Жуырда Ішкі істер министрі М.Ахметжанов Алматыға жұмыс сапарымен келді. Шара барысында М.Есболатов атындағы Алматы академиясында жеке құраммен және академия тыңдаушыларымен, курсанттармен кездесу өткізді.
Ішкі істер министрі оқу процесіне енгізілген заманауи ақпараттық технологияларға қызығушылық танытып, жеке құрам мен ғылыми қызметкерлердің алдында сөйлеген сөзінде оқу орнының жаңа форматтағы кадрларды оқыту мен тәрбиелеудегі рөлі мен жауапкершілігін ерекше атап өтті.
– Қылмыстың алдын алуда оның жасалу себептеріне талдау жасаудың маңызы зор. Біз бұған Ішкі істер министрлігінің жүйесін толықтай цифрландыру және оңтайландыру арқылы қол жеткіземіз, – деді министр.
Сондай-ақ, ол бүгінгі күннің талабы – бюрократиядан арылу екеніне де тоқталды.
Ішкі істер органы – халықпен бетпе-бет жұмыс істейтін құрылым. Марат Мұратұлы биылғы қаңтар оқиғасы кезінде полиция қызметкерлері жауапкершілік пен антқа адалдықтың үлгісін көрсеткенін, оны Мемлекет басшысының да бағалағанын ерекше атап өтті.
Ішкі істер органдары үшін білікті де білімді кадрлар даярлауда ведомстволық оқу орындарының атқаратын рөліне тоқталған министр қызметкерлер еңбегін ынталандырудың маңызды екеніне назар аударды. Ғылым мен тәжірибені ұштастыруда тәжірибелі мамандарды оқытушылыққа тарту қажеттігін де айтты.
«Біз бүгін жаңа мемлекет құруға жаңа міндеттермен кірістік. Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан құрудағы басты талабы – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Демек, Алматы академиясы осы талап үдесінен шығады деген сенімім мол», – деді М.Ахметжанов.
Сондай-ақ, курсанттар мен тыңдаушылардың оқуы мен өмір сүруіне жасалған жайлы жағдаймен танысты және Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алып, Мақан Есболатовтың ескерткішінің алдына шырша отырғызды.
Гүлнар Мағзұмова