Мемлекет басшысы биылғы жолдауында реформалардың экономикалық саясаттағы нақты бағдарын атаған кезде шешуді талап ететін кезек күттірмейтін маңызды міндеттер қатарында: «Бірыңғай операторлардың қызметі нарықтық экономиканы дамытуға кері әсер етеді. Сондықтан, бұл институтты ретке келтірген жөн. Қазір жұмыс істеп тұрған операторларды бәсекелі ортаға беру қажет немесе монополист деп танып, қызметін монополияға қарсы арнаулы құқық аясында реттеу керек» деген еді.
Алайда арада бір айдан астам уақыт өтсе де «Аудиторлық қызмет туралы» заңға 2021 жылы 6 шілдеде күшіне енген түзетулерге қатысты Үкімет тарапынан да, заңдағы өзгерістің бірден бір бастамашысы болып табылатын Қаржы министрлігі тарапынан да еш мәлімдеме жасалған жоқ. Ал бұл дауға түрткі болып отырған жаңадан құрылған аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес (АҚжКК) болып отыр. Бұған дейін ол кәсіби аудиторлық қоғамдастығына қатысушылар тарапынан сынға ұшыраған болатын. Бұл Қазақстаның кәсіби бухгалтерлер қауымдастығы АҚжКК қызметінің Кәсіпкерлік кодексіне ғана емес Конституцияның 26-бабына да қайшы екенін жариялады. – Кәсіби бухгалтерлерді сертификаттаудың ұлттық жүйесі 15 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасап келді. Бухгалтерлерді кәсіби сертификаттау ұйымдары оған зияткерлік және материалдық шығындарын жұмсады. Енді Қаржы министрлігі өз саясатын өзгертуде. Жаңа түзету бойынша бухгалтерлерді сертификаттаумен айналысатын 20-дан астам ұйымды және 15 шақты бухгалтерлердің кәсіби ұйымдарын жоймақ. 25 жыл бұрын Қаржы министрлігі бір ғана емтихан өткізу арқылы монополиялық түрде аудиторларды шығарған еді. Енді олар қайтадан сол кезеңге оралғысы келетін сияқты. Қазақстан заңнамасына бейімделместен ЮСАИД материалдары бойынша бірнеше емтихан өткізіп, Аудиторлар палатасы бастамасы арқылы өз сертификаттарын берген. Ал Ұлттық сертификаттау жүйесімен осы уақытқа дейін 15 мың кәсіби бухгалтер шығарылды. Қаржылық есептілік депозитариі қоғамдық қызығушылығы бар ұйымдардың қаржылық есебіне егер кәсіби бухгалтерлік сертификаты жоқ тұлға қол қойған болса қабылдамайды. Жұмыс берушілер де өз қызметкерлерін оқытуға, сертификациялауға, кәсіби біліктілігін көтеруге мүдделі. Жұмысқа қабылдаған кезде кәсіби бухгалтерлік сертификатының болуына қарайды және оған басымдық береді, – дейді «First» БКҰ директоры Шолпан Бертісбаева. Оның айтуынша, Қазақстанда қазіргі таңда 1,5 млн кәсіпорын бар. Оның үштен бірі заңды тұлға ретінде тіркелген. Олар кәсіби бухгалтерлерді талап етеді. Бағдарлама бітті деуге болмайды.
Бар болғаны 15 мың ғана кәсіби бухгалтер шығарылды. Енді ШОБ субъектілерін жабу, жою нарығын Қаржы министрлігі өз қолына алуға ұмтылуда. Бір ай бұрын ғана министрлік қаржылық есептілік аудитінің қорытындысы бойынша теріс аудиторлық есептердің көрсеткіші 1% құрайтынын жариялады. Бұл кәсіби бухгалтерлердің сертификаттау жүйесінің жұмыс сапасының көрсеткіші болып табылады. Кәсіби бухгалтерді сертификаттаудың жаңа модулінің қолданысқа енгеніне жарты жыл өтпей жатып, оны жойып мемлекеттік бірыңғай оператордың қолына беру Кәсіпкерлік кодексінің адал бәсекелестік қағидаттарына ғана емес, тұтынушылар құқы туралы заңға да қайшы. «Кәсіби бахгалтерлер альянсы» БКҰ жетекшісі Жанар Ожанованың сөзіне қарағанда еліміздегі 25 бухгалтерлерді сертификаттау ұйымдары арасында бәсекелестік бар. Олар ҚР бухгалтерлік есеп және есептілікке қатысты заңнамасына сай жұмыс жасайды және уәкілетті органға, яғни, Қаржы министрлігіне өз әрекетінің барлық бағыты бойынша жүйелі есеп беруге міндетті. Демек, бұл ұйымдардың әрекеті мемлекет тарапынан толығымен реттелуде, бақылаусыз емес. Нақты айтар болсақ Қаржы министрлігінің Ішкі және мемлекеттік аудит комитеті тарапынан бақылау жүргізіледі. Комитет құзыретінде аккредитацияны қайтарып алуға дейінгі мүмкіншілігі бар әкімшілік санкциялар бар. Бұл бірінші. Екіншіден, бухгалтердің білімін бақылау және бағалау комитет өкілдерінің қатысуынсыз өтпейді. Бүгінгі таңда Қаржы министрлігі 100 мыңнан асатын кәсіби бухгалтерлер нарығы мен кәсіби бухгалтерлерді сертификаттау жөніндегі 25ке жуық ерекше кәсіпкерлік субъектілерінің барлығын монополиялап бір операторға тәуелді етпекші.
Оператор ретінде 2021 жылы құрылған АҚжКК-ті таңдап, оның құзыретін кеңейтпекші. АҚжКК болса өзінің тікелей мақсат-міндетін орындай алмай, соңғы 12 айдың ішінде бірде-бір Қазақстан аудиторына кандидатты аттестациядан өткізіп, куәлік бермеген. Сондай жасанды ұйым толыққанды жұмыс жасап еліміздің экономикасы мен есеп саласындағы халықаралық қаржылық стандарттарды қолдану үрдісін жетілдіріп отырған кәсіби бухгалтерлерді сертификаттау үрдісін тұншықтырмасына кепіл жоқ. «Сертификатталған бухгалтерлер мен салық консультанттарының ұлттық палатасы» БКҰ лекторы, аудитор, салық конусльтанты Лейла Нұрахметованың пайымдауынша, түзетулер қабылданса, бухгалтерлік мамандыққа қол жеткізу шектеліп, бақылау институты ретінде бухгалтерлік қызметтің тәуелсіздігінің беделі жойылады. Сертификаттау жөніндегі функцияларды бірыңғай монополист операторға баламасыз берген жағдайда бухгалтерлерді сертификаттау құны едәуір өседі және бухгалтерлер мен ЖОО түлектерінің көпшілігі үшін қолжетімсіз болады. – Қаржы министрлігінің бухгалтерлерді аттестаттау нарығын монополиялау әрекетінің кесірінен мыңнан аса адам жұмыссыз қалмақ. Сондықтан бұл өзі жеке адамдар мен АҚжКК құрылтайшыларының мүдделері үшін жасалып жатқан жоқ па? Мемлекеттік монополия субъектісінің баламасы болып табылатын АҚжКК жосықсыз бәсекелестіктің көрінісі. Яғни, Кәсіпкерлік кодексінің қағидаларын бұзуға, бәсекелестікті мемлекеттік тұрғыдан реттеу мақсаттарын бұзуға және Қазақстаның жосықсыз бәсекелестікке тыйым салынғаны туралы айтылған ҚР Конституциясының 26-бабын бұзуға бағытталғаны айдан анық. Министрлік өкілдерінің пікірінше, сертификаттау қызметін бір операторға тәуелді ету бухгалтерлерді аттестаттау жүйесінің сапасын арттыру қызметін көздейді мыс. Ал бұл салада 15 жылдай қызмет жасап жүрген мамандардың ойынша біліктілікті бағалауды бір қолға тапсыру сыбайлас жемқорлыққа апаратын жол. Бір ескеретін жәйт АҚжКК құрамында Қаржы министрлігінің лауазымды тұлғалары, тіпті, зейнеттегі бұрынғы қызметкерлер кіреді. Демек кеңес мүшелері мен қаржы министрлігінің лауазымды тұлғалары арасындағы тікелей байланыстың нәтижесінде сыбайлас жемқорлық, алаяқтық фактілері, билікті немесе лауазымды өкілеттіктерін асыра пайдалану, пара алу сияқты әрекеттер тууына жағдай жасалатынына еш күмәніміз жоқ. Біз Қазақстанның кәсіби бухгалтерлік қоғамдастығы бухгалтерлік сертификаттау және бухгалтерлік қызмет мамандығын бақылау жөніндегі бірыңғай оператор құру бойынша жеке тұлғалардың, лоббистердің мүдесі үшін емес, тек бухгалтерлердің мүдесі үшін қызмет жасауымыз қажет. Қазақстанның кәсіби бухгалтерлер қауымдастығы кәсіби бухгалтерлерді сертификаттауды мемлекеттік оператор АҚжКК беруге үзілді-кесілді қарсы», – деп отыр Ж. Ожанова.
Құрылғанына бір жылдан астам уақыт өтсе де аудиторлық ұйымдардың келіспеуі, сондай-ақ, оның қызметінің әртүрлі бірыңғай операторларды жоюға бағытталған мемлекеттің саясатына сәйкес келмеуі себебінен АҚжКК өз жұмысын әлі бастаған жоқ. Аудиторлық ұйымдардың ғана емес бухгалтерлік есеп және аудит саласындағы кәсіпқойлардың пікірі бойынша АҚжКК-нің болуы мемлекеттік қызметті бәсекелестік ортаға беру жөніндегі мемлекеттің міндеттеріне қайшы келеді. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, Қаржы министрлігінің «Аудиторлық қызмет туралы» заңға енгізген түзетулері пандемия кезінде ұсынылып, қабылданғандықтан оны талқылауға мүдделі тараптардың бәрі бірдей қатыса алмады. Бұл жағдай енді Мемлекет басшысының экономикалық саладағы реформаларының белсенді түрде жүргізілуіне кері әсерін тигізгелі отыр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


