12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Үміт пен күдік

«Ғалия!» деп қыстыға шыққан өз даусынан Ғайша шошып оянды. Біссімілләсін айтып, ел әлдеқашан өлдіге жорыған қызына Алладан амандық сұрап, оң қырына аунап жатты. Иә, ана жүрегі баласын өлдіге еш қимайды. Қашанғы әдетімен Ғалиясы жоғалғаннан бергі уақытты тағы бір шолып шықты. Содан бері 23 жыл өткен екен. Соңғы жылдары түсіне мүлде кірмейтін боп кетті. Бүгін жақыннан көргендей. Бірақ бері қарамады. Көзін төмен салып ештемені естімегендей меңіреу қалпы тұрды. Әлде дауысым шықпай жатыр ма деп барынша айқайлап еді, өзі оянып кетті. Оянғанына өкінді. Бірақ түсінде болса да Ғалиясын көргені үшін Ғайша бақытты еді…

Өзгеріс

Үлкен қызы ауылдағы мектепті бітіріп, қалаға оқуға кеткенде осылай боларын әсте ойламаған. 90-жылдардың аяғындағы тоқырауда бұлардың малына мал қосылып, жағдайлары жақсара түсіп еді. Күйеуі бұрын совхозда білдей зоотехник, өзі есепші болған. Жүйе қирап, жұмыс табылмай тұрған тұста бұлар 5 баласын не ішем, не кием дегізбей өсірді. Тіпті, қаладан бір бөлмелі пәтер алып қойды. Сондағы ойы – балаларды оқыту, қатарынан қалдырмау еді.
Тұңғышы Ғалия ауылдағы 8 жылдық мектепті озат аяқтады. Одан совхоз орталығындағы мектепті де үздік бітіріп, облыс орталығындағы техникумға түскен. Қаладағы үйге Ғалияның қасына серік болсын деп 7-класқа көшкен Қуанышты қосып жіберіп, өздері жұмыстарын жасап, ұсақ балаларды бағып ауылда қалды. Арасында уақыт тауып, балаларға Ғайшаның өзі барып тұрды. Ғалия оқитын техникумға талай бас сұғып, оқытушылардан қызының үлгерімі мен тәртібі жайлы сұрап жүрді. Ешкімнен қызыңыз нашар дегенді естімеді. Қайта оқытушылар Ғалияны жер-көкке сыйғызбай мақтайтын. Әдепті, тиянақты, шаруаға тастай дегендерін естігенде ана көңілі көтеріліп, төбесі көкке жеткендей болушы еді.
Ғалияның мінезі бірінші курстан кейін күрт өзгерді. Қысқы каникулға үйге 3-ақ күнге келген ол жазғы демалыста мүлдем төбе көрсетпей қойды. Жұмыстан шыға алмағандықтан, телефон соғып сөйлесіп еді: «Мама, мен жұмысқа тұрдым. Өз киімім мен тамағымды өзім тапсам деп талпынып жүрмін. Маған алаңдамаңыз. Жаздың соңына қарай бір аптаға барып қайтамын», – деп самбырлай сөйлеп, ана көңіліндегі күдікті жуып-шайғандай болды. Қызының сырына қанық Ғайша жаздың ортасында денсаулығымды қаратып келемін деген желеумен қалаға тартып отырған.
Жексенбі болатын. Қалаға түске дейін жүріп әзер жеткен, әрі артынып-тартынып екі өкпесінен ентіге пәтеріне келіп есік қаққан Ғайша есікті киімі әлем-жәлем бөтен қыз ашқанда шошып-ақ қалды. Үйден темекінің иісі мүңкіп тұр.
– Айналайын, сен кімсің? Ғалия қайда?
– Здравствуйте, апашка, я Соня. Галя на работе, скоро придет. Вы заходите, не стойте там, – деген сөзден шошып оянғандай артынып-тартынып үйге кірді.
Өзін Сонямын деп таныстырған қыз терезелерді ашып, үйді жинастырып жүр. Аузы жабылмайды екен:
– Вы бы заранее сказали, что приедете, мы сложа руки не сидели бы, – деп ыржың-ыржың етеді.
Бұлар өскен ауылда орыс жоқ бол­ғандықтан, Ғайша Соняның айтқан сөзінің жарым-жартысын ғана түсінді.
– Айналайын, Соня, ты домой иди. Қатты шаршадым. Дорога плахой. Ғалия қашан келеді?
– Уже скоро придет она. Давайте я вам чай поставлю, – деп бәйек бола қалған орыс қызына Ғайшаның кәдімгідей іші жылып қалды.
Мына үйде жалғыз қалуға қорыққан ол қызы келгенше Соняны қумай тұра тұруға бекінді. Екеуі отырып шәй ішті. Ауылдан әкелген азық-түлікті орналас­тырып, қазанға бір асым ет сап қойды. Соня үйді айнадай ғып жинап, жуып шықты. Төргі бөлмеде диван мен төсек тұратын. Ғалия мен Қуаныштың төсегі. Шифонердің бұрышындағы жиналып тұрған раскладушканы да бірден байқаған. Яғни мына Соня бұл үйде біраздан бері бірге тұрып келе жатыр деп топшылады. Алайда, мамыр бітпей ауылға келген Қуаныш орыс қызы туралы ештеңе айтпап еді. Жә, мән-жайды Ғалия түсіндіріп берер деп ары қазбаламады.

Жаңа өмір

Сағат 3-тер шамасында Ғалия да келді. Қызын көргенде шешесі шоқ басқандай ыршып түсті. Баяғы бұрымды қара шашы жоқ, Сонянікіндей шашын шолт кесіп, ол аздай сарыға бояп тастапты. Үстінде етегі тізеден бір қарыс жоғары тұратын тырысқан көйлек. Ауызда сағыз, көйлектің өңіріне көзәйнекті салбыратып тағып қойған. Қапелімде не дерін білмеген Ғайша абдырап қалды. Ғалия да үндемей, кінәлі кейіпте жүзін төмен салды. Осы бір үнсіздікті Соня бұзып, киімілгіштен қалпағы мен жеңіл күртесін алып «Я сейчас» деп есіктен шыға берді.
– Айналайын-ау, Ғалиямысың? Түріңе не болған? Мына киімің не? Ауылдың адамдары көрсе не дейді? Қай бетімді шымшиын, мына түріңді әкең көрсе, мені өлтіреді ғой, – деп сөзін аяқтамай жатып жылап жіберді.
– Мам, жыламашы, шашта тұрған не бар? Бұл – мода. Киімім де ел қатарлы. Қазіргі заманның киім үлгісі осындай. Қашан келдіңіз? Неге ескертпегенсіз? Кездесуге дайын болатын едік қой, – деп шешесін құшақтап, екі бетінен алма кезек сүйді.
Қызын сағынған ана да бар мейі­рімімен, махаббатымен айналып-толғанып жатыр. Студент қызының сымбаттанып, ажарлана түскенін енді байқады. Десе де, қысқа сары шашы еш көңілге қонбады. Басыңа бірдеңе киіп алшы деп өтінді. Қызыл гүлді халат пен ақ орамалды төгілте тартып Ғалия шыға келгенде, қызының сұлулығына сүйсініп, ұзақ қарап қалды. «Қыз бойжетті деген осы. Әне-міне құда-құдағи атанады екенбіз» деп іштей қиялдап, сол қиял­дың жетегімен жүріп, буы бұрқырап тұрған етті қазаннан түсіре бастады. Қамырын илеп жатып:
– Жаңағы Соня дегенің кім? Қазақтан құрбы табылмады ма? Өзі темекі шегетін сияқты. Киімі де алқам-салқам. Тәртібі де нашар ма деп қалдым, – деп сұрақты төтесінен қойды.
– Адамды сыртына қарап бағалайтындарыңыз-ай. Ол өте жақсы қыз. Бірге оқимыз. Соня жетімдер үйінде тәрбиеленген. Ата-анасы, бауырлары жоқ. Маған орысша үйренуге көмектесіп жүр. Өзі де қазақша үйреніп қалды. Жатақхананы жазда ремонтқа жауып тастағандықтан, менің қасымда тұрып жатыр еді. Қуаныш ауылға қайтқалы мен де қорқып, жаныма Соняны шақырып алдым, – деп құрбысының жақсы қырларын жіпке тізіп жатыр.
Соняның жетім екенін естігеннен кейін-ақ Ғайша жібіп сала берді. Жетімге жәрдем көрсетіп жүрген Ғалияны құшақтап алып, бет-аузынан тамтық қалдырмай сүйіп шықты. Соняны кері шақыртып, үшеуі мәре-сәре отырып ет жеп, шай ішті.

Базарлық

Сол жолы Ғайша қалада бір аптадан аса жатты. Күнұзақ ауруханаларға қаралып, кешкісін қыздармен сықылықтай отырып сырласатын. Қыздардың армандарын тыңдап, арқаларына қанат бітіретін. Ғалия техникумды бітірген соң шетелге барып оқимын деп еді. «Кейін елге келіп сот боламын. Қыл­мыс­керлерге жаза кесіп, жала жабылғандарды ақтап аламын» дейтін. «Айналайын, арманыңа жет» деп батасын да беріп еді…
Қыздары қаладағы кафелердің бірінде даяшы боп жұмыс істейді. Ол кафені Ғайшаның өзі де барып көрді. Табыстары жаман емес екен. Жандарын қинамай-ақ, бұлардың бір айлық жалақысын бір аптада табатын көрінеді. Ғайша келгелі Соня да темекісін шекпейтін болған. Әлде жасырып шегеді. Ауылға қайтардан бір күн бұрын екі қыз Ғайшаны базарға жетелеп барып, бір тиынын да шығартпай шырттай киіндіріп жіберді. Үйге келіп жаңа киімдерін айна алдында қайталап киіп тұрғанда қызы:
– Енді сізді папам танымай қалатын болды ғой, – деп сықылықтап күлді.
– Танымаса, танытармын, – деп Ғайша да мәз болып қалды.
– Бір айдан соң папамды да жіберіңіз. Қысқа дұрыстап киініп кетсін. Кішкентайларға да мол етіп базарлық беріп жіберемін.
– Айналайын, өз керек-жарақтарыңды түгендеңдер. Оқуды дұрыстап оқыңдар. Бізге алаңдамаңдар, – деп, қос қызды құшақтап, қайта-қайта сүйіп қоштасты.

Жайсыз хабар

Ортасынан ауған қазанның таңы. Тау баурайындағы шағын ауылдың тіршілігі енді басталып жатыр. Сарғайған дала, қызыл-сары жапырақ күздің кіргенін айқындап тұр. Жаппай болмаса да, арагідік үйлерден түтін шығып көкке сіңуде. Мал өріске айдалып, енді оқушылар мектепке жиналып жатқан шақ. Ғайша күйеуіне таңғы шайын беріп, жұмысқа шығарып тастап, енді оқушылардың тамағын реттеп жатқан. «Қаладан Қуаныш хабарласып жатыр, тез келсін» деп үш көше ары тұратын ауыл әкімі баласын жүгіртіп жіберіпті. Ғайша тұра жүгірді. Қос өкпесін қолына алып, әкімнен саулық сұраспастан телефон тұтқасына жабысты.
– Алло, Қуантай, тыныштық па? Алло?
– Мама, алло. Ғалия ауылда ма?
– Ғалия?! Жоқ, ол келген жоқ.
– Сені жалғыз тастап кетпейді ғой, құлыным.
– Иә. Кешелі бері Ғалия үйге келген жоқ. Аяқ асты ауылға кетіп қалды ма деп ойладық.
– Қайда кетіп еді?
– Жұмысына кеткен. Мүмкін үлкен қалаға кеткен шығар? Әлде шетелге оқуға кетіп қалды ма? Мама?
– Қасыңда кім бар, балам?
– Соня әпке бар.
– Телефонды берші Соняға.
– Қазір. Мамам сенімен сөйлесем дейді.
– Соня, айналайын, Ғалия қайда?
– Сәлеметсіз бе, апай. Кеше жұмыс­тан соң үйге оралмады. Түнімен күттік. Хабар жоқ. Қайдан іздерімізді де, кімнен сұрарымызды да білмей отырмыз.
– Ойбай, не дейді? Қазір киіне салып жетем қалаға. Сен Қуаныштың қасында бол, Соня.
– Жарайды…
Телефонды қоя сала, Ғайша қайтадан үйге ұшты. Киініп, буынып-түйініп жолға шықты. Ауылдағы балалардың үлкені Әлиханға «Ғалия ауырып қапты. Мен тез барып келем» деп айтып кетті. Қалаға жеткенше 5 сағатта басын неше түрлі ой жеп, мазасы қашты.

Ақ орамал

Қалаға келе сала Сонядан мән-жайды білмек болған. Екі көзі тас төбесіне шыққан қыз құрбысының ұшты-күйлі қайда кеткенін білмейтінін айтып ағынан жарылды. Жарты айдан бері екеуі екі бөлек кафеде істеп жүр екен. Біраздан бері Ғалияға ақ «жигули» мінген Талғат деген жігіттің келіп жүргенін айтқан Соня ол баланың таяу жерде жұмыс істейтінін білетін болып шықты. Ал, сегізіншіге көшкен Қуаныштың ештеңе білмейтініне көзі анық жетті.
Алдымен Соняның айтуы бойынша Ғалия жұмыс істеп жүрген кафеге барды. Ондағылар Ғалияның бір-ақ күн жұмыс істеп, сол күніне тиесілі еңбекақысын алып кеткенін айтты. «Қызды алып-қашып кеткен шығар» деген де ой сумаң ете қалды. Дегенмен, байыз тауып отыра алмаған ана Соняны ертіп алып Талғаттың жұмыс орнына келді. Зауыт алдында Талғаттың ақ «жигулиі» тұр. Көліктің артқы терезесінің алдында ақ орамал жатыр екен. Орамал Ғайшаның көзіне оттай басылды. Алдында Ғалия таққан осы орамал еді ғой деп ойлап үлгергенше, Талғат та алдарынан шықты.
– Ғалияға келіп жүрген осы жігіт, аты – Талғат. Ал мына кісі біздің мамамыз. Ғалия кеше жұмысқа кеткелі үйге оралған жоқ. Сен қайда екенін білмейсің бе? – деп Соня бастырмалата жөнелді.
Жасы 25-тер шамасындағы жігіт алғашқыда қатты қысылып қалды. Беті ду етіп шыға келді. Артынша алаңдап:
– Жоқ, мен Ғалияны соңғы рет өткен аптада көргем. Маған ештеңе айтпады. Біз аздап ренжісіп қалып едік. Мүмкін соған өкпелеп қалған шығар, – деді ойланыңқырап.
– Амансың ба, балам? Не үшін ренжісіп едіңдер? Ғалия не үшін өкпеледі? – деп онсыз да абдырап, сөзден шатасып тұрған жігітті енді Ғайша сұрақтың астына алды.
– Кездескенімізге аз уақыт болса да, маған тұрмысқа шықшы деп сөз салдым. Үйде 60-қа таяған анам бар. Соған жәрдем бересің деп едім. «Менің әлі орындалмаған армандарым көп. Шетелге барып оқимын. Жұмыс істеймін. Дәл қазір байға тиіп, бала туып отыратын жайым жоқ» деп үзілді-кесілді бас тартты. Содан әңгімеміз жараспай қалды.
– Көлігіңде жатқан ақ орамал Ғалия­нікі ғой? Ол мұнда қайдан жүр? – деді ана байқұс күдігін жасыра алмай.
– Алдында Ғалияны анаммен таныстыруға апарғам, сол кезде басына тағып келіп еді. Қайтарда қалдырып кетіпті. Көрсем бере саламын деп ойлағанмын. Енді сіз алыңыз, – деп жігіт көлікте жатқан ақ орамалды Ғайшаның қолына ұстатты.
Ғайша бейшара күйде еді. Ақ орамалға бір, Талғатқа бір қарап, Соняны ертіп кете берді. Салы суға кетіп полицияға жүгінді. Қызының жоғалғанын айтып арыз жазды, жылады. Арызын қабылдап алған жігіт «Енді үйіңізге барыңыз. Іздеу жариялау үшін тағы бір күн тосу керек. Сол кезде келмесе, біз жұмысқа кірісеміз» деп шығарып салды.

Сабылыс

Бірақ Ғалия сол күйі келмеді. Ол жоғалғалы 23 жыл өтті. Туысқандары не өлі, не тірісінен бейхабар. Ғайша қызын іздеуге барын салды. Бар малын саудалап жүріп жеке тергеушілерді де жалдады. Бақсы-балгер дегендерді де аралады. Телеарналардағы «Бармысың, бауырым», «Іздеймін» деген хабарларға бірнеше рет шықты. Тіпті, Мәскеудегі «Жди меня» хабарына да арнайы барып қатысты. Ондағысы қызы жайында титтей хабары бар адамдарды табу. Бірақ Ғалиядан хабар болмады. Бақсы-балгерлердің бәрі дерлік «Қызың тірі, оралады» деді. Ал, тергеушілердің бәрі Шәкен деген дөкейге барып тіреліп қалды. Солардың айтуымен Шәкеннің үстінен арыз жазып, құзырлы органдарға жолдады.

Данияр Болысбекұлы

(Жалғасы бар)

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...