуіне септігін тигізіп отыр.

– Әрине, судьялық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы орайда қара қылды қақ жаратын сала мамандарының біліктілігі, қызмет сапасы қандай деңгейде?

– Әрбір судьяның міндеті заңды және әділ шешім қабылдауға негізделген. Судья тарапынан қабылданған заңды және негізді сот актісі азаматтар мен заңды тұлғалардың заң үстемдігіне деген сенімін арттырады. Атырау өңірінің судьялары өздеріне жүктелген міндеттерін тиісті деңгейде атқарып келеді деп айтуға болады. Мысалы, биылғы бес айда 502 адамға қатысты үкім шыққан болса, тек төрт адамға ғана қатысты үкімнің апелляциялық және кассациялық тәртіпте күші жойылған. Бұл барлық шығарылған үкімдердің 0,8 пайызын құрап отыр. Аталған кезеңде 8089 адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралған, оның ішінен 18 қаулының күші жойылған. Ол барлық шығарылған қаулылардың 0,22 пайызын құрайды. Ал азаматтық істерге тоқталар болсақ, 2024 жылдың бес айында 3598 іс шешім шығарумен аяқталған. Апелляциялық және кассациялық тәртіпте 27 шешімнің күші жойылған, бұл барлық шешімнің 0,8 пайызын құраған. Күші жойылған сот актілерінің деңгейі республикадағы орта көрсеткіштен төмен. Сот актілерінің күші жойылуына тек судьялардың қателігі негіз болған жоқ, бұған объективті жағдайлардың да себеп болғанын айта кету керек. Былтырғы бес аймен салыстырсақ, биыл соттарға түскен қылмыстық істер саны 29, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер саны 1775, азаматтық істердің саны 667 іске артқан. Бұдан басқа, соттарға түскен үкімдер мен шешімдердің орындалуына байланысты жадығаттар саны да артып отыр. Мұның бәрі сот жүктемесінің ұлғаюына және істерді қарау сапасына кері әсерін тигізеді. Өйткені бүгінгі таңда Атырау өңірі бойынша 19 судья лауызымы бос тұр. Бұл – аймақтағы 86 бірлікті құрайтын судьялар штатының 22 пайызы. Мысалы, Атырау қалалық сотында штат бойынша 13 судья болатын болса, тек жетеуі ғана, №2 сотында тоғыз судьяның алтауы ғана, Жылыой аудандық сотында алты судьяның тек екеуі ғана қызмет атқарып келеді. Мұндай жағдай басқа соттарда да бар. Осы қиыншылыққа қарамастан, судьялар сот төрелігін жоғары деңгейде атқаруға барлық күш-жігерін салады. Жоғарыда көрсетілген цифрларға көз жүгіртсек, сот актілерінің 99 %-ға жуығы заңды шығарылған. Осы жерде айта кететін бір жәйт, 2023 жылы тәуелсіз агенттік республика аумағында «соттарға сенім» көрсеткіші бойынша сауалнама жүргізген болатын. Оның қорытындысына сәйкес, біздің өңірдің 82% респонденттері сотқа сенетінін көрсеткен. Бұл біздің атқарып жатқан жұмысымыздың жоғары бағасы деп санаймыз.

– Сот жүйесіндегі IT-сервистердің тиімділігі жөнінде оң пікір жиі айтылады. Расында «Сот кабинетінің» тиімділігі жоғары. Осы бағытта тағы қандай жаңашылдық жүзеге асады?

– Қазақстанның сот жүйесінде қолданылатын ІТ-сервистер бүгінде көпті таң қалдыруда. Оны дамыған батыс елдерінен келген сарапшылар мен мамандар да мойындайды. Арыздарды қабылдаған кезден бастап, сот шешімі шыққанға дейін барлық әрекеттер автоматтандырылған. Бүгінгі күні азаматтарға соттарға келіп, арыз, құжаттарын жазбаша түрде ұсынудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы құжаттар электрондық тәртіпте тапсырылады, азаматтар мен заңды тұлғалардың қажетті құжаттары мен мәліметтерін аталған жүйеден алуға мүмкіндігі бар. Қазіргі кезде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер электрондық түрде рәсімделіп, қаралып жатыр. Мұның тиімділігін іске қатысушылар көріп жүр. 2019 жылы дүниежүзінде COVID-19 пандемиясы өршіп тұрған кезде көптеген елде мемлекеттік органдар, олардың ішінде соттар жұмысын тоқтатқан болатын. Ал біздің сот жүйесіндегі ақпараттық технологиялар соттарға тез арада істерді қашықтан қарауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде сотқа жүгінген азаматтарға құқықтарын қорғауда ешқандай кедергі келтірілмеді. Істерге қашықтан қатысудың ыңғайлы болғандығы сонша, бүгінгі күні де азаматтар істерге қашықтан қатысуда. Қазіргі таңда ақпараттық жүйеге «жасанды интеллект» элементтері енгізіліп жатыр. Ол – көп жылдар бойы шығарылған сот актілерін жинақтап, жүйелейтін және анализ жасайтын бағдарлама. Бұл бағдарлама сотқа жүгінетін азаматтарға оның талап қоюының нәтижесі бойынша болжамды көрсете алады. Яғни, талап қоюшы талап қоюының негізділігін немесе негізсіздігін көріп, ал жауапкер, өз кезегінде, соттасудың түпкі нәтижесін біле алады. Мұндай бағдарламаны енгізу соттарға түсетін даулар санын азайту және даукестікті төмендету, дауларды сотқа дейін татуласу рәсімдері арқылы шешуді көздейді.

– Салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-қимылдар жүргізіліп жатыр?

– Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық – мемлекетіміздің көптеген саласына, оның ішінде сот жүйесіне де еніп кеткен дерт. Оны тек қоғам болып бірге жоюға болады деп ойлаймын. Сот жүйесінде сыбайлас жемқорлықты болдырмауға және алдын алуға бағытталған көптеген іс-шара атқарылып келеді. Жоғарыда айтып өткендей, сотқа түсетін істер мен арыздар «Төрелік» ақпараттық жүйесіне тіркелген соң, автоматты түрде кездейсоқ тәртіппен судьяға бөлінеді, бұл әрекетке ешбір адам қатыса алмайды. Яғни, істің немесе арыздың «өзіне керек» судьяға бөлінуін ешкім бақылай алмайды. Сондай-ақ 2022 жылдан бастап Азаматтық процестік кодексінде көзделген эксаумақтық соттылық жүзеге асырылып келеді. Тараптар өзара келісім бойынша даудың соттылығын өзгертіп, яғни іс бойынша дайындық барысында ондай арыздар түскен жағдайда іс автоматты түрде өзге өңірдің сотының қарауына жолданады. Оны автоматты жүйе соттардың жүктемесіне қарап таңдайды. Айта кетейін, мұндай тәртіппен түскен істер біздің өңірдің соттарында да қаралуда. Мұндай шаралар судьялардың бейтараптылығын және тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, сыбайлас жемқорлықтың алдын алады.

– Халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, құқықтық сауаттылығын арттыратын жобалар жүзеге асып жатыр ма? Жалпы, халық көбіне сотқа қандай талап арызбен жүгінеді?

– Халықтың құқықтық сауаты жоғары деуге әлі ертерек. Құқықтық сауатты көтеру мәселесі тек сот жүйесінің міндеті деу қате, бұл – барлық мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, заңгерлер қауымдастығының және жеке заңгерлердің міндеті. Құқықтық санасы мен мәдениеті қалыптасқан қоғамда қылмыстар мен даулар саны төмен болады, ал азаматтардың бір-біріне деген сыйластығы мен адамгершілігі жоғары. Азаматтардың құқықтық сауатын көтеру мақсатында жүйелі түрде басылым беттерінде, телевидение мен радиода судьялармен сұхбаттар беріліп тұрады, заңдар түсіндіріледі, азаматтарға кеңестер беріледі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл жұмысты, жоғарыда айтылғандай, барлық мүдделі жақтар атқаруы тиіс, сонда ғана біз оң нәтижеге қол жеткіземіз. Ал соттарға көп түсіп жатқан даулар санатында банктер мен басқа қаржы ұйымдарының несиелерді өндіру, келтірілген залалды өндіру, жер дауынан, келісім шарттан туындайтын даулар, сот орындаушылардың әрекетінен туындайтын даулар көп. Мұндай даулар бойынша тұрақты сот тәжірибесі қалыптасқан, сондықтан ондай дауларды шешу кезінде соттарда қиындық туындамайды.

– Сотқа, заңға байланысты ақпараттардың ашықтығы, қолжетімділігі қандай деңгейде? Халықтің пікірі мен ұсынысына қаншалықты мән бересіз?

– Әлеуметтік және ақпараттық желілер дамыған заманда соттар да жариялықтан тыс қалып отырған жоқ. Әлеуметтік желілерде Жоғарғы Соттан бастап, облыстық соттарға дейін жеке сайттары мен парақшаларын тіркеген. Ол жерлерде заңдардағы өзгерістер мен жаңашылдықтардан басқа, соттарда қаралған істер бойынша ақпараттар, азаматтарға қажетті мәліметтер, тұрғындар қойған сұрақтарға заңдық жауаптар жарияланып отырады. Сондай-ақ, бекітілген кестеге сәйкес, әр апта сайын облыстық сот төрағасы, сот алқалары төрағалары мен аудандық сот төрағалары азаматтарға жеке қабылдау жүргізеді. Бұл жерде бір мәселенің бетін ашып кеткім келеді. Менің жеке қабылдауыма жазылған кейбір азаматтар нақты істер бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олар бойынша түсіндірме беруімді сұрайды. Мұндай мәселемен арызданған азаматтарға мен заң бойынша сот актілеріне баға бере алмайтынымды және сот актісімен келіспеген жағдайда процестік заңдармен көзделген тәртіпте шағымдануға құқығы бар екендігін түсіндіріп, жазбаша жауап беріп келемін. Алайда кейбір «мен журналистпін, блогермін» деп өзін таныстырып жүрген азаматтар мұны түсінгісі келмей, сот төрағасы азаматтарды қабылдаудан бас тартады деп теріс ақпарат беріп жүргенін де көремін. Кейбір БАҚ өкілдерінің өзі түсінбей, өзгелерді қателестіріп жүргені өкінішті-ақ. Судьялар оқу орындарында, мектептерде жиі кездесулерлер өткізеді. Сот тәжірибесінде туындаған мәселелерді талқылау мақсатында мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен дөңгелек үстелдер мен кездесулер де қажеттілігіне байланысты өткізіліп тұрады. Мұның барлығы қоғаммен кері байланыстың орнатылғандығының айғағы деп санаймын.

– Облыстық соттың бүгінгі нәтижесі қандай? Көрсеткіштер көңілден шығып отыр ма?

– Облыстық соттың апелляциялық сот сатысы бар екені баршаға мәлім. Бұл сатыдағы сотта заңды күшіне енбеген сот актілері сотталғандардың, жәбірленушілердің, құқық бұзушылардың немесе тараптардың апелляциялық шағымдары, жеке шағымдары, прокурордың келтірген өтінішхаттары негізінде қаралады. Яғни, апелляциялық сот сатысы негізгі фильтр деуге болады, себебі барлық шағымдалған істер осы сатыдан өтеді және шағымдардың уәжіне баға беріліп, сот актілерінің заңдылығы мен негізділігі тексеріледі. Бүгінгі таңда облыстық сотта тәжірибесі мол, жоғары білікті судьялар қызмет атқарып келеді. Биылғы бес айдағы көрсеткіштерге қарайтын болсақ, кассациялық сот сатысымен облыстық соттың қылмыстық алқасының бір қаулысы, азаматтық алқаның екі қаулысының, әкімшілік алқаның үш қаулысының күші жойылған және бұл істер қайта қарау үшін облыстық сотқа жолданған. Сот актілерінің күшін жоюға істердің мән-жайларының дұрыс анықталмауы және қосымша дәлелдемелерді тексеру қажеттілігі негіз болған. Күші жойылған қаулылардың санына назар аударсақ, оларды көп деп айтуға келмейді. Бірақ апелляциялық сот сатысы мұндай қателіктерге жол бермеу керек. Осыған орай бүгінде кемшіліктерді болдырмау үшін шаралар қабылдануда. Жалпы, облыстық сот алқаларының жұмысына оң баға бере аламын. Міне, Судья және сот қызметкерлері күні кәсіби мерекесі де келіп жетті. Сіздердің басылымдарыңыз арқылы өзімнің әріптестерімді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, бойларыңызға қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық пен құтбереке тілеймін! Әділдіктің туы әрқашан да биікте болсын!

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет. «Заң газетінің» атынан Атырау облысының барша сот ұжымын кәсіби мерекемен құттықтаймыз. Беделдеріңіз биік, әділдік жолындағы жұмыстарыңыз сәтті болсын!

Айнұр СЕМБАЕВА, «Заң газеті»

Как проходит модернизация досуговых центров в Алматы?

В Алматы постепенно развивается инфраструктура для молодежи города. Одним...

Алматыда жастарға арналған  демалыс орталықтар жаңғыртылуда

Алматы қаласындағы ең маңызды жастар жобаларының бірі – 100...

Түркістан облысында заңсыз тұрмыстық химия өндірісімен айналысқан жерасты цехы әшкереленді

2024 жылдың 18 желтоқсанында әділет органдарының қызметкерлері «Белизна» тауар...

Мемлекеттік қызметшілердің үздік жобалары мен бастамалары бойынша конкурс өтті

2024 жылдың 20 желтоқсан күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің...

Жоспарлы тексеру аясында мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді

Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және...