Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылықтарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – ұлттың рухани тірегі, мәдени мұрасы, тарихи жады және ел бірлігінің басты белгісі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген еді. Сондықтан ана тілін сақтау, ұлтты сақтауды басты шарты. Тіл – тек адамдардың қарым-қатынас құралы ғана емес, ол халықтың дүниетанымын, салт-дәстүрін, құқықтық санасын және азаматтық ұстанымын қалыптастыратын маңызды фактор.
Құқықтық мемлекет құру жолында құқықтық мәдениетті қалыптастыру ерекше маңызға ие. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда заңға құрмет артып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалады, қоғамдық тәртіп пен әділеттілік орнығады. Осындай қоғамды қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын рөлі орасан зор. Себебі заңдардың мазмұнын дұрыс түсіну, құқықтық ақпаратты меңгеру және мемлекеттік органдармен тиімді байланыс орнату мемлекеттік тілді жетік білумен тығыз байланысты.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекет мемлекеттік тілдің толыққанды қызмет етуіне жағдай жасап, оның қолданылу аясын кеңейтуге ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттік тіл мемлекеттік басқару, білім беру, ғылым, мәдениет, сот жүйесі және құқық қорғау органдары қызметінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Қазақ тілі – халықты біріктіретін рухани күш. Ортақ тіл адамдардың өзара түсіністігін арттырып, қоғамдық келісімді нығайтады. Мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы азаматтардың ел өміріне белсенді араласуына, мемлекеттік саясатты түсінуіне және құқықтық қатынастарға саналы түрде қатысуына мүмкіндік береді.
Құқықтық мәдениет – азаматтардың заңдарды білуі, құқықтық нормаларды құрметтеуі, құқықтары мен міндеттерін түсінуі және заң талаптарын адал орындауы. Құқықтық мәдениет тек заңдарды жаттап алумен шектелмейді. Ол адамның құқықтық санасын, азаматтық жауапкершілігін, әділдікке деген көзқарасын және құқық бұзушылыққа төзбеушілігін қалыптастырады.
Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда адамдар өз құқықтарын қорғай алады, өзгенің құқығына құрметпен қарайды және заң талаптарын сақтайды. Мұндай қоғамда сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық және заңсыздық азайып, заң үстемдігі нығая түседі. Мемлекеттік тіл – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізгі құралы
Мемлекеттік тіл мен құқықтық мәдениет өзара тығыз байланысты. Заңдардың, кодекстердің, нормативтік-құқықтық актілердің мемлекеттік тілде анық әрі түсінікті жазылуы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырады. Егер адам заңның мазмұнын өз ана тілінде толық түсінсе, оның құқықтық жауапкершілігі де жоғары болады. Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету, сот өндірісі, прокуратура, полиция және басқа да құқық қорғау органдарының қызметінде мемлекеттік тілдің қолданысы артып келеді. Бұл азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін күшейтіп, құқықтарын қорғауға қолайлы жағдай жасайды.
Құқықтық ақпараттың мемлекеттік тілде қолжетімді болуы – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды шарты. Азамат заң талаптарын түсініп, құқықтары мен міндеттерін білген жағдайда ғана заңды құрметтеп, оны саналы түрде орындайды.
Жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру ең алдымен отбасы мен білім беру ұйымдарынан басталады. Мектептер мен жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде сапалы білім беру, құқық негіздерін оқыту және патриоттық тәрбие беру – құқықтық мемлекеттің болашағын қалыптастыратын маңызды міндет. Оқушылар мен студенттердің Конституцияны, заңдарды және мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тәрбиеленуі олардың азаматтық жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар мемлекеттік тілде өтетін құқықтық іс-шаралар, пікірсайыстар, ғылыми конференциялар мен танымдық кездесулер жастардың құқықтық білімін тереңдетеді.
Әділ сот – құқықтық мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі. Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің қолданылуы азаматтардың құқықтарын толық қорғауға мүмкіндік береді. Өз ойын еркін жеткізіп, сот құжаттарын түсіне алған азамат заң алдындағы мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алады.
Сот, прокуратура және құқық қорғау органдарының мемлекеттік тілді сапалы қолдануы халықтың құқықтық мәдениетін көтеріп, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтады.
Қазіргі жастар – Қазақстанның болашағы. Сондықтан мемлекеттік тілді құрметтеу мен құқықтық мәдениетті дамыту әрбір жас азаматтың міндеті болуы тиіс. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген, заңдарды білетін, өз құқықтары мен міндеттерін түсінетін жас ұрпақ елдің тұрақты дамуына үлес қосады.
Жастар әлеуметтік желілерде де құқықтық мәдениетті сақтап, заң талаптарын орындауға, жалған ақпарат таратпауға, өз пікірін мәдениетті түрде білдіруге және өзгелердің құқықтарын құрметтеуге дағдылануы қажет.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл – құқықтық мәдениеттің негізі әрі құқықтық мемлекеттің маңызды кепілі. Мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін көтеру – елдің құқықтық санасын нығайтудың, азаматтардың заңға деген құрметін арттырудың және ұлттық бірлікті сақтаудың басты жолы. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеп, оны күнделікті өмірде еркін қолдануға ұмтылуы тиіс. Заңды білу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік тілді дамыту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сонда ғана Қазақстанда заң үстемдігі берік орнығып, әділетті, демократиялық әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы мақсаттарымыз толық жүзеге асады.
Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
судьясы Э.Ж.Урунбасарова


