Әр адамзатқа патриоттық сезімді ұялататын бірден-бір құрал ол мемлекеттік тіл болып табылады. Өйткені мемлекеттік тіл — елдің халқын, бірнеше ұлттың басын қосады, біріктіреді, ортақ істерге жұмылдырады.
Ата Заңымыз Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына және Қазақстан Республикасындағы тіл туралы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені мәлім.
Жалпы, өз көзқарасым, әр адамның отанға, жеріне деген патриоттық сезімін, азаматтық қасиетін оның өз Ана тілін қандай деңгейде білуіне, тілге деген құрметіне қарап тануға болады, яғни тілін қаншалықты құрметтесе патриоттық сезімі де сол деңгейде деген сөз.
Әсіресе, қазіргі таңда сот саласында мемлекеттік тіліміздің деңгейін көтеру мәселесі ең басты мәселелердің біріне айналып, қатаң бақылауға алынып отыр. Бұл өте қуантарлық жағдай. Өйткені, еліміздің егемендігін алғалы міне 30 жылдан астам уақыт өтсе де тіл мәселесі әлі де жақсы көрсеткішті қалап отыр.
Мәселен, сот саласындағы құжат айналымы бойынша мемлекеттік тіліндегі үлесін анықтау мақсатында кіріс, шығыс, ішкі құжаттар бойынша соттармен мониторинг пен талдаулар ай сайын жасалынып, есеп беріледі. Мәселен, статистикаға сәйкес, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылдың 12 айында кіріс құжатының мемлекеттік тіліндегі үлесі 58%-ын ғана құраған, бұл көрсеткіш әрине көп емес, яғни кіріс құжаттың 42%-ға жуығы ресми тілінде деген сөз.
Айта келе, әлемдегі барлық өркениетті, дамыған елдердегідей еліміздің мемлекеттік және мемлекеттік емес органдарда қызмет істейтін қызметкерлердің барлығы мемлекеттік тілді білуге міндетті деп санаймын. Онсыз ол мемлекеттік тіл болып есептелмесі анық.
Тақырыпқа сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілді дамыту саясатын қолдай отырып, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен мемлекеттік тілді жандандыру, тұғыры мен мәртебесін көтеру, мақсатында басқа да органдардың, мекемелердің қатысуымен іс-шаралар өткізіліп, сот қызметшілерінің және баспасөз қызметінің мемлекеттік тіл тақырыбында мақалалары БАҚ-нда жарияланып тұрады. Бұл өз кезегінде құжат айналымындағы мемлекеттік тіліндегі үлесінің көрсеткішін көбейтуіне ықпалын тигізеді деген ойдамын.
Жалпы, мемлекеттік тілдің тұғыры мен мәртебесін көтеру өз қолымызда және біздің ортақ жауапкершілігіміз деп білемін.
Мемлекеттік тіл – бүкіл қазақстандықтардың тілі, бәрімізге ортақ тіл. Тіл – халықтың рухани және мәдени байлығының дамуының құралы екенін ескере отырып, қазақ тілі — еліміздің барлық азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болатынына және мемлекеттік тілдің болашағы зор екеніне сенімдімін.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы Қаракөз Сәрсенбайқызы Тілемісова.