Сот жүйесі – заң үстемдігі мен әділдік қағидаттары жүзеге асатын маңызды сала. Бұл жүйеде мемлекеттік тілдің қолданылуы сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі болып табылады. Сот залында айтылған әрбір сөз, қабылданған әрбір шешім азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей әсер етеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде белгіленген. Осыған сәйкес сот ісін жүргізу барысында қазақ тілінің кеңінен қолданылуы – заң талаптарының орындалуы ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарға деген құрметтің көрінісі. Мемлекеттік тілде жүргізілген сот отырыстары азаматтарға өз ойын еркін жеткізуге, құқықтарын толық көлемде қорғауға мүмкіндік береді.
Сот процестерінде құжаттардың, хаттамалардың және процессуалдық әрекеттердің мемлекеттік тілде сауатты рәсімделуі ерекше маңызға ие. Бұл сот шешімдерінің мазмұнын дұрыс түсінуге, тараптар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар қазақ тілінде жүргізілген сот ісі сот жүйесінің қоғамға жақын болуына, халықпен өзара байланыстың күшеюіне жол ашады.
Қазіргі таңда сот саласында мемлекеттік тілдің қолдану аясы жыл сайын кеңейіп келеді. Азаматтардың қазақ тілінде өтініштер мен талап-арыздар беруі жиілеп, сот отырыстарын мемлекеттік тілде өткізуге деген сұраныс артып отыр. Бұл – тіл саясатының нәтижелі жүзеге асып келе жатқанын көрсететін оң үрдіс.
Мемлекеттік тілде сапалы жүргізілген сот құжаттары құқықтық мәдениетті қалыптастыруда, сот тәжірибесін жүйелеуде маңызды рөл атқарады. Заң тілі мен мемлекеттік тілдің үйлесімді қолданылуы сот төрелігінің сапасын арттырып, әділ қоғам құруға негіз болады.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – сот саласының ажырамас бөлігі. Оны дамыту мен қолдану аясын кеңейту әрбір сала маманының ортақ міндеті. Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде толыққанды қолданылуы – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам.
Бахытжанова Зарина Бахытбекқызы, Шымкент қаласының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы сот отырысының хатшысы


