12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ, ҚР Суретшілер одағының төрағасы:«МҮСІНШІ ЕМЕСТЕР ДЕ МҮСІН ЖАСАП КЕТТІ»

– Қазақстан суретшілерінің былтыр Өзбекстанда үлкен көрмесі өткен еді. Не көріп, не түйдіңіздер?
– Естуімізше Ташкентте Қазақстан суретшілерінің соңғы көрмесі 1970-жылдары өткен екен. Ал, бұл жолы көрме Өзбекстан Президенті арнайы салдырған «Банк галереясында» ұйымдастырылды. Шарамызға Өзбекстанның көркемсурет академиясы мен Суретшілер одағы басшылары ғана емес, белгілі өнертанушылар да өз ризашылықтарын білдірді. Өйткені, 2017 жылға дейін бұл мемлекет өзге тұрмақ, өз көршілері үшін де біршама жабық болып, қарым-қатынас тиісті деңгейде болмай келген еді. Бұл жолы бізді таңғалдырған бір нәрсе болды. Ол Өзбекстанның жаңа басшылығының заманауи ғимарат салып беріп қана қоймай, банкирлерге шетелге кетіп қалған қолданбалы, бейнелеу өнері туындыларын сатып алып, қайтадан елге әкеліп, галерея қорына өткізсін деп тапсырма бергені. Оны естіп, көзімізбен көрген соң қандай тамаша жоба деп сүйсіндік.
– Суретшілер көрмесі Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында өтті ме?
– Өзбекстандағы Қазақстан жылына байланысты бағдарламада суретшілер көрмесін өткізу болғанмен, ол ескерілмей қалған. Естуімізше былтыр онда жалпы 87 шара өтуі керек екен, алайда түрлі себептермен оның үштен бірі ғана жасалған. Біздің көрме ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауынсыз, ҚР Суретшілер одағының жеке бастамасымен ұйымдастырылды. Өзбекстан көркемсурет академиясының президенті Ақмал Нуриддиновпен 2000 жылдан бері таныс болғандықтан, бір кездескенімізде осындай шара өткізсек деп ақылдасқан едік. Соның сәті Сіз айтып отырған Өзбекстандағы Қазақстан жылымен тұспа-тұс келді. Былтыр жазда бір симпозиумда Татарстан суретшілер одағының төрағасы Илнур Сиразиевпен болған кездесуде біз Қазанда, олар Алматыда суретшілер көрмесін өткізсек деген ойды да талқылаған едік. Қазір соны іске асырудың амалын қарастырудамыз. Осы жолы Мәдениет және спорт министріне «бұл Алтын орданың 750 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Қазақстан суретшілерінің көрмесі Татарстанда ешқашан да болған емес.
Татарстан суретшілерінің көрмесі де бізде өтпеген. Осы шараға қолдау көрсетсеңіз» деген ұсыныс жасадым. Әзірге жауап күтіп отырмыз.
– Министрлік демекші, жақында Абайдың 175 жылдығына орай өтетін шаралардың бағдарламасы жарияланды. Сонда 6 елде Абайдың ескерткішін тұрғызу, баспа өнімдерін шығару сияқты шаралар да көрсетілген екен. Одан хабардар шығарсыздар?
– Одан хабарымыз жоқ. Ешкім ешқашан ұсыныс та, пікір де сұраған емес. Министрліктен сіз айтып отырған істерге қатысты ешқандай хабарлама келмеді…
– Мәселе ескерткіштерге қатысты болған соң сіздердің одақты хабардар етер деген ой болып еді. Жалпы Қазақстанда Абай Құнанбайұлына арналған 50-ден астам ескерткіш пен бюст бар екен. Олардың көркемдік деңгейі туралы пікіріңіз қандай?
– Кеңестік дәуірде мемлекеттік тапсырыстар бойынша Суретшілер одағы арнайы байқау жариялайтын. Себебі кәсіпқой мүсіншілердің бәрі біздің одаққа мүше. Байқау нәтижесі бойынша көркемдік құндылығы жоғары деген жұмысты таңдап, сосын орындаудың әр кезеңін жеке-жеке бақылап отыратын арнайы Көркемдік кеңестер құрылатын. Қазір ондай жоқ. Аймақ басшысы, белгілі бір мемлекеттік мекеме не оған демеуші болып отырған адам жұмысы өзіне ұнаған адамға тапсырады. Біз оны байқап отырмыз, олар кейде мүсінші де болмай шығады. Сондықтан кім тапсырыс берсе соның айтқаны болып тұр. Қалай орындалып
жатыр, қандай деңгейде дегенге ешкім бас қатырып отырған жоқ. Кейбір ескерткіштер анықтамасында қола деп жазылғанмен, латуннан да құйылып жатыр. Мемлекеттік стандартты ешкім қадағалап отырмағандықтан, 2-3 жылдан кейін түсі өзгеріп, болмаса бір жері сынып түсіп жатқандары да кездесіп қалуда. Бұрын ескерткішті жобалаудан бастап, оның орналасатын жері, тұғыры, көлемі ғана емес, күннің шығуы мен батуының бәрі есептелетін.
– 2006 жылы қабылданған «Мәдениет туралы» заңда шығармашылық қызметкерлерінің еңбегін ынталандыруға қатысты мәселелер де қарастырылған еді. Қазір суретшілердің жағдайы қалай?
– Одақта сурет, мүсін, графика және қолданбалы өнермен айналысатын 1200-ге жуық мүшеміз бар. Былтыр
38 адамды түрлі марапатқа ұсындық. Оның ішінен «Парасатқа» ұсынған бір ғана адам «Құрмет» орденіне ие болды. Басқа ештеңе бұйырмады. Бұрын Президенттік стипендия бөлек, Мемлекеттік стипендия иегерлері бөлек болатын. Қазір екеуін қосып, Мемлекеттік стипендия деп атайды екен. Біз 2 адам ұсынғанбыз, ешқайсысы да алмады. Қайдан пайда болғанын білмеймін, қайтыс болған Арий Школьный деген суретшінің есімі сол тізімде жүр. Ұмытпасам 3-4 жыл бұрын да дәл осындай жағдай қайталанып, 2 жыл бұрын қайтыс болған Ыдырыс Қарсақбаев ағамыздың аты стипендия тағайындалған адамдардың тізімінде жүрген. Ал, Ескерткіштер комиссиясының болсын, Мемлекеттік стипендия комиссиясының болсын отырысы Нұр Сұлтанда өтетіндіктен, шақырса да оларға баратын мүмкіндігіміз жоқ. Себебі жолымыз да, жататын жеріміз де
төленбейді. Сондықтан онда пікірімізді білдіріп, ұсыныстарымызды тікелей жеткізуге қолымыз қысқа болып отыр.
– Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат принциптері туралы 3-бапта уәкілетті органның шығармашылық қызметтің түрлі салаларында ұлттық және халықаралық конкурстар мен фестивалдар, сыйлықтар мен жүлделер тағайындайтыны көрсетілген. Бұл қалай жүріп жатыр?
– Бізде тәуелсіздік алғалы уәкілетті органдар тарапынан суретшілерге арнап бірде-бір байқау, фестиваль не
көрме өткен жоқ. Биеннале дегенді тіпті ойымызға алмаймыз. Біз өзіміздің деңгейде өткізіп жатырмыз. Алайда
қоғамдық ұйым мен уәкілетті органның мүмкіндігін салыстыруға болмайды. Мәселен, 136 адам шақырылған Қытайдағы биенналеге қатыстым. 120 мемлекеттің суретшілер жұмысын 2 ай бұрын алдыртып, көрмеге іліп қойған. Ол біздің арманымыз шығар. Арман демекші, көршілес мына Өзбекстанның өзі заманауи бейнелеу өнеріне қатысты 8-биенналесін өткізді. Ал, бізде әлі күнге дейін біреуі де болған жоқ.
– Фестиваль, байқаулар тек республика ғана емес, облыс деңгейінде де өтуі керектігі заңда қарастырылған ғой?
– Мәселен Қызылорда халықаралық деңгейде 3 мәрте симпозиум өткізді. Мұндай шаралар Атырауда, Павлодарда, Таразда, Талдықорғанда жақсы өтті, ал былтыр Бурабайда және Петропавлда бірінші рет өткізілді. Бірақ Орал, Ақтөбе, Қостанай, Өскемен сияқты аймақтар әлі де одан тыс қалып жатыр. Оның бәрі әкімдердің мәдени деңгейіне байланысты шығар деп ойлаймын.
– Суретшілерді дайындауда қандай мәселе бар?
– Таланттарды тәрбиелейтін бізде 2 жоғары оқу орны бар. Бірақ қазір Боллон жүйесіне кіргелі суретке байланысты арнаулы пәндердің сағаты тіпті қысқартылып қалған. Өзім Театр және көркемсурет институтында оқыған кезде кескіндеме, сурет пәндері аптасына 12 сағат болса, қазір 3-6 сағатқа дейін түсіп қалған. Түстану, композиция сияқты ойдың қабілетін дамытатын пәндер аптасына 2 сағатқа дейін азайып кеткен. ТМД елдері арасында тек Қазақстанда ғана қазір Көркемсурет академиясы жоқ. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы болсын, не Нұр-Сұлтандағы Қазақ ұлттық өнер университеті болсын ректорлары міндетті түрде музыкант не әртіс. Ал, көркемсурет түкпірдегі факультет болып қалды.
– Бейнелеу өнері шеберлерінің біліктілігін арттыру қалай жүріп жатыр?
– Қазір суретшілердің біліктілігін арттырумен ешкім айналыспайды. Ондай арнайы мекеме еш жерде жоқ. Біз
жүзеге асыруымызға болар еді, ол үшін арнайы лицензия алу керек екен.
– Жыл сайын жер-жерде түрлі ескерткіштер ашылады. Оны жасайтын кезде мамандардың пікіріне құлақ асқан жан бар ма?
– Бізден ешкім ешнәрсе сұрамайды, бәрін өздері шешіп жатыр ғой. Мәдениет министрлігі Тараздағы Жамбыл, Оралдағы Мәншүк Мәметова, Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев, Шымкенттегі Тұрар Рысқұлов ескерткіші неге алынды дегенде, бізге «бәрі жергілікті органдардың билігінде» деп жауап берді. Жалпы мұның бәрін мәдениет байлығы деп пе, мәдени құндылық деп пе арнайы заң қабылдау керек шығар деген ойға жетелеп
отыр. Кәсіби ұйым болғасын жаңадан ашылатын ескерткіштер болса маман пікірі керек шығар деген оймен кәсіби мүсіншілердің тізімін де бердім. Себебі қазір мүсінші еместер де мүсін жасап кетті ғой. Бәрі әкімшіліктің деңгейінде ғана шешіліп жатқан дүниелер.
– Басқа мемлекеттерде ол қалай жүзеге асады?
– Білетінім Өзбекстанда көркемсурет академиясы арқылы өтеді оның бәрі. Онда Суретшілер одағы да мемлекеттен субсидия да, тапсырыс та алып отырады. Мәселен, былтыр Өзбекстан көркемсурет академиясына 2 машина, 6 штат берілді қосымша. Сосын картиналарды қорға сатып алуына 200 млн сом қаржы бөлінді. Оған жақсы-жақсы деген 10-15 жұмысты сатып алуға болады.
– Музейлердің қорын толықтыру бізде қалай жүзеге асып жатыр?
– Кеңестік дәуірде музейлердің өз комиссиясы болатын. Суретшілер одағы жылда 2 мәрте көрме өткізіп,
олар содан таңдап алып өз қорын толықтырып отыратын. Мысалы, бейнелеу өнері бойынша басты орталық саналатын Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінде 1990 жылдан 2005 жылға дейінгі кезеңге байланысты шығармалар мүлде жоқ. 1950, 1960, 1970, 1980 жылдардағы кезеңдер ғана бар. Себебі 1990–2005 жылға дейінгі кезеңде қорға туындыларды сатып алуға қаржы бөлінбеген. Көрмесін өткізген кезде суретшілердің өздері сыйлаған жұмыстардың бәрі бірдей музей деңгейіндегі жұмыстар бола бермеуі мүмкін. Сосын музейге біреудің сыйлағанын күтудің қажеті жоқ. Суретшілердің мықты жұмысын өздері сатып алуы керек қой. Себебі нарық заманында отбасын асырау үшін ғана емес, мықты суретшілер өз еңбектерін де жақсы бағалайды. Сондықтан олар өз жұмысын жақсы баға беріп жатқандарға береді. Олардың арасында шетел азаматы да,
шетел компаниясы да болуы мүмкін. Осылай біздің суретшілердің көп заттары шетелге кетіп қалып жатыр.
– Мәдени-тарихи мұра ретінде неге оны бір жүйеге түсірмейді?
– Мемлекеттің тапсырысы болмаса тың игеру, өндіріс сияқты тақырыптарды суретшілер салмайтын еді. Суретшілер одағы кеңестік дәуірде идеологияны насихаттауға тартылды. Оны қазір де жалғастыруға болады.
Мысалы, 1998 жылы астананы көшірді. Қазір енді сол тақырыпқа жазылған картинаны іздесеңіз еш жерден таппайсыз. Суретші өзінің деңгейінде кішігірім жұмыстарды жасайды. Ал үлкен шығармаларды тапсырыс болмаса арнайы сала бермейді. Салғанның өзінде оны қай жеріне қояды. Шеберханасының өзі көбінесе тар. Сосын оны тасу да, сату да қиын. Ол қалталы бір кәсіпкер сатып алып, өз үйіне ілетін жұмыс емес қой.
– Шығармашылық адамдарына қолдау жасау заңда арнайы қарастырылған ғой.
– Кеңес кезінде суретшілердің деңгейі жоғары бағаланатыны соншалықты, мемлекет пәтер берген кезде
Суретшілер одағының мүшесі болса қосымша 20 шаршы метр қосып беретін. Яғни 2 бөлмелі пәтерге кезекте
тұрсаң, одақ мүшесі ретінде 3 бөлмелі пәтер алатынсың. Сосын одақ мүшесінің дәрежесі ғылым кандидатымен тең болатын. Ондай абырой да, қолдау да қазір бізде жоқ.
– Қазақстан суретшілерінің КСРО Суретшілер одағы қорында қалып қойған шығармаларын қайтару мәселесі шешілді ме?
– Ол да шешілмеді. КСРО Суретшілер одағының қорында шығармашылықтың түрлі жанрындағы 54 мың дана дүние болды. Оларды Мәскеуден арнаулы көрме комиссиясы келіп республикалық көрмелерден таңдап,
одақтық көрмеге қатыстырып, соның ішінен қорға іріктеп сатып алған болатын. КСРО тараған соң ТМД елдерінің Суретшілер одақтарының халықаралық конфедерациясы құрылып, ол 2017 жылға дейін өмір сүрді. 2017 жылы Ресейдің Мәдениет министрлігінің арызы бойынша конфедерация қорын Ресей өзінің меншігіне алды. Соған байланысты біз наразылық білдіріп, Қазақстан мен Ресейдің Президент аппараттарына, Мәдениет министрлеріне хаттар жолдадық. Мәскеудің түбіндегі суретшілердің орталық СЕНЕЖ шығармашылық үйінен, суретшілердің бұйымдарын шығаратын Подольский зауытынан біз дәмеленбейміз. Ең болмаса қордағы Қазақстан суретшілерінің еңбегін бізге қайтарсаңыз» деп. Ресейдің мәдениет министрлігінен ғана жауап келді сот деңгейінде шешіліп жатыр, сот үкімі шыққаннан кейін жауап береміз деп. Бірақ одан кейін жауап берілмеді. Ал, ҚР Президенті аппараты мен Мәдениет министрлігінің ешқайсысынан жауап болмады. Бұл қоғамдық ұйымның деңгейінде шешілетін мәселе емес. Еларалық, құрығанда Сыртқы істер министрліктерінің араласуымен, тіпті Президенттер деңгейінде шешілу керек еді. Былтыр Ульяновск қаласына «Пластовская осень» деген халықаралық пленэрге барғам. Сонда Пластов музейінің директорынан естігенім, оларға Мәскеуден мың дана графика саласынан жұмыс берілген екен. Ол қайдан десем конфедерация қорынан бөлініп, округтерге таратылғанын айтты.
– Өнер туындыларын шетелге шығару жолы қандай бізде?
– Мысалы Алматы қалалық музейінде бір бөлім бар. Соған барып шетелге шығарам деген шығармаңызды екі данадан беткі жағын және артын суретке түсіріп бересіз. Ол мәдени құндылығы жоқ деп құжаттарды дайындайды. Сосын 10 жұмыс күнінің аралығында Алматы әкімшілігіндегі мәдениет департаментінен мөр бастырып алады. Одан кейін қайда болса да шығара бересіз. Мен мәдениет басқармаларынан байқап жүрмін 4 облыста ғана өнертанушы бар екен. Басқаларында бейнелеу өнеріне байланысты бірде бір маман жоқ. Осыдан-ақ, ондай рұқсаттың қалай беріліп жатқанын ойлануыңызға болады. Яғни жай хаттама ретінде келген қағазға мөр басып береді, сонымен болды.
–Реставрация, яғни мәдени-тарихи мұраны қалпына келтіру жұмыстарына қазір кімдер тартылады?
– Қазақстанда арнаулы реставратор білімін алған кескіндеме болсын, мүсін болсын, немесе басқа да өнер
түрлері болсын арнайы диплом алған бірде бір маман жоқ. Қазір істеп жүрген мамандар көбінесе 2-3 ай курс өтіп, сертификат алғандар. Әрине олар жақсы мамандар. Бірақ диплом алып арнайы оқыған маманның жөні бөлек қой. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кескіндемеден реставраторла дайындайтын мамандық ашылған. Бірақ ол жерде зертхана ғана емес, рентген аппараты да жоқ. Рентген аппараты тіпті Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің реставраторларында да жоқ. Сондықтан олар қорытынды жасаған кезде сыртқы көзбен қарағанға байланысты мүмкін деген деңгейде ғана шешім шығарады.
Кезінде баспасөзде Ресейде ғана емес, бізде де музейдегі біраз туындылар жеке қолға кетіп қалғаны
туралы шулы материалдар жарық көрді. Музейдегі біраз дүниенің түпнұсқа болмауы мүмкін бе?
– Ол үшін арнаулы комиссия болмаса мамандардың былай айтуы қиын. Ол проблема Эрмитажда да болды. Ол проблема, естіп отырмын Қырғызстанның музейінде де орын алды. Қазақстан музейі туралы өз басым еш
жерден естіген емеспін. Болған күннің өзінде де ол туралы арнаулы комиссия ғана қарап, пікірін айта алады.
– Талантты балаларды іздеп, өнерге тарту мәселесі қалай?
– Талантты балаларды демеуге мүмкіндік жоқ. Бұрын мамандар өз мамандығы бойынша жолдамамен барған
жерінде 2 жыл жұмыс істеген соң ғана дипломын алатын. Қазір ондай талап жоқ. Қағаз жүзінде бір жерге орналастым деп анықтама ғана әкеп беретін болды. Сондай-ақ, өндіріс те, суретші кескіндемеші штаты бар мекеме де жоқ қазір.
Яғни, біз толыққанды маман дайындап жатқан жоқпыз ғой?
– Солай боп тұр. Түстану, пластикалық анатомия, композиция сияқты ой қабілетін дамытатын арнаулы пәндердің сағаттары біраз қысқартылып қалды. Ол не болады? Мысалы денешынықтыру да, орыс тілі, кескіндеме де 8 сағат. Сонда біз орыс тілін білетін, арасында сурет салатын спортшы дайындаймыз ба деймін кейде әріптестермен кездескенде. Өкініштісі Мәдениет министрлігінде бейнелеу өнеріне байланысты бөлім тұрмақ, бірде бір маман жоқ. Бізбен байланыс жасап отырған адамдары жиі ауысады. Ал, оның бейнелеу өнері бойынша Көркемдік кеңесі де алғаш рет құрылып, оның бірінші отырысы Алматыда өтті жақында. Сонда саланың қазіргі жағдайына байланысты арнайы баяндама жасадым. Алайда онда біздің сөзімізді тыңдап, ой
қорытып, шешім қабылдайтын министр де, вице-министр де болмады. Дегенмен «Ештен кеш жақсы» дегендей бір өзгеріс боп қалар деп биыл тағы да үмітімізді жоғалтпай отырмыз.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...