Еліміздің заңнамасында көрсетілгендей, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Мемлекеттік тіл елдің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Сот ісін жүргізу тілі Қазақстан Республикасы Конституциясының 19 бабының 2 тармағымен бекітілген.
Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. Мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады.
Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.
Еліміздің қолданыстағы заңнамасында көрсетілгендей, іске қатысатын және сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамға сот құжаттары өзінің ана тіліне немесе ол білетін басқа тілге аударылып табыс етіледі.
Тіл –қарым-қатынас құралы екені белгілі. Ал «тілді білмеу, меңгермеу» дегеніміз – белгілі бір әрекетке қатысты адамның өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік беретін сөздік қорының аз болуы, өз ойын нақты жеткізе алмауы, сот ісін жүргізу тілін мүлдем түсінбеуі немесе жеткілікті деңгейде түсінбеуі, белгілі бір мән-жайларға қатысы бар терминдерді дұрыс түсінбеуі деп қабылдаған жөн. Сот ісін жүргізу барысында тараптардың тілді білмеуі анықталса, процеске аудармашы шақырылады, яғни тараптардың заңмен көзделген құқықтары қамтамасыз етіліп, олар өзі меңгерген тілде сөз сөйлеп, іс материалдарымен таныса алады, қандай да бір процестік әрекеттерді аудармашының көмегімен іске асыра алады, сот құжаттары сот актілері өздері меңгерген тілге аударылып беріледі.
Көкпекті аудандық сотының төрағасы
Н.Б.Жаныбекова


