Бұл айда ерекше мән-мағына жатыр. Наурыз тек қазақ халқының ғана ұлттық құндылықтарын насихаттамайды, ол күллі мұсылман халқының салт-дәстүрін тоғыстырып, шығыс халықтарының асыға күтетін жыл басына, жаңа күніне айналған айтулы мереке.
Бұл тек үлкен адамдардың, ересектердің ғана асыға күтетін мейрамы емес, бұл жастардың, біз секілді жасөспірімдер мен кішкене балалардың да сағына күтетін ұлы тойы. Біз наурызды отбасымызбен асыға күтеміз. Əр жыл сайын наурыз біздің балалық санамызға əдемі естеліктер қалдырады. Себебі, біз ініміз екеуміз кішкене күнімізден бұл мерекеде Қыдыр ата келеді дегенге сеніп өстік. Ондай сенім мен əдемі естеліктердің қалыптасуына, біздің жүрегімізде Наурыз дың жылы сағынышы қалуына ата-анамыздың себепкер екенін бертінде ғана түсіндік. Қалай дейсіз бе? Айтайын. Бізге ата-анамыз мектеп табалдырығын аттамастан бұрын мейрам қарсаңында былай дейтін: «Сендер Қыдыр атаға тілектеріңді жазыңдар, жаза алмасаңдар əкелеріңе айтыңдар, ол ата тура 21-нен 22-сіне қараған таңда біздің ауылды аралайды, тек қана сендер сияқты балалардың тілегін орындайды» деп. Біз шынымен сол «ертегіге» сеніп, ең əдемі тілектерімізді жазатынбыз. Ата- анасы қасында, көйлегі көк, қарны тоқ бала нені армандайды, біздің армандарымыз да дəл солардікіндей болатын. Жасыл фонарик, пультпен жүретін машина, əдемі кофта, қоңыр шалбар деген секілді. Жəне ол қиялымызды Қыдыр атамыз міндетті түрде орындайтын. Біз 22 наурызда ерте тұрып ап бақшаның шетінде өскен алма ағашына жүгіретінбіз. Себебі, Қыдыр ата сыйлықтарын сонда іліп, балалар ақылды болыңдар, ата-аналарыңды тыңдаңдар, мықты азамат болыңдар!» деген секілді тілегін де жазып кететін. Қыдыр атаға деген махаббатымыз біздің сауатымызды да түзеді, қатесіз жазуға, əдемі жазуға үйрендік. Бірде інім ол кісіге ерекше тілек жазыпты: «Қыдыр ата, мен бүкіл жан-жануардың тілін білетін болайыншы жəне маған өзім мініп жүретін тірі ат сыйлашы» деп. Бірақ Қыдыр ата əрине, ол тілекті қалай орындасын: «Балам, сен ол үшін көп оқуың керек, жақсы оқыған балалар өскенде бүкіл жан-жануардың тілін біліп шығады, мен саған сенемін, сен мықтысың, оған міндетті түрде жетесің, екінші тілегіңді де қазірше орындау мүмкін болмай тұр, сендер ертең үлкен азамат боп үлкен кең, жер үй аласыңдар, сол кезде сендерге тірі жылқы əкелемін, əзірге мына ойыншық атты міне тұр!» деп жауап қалдырыпты. Біз оған да сеніп əдемі сыйлықтар алғанымызға мəзбіз. Содан сəл өскенде бастауышты аяқтар тұста ма екен, əкем Наурыз мейрамы кезінде айтты, «сендердің Қыдыр аталарың – ата-аналарың» деп. Біз оған титімдей де ренжіген жоқпыз, қайта қуана барып, əке-шешемізді бас салдық. Міне, біз сол кездерден бастап Қыдыр атаға сендірген, небір ғажайыптарды сыйлатқан Наурыз мерекесін ерекше жақсы көріп кеттік. Олар бүгін біздің əдемі естеліктеріміз. Əр мереке сайын ғажап көңіл-күй, əдемі сағынышпен сол сəттерді жарыса айтысып, тауыса алмай отырамыз. Əз-Наурыз əр шаңыраққа осындай əдемі естеліктерімен шуақ сыйлайды деп ойлаймын. Осындай рухани қуанышпен қатар, дəмі ерекше наурыз көжені де асыға күтеміз. Əжеміздің жасаған көжесінің дəмі тіпті керемет еді. Наурыз əр отбасына көп жақсылық пен қуаныш, үміт пен əдемі естеліктер сыйлайтын таңғажайып мейрам.
Нұрила ЖАРҚЫНҚЫЗЫ, 10-сынып оқушысы ТАЛҒАР ҚАЛАСЫ


